АуылБасты жаңалықтар

Қаладан қайтқан көш

Ауылда өскен адамның бір бүйрегі елге қарай бұрып тұрады. Қаланың қым-қуыт өмірінен шаршап кеткенде еске ауыл түседі. Ойлап қана қоймай, шәрлі жерден ауылға бет бұрған азаматтар да бар екен. Мәселен, Қарғалы ауданына қарасты Желтау мен Велихов ауылдық округіне көшіп келген қала тұрғындары баршылық. Қазірдің өзінде олар «Ауыл аманаты» жобасы бойынша кәсіп бастап, шаруашылықтарын кеңейтіп отыр.

Желтаудың жағдайы

Желтау ауылдық округінде 4150 тұрғын бар. Орталығы — Петропавл ауылы, Ақтөбе қаласынан 30 шақырым және аудан орталығынан 90 шақырым қашықтықта орналасқан.

Ауылдық округте 7 жауапкершілігі жектеулі серіктестік,  52 шаруа қожалығы, 17 дүкен, 2 кафе, 3 монша, 1 сауна-бассейн, 2 шаштараз, 2 газ бекеті, 2 техникалық қызмет көрсету станциясы жұмыс жасайды. Ауыл тұрғындарының басым көпшілігі жеке шаруашылықпен айналысады. Желтау ауылдық округінде мал шаруашылығы жақсы дамыған. Жалпы аудан бойынша тіркелген ірі қара мал саны — 3 625, қой және ешкі — 2 641, жылқы — 261. Ауылда 2 орта мектеп, 2 балабақша, 2 дәрігерлік амбулатория, 2 кітапхана, 2 ауылдық клуб бар.  

2021 жылы мобильді интернет желісінің 4G  санатының жылдамдығы күшейтіліп, ауыл-аймақтарға интернет желісі қосылды. 2011 жылы ауылдық округке газ тартылды. 2008-2009 жылдары Петропавл және Шәмші Қалдаяқов ауылдарындағы орталық су құбырына қайта жаңарту жұмыстары жүргізілді. Жұмыссыздық мәселесі оңтайлы шешіліп келеді. Ауыл тұрғындарының орташа жалақысы — 160 мың теңге, — дейді Желтау ауылдық округінің әкімі Азамат Рзағұлов.

Оның айтуынша, кәсіпкерлікпен айналысқысы келетін жастар үшін ауылда барлық жағдай жасалған. Мемлекеттен бөлінген субсидия қаражатының игілігін көріп отырған серіктестіктердің бірі — «АкТеп» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі тек аудан халқын ғана емес, Ақтөбе жұртшылығын да картоппен қамтамасыз етіп отыр.

— «АкТеп» серіктестігі Желтау ауылдық округіне қарасты Шәмші ауылында орналасқан. Мәселен, былтыр 643 гектар жерге картоп егіліп, мол өнім жиналды. Картоп жинау үшін немістер мен голландиялықтардың заманауи техникалары қолданылады. Зиянкестермен күрес жұмысы уақытында жүргізілгендіктен, биыл картоп өніміне ешбір залал келмеді. Гала, карина, желе және тағы да басқа картоп сорттарынан мол өнім алынды. Әсіресе жоғары сұрыпты гала картобы нарықта сұранысқа  ие. Тек ауылды ғана емес, республикалық нарықты картоптың осы түрімен қамтамасыз ету жоспарымызда бар, — дейді ол.

@mukasheva_akmaral

Бүгін Қарғалы ауданының тыныс-тіршілігімен танысып қайтқан едік. Болашақта курорттық демалыс аймағына айналуға ниетті ауданның әл-ауқаты жақсы. Кәсіп бастағандардың саны арта түскен. Ауылда тұралап тұрған мәселелер өз шешімін тапқан. Жаңа нысандар ашылып жатыр. Облыс әкімі Ералы Тоғжановтың тапсырмасына сәйкес ауданда “Ауыл аманаты” бағдардамасы аясында іс-шаралар қолға алынған. Монтаж авторы өзім. Сүйікті ауылым Қарғалым ❤️❤️

♬ оригинальный звук – Ақмарал Мұқашева

«Пандемия өмірімізді өзгертті»

42 жастағы қала тұрғыны Венера Төлегенова 2020 жылы отбасымен бірге Петропавловкаға көшіп келген. Екі жыл бұрын болған пандемия өмірімізді түбегейлі өзгертті дейді ол.

Мен үш баланың анасымын. Ауылға көшіп келгеніме еш өкінбеймін. Балаларым үшін ауылға қоныс аудардым. Жолдасым Жұмабек Төлегенов жеке кәсіппен айналысады. Қалада 70 адамға шақталған шағын кафеміз бар. Өзім сүт өнімдерін сатумен айналысамын. Қазіргі таңда екі бас ірі қара малымыз бар. Сүт өнімдерін әзірге тек  көршілеріме ғана сатамын. Алдағы уақытта «Ауыл аманаты» жобасына қатысуды жоспарлап отырмыз. Бау-бақшамызды кеңейтіп, жылыжай кешенін де ашқымыз келеді. Осы уақытта таңқурай, қызанақ, қияр секілді бау-бақша өнімдерінен мол өнім алып, күзгі дайындықты бастап кеттік, — дейді Венера Төлегенова.

Көпбалалы ананың кәсібі

«Ауыл аманаты» бойынша 8 млн қаражат алған көпбалалы ананың бірі — 34 жастағы Делфуза Бекназарова. Ол алты баланың анасы әрі жас кәсіпкер.

Ауылға көшіп келгеніме біраз жылдың жүзі болды. Жақында жолдасым Саламат Шамұратовпен ақылдаса келе «Ауыл аманаты» бойынша несие алдық. Қазір кәсібімізді кеңейтіп, сүт өнімдерін қалаға тасымалдап отырмыз. Күнделікті ауыл тұрғындарынан 300-350 литр сүт сатып алып, одан айран, құрт, май жасап сатамыз. Енем маған үнемі көмектеседі. Әрдайым шаруаның басы-қасында жүреді. Қалада тұрақты тұтынушыларымыз бар. Өнімдерімізді «Арай», «Орталық базар» сынды көтерме-сауда орталықтарына қолжетімді бағамен өткіземіз. Күнделікті дайын сүт өнімдерін такси қызметі арқылы жеткізіп отырамыз. Мемлекеттен алған қаражатқа 4 сепаратор, тоңазытқыш, газ плитасын сатып алдым. Өзім бұдан бөлек мектеп асханасында аспаз болып жұмыс жасаймын. Осы несиемізді төлеп біткен соң ірі қара мал сатып алу жоспарымызда бар.

Сонымен қатар «Бастау-Бизнес» жобасы арқылы ашқан дөңгелек жөндеу цехымыз қарқынды жұмыс жасап тұр. Жолдасым жедел жәрдемде жұмыс жасағандықтан көп жағдайда інім цех жұмыстарымен айналысады, — дейді Делфуза Бекназарова.

«Арманым орындалды»

Петропавловка ауылына сәуір айында көшіп келгендердің бірі — Людмила Кривенцова. Ол қазір жеке сән салонында жұмыс жасайды.

Менің жеке баспаналы болу басты арманым еді. Қалада мардымсыз жалақыға пәтер сатып алу мүмкін емес. Сондықтан бар жиған-тергенімді ауылдан үй алуға жұмсадым. Екі бөлмелі үйді 3 миллионға сатып алдым. Үлкен ұлым қалада жұмыс жасайды. Қалада жеке сән салоным болғандықтан қатынап жұмыс жасауға тура келіп тұр. Бау-бақша өнімдерін жапсарлас көршімнің ауласына ектім. Себебі аулаға әлі толық су құбырлары тартылған жоқ. Ауылдың тыныс-тіршілігі маған ұнайды. Көктемде картоп, қызанақ, қияр және басқа да бау-бақша өнімдерін ектім. Алдағы уақытта «Ауыл аманаты» жобасы бойынша жеке кәсібімді кеңейткім келеді. Ауыл тұрғындары арасында да сән салонының қызметіне жүгінетіндер баршылық, — дейді ол.

