Басты жаңалықтарСпорт

Париж Олимпиадасы: кімдер барады?

 Спорт саласында Қазақстан әлеуеті жоғары елдердің қатарынан саналады. Еліміз бүгінге дейін тәуелсіз мемлекет ретінде 7 рет жазғы Олимпиадаға қатысқан. Осы Ойындардан спортшыларымыз барлығы 72 медаль, демек, орташа алғанда, әр Олимпиададан кемінде 10 жүлде әкелген екен. Бұл — Орталық Азия өңіріндегі ең үздік нәтиже.

Дегенмен 2021 жылы Токиода өткен жазғы Олимпиада Қазақстан үшін өте-мөте сәтсіз болғанын айту керек. Бұл ойындарда спортшыларымыз не алтын, не күміс жүлде ала алмады. Тәуелсіз Қазақстан тарихында Олимпиада ойындарынан алтынсыз қайтып көрмеген боксшыларымыздың өзі «Сенген серкем сен болсаң…»-ның керін келтіріп, екі қоланы місе тұтты. Бұрын-соңды жалпыкомандалық есепте үздік отыздықтан көрінуді көздейтін Қазақстан құрамасы бұл жолы 8 қола жүлдемен 83-орында, яғни көштің соңында қалды.

Көштің соңы дейтініміз, әр Олимпиадаға 200-дей мемлекеттен делегация келгенімен, шын мәнінде, спортшылары бәсекеге қабілетті, жүлдеге таласа алатын елдердің саны 80-90-нан аспайды. Мысалы, Токио Олимпиадасына 206 елдің спортшылары қатысып, оның ішінде 92 мемлекеттің спортшысы жүлдеге ілікті. Сол 92 елдің сапында 83-орынды қанағат тұтуымызға тура келді. 2004 жылғы Афина Олимпиадасын санамағанда, барлық уақытта үздік отыздықтан көрініп келген құрама үшін бұл өте төмен көрсеткіш екені түсінікті.

Міне, осы сәтсіздіктен кейін жанкүйерлер енді Париж Олимпиадасына үмітпен қарап, Токионың өкініші ұмытылар күнді күтеді. Халықаралық Олимпиада комитеті жуырда елімізге 2024 жылы өтетін ХХХІІІ жазғы Олимпиада ойындарына қатысуға ресми шақырту жіберді. Париж Олимпиадасы алдағы жылдың 26 шілдесінде басталады, яғни оған бір жылдан да аз уақыт қалды.

Ал Париж Олимпиадасына жолдамалар 2022 жылдан бастап сарапқа салына бастады. АҚШ, Жапония, Қытай және кейбір Еуропа елдерінің құрамалары бүгінде ондаған жолдамаға ие болып үлгерді. Парижде 32 спорт түрі бойынша 329 медаль жиынтығы сарапқа салынады. Мұнда Олимпиада бағдарламасына дәстүрлі түрде енгізіліп келе жатқан 28 спорт түрінен бөлек, тағы 4 спорт таңдап алынған: брейк-данс, спорттық құзға өрмелеу, скейтбординг және серфинг.

Жуырда Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов Atameken Business арнасына берген сұхбатында еліміздің алдағы Олимпиадаға кемінде 100 жолдама  алуды көздейтінін айтты. Министрдің пікірінше, қазір Қазақстанда Олимпиада жолдамасына таласуға қабілетті 160 спортшы бар екен. «Ең бастысы, Парижде еліміздің гимні шырқалуы үшін қолдан келгеннің бәрін істейміз», — деді Асхат Оралов.

Бірқатар спорт түрінен Олимпиада жолдамасы алдағы күзде Қытайдың Ханчжоу қаласында өтетін Азия ойындарында берілетін болады. Мысалы, бокстан әр салмақта 2-4 жолдама сарапқа салынбақ. Ең алдымен, боксқа тоқталсақ: тәуелсіздік жылдарында Қазақстан, жоғарыда айтқанымыздай, Олимпиаданың 72 жүлдесіне ие болған болса, соның 24-і, яғни үштен бірі — қазақ боксшыларының жетістігі. Алтынға келсек, барлығы 14 алтын жүлденің 7-еуі, яғни жартысы — боксшыларымыздың маңдай терімен келген нәтиже. Олимпиададағы жарқын жеңістері арқылы Василий Жиров, Бақтияр Артаев және Серік Сәпиев Вэл Баркер кубогының иегері атанды. Сондай-ақ 69 келі салмақ дәрежесінде қазақ боксшылары 4 рет қатарынан — 2004, 2008, 2012, 2016 жылғы Олимпиадаларда — чемпион атанып, әлемдік бокс тарихына бұл ерекше жетістік ретінде жазылды. Осы жарқын жетістіктер әрі қарай жалғаса ма? 2021 және 2023 жылдары өткен Әлем чемпионаттарында Қазақстан құрамасы сәтті өнер көрсетті. 2021 жылы Сербияда өткен Әлем біріншілігінде 2 алтын, 2 күміс және 1 қола медаль иеленсе, биыл Өзбекстанда өткен чемпионатта 4 алтын, 1 күміс медаль алды. Дегенмен Олимпиада бағдарламасы басқашалау: мұнда ерлер — 7, қыздар да 7 салмақ дәрежесінде өнер көрсететін болады. Мысалы, Сербияда күміс алып, ал биыл әлем чемпионы атанған Махмұд Сабырхан 54 кг салмақ дәрежесінде өнер көрсетеді. Бұл салмақ Олимпиада бағдарламасына енбеген. Сондықтан Махмұд жуырда 57 келі салмақ дәрежесіне көшетінін мәлімдеді. Жаңа салмақта ол бұрынғы шеберлік деңгейін сақтай ала ма? Бұл жағын алдағы күндер көрсетеді. Ал 2021 жылғы әлем чемпионы, Токио Олимпиадасының қола жүлдегері Сәкен Бибосынов (51 келі), биылғы әлем чемпиондары Асланбек Шымбергенов (71 келі) пен Нұрбек Оралбай (80 келі), жолдамаға қол жеткізген күнде, Олимпиадаға өз салмақтарында бара алады. Бокстан Олимпиада жолдамаларын табыстау үшін жоғарыда айтылған Азия Ойындарынан бөлек, тағы да екі лицензиялық турнир ұйымдастыру жоспарланған.

Жалпы, спортшыларымыз Париж ойындарының алғашқы жолдамасына биылғы маусымда Таиландта өткен тасжолдағы велоспорттан Азия біріншілігінде қол жеткізді. Атап айтқанда, ерлер арасындағы топтық жарыста қазақстандық Глеб Брусенский мәреге бірінші болып келіп, чемпион атанып қана қоймай, Олимпиада жолдамасын да ұтып алды. Велоспорт — Олимпиада бағдарламасында жеңіл атлетика мен жүзуден кейінгі ең көп жүлде таратылатын спорт түрі. Қазақстандық велошабандоз Александр Винокуров 2000 жылы Олимпиаданың күміс жүлдегері атанса, 2012 жылы Олимпиада алтынын жеңіп алды. Алайда кейінгі жас буыннан әзірге оның ізбасары шыға қойған жоқ. Бәлкім, Парижде тағы бір велоспортшымыздың бағы жанар?..

Қазақ дзюдошылары бүгінге дейін үш Олимпиада жүлдесін алды: 2008 жылы Пекин Олимпиадасында Асхат Жіткеев — күміс, 2016 жылы Рио-де-Жанейрода Елдос Сметов те күміс жүлде алды, сондай-ақ Токио Олимпиадасында Елдос қола медаль иеленді. Қазіргі күні дзюдошылар Олимпиада жолдамасына қол жеткізу үшін түрлі жарыстарда ұпай жинап жүр. Әр салмақта ең көп ұпай жинаған 17 дзюдошыға Олимпиадаға тікелей жолдама беріледі. Қазіргі күні әлемдік рейтингте ең жоғары орында тұрған дзюдошымыз — Әбиба Әбужақынова (48 келі). Ол 2034 ұпаймен 3-орында тұр. Осы салмақта 1155 ұпаймен Ғалия Тынбаева да үздік

17-лікке ене алады, бірақ Олимпиадаға әр салмақта бір елден бір-ақ спортшы жіберілетін болғандықтан, ол қосымша тізімге қойылыпты. Жалпы, жарыстар ерлер мен әйелдер арасында 7 салмақ категориясы бойынша өтеді. 11 шілде күні жаңартылған рейтингтік кестеде ерлер құрамасынан 6 дзюдошымыз үздік 17 спортшының тізімінде тұр. Олардың ішінде Абылайхан Жұбаназар (81 келі) мен Мағжан Шамшадин (60 келі) ғана үздік ондыққа енген. Дзюдодан квалификациялық жарыстар 2024 жылдың 23 маусымына дейін, яғни әлі 11 ай бойы жалғасады.

Жуырда ғана Жапонияның Фукуока қаласында су спорты түрлері бойынша Әлем чемпионаты өтті. Осы жарыста артистік жүзуден 17 жастағы қазақстандық спортшы Эдуард Ким қола жүлде алды. Бұл — еліміз үшін тарихи жетістік, өйткені су спорты түрлерінен бұрын-соңды әлем чемпионатында қазақ елінің үлесіне жүлде бұйырмаған еді. Рас, 2016 жылы Рио-де-Жанейрода Дмитрий Баландин Олимпиада чемпионы атанған болатын. Енді бұл спорт түрінен жолына үмітпен қарайтын тағы бір спортшымыз бар.

Биыл тәуелсіз Қазақстан тарихында тағы бір спорт түрінен тарихи жетістікке куә болдық: семсерлесуші Руслан Құрбанов Миланда өткен Әлем біріншілігінде қола жүлде иеленді. Бұл да осы спорт түрінен Әлем чемпионатындағы еліміздің алғашқы жүлдесі.

Семсерлесуден Олимпиадаға қатысатын спортшылар да, дзюдошылар секілді ірі жарыстарда ұпай жинақтау арқылы анықталады. Ал Русланның жүлдесі біздің ұлттық құраманың алдағы Олимпиадада ел намысын лайықты қорғау үшін қызу әзірлікке кіріскенін көрсетеді.

Бокс, велоспорт және жүзуден кейін өз спортшыларымыз Олимпиадада алтын алған спорт түрі — жеңіл атлетика. 2000 жылы Сиднейде Ольга Шишигина — 100 метрге кедергімен жүгіруден, ал 2012 жылы Лондонда Ольга Рыпакова үш қарғып секіруден ең үздік нәтиже көрсетіп, елімізге Олимпиада алтынын сыйлады. Алайда нақ қазір ел құрамасында екі Ольга секілді жарқын табыстарымен қуантып жүрген спортшы жоқ, содан болар, Қазақстан жеңіл атлетика федерациясы Кениядан легионер спортшылар әкелген болатын. Түрлі даулы мәселелерге байланысты бұл легионер спортшылардың Олимпиадаға бару-бармауы белгісіз, сондай-ақ халқымыздың сырттан келген спортшылар мен олардың жетістіктеріне аса ықыласты бола қоймайтыны және бар.

Тәуелсіздік жылдарында, өкінішке қарай, қазақтың күрес мектебінен Олимпиада чемпионы шыққан жоқ. 1996 жылы Атлантада алтын алған Юрий Мельниченко көрші әрі бауырлас қырғыз елінің күрес мектебінің түлегі екені белгілі. Әйткенмен  Шәміл Серіков пен Жақсылық Үшкемпіровтердің ізбасарлары жоқ деуге болмайды, мысалы, соңғы екі Азия чемпионатында Қазақстанның грек-рим құрамасы да, еркін күрестен ұлттық құрама да командалық рейтингте үздіктер қатарынан көріне білді. Ал қыздар арасынан Жәмила Бақбергеноваға ерекше үміт артамыз. Ол — Әлем чемпионатының екі мәрте күміс жүлдегері, үш мәрте Азия чемпионы. Тек балуандарымыздың бағы жанғай дейміз.

Балуан дегенде, өз жерлестерімізді айтпай кете алмаймыз. Өткен Олимпиадаға біздің облыстың атынан үш бірдей балуан қатысқан болатын: грек-рим күресінен — Мейрамбек Айнағұлов, еркін күрестен — Нұрислам Санаев пен Юсуп Батырмырзаев. Олардың арасынан Нұрислам Санаев Олимпиада жүлдегері атанды. Ал Мейрамбек пен Юсуп Токиода сәтсіз өнер көрсетті. Енді оларға екінші мәрте үміт артыла ма?

Егер Токиодан бергі уақытқа көз салсақ, Нұрисламды біз үлкен жарыстардан көрмедік. Мейрамбек 2022 жылғы Азия чемпионатында күміс жүлде алды, ал биылғы Азия чемпионатына қатысқан жоқ. Юсуп биылғы Азия чемпионатында күміс жүлдеге ие болды. Біздіңше, олардың Олимпиада жолдамасы жолындағы бәсекеге қосылу-қосылмауына қатысты ұлттық құрама бапкерлерінің нақты шешімі алдағы қыркүйек айының екінші жартысында белгілі болады. Өйткені сол мезгілде Сербияда күрес түрлерінен Әлем чемпионаты өтеді деп жоспарланған. Бұл жарыстың үздіктеріне Олимпиада жолдамасы беріледі.

Токио Олимпиадасына біздің өңірден жүзгіш Диана Назарова да қатысқан болатын. Жуырда өткен су спорты түрлерінен Әлем чемпионатында тағы бір спортшымыз — Диана Тасжанова өнер көрсетті. Диана осы жолы еркін жүзу әдісімен 800 және 1500 метр қашықтықтарда Қазақстан рекордын жаңартты, алайда Олимпиада жолдамасына қол жеткізе алмады. Біз Дианаға алдағы жарыстарда сәттілік тілейміз.

Индира ЖАЙМАҒАМБЕТОВА

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button