Басты жаңалықтар

Ералы Тоғжанов Байғанин ауданының ауылдарын сапалы ауыз сумен 100% қамтамасыз ету жөнінде шаралар қабылдауды тапсырды

Ақтөбе облысының әкімі Ералы Тоғжанов Байғанин ауданына жұмыс сапары барысында тұрғындармен бірнеше кездесу өткізді, негізгі жиын Қарауылкелді ауылында өтті

Аудан әкімі Қайрат Отаров 2023 жылдың қаңтар-мамыр айларында әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары туралы баяндады. Есепті кезеңде өнеркәсіптік өндірісте, бөлшек саудада және негізгі капиталға инвестициялар тартуда көрсеткіштердің төмендеуіне жол берілген.

Ералы Тоғжанов жыл қорытындысы бойынша нысаналы индикаторларды және әлеуметтік-экономикалық дамудың барлық негізгі көрсеткіштерін одан әрі төмендетуге жол бермеу және олардың орындалуын қамтамасыз ету жөнінде тиісті шаралар қабылдауды тапсырды.

Облыс әкімі «Ауыл аманаты» жобасы бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейту қажеттігін атап өтіп, аудан тұрғындарын оған белсенді қатысуға шақырды. Бүгінде Байғанин ауданында жалпы сомасы 260 млн теңгеге «Ауыл аманаты» бойынша 64 өтінім мақұлданды. 20 адам өз жобаларын жүзеге асыруға кірісті. Кепіл мүлкін растай алмаған отбасыларға тауарлық несие беру бағыты бойынша мал беріледі.

💬«Біздің тарихымызда мұндай жоба әлі болған жоқ. Бұл біздің ауылдарды, ауыл адамдарының өмірін сапалы жаңа деңгейге көтерудің бірегей мүмкіндігі. Облысымызда қазірдің өзінде жобаның басталуымен жұмыссыздық толығымен жойылған бірнеше ауыл бар. Әр ауылда осылай болуы тиіс, бірақ бірінші кезекте аудан, ауылдық округ әкімдері мен тұрғындардың өздері жобаға белсенді қатысуы қажет. Бұл, ең алдымен, жұмыссыздық кесірінен халықтың қалаға көшуін тоқтату арқылы біз ауылдарды сақтап қаламыз. Бірақ бұл да жеткіліксіз, сондықтан жоба аясында ауылдарды абаттандыру және инфрақұрылымдық дамыту, интернет, білім беру мен денсаулық сақтау сапасын арттыру шаралары іске асырылуда. Барлық ауыл тұрғындарын осы маңызды жобаға қолдау көрсетуге және қатысуға шақырамын», – деді Ералы Тоғжанов.

Кездесудің басым бөлігі тұрғындардың сұрақтарына арналды. Облыс әкімі, сондай-ақ делегация құрамындағы облыстық басқармалардың басшылары әрбір өтініш бойынша нақты түсініктемелер берді. Әрі қарай зерделеуді және шешім қабылдауды талап ететін мәселелер бақылауға алынды. Олардың қатарында темір жол өткелдерін салу, елді мекендерді газдандыру, ауыларалық жолдарды жөндеу және т.б. мәселелер бар.

Сумен жабдықтау және газдандыру мәселелері тұрғындар үшін өзекті болып қала береді.

23 елді мекеннің 15-і орталықтандырылған сумен және кешенді блок-модульдермен қамтамасыз етілген. Аудан әкімдігі осы жылдың соңына қарай 21 елді мекенге дейін қамтуды ұлғайтуды жоспарлап отыр, алайда өңір басшысы қалған екі ауыл бойынша мәселені жеделдетуді тапсырды. Осылайша, ағымдағы жылдың қорытындысы бойынша аудан ауылдарының 100%-ы сапалы ауыз сумен қамтамасыз етілуі тиіс.

Бүгінгі таңда ауданның 7 елді мекені газдандырылған. Байғанин ауданының Қораши ауылын жеткізуші және ауылішілік газ құбырын салу жөніндегі жобаны қаржыландыру мәселесі шешілуде, Қаражар, Оймауыт ауылдарына жеткізуші және ауылішілік газ құбырын салуға жобалық-сметалық құжаттама әзірленуде, бұл болашақта Байғанин ауданының 10 ауылын көгілдір отынмен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Ералы Тоғжанов аудан басшылығының алдына бірқатар міндеттер қойды. Оның ішінде жаңа мектептер мен денсаулық сақтау нысандарын салу, кезекте тұрғандарды тұрғын үймен қамтамасыз ету бойынша жұмысты күшейту тапсырылды.

💬«Мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үй алуға кезекте 279 отбасы тұр. Өткен жылы кезектілік тәртібімен 2 отбасы ғана тұрғын үймен қамтамасыз етілген. Бұл өте төмен көрсеткіш. Осы бағыттағы жұмысты жандандыру қажет», – деп атап өтті өңір басшысы.

Халықпен кездесуден кейін Ералы Тоғжанов азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдады

Д.АЙДАР. 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button