«Балаларымның болашағы үшін келдім»

Қобда ауданына қарасты Бестау ауылдық округінің әкімі Айбек Бейбітовтің айтуынша, округ тұрғындарының саны 424-ке жеткен. Соңғы жылдары 6 отбасы қаладан Бестау ауылына көшіп келген. Ауылда 7 шаруа қожалығы бар. «Ауыл аманаты» бойынша өтінім берген 4 адамның өтінімдері қаралып жатыр. Бестау ауылында кәсіп бастағандардың бірі — Қобда ауданы, Бестау ауылының  65 жастағы тұрғыны Зибаш Өмірбаева.

Біз ауылдық округке 2014 жылы көшіп келдік. Қалада тұрған кезімізде шағын бизнесіміз бар еді. Балаларымның болашағын ойлап ауылға көштік. Ауылдан 2 гектар жер алып, кәсібімізді кеңейттік. Екі үйімізді кепілге қойып, 10 миллиондай несие алдық. Алған несие қаражатына ірі қара санын көбейттік. Алғашында екі тракторымыз және шөп шабатын машинамыз ғана болды. Аяққа тұрып алған соң «Аграрлық несие» корпорациясы арқылы несие алып, қажетті құрал-жабдықтарды, арнайы көліктерді сатып алдық. Күйеуім ескі көлігін сатып, шаруашылыққа арналған жаңа көлік сатып алды. 2021 жылы жолдасым өмірден өтті. Қазір балаларым әке ізін жалғастырып, тынымсыз еңбек етіп жатыр. Енді «Ауыл аманаты» жобасы бойынша өтінім беруді жоспарлап отырмын. Мемлекет берген мүмкіндікті пайдаланып, жұмыссыз жастарды еңбекке шақырғым келеді, — дейді Зибаш Өмірбаева.

Тау-кен өндірісі қарқынды

Велихов ауылдық округінде 348 адам тұрады. Халық, негізінен, мал шаруашылығымен, көкөніс өсірумен айналысады. Ауылдық округтің әкімі Жолдас Қарағұловтың айтуынша, ауылда 13 шаруа қожалығы және 6 жауапкершілігі шектеулі серіктестік бар.

Ауылдық округте тау-кен өндірісі қарқынды дамып келеді. Мәселен, «Алина-Холдинг» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі мәрмәр және құрылыс қоспаларын өндеумен айналысады. Жуырда осы серіктестік Ақтөбе-Орск күре жолынан Велихов ауылына баратын 4 шақырым жолға 420 тонна қиыршық тасын төсеп, жөндеу жұмыстарын жүргізді. Велихов ауылдық округінде «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша 9 жоба мақұлданып, 3 жоба қаралып жатыр, — дейді ол.

 «Құс фермасын ашқымыз келеді»

Осы ауылдық округтің тұрғыны Әйтімовтар отбасы — «Ауыл аманаты» жобасы бойынша алғаш несие алып, кәсіп бастаған ауыл тұрғындарының бірі.

Игілікті жоба туралы естіген кезде қуанышымда шек болмады. Отбасымызбен ақылдаса келе 2,5 пайызбен несие алып, 1 миллион теңгеге құс шаруашылығын бастауды жөн санадық. Мемлекеттен алған несие қаражатына 100-ден астам қаз, үйрек балапандарын сатып алдық. Сапалы жылыту шамдарын іздеп жүргенде біраз құсымыз өліп қалды. Бұл біздің үлкен қателігіміз болды. Ең алдымен, арнайы жарықшамдарды сатып алуымыз керек еді. Әзірге қарамағымызда жұмысшылар жоқ. Бұдан бөлек 4 сауынды сиырымыз бар. Болашақта құс фермасын ашқымыз келеді, дейді зайыбы Наталья Владимировна.

Ақмарал МҰҚАШЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button