Басты жаңалықтар

Ашық әңгіме: алдағы міндеттер айқындалды

Облыс әкімі жұмыс сапарымен Байғанин ауданына барды

Шалқар ауданына екі күндік іссапардан соң облыс әкімі Ералы Тоғжанов Байғанин ауданына да барып, шалғайдағы қос ауданның тыныс-тіршілігінкөріп қайтты. Үш күндік жұмыссапары барысында өңір басшысы аталған аудандарды аралап, ауданаралық, ауыларалық автокөлікжолдарының сапасының сын көтермейтінін көріп, білді.Ералы Лұқпанұлына дейін облысты басқарған әкімдер бұл аудандарға жол шалғай әрі сапасыз болғандықтан әдеттетікұшақпен баратын. Қарапайым халық жиі көретін жол ауыртпалығын жер жолмен барып, өзі көрген облыс әкімі Ералы Лұқпанұлы  Байғанин ауданында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмаларының орындалу барысымен,мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асырылуымен танысты. Өлкедегі бірқатар әлеуметтік нысандарды,өндірістік кәсіпорындарды аралап, жаңа ғимараттың ашылу салтанатына қатысып, халықтың қуанышымен бөлісті. Сондай-ақ әдеттегідей жұртшылықпен бірнеше кездесу өткізіп, емен-жарқын әңгімелесті.

Өндіріс орындары және әлеуметтік міндеттемелер

Облыс басшысы алдымен «Қожасай» кен орнындағы ілеспе мұнай газын кәдеге жарату және қайта өңдеу жөніндегі GazProsessing зауытына барды. Жыл сайын өндірісте 300 миллион текше метр газ өңделеді. Аталған зауытты қайта жаңарту жоспарланып отыр. Бұл «Қожасай» кен орнының шикізат базасын одан әрі ұтымды пайдалануға және ішкі нарықты тауарлық газбен толтыруды жақсартуға мүмкіндік береді.

Қазір зауытта 300-ге жуық адам еңбек етеді.

Өндіріс орнында өткен шарада өңір әкімі жоспарланған өндірістік көрсеткіштерге қол жеткізудің, қызметкерлердің еңбек құқықтарын сақтаудың маңыздылығын атап өтті. Сондай-ақ зауыт басшылығына кен орнына жақын елді мекендерді абаттандыру жөніндегі әлеуметтік жобаларға белсене қатысып, халық алдындағы әлеуметтік міндеттемелерді орындауды нықтап тапсырды.

Сапар барысында өңір басшысы «Қазақтүрікмұнай» компаниясының басшылығымен кездесу өткізіп, кәсіпорынның әлеуметтік жауапкершілігі және басқа да мәселелерді жан-жақты талқылады. Бүгінде «Қазақтүрікмұнай» компаниясы бастаған Қожасай-Оңтүстік Қаратөбе автожолының құрылысы аяқталуға жақын. Жобаның жалпы құны —1,7 млрд теңге.

Берекелі шаңырақ, іргелі шаруашылық

Бұдан кейін облыс әкімі бастаған топ Қызылбұлақ ауылдық округінің аумағында орналасқан «Екі ағайын» шаруашылығына барды. Мұнда біз қазақтың түтіні түзу ұшқан берекелі шаңырағын, ағайын бірлігін, абысын татулығын көрдік. Қос шаңырақтың ұйытқысы болған, ағайынның ынтымағын нығайтқан қос келін қатар қызмет көрсетіп жүр.

Аудан орталығынан шалғайда орналасқан шаруа қожалығы алыстан жасыл желегімен көзге түсті. Расында, мидай далада, өңірдегі қос өзен — Жем, Сағыздан аулақта қарағай, қылқанжапырақты ағаштар мен жеміс ағаштарының (400-ге ж уық) небір түрі құдықтың суынан нәр алып, жайқалып өсіп тұр.Сондай-ақ атырап гүлге оранған. Бақшаға қарбыз, қауын, қияр, қызанақ секілді көкөністер егілген. Сән-салтанаты келіскен кең сарайдай, еңселі құла дүздегіүйде өркениет игілігінің бәрі бар. Қора малға толы. Бие байлап, саумал сауып отыр. Болашақта мұнда саумалдан емдейтін шипажай ашу да жоспарланыпты. 2017 жылы іргетасы қалаған шаруашылықта бүгінде 600 бас бие бар.Сондай-ақ150 асылтұқымды ақбас сиыр өсірілуде.

— Шаруашылықты бұдан 6 жыл бұрын аштық. Ол кезде Темір ауданында жерді жалға алып, жылқы өсіруді қолға алдық. Оған дейін үйде небары 5 сиыр ғана болды, жылқы мүлде болған жоқ. Үйде мал басы аз болғандықтан да ағам екеуміздің мал шаруашылығына мүлде ебіміз жоқ-тын. Мал өсіруді, кәсіпкерліктің қыр-сырын әкеміз үйретті. Әкем бізге үнемі бағыт-бағдар беріп отырады. Ағам екеуміздің жетістікке жетуіміз — әкемнің арқасы, әкемнің еңбегі.

Темір ауданы Шұбарши ауылының тұрғынымыз. Бұл жерді 2020 жылы аукционмен алдық. Ең алдымен құдық қазудан бастадық. Өйткені жақын маңда су жоқ. Содан үй тұрғыздық, кейін электр жарығын жүргіздік. Сөйтіп, Байғанин ауданындағы шаруашылықты 2021 жылы аштық. Атырапты көгалдандыру жұмыстары — әкем мен ағамның сүйікті ісі. Аулада жеміс ағашының небір сорты бар, — дейді шаруашылық басшысы Марлен Иманғазин.

Оның айтуынша, ай сайын сұранысқа сай 10 мың тонна ет тапсырылады. Шаруашылықта қазақтың жабы жылқысы да, асылтұқымды мұғалжар жылқысы да бар. Шаруашылық 5 адамды жұмыспен қамтып отыр.

Тауарлы несиеге түйе малын берген алғашқы кәсіпкер

«Екі ағайын» шаруа қожалығында «Ауыл аманаты» жобасына қатысушылардың өнімдерінің, сондай-ақ тауарлық несие беру бағыты бойынша жобаға қатысатын шаруа қожалықтарының көрмесі өтті.

Көрме барысында 9 шаруа қожалығы ауданның 9 отбасына 30 бас ірі қара мал, 10 бас ұсақ мал, 6 түйе және 2 жылқы алуға сертификаттар табыс етті.

Байғаниндегі бұл игі іс — ауылдағы бірліктің, берекелі тірліктің көрінісі. Бір ауылдың жігіттері бірін-бірі қолдап жатыр. Мал бағу оңай кәсіп емес. Еңбекқорлықты, төзімділікті талап етеді. Бүгін мал алғандар үмітті ақтап, атакәсіптен табыс тауып, отбасын қамтамасыз ете алады деген сенімдемін. Бұл әрқайсысыңызға берекелі істің бастауы болсын, кәсіптеріңізді дамытып, сіздер де басқаларға қол ұшын беретін жағдайға жетіңіздер. Осындай үлкен жобаны қолдағандары үшін шаруа қожалықтарының басшыларына ризашылығымды білдіремін, — деді Ералы Тоғжанов. Облыс әкімі «Екі ағайын» шаруашылығы кәсібін жүргізіп отырған ағайынды жас кәсіпкерлер Иманғазиндердің еңбегіне сүйсініп, олардың тірлігін көпке үлгі етті.

Шара барысында сөз алған кәсіпкер Құтым Қасенов те«Екі ағайын» шаруашылығының жетекшілерінің өнегелі ісіне риза болды.

Жас болсаңдар да елге үлгі, өнеге көрсетіп жатырсыңдар. Табыстың кілті — тынымсыз еңбекте. Құлша жұмыс істедіңіздер, енді, міне, бише өмір сүріңдер. Алла сендерді тіл-көзден, малдарыңды жұттан сақтасын. Қазақта «Артыңа қара» деген сөз бар.Яғни атам қазақ дәулетті жандардың айналасындағы жоқ-жітікке көмек көрсетуін, әлсіздерге демеу болуын үндеген. Осы қағиданы берік ұстаныңдар.

«Ауыл аманаты»жобасы — түсіне білген адамға үлкен мүмкіндік. Тиімді мүмкіндікті пайдаланып қалған жөн, — деді Құтым Қасенов.

Шаруа қожалықтарының көрмесі барысында  Миялы ауылдық округінде орналасқан «Асылзат» шаруа қожалығының басшысы Төремұрат ӘлиповДәулет Әділхановқа 6 түйенің сертификатын тарту етті. Айта кету керек, ол — облыста «Ауыл аманаты» жобасы аясында тауарлы несиеге түйе берген бірінші кәсіпкер. Бүгінде «Асылзат»шаруашылығында 300 түйе бар.

— «Ауыл аманаты» жобасы аясында ауыл тұрғынына 6 түйе бердім. 3 түйе боталады. Қалған үшеуі келесі жылы төлдейді.

Шаруашылықта шұбат өндіреміз. Мәртөктің Хлебодар ауылында және Ақтөбе қаласындағы Бекқұл баба ауылында екі шағын шаруашылығым бар. Онда да түйе сауылып, сұранысқа сай шұбат өндіріледі, — дейді шаруашылық басшысы. Шұбатты жеткізу тегін екен.

«Абаттандырылған ауыл» — «Ауыл аманаты» жобасының бір бағыты. Оның аясында орта және ірі кәсіпті тарта отырып, ауылдарды абаттандыру шаралары жүргізіліп жатыр.

Бұл күні «ICPetroleum» ЖШС басшылығы мен Жарқамыс ауылдық округі әкімдігі арасында Қаражар ауылында жалпы құны 25 млн теңге болатын спорт және балалар алаңдарын салу туралы меморандумға қол қойылды.

Спорт кешені ашылды

Облыс әкімі Жарқамыс ауылына барып, дәрігерлік амбулатория мен денешынықтыру-сауықтыру кешенінің ашылу рәсіміне қатысты.

Жиында Ералы Тоғжанов ауыл тұрғындарының көптен бері күн тәртібінде тұрған мәселесінің шешілгенін атап өтті.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес ауылдық аумақтарды дамыту, ауылда өмір сүру сапасын арттыру жіті бақылауда. Ол үшін бірінші кезекте жұмыссыздық мәселесін шешіп, халықтың табысын арттыру қажет. Сондай-ақ ауылдардың интернетпен қамтамасыз етілуі де маңызды. Білім беру және медициналық көмек көрсету сапасын арттыру да кезек күттірмейтін мәселе. Сол кезде ғана біз халықтың ауылдық жерлерден көшу үрдісін тоқтата аламыз. Бұл оңай шаруа емес, алайда біз оны «Ауыл аманаты» жобасы аясында шешуге кірістік. Денсаулық — әр адамның өміріндегі басты құндылық. Дәрігерлік амбулаторияның ашылуы сапалы медициналық қызмет көрсетудің қолжетімділігін арттыратынына сенімдімін, — деді облыс әкімі.

Айта кету керек, «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында екі жылда облыстың 29 ауылында заман талабына сай денсаулық сақтау нысаны салынады. Өңірде ауылдық жерлерде медициналық көмектің қолжетімділігін едәуір арттырған «Фельдшер сөмкесі» жобасы іске асырылып жатыр. Бұл жоба науқасты қашықтан тексеруге және емдеуге мүмкіндік береді.

Жарқамыс ауылында Ералы Тоғжанов тұрғындармен кездесіп, олардың өтініштері мен ұсыныстарын тыңдады. Басқосуда аймақ басшысы «Ауыл аманаты» жобасының ауыл тұрғындарының әл-ауқатын арттырудағы маңыздылығын түсіндірді.Шарада облыс әкімі Қарауылкелді-Жарқамыс жолын жөндеуді жалғастыруға қолдау көрсетілетінін, онда қазіргі уақытта ұзындығы 8 шақырым учаске жаңартылатынын айтты. Сондай-ақ аудан аумағында жұмыс істейтін «Қазақтүрікмұнай» мұнай өндіруші компаниясы бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында ауылда саябақ салатынын жеткізді.

Бұл күні Жарқамыста 200-ден астам бала спортпен шұғылдана алатын денешынықтыру-сауықтыру кешені ашылды.

Байғанин ауданында «Ауыл аманаты» жобасы аясында 74 жоба бойынша құжат тапсырылып, оның 64-і мақұлданыпты. 20 адам өз жобаларын жүзеге асыруға кіріскен. Облыс әкімі ауданда «Ауыл аманаты» жобасы бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейтуді тапсырды.

Байғанин ауданына сапары кезінде облыс әкімі Қарауылкелді-Жарқамыс жолының жөндеу барысымен де танысты.

Жол жөндеуге жауапты «Мерей и К» ЖШС мердігерлік мекемесіне жол жұмыстарының жоғары сапада жүргізілуі мен уақтылы аяқталуын қамтамасыз ету тапсырылды.

Тұрғындар өтініші орындалады

Ералы Тоғжанов Байғанин ауданына жұмыс сапары барысында тұрғындармен бірнеше рет кездесті. Негізгі жиын аудан орталығы — Қарауылкелді ауылында өтті.

Аудандық Мәдениет үйінің ғимаратында өткен басқосуда аудан әкімі Қайрат Отаров Байғаниннің әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары туралы баяндама жасады.

Жиында Ералы Тоғжанов Байғанин ауданының ауылдарын сапалы ауызсумен 100 пайыз қамтамасыз ету жөнінде шаралар қабылдауды тапсырды. Сонымен қатар

Ералы Тоғжанов жыл қорытындысы бойынша нысаналы индикаторларды және әлеуметтік-экономикалық дамудың барлық негізгі көрсеткіштерін одан әрі төмендетуге жол бермеу және олардың орындалуын қамтамасыз ету жөнінде тиісті шаралар қабылдауды міндеттеді.

Сумен жабдықтау және газдандыру мәселелері тұрғындар үшін өзекті болып қала бермек. 23 елді мекеннің 15-і орталықтандырылған сумен және кешенді блок-модульдермен қамтамасыз етілген. Аудан әкімдігі осы жылдың соңына қарай 21 елді мекенге дейін қамтуды ұлғайтуды жоспарлап отыр, алайда өңір басшысы қалған екі ауыл бойынша мәселені жеделдетуді тапсырды. Осылайша биыл аудан ауылдары толықтай сапалы ауызсумен қамтамасыз етілуге тиіс.

Бүгінде ауданның 7 елді мекені газдандырылған. Байғанин ауданының Қораши ауылын жеткізуші және ауылішілік газ құбырын салу жөніндегі жобаны қаржыландыру мәселесі шешілуде, Қаражар, Оймауыт ауылдарына жеткізуші және ауылішілік газ құбырын салуға жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп жатыр. Бұл болашақта Байғанин ауданының 10 ауылын көгілдір отынмен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Ералы Тоғжанов аудан басшылығының алдына бірқатар міндеттер қойды. Оның ішінде жаңа мектептер мен денсаулық сақтау нысандарын салу, кезекте тұрғандарды тұрғын үймен қамтамасыз ету бойынша жұмысты күшейту тапсырылды.

Мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үй алуға кезекте 279 отбасы тұр. Өткен жылы кезектілік тәртібімен 2 отбасы ғана тұрғын үймен қамтамасыз етілген. Бұл — өте төмен көрсеткіш. Осы бағыттағы жұмысты жандандыру қажет, — деп атап өтті өңір басшысы.

Жиында сөз алған облыс әкімі «Ауыл аманаты» жобасы бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейту қажеттігін атап өтіп, аудан тұрғындарын оған белсенді қатысуға шақырды.

Біздің тарихымызда мұндай жоба бұрын-соңды болған жоқ. Ауылдың үйін ешбір екінші деңгейлі банк кепілге алмайды. Біз «Ақтөбе» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясымен бірлесіп, бұл мәселені шештік. Соның арқасында іс бастап, кәсіп ашуға ықылас білдірген адамға 2,5 пайыз ғана үстемеақымен несие беріледі. Қазіргі инфляция деңгейінің 16 пайыз екенін ескерсек, бұл тегін ақшамен тең.Бұл жоба ауыл халқының әл-ауқатын арттыруға, ауылға халықты тұрақтандыруға мүмкіндік береді. Жоба бастаған санаулы айдың өзінде облысымызда жұмыссыздық толығымен жойылған бірнеше ауыл бар. Әр ауылда осылай болуға тиіс, бірақ бірінші кезекте аудан, ауылдық округ әкімдері мен тұрғындардың өздері жобаға белсенді қатысуы қажет. Сонда ғана жұмыссыздықтың салдарынан ауылдан қалаға үдере көшкен халықты тоқтатып, ауылдарды сақтап қала аламыз. Бірақ ауылды сақтап қалуда бір ғана «Ауыл аманаты» жобасы жеткіліксіз, сондықтан жоба аясында ауылдарды абаттандыру және инфрақұрылымдық дамыту, интернет, білім беру мен медициналық көмек көрсету сапасын арттыру шаралары іске асырылып жатыр. Барлық ауыл тұрғындарын осы маңызды жобаға қолдау көрсетуге және қатысуға шақырамын, — деді Ералы Тоғжанов.

Үш сағатқа жуық болған кездесудің басым бөлігінде тұрғындардың сұрақтары тыңдалып, оған облыс әкімі, сондай-ақ делегация құрамындағы облыстық басқармалардың басшылары нақты жауап берді. Әрі қарай зерделеуді және шешім қабылдауды талап ететін мәселелер бақылауға алынды. Олардың қатарында теміржол өткелдерін салу, елді мекендерді газдандыру, ауыларалық жолдарды жөндеу және т.б. мәселелер бар.

Халықпен кездесуден кейін Ералы Лұқпанұлы азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдады

Байғанин ауданына іссапарының қорытындысында өңір басшысы Ералы Тоғжанов 90 орындық жекеменшік балабақшаны барып көрді.

Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button