Басты жаңалықтарМәселе

Жылдамдықты асырма, құжатыңды жасырма!

Небір жайлