АуылБасты жаңалықтар

Ырғыз: ұмтылыс та бар, қолдау да болады

 «Ауыл аманаты — бабалар аманаты» ақпараттық-насихат экспедициясы Ырғыз ауданында болды.

«Ақтөбе Медиа» ЖШС директоры Раукен Отыншин бастаған топтың құрамында «Ақтөбе Медиа» ЖШС директорының орынбасары, облыстық мәслихаттың депутаты Айгүл Нұркеева, философия ғылымдарының докторы, профессор Алтай Тайжанов, «Үш таған» журналының бас редакторы, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Ертай Ашықбаев, «Ақтөбе» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ-ның басқарма төрағасының орынбасары Ашур Алмасов, облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының бөлім басшысы Бағдат Қожахметов бар. Олар  тұрғындармен кездесіп, «Ауыл аманаты» жобасының мақсат-міндеттерін кеңінен түсіндірді.

 Алғашқы табыс алға жетелейді

Өз ауласында бау-бақша жұмысын қалыпқа келтіріп, сондай-ақ оған қосымша тауық өсіру үшін Құмтоғай ауылының тұрғыны Данат Таңатаровқа 1,1 миллион теңге қажет болыпты. Бұл қаражат «Ауыл аманаты» жобасы аясында қаржыландыру ретімен шешімін тапқан.

— Менің бақшамда қияр, қызанақ, тіпті қауын да өсіп жатыр. Бұрыш пен асбұршақ та бар. Биыл көп шаруаға шегіртке кесірін тигізді. Соған қарамастан, қимылдап жатырмыз. Келесі жылы алқабымды кеңейтіп, өзен жағасындағы жерімді игергім келеді, — дейді Данат.

Бұдан басқа ол 100 тауық сатып алып, олардың жемі мен азыққа қоса берілетін витаминін де қамдап қойды. Қазір күніне алпыс-жетпіс жұмыртқа алып, ауылдастарына оның әр түйірін 60 теңгеден сатады. Алдағы көктемде инкубатор сатып алғысы келеді.

Данат Таңатаровтың ойында басқа да шаруалар бар, яғни қазіргі деңгейде қалып қойғысы келмейді.

— Несиелер бойынша төлем бір жылдан соң басталады, оның үстіне төлемді тоқсан сайын жасауға мүмкіндік беріліп отыр. Бірақ мен қарызымды мерзімінен бұрын өтеп, тағы бір пайдалы істі қолға алғым келіп отыр.

Құмтоғайда қой басы жеткілікті, ал одан алынатын жүннің рәсуа болып, пайдаға аспай қалғанын қаламаймын. Осы кезге дейін кейбіреулер далаға лақтырды, өртейтіндері де бар. Сондықтан алдағы уақытта тұрғындардан жүн қабылдап, оны реттеу үшін тайлап буатын аппарат сатып алғым келеді. Сосын жүн өңдеушілерге тапсырмақ ойым бар. Бұл туралы ұсынысымды аудан әкімдігіне білдірдім, оң шешімін табады деген сенімдемін, — дейді мектеп күзетшісі.

Журналистермен жүздесу сәтін пайдаланып Данат Таңатаров жергілікті жастарды «Ауыл аманаты» жобасына қатысуға шақырды. Мұндай қадамға барудың тиімділігін өзі қолға алған іс көрінісімен дәлелдеп берді.

— Күнделікті табысым туралы айтайын. Мәселен, орта есеппен 50-60 жұмыртқа сатамын, одан үш-төрт мың теңге қалтама түсіп тұрады. Бұл шамамен айына 120 мың теңге деген сөз. Жұмыртқаға тұрғындар сұранысы жақсы. Кешкісін жинап аламын, содан кейін сатуға шағарамыз, тұтынушылар үйден өздері келіп алып кетеді.

Жалпы адамды көркейтетін, өмірге құштарлығын арттыратын еңбегі ғой. Өз маңдай теріңмен нақты табыс табатын болсаң, ұстанымың да өзгереді. Жан-жағыңа басқаша қарай бастайсың. Шетелдерде әбден қалыптасқан табыс табудың тарихы бізге де жат емес, ең бастысы, еңбектенуіміз керек, — дейді аз уақытта тәжірибе жинақтай бастаған кәсіпкер.

Оның айтуына қарағанда, жаңа іс бастағысы келетіндердің көпшілігі құжаттар дайындау мәселесінен қашқалақтайтын секілді.

Жалпы талаптанған адамға мұның да еш қиындығы жоқ екен. Әуелгі қадам селолық әкімдікке барудан басталуға тиіс. Одан әрі іске «Ақтөбе» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы қосылады. Бұл жерден кеңес алудан бастап жеткізушілерді таңдауға дейінгі шаруаларды тындыруға болады.

Данат болса, Хромтау ауданына қарасты «Тасөткел» ауыл шаруашылығы кооперативімен келісімшарт жасасқан. Ақтөбе қаласында кооперативтің өз филиалы бар, мәселен, ондағылар жемді аулаңа дейін әкеліп бере алады.

— Бұл шаруа мал ұстағанға қарағанда біраз қолайлы көрінеді маған. Әрине, ауылда тұрған соң қолда мал да ұстаймыз ғой. Оның үстіне мектепте оқитын балаларым да қолы бос уақыттарында жанымнан табылады. Олардың да жастайынан еңбекке араласып, табыс табуға бейімделгендері өздеріне пайдалы ғой деп ойлаймын, — деп ашыла сөйледі құмтоғайлық тұрғын.

Данат сөз арасында қай кезде де тұрғындарға көмекке келуге әзір тұратын ауыл әкімі Мұрат Сағымбаевқа алғысын білдіруді де ұмытқан жоқ.

— Аталған жоба қыркүйекте бастау алғанымен бұл ауылда сәуір айына дейін бір де бір қатысушы бола қойған жоқ. Мұрат ақпан айының екінші жартысында ауыл әкімі болып сайланған, содан бастап жұмыс жүре бастады, — деп аудан әкімі Нұрлан Қызбергенов оны толықтырып қойды.

Өзен жағасында өнім мол

 Құмтоғай ауылының тағы бір тұрғыны Серік Тұрмағамбетов бірнеше жылдан бері ауылдан бес шақырым жердегі Ырғыз өзенінің жағасында көкөніс және бақша дақылдарын егеді.

«Ауыл аманаты» әлеуметтік жобасының көмегімен ол егіс алқабын 2 гектарға дейін кеңейтіп, өнім түрлерін көбейткен, сондай-ақ жабдықтарын жаңартып, тамшылатып суару әдісіне көшіпті. Бұл мақсатта ол 1 миллион 796 мың теңге мөлшерінде несиені 2,5 пайызбен рәсімдеп, ол қаржыға су айдайтын двигатель, ыдыстар және тұқым сатып алды. Негізінен, ол алқапқа картоптың екі түрін отырғызады, оның қапталына қияр, қызанақтың екі сортын және қауын тұқымын орналастырады. Қарбызы биыл түгелдей италиялық жәндіктерге жем болыпты.

— Әзірге тыңайтқыштар пайдаланған жоқпын, тың жерді пайдаланғым келді. Өзен бойында жер жетеді, әр ретте ауыстырып отырамын, —  дейді жоба қатысушысы.

Көпбалалы отбасы үшін сырттан көмекшілердің қажеті жоқтығы білініп-ақ тұр. Серік зайыбы Мариям екеуі алты бала тәрбиелеп, өсіруде. Ұлы отбасын құрып, қазір Қарабұтақта тұрады. Тұрмысқа шыққан қызы қалада.

Ерлі-зайыпты екеуі таңғы бестен төрт баласын жандарына ертіп, алқапқа бет алады. Содан әбден қараңғы түскенше осында. Ал күз айларында осында қостанып жатып түнеуге тура келеді.

Айтпақшы, әке-шешесі кәсіп бастаған соң сыртта жүрген ұлы Бағдат оларға көмектесу үшін үйге қайтып келді. Жоғары білімді дипломды металлург әскер қатарында азаматтық борышын өтеп, сосын Дөң тау-кен байыту комбинатында еңбек еткен болатын.

Еңлік, Нұрасыл және Марғұлан әзірге мектепте оқиды, бірақ үшеуі де мықты көмекшілікке жарап тұр.

— Бастапқы өнімдерімізді ауылдастарымызға сатамыз, одан ауысқандарын көрші елді мекендерге шығарамыз, — деп өз жоспарымен бөлісті Серік Тұрмағамбетов. — Егер сәті түсіп мол өнім алып жатсақ, несиемізді ертерек жабамыз ба деп отырмыз. Жалпы жобаның өзі шаруамызды кеңейте түсуге мүмкіндік берді, оның үстіне 2,5 пайыздық мөлшерлеме — біз үшін тиімді.

Тұрмағамбетовтер сондай-ақ 50 қаз да сатып алыпты. Алдағы уақытта аулаларын үйрекпен толықтырғысы келеді.

— Құс еті сіңімді болғандықтан қай кезде де сұранысқа ие. Әсіресе тұтынушылар күз айларында көп іздейді. Өзен маңында болғандықтан қаз-үйрекке көп шығындалмайсың, ерекше күтімнің де қажеті шамалы, — дейді Серік Тұрмағамбетов.

Сағатына — 100 нан

Үш баланың анасы Айгүлім Ақатай осы кезге дейін өз үйінде самса, қазанжаппай, басқа да небір түрлі дәмді-тәттілерін пісіріп, тұтынушылар алғысына бөленіп жүр. Бұндай шеберлікке оны енесі баулыпты.

Ырғызға газ желісі тартылғанға дейін ол осы шаруаның бәрін ауладағы қазандық маңайында атқарыпты. Уақыт өте келе жолдасы Дастан Төреғалимен бірге өз кәсіптерін ашуды ұйғарады. Ол үшін әуелі өз қаржыларына қажетті ғимарат сатып алып, оны бейімдеп, жөндеуден өткізеді. Сол уақытта «Ауыл аманаты» жобасы туралы хабар жетіп, бұлар қызығушылық білдіреді. Шынында шағын бизнесті дамытуға 2,5 пайызбен несие беру үлкен қолдау емес пе?!

Отбасы болып 6,6 миллион теңгеге несиені рәсімдеп, бұл қаржыға «Ақтөбе» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы желісі бойынша наубайханаға қажетті құрал-жабдықтар сатып алды.

— Бизнес-жоспарда көрсетілгеннің бәрін алдық. Оның ішінде әрқайсысы 48 формадан тұратын екі пеш те бар. Қазір сағатына 100 нан шығарамыз, сонда сегіз сағаттық жұмыс күні ішінде 800 нан дайындалады. Бастапқы өнімдерімізді тұтынушылар лезде алып кетті. Алдағы уақытта самса, тандыр самса сияқты өнім түрлерін көбейтіп, ауданның басқа да елді мекендерін қамтуды көздеп отырмыз, — дейді ісін жаңа бастаған кәсіпкер.

Бір айта кетерлігі, жеке кәсіпкер өздерінен басқа бір адамды жұмысқа алды. Бұдан басқа, еңбекқор отбасы алдағы маусымда автомобиль жуатын орын ашуды көздеп отыр, ол қазірдің өзінде қажетті жабдықтарды сатып алып қойды.

Жылыжайды жазда дайында!

Осындағы кәсіпорындардың бірінің күзетшісі Әзизбек Төребеков 3 миллион теңгеден сәл асатын жеңілдік несиесін рәсімдеп, сол қаржыға өзінің жобасы бойынша 60 шаршы метр жылыжай құрылысын жүргізуде. Құрылыс материалдарын сатып алған. Қазіргі уақытта сыртқы жұмыстар аяқталып, жылыжайдың ішкі бөлігі реттелуде, өнім егетін қатарлар қалыпталуда.

«Қосарлы целлофан жапқышты пайдаланудамын. Жоспарымда құлпынай, сондай-ақ қияр, қызынақ өсіру бар. Қандай өнімге сұраныс барын зерттеп, сол бағытта жұмыс жасамақпын. Осы кезге дейін жыл сайын өз қажетіміз үшін ауламда қажетті өнімдерді өсіріп келдім, осылайша азды-көпті тәжірибе жинақтадым. Енді құлпынайды бірінші рет қолға алып тұрмын, әзірге үш сортын отырғыздым. Кейде интернет арқылы кеңестер алып отырамын. Бұл шаруалардан басқа, калифорния құрттарын өсіруді қолға алмақпын. Жыл бойына алқаптан екі-үш рет өнім алуды жоспарлап отырмын. Жанымда зайыбым, балаларым бар, сондықтан бұл шаруаларды атқару маған қиындыққа соқпайды деп ойлаймын», — дейді Әзизбек.

Нәзипаның қыз жасауы

Көпбалалы ана Нәзипа Кеңесқызы бірнеше жылдан бері өзінің ескі тігін машинасымен ырғыздықтарға қыз жасауын әзірлеп беріп келеді. Оның іске бейімділігін байқаған жергілікті билік өкілдері өздері хабарласып, жеңілдікпен несие алып, бизнесін жетілдіруді, халыққа керек қызметін одан әрі дамытуды ұсыныпты.

— Бұдан ешкім де ұтылған жоқ. Әсіресе тапсырыс берушілер ырза. Жаңа типтегі машиналармен тіккен өнімімнің сапасы да жоғары. Жылжымайтын мүлікке қатысты құжаттарды әзірлеуде проблема болғанын жасырмаймын, бұған елге келген кезекті сапарында облыс басшысының өзі араласып, қолдау көрсетті, — дейді Нәзипа Кеңесқызы. — Кім де кім өз ісін оңтайлы жүргізгісі келіп ниеттенсе, 2,5 пайыздық несиені пайдалансын. Бұл тегін көмек деп ұғынуға болады.

«Ауыл аманаты» жобасы аясында ол 3,4 миллион теңге несие рәсімдеп, бұл қаражатқа өзінің тігін цехы үшін компьютерлік басқарумен 8 заманауи машина сатып алған. Бір қызығы, ол өзі атқарып жатқан ісін инстаграм бетінде жарнамалайды. Алдағы уақытта бірнеше адамды жұмысқа тартқысы келеді, сондай-ақ бейімделген ғимаратқа жөндеу жүргізбек ойы бар.

Нәзипа мектеп оқушыларын, өзінің қызының қатарларын қасына жиі шақырып, шеберлікке баулиды және бұл істі тегін атқарады.

— Мен бір айда екі немесе үш қыз жасауын дайындап үлгеремін, бұл — негізінде маусымдық тапсырыс. Енді көп ұзамай мектептерде оқу басталады. Сондықтан кідірместен мектеп формасын тігуге кірісемін. Кейде бір класты киіндіріп шығаруға тура келеді. Ондайда қыздарым көмекке келеді, әйтпесе бәрін жалғыз өзім үлгеруім қиынға соғады, — дейді шебер.

Еңбекпен тапқан нан тәтті  

Ырғыз ауданының тұрғындары әлеуметтік жоба аясында 95 бизнес-жоспар тапсырды, қазіргі уақытта оның 67-сі мақұлданды. Бүгінгі күні 209 миллион теңге тұратын 34 жоба қаржыландырылды.

«Ауыл аманаты — бабалар аманаты» экспедициясының мүшелері Құмтоғай селосында, сондай-ақ Ырғыз ауданының орталығында болды.

Облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының бөлім басшысы Бағдат Қожахметов тұрғындармен кездесу барысында түсінік бергеніндей, әрбір тапсырылған жобалардың тоғызы қолдау табады.

— Бұл әлеуметтік жоба ауыл тұрғындарының әл-ауқатын арттыруға бағытталған, — деп атап көрсетті Бағдат Қожахметов.

«Ақтөбе» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ-ның басқарма төрағасының орынбасары Ашур Алмасов тұрғындардың өз ісін ашу барысында көбірек белсенділік танытқандары дұрыс болатынын айтты. Оның айтуынша, Құмтоғайда 156 аула бар, мұндағы үйлерде бір мың шамасында тұрғын тіршілік етуде. Олардың шамамен 400-і экономикалық жағынан белсенді деп есептелінеді. Бұл ауылдан барлығы 6 жоба ұсынылған. Қазіргі сәтте барлығы да мақұлданып, төртеуі қаржыландырылып үлгерілген.

— Өздеріңізге ұсынылып тұрған мүмкіндікті пайдаланыңыздар. Алдағы уақытта басқа бағыттағы істерге де несие ала аласыздар, оның ішінде ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу де қарастырылған. Алған қарызды уақытында қайтарған жағдайда кезекті жолы 27 миллион теңгеге дейін несие алуға болады, — деп түсіндірді Ашур Алмасов. — Сондай-ақ біз әлеуетті кәсіпкерлерді тегін оқытамыз, сол үшін аудандарға өзіміз келеміз. Ол үшін тапсырыстар берулеріңіз керек.

Ол сонымен бірге кооперативтерге бірігудің тиімді жақтары туралы кеңінен түсіндірді. Мысалы, жемді көтерме бағамен алуға болады, жеткізіп беруде де жеңілдіктер қарастырылған. Нәтижесінде жергілікті кәсіпкерлер өндірген өнімнің түпкі бағасы басқа бәсекелестеріне қарағанда арзан болады.

Бір атап өтерлігі, Ақтөбе қаласындағы «Табыс» коммуналдық базары аудандарға 12 орынды тегін ұсынып отыр, бұл жерлерде село тұрғындары өз өнімдерін өткізе алады.

Әкімнің үш ұсынысы

Аудан бойынша 95 бизнес-жоспар тапсырылып, оның 67-сі мақұлданған. Мұның ішінде 34 жоба 209 миллион теңгеге қаржыландырылған.

— Біреулер бақша өсірумен немесе құс шаруашылығымен шұғылданса, енді бірі тігін цехы жұмысын жолға қойды. Наубайхана ұстап, монша жағып, доңғалақ жөндеу шеберханасын ашқысы келетіндер бар. Қалай болғанда да Ырғыз үшін 95 бизнес-жоспар мейлінше аз, бұдан бірнеше есе көп болуы керек деп есептеймін. Әзірге 95 отбасының әл-ауқаты жақсарады деп айта аламыз, — аудан әкімі Нұрлан Қызбергенов.

Нұрлан Қызбергенов 7 селолық округтен Тәуіп және Жайсаңбай ауылдарының тұрғындарының белсенділігіне ерекше тоқталды. Олар сүт өнімдерін өңдеу, құс шаруашылығын дамытуға ерекше ұмтылыс білдіріп, осы шаруаларды дамытуға несие алуда.

Өкінішке қарай, халық көп қоныстанған, алты-жеті мың адам тұратын аудан орталығы «Ауыл аманаты» жобасына қатысушылар тізімінің соңғы жағында орналасқан. Әкімнің пікірінше, жобаға қатысу бойынша ауданның кейіндеп қалуының негізгі себептерінің бірі — оларда егіншіліктің нашар дамуы. Екінші бір жиі кездесетін проблема — жеңілдік несиесін алу кезінде жоба қатысушысы кепілге салатын жекеменшік үйлерінің құжаттарының дұрыс рәсімделмеуі.

Сонымен бірге Ырғыз ауданының әкімдігі өңір басшылығы алдына үш ұсыныс енгізіп, оны облыс әкімі қолдады. Бұл — әр ауылда монша салу және техникалық қызмет көрсету станциясын іске қосу. Сондай-ақ аудан орталығында сыйымдылығы 200 тонна болатын көкөніс сақтау қоймасын пайдалануға беру.

— Негізінде 18 елді мекеннің барлығында да монша бар, бірақ соның екеуі ғана қазіргі заман талабына сай деп есептеледі. Әзірге 6 жоба ұсынылып отыр. Техникалық қызмет көрсету станциясының да жағдайы осындай. Ал көкөніс сақтау қоймасына келетін болсақ, кәсіпкер оның құрылысына несие алды, бірақ қазіргі уақытта шаруасын ары қарай жүргізуге айналым қаржысы болмай отыр. Бұл мәселе де оңынан шешіледі деп ойлаймын, — деп жағдайға байланысты Нұрлан Қызбергенов осылайша түсінік берді.


Ырғыз ауданы бойынша өз өнімдерімен қамту мынадай деңгейде: жұмыртқа — 2,5 %, картоп — 48,7%.

Азық-түліктің негізгі 84 түрі сырттан сатып алынады, зерттеу көрсеткеніндей, солардың бірқатарын жергілікті жерде өсіруге болады.

Жеті мыңдай тұрғыны бар Ырғыз селолық округінен 25 жоба ұсынылып, соның 18-і мақұлданды.

Аудан бойынша 18 шаруашылық 24 отбасына 375 бас малды тауарлы несие ретінде берді.


Көпшілікті мазалаған сұрақтар

Экспедиция мүшелерімен кездесу барысында аудан тұрғындары «Ауыл аманаты» жобасының операторларына өздерін мазалаған сауалдарын қойды.

— Менің жолдасым бұрынырақта «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры желісі бойынша несие алған еді. Енді сіздер айтып отырған жобаға қатыса ала ма?

— Әрине, қатыса алады.

— Жобаға қатысушы несие алуы үшін оның тарапынан өзінің үйінен басқа жылжымайтын мүліктерін, өзге де заттарды кепілдікке қоя ала ма?

— Егер өзіңіздің меншігіңіз болатын болса, кез келген жылжымайтын мүлікті кепілдікке қоя аласыз. Сондай-ақ  кепіл ретінде ауыл шаруашылығы техникасын және автомобильді де қабылдайды, бірақ олардың зауыттан шыққан уақыты мейлінше жаңа болғаны дұрыс.

— Ал техникалық қызмет көрсету станциясын ашуға бола ма, әлі толық салынып бітпеген тұрғын үй кепілдікке алына ма?

— Техникалық қызмет көрсету станциясын ашуға несие беріледі. Өндірістің кез келген түріне, өнім өңдеуді жүзеге асыруға қолдау дайын. Бізде сауда-саттық қана қаралмаған. Кепілдік ретінде құрылысы салынып біткен үй ғана алынады.

Ырғыз селолық округінің әкімі Айымгүл Оразымбетова тағы бір сауалдың шетін қозғады. Оның айтуынша, аудан орталығында қолы шебер бір азамат бар екен. Қысқасы, темірден де түйін түйеді, балық аулайтын ау да тоқиды, аула қоршауларын да жасайды. Алайда кепілдікке салатын үйі кішкентай болғандықтан ол несие ала алмай отыр. Өзі өнім өңдеу жұмыстарын атқару үшін жабдықтар сатып алғысы келеді, бірақ оның бағасы кепілдікке салатын үйінің құнынан қымбаттау.

— Мұндай адамдар үшін қандай да бір қолдау реті қарастырылған ба? Тіпті округ әкімі кепіл бола алмай ма? — деп сұрады ауылдық округ әкімі.

— Өкінішке қарай, олай болмайды. Ең басты қадам кепілдік мүлік бағаланған соң басталады. Кепілдік — міндетті шарттың бірі. Бұл жағдайда біз жеткілікті қорғалмаған мүддені қолдаушы болып көрінеміз. Дұрысы, басқа көздерді немесе демеушілерді қарастыру қажет. Бәлкім, өзінің жылжымайтын мүлкін қойып, кепіл болатын біреулер табылып қалар. Осындай ұсынысты біз Ауыл шаруашылығы министрлігіне жолдадық, ондағылар қарсы болмас деген ойдамыз, — деп жауап берді Бағдат Қожамұратов.

— Осындай жағдайдағы тағы бір ауыл тұрғыны бар. Ол құлпынай, басқа да бақша өнімдерін өсіреді. Жеңілдікпен несие алуға кепілдігі болмай тұр. Қазір заңгерлер ол тұратын коммуналдық меншік балансындағы үйді кепілдікке қою мүмкіндіктерін қарастыруда. Егер ол оңды шешіліп жатса, үшжақты келісімшарт жасай аламыз, — деп толықтырды әңгімені аудан әкімі Нұрлан Қызбергенов.

Абат ҚАРАТАЕВ

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button