Басты жаңалықтарМереке

Олар оттан да, судан да қорықпайды

19 қазан — Құтқарушылар күні

1995 жылы Мемлекет басшысының Жарлығымен құрылған еліміздің төтенше жағдайлар жөніндегі комитеті күні бүгінге дейін халыққа қалтқысыз қызмет етіп келеді.

Жыл басынан бері облыстық Төтенше жағдайлар қызметкерлері, соның ішінде  өрт сөндірушілер мен құтқарушылар мыңнан астам оқиға орнына барып, 670адамды құтқарып, 2700 адамды қауіпсіз жерге көшірген.

Кәсіби мерекесі қарсаңында өз өмірлерін қатерге тігіп, от пен судың бел ортасында жүрген бейбіт күннің батырларымен тілдескенді жөн көрген едік…

Елеусіз ерлік

Құтқарушылардың қай қайсысы да құрметке лайық. Бірақ әр салада өз ісінің нағыз шеберлері болады ғой. Сондай маманды іздедік. Департамент өкілдері көп адамның өмірін құтқарып қалған Рустам Харченконы ұсынды.

Ақтөбе қаласы жедел құтқару жасағының құтқарушысы болып қызмет ететін  Рустамның бұл мәртебелі міндетті абыроймен атқарып келе жатқанына 6 жылға жуықтапты.

Рустам Ақтөбе қаласында дүниеге келген. Балалық шағы Қобда ауылында өтіпті. Ұлты татар болғанымен қазақ тілінде жақсы сөйлейді.

— Ел арасында «Батырлар мекені» аталып кеткен Қобданың мен үшін орны бөлек. Сол ауылдың топырағына аунап, суын ішіп өскендіктен бе, қорқу дегеннің не екенін білмейміз, — деді күліп әңгімесін бастаған Рустам.

Расында,құтқарушы болу — ең алдымен батылдықты, шапшаңдықты қажет ететін мамандық. Сондай-ақ кейіпкеріміз әрбір құтқарушы облыстың географиялық жағдайын да жетік білуі керектігін айтады.

— Қауіп төнген жағдайда құтқарушылардың рөлі өте жоғары. Сондықтан дер кезінде оқиға орнына жету үшін әрбір құтқарушы облыс аумағын бес саусағындай білуі қажет.

Мезгіліне қарай жиі қайталанатын төтенше жағдайлар болады. Мәселен, жаз айларында суға түсу маусымы басталмай жатып-ақ,біздің  жұмысымыз басталады. Қыс айларында қардан құтқару шараларымен айналыссақ, көктем мезгілінде су тасқынынан зардап шеккен ақтөбеліктерге көмектесуге ұмтыламыз. Біздің бір күніміз екіншісіне ұқсамайды. Өйткені қалада күнде бір-біріне мүлде ұқсамайтын оқиғалар болып жатады. Ал қолымыз қалт ете қалған жағдайда үнемі дайындық жұмыстарын жүргізіп отырамыз, — деген Рустам төтенше жағдай кезінде медицина қызметкерімен қатар психологтің де жұмысын атқаратындарын айтты.

Оның айтуынша, биыл облыс құтқарушылары 100-ден астам адамды судан аман алып қалған.

— Төтенше жағдайлар саласында жұмыс жасаған жылдар ішінде түрлі оқиғалар болды. Кейбірі адамдардың немқұрайдылығынан туындап жатады. Ескертулерге қарамастан, боранды күндері жолға шығып кетеді немесе суға түсуге тыйым салынған аумақтарға барып шомылады. Соның салдары қайғылы оқиғаларға ұласады.

Ал біздің міндет — қандай жағдайда да адам жанын аман алып қалу. Осы жазда тыйым салынған аумаққа суға түскен бірнеше облыс тұрғынын ажалдан арашалап қалдық.

Әдеттегідей өзеннің суға түсуге болмайтын жерлерінде патрульде жүргенбіз. Айқайлап жатқан дауысты естіп, оқиға орнына жедел жеттік. 14 жастағы бала суға батып бара жатыр екен. Дереу балаға қарай ұмтылып, жағаға алып шықтым. Су жұтып, әлсіреп қалыпты. Алғашқы медициналық көмек көрсетіп, ата-анасына хабарластық. Көп ұзамай сол маңда суға батып бара жатқан қыз баланы құтқарып қалдым. Ағыстың қаттылығы сондай — ол қызды құтқармақ болған жігіт те суға кетіп қала жаздады. Абырой болғанда екеуін де аман алып қалдық, — дейді Рустам.

Бұл — Рустамның айтқан бір-екі ғана мысалы. Ол әріптестерімен бірге қызметінің арқасында мыңдаған адамның өмірін құтқарып жүр. Өйткені ол — құтқарушы.

Экономист құтқарушы

Лаулап жанып жатқан оттың ішіне кіріп, адамдарды аман алып шығу үшін қандай батылдық керек десеңші? Бірақ біздер үшін асқан ерлік болып көрінетін кейбір әрекеттерді  біреулер күнделікті жұмысы ретінде атқарып жүр. Сондай азаматтардың бірі — Айбат Марсов. Ақтөбе қаласындағы №1 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің аға өрт сөндіруші-құтқарушысы жас болса да әріптестері арасында үлкен құрметке ие.

Бұл кейіпкеріміз төтенше жағдайлар қызметіне тіпті кездейсоқ келіпті. Мектеп бітіріп, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің экономика факультетіне оқуға түседі. Төрт жыл оқып, дипломын алған соң әскерге барып, кейін  ауылы Шәмші Қалдаяқовқа келіп, әкімдікке жұмысқа орналасады. Мамандығы бойынша бір жыл жұмыс жасаған Айбатөзін мүлде басқа салада сынап көргісі келеді.

— Бала кезімде галстук тағып креслода отыратын жұмысты шен көретінмін.  Кейін ақыл тоқтатып, мемлекеттік қызмет саласында жұмыс жасап көргеннен соң, кабинетте отырып жұмыс жасауменің табиғатыма келмейтінін түсіндім. Маған үнемі қозғалыста болған ұнайды. Сөйтіп, ойда-жоқта төтенше жағдайлар департаментіне жұмысқа орналастым. Бұл жердегі қызметтің жүгі ауыр, жауапкершілігі үлкен. Өйткені сенің алдыңда адам өмірін құтқару міндеті тұр. Төтенше жағдай болған кезде әрбір секунд маңызды. Сондықтан әр сәтті тиімді пайдалану керексің, — дейді Айбат.

Кейіпкерімізбен әңгіме барысында құтқарушылардың үнемі ізденіп, білімдерін толықтырып отыратындарын білдік.

— Өрт сөндіруші-құтқарушы болу оңай емес.Біз баратын оқиғалар бір-біріне ұқсағанымен, ондағы әрекеттеріміз кейде мүлде бөлек болады.Қай салада да тәжірибенің орны бөлек. Дегенмен ізденіс те үлкен маңызға ие. Біз күнде теориялық сабақпен практиканы ұштастырып отырамыз. Сондай-ақ өзіміз үшін білмегенімізді алдымыздағы аға буыннан сұрап, өзімізден кейінгі әріптестерге айтамыз.

Оқиға орнына 10-12 құтқарушы барады. Бірақ әрқайсысының өз міндеті бар. Егер әр қызметкер өзіне жүктелген міндетін дұрыс орындап шықса, барлығы сәтті аяқталады, — дейді кейіпкеріміз.

Біз Айбатқа хабарласқанда ол түнгі ауысымнан шығып жатыр екен. Бұл жолғы кезекшілігі әдеттегіден тыныш өткенін, дегенмен 2 жағдай бойынша оқиға орнына барғандарын айтты.

— Басқаларына қарағанда №1 мамандандырылған өрт сөндіру бөліміне шақыртулар көп түседі. Бір тәулікте кем дегенде екі немесе үш шақыртуға барамыз.  Өрттің көбі тұрғын үй секторларында болады. Тұрғын үйлер және пәтерлердегі өрт оқиғалары көбіне сол үйде тұрып жатқан тұрғындардың кінәсінен болып жатады. Ең өкініштісі, көпқабатты үйлерде тұратын бір адамның кесірі бірнеше отбасына тиеді. Сондықтан тұрғындардан барынша сақ болуын сұраймыз, — дейді өрт сөндіруші Айбат.

Ақерке САТЫБАЛДЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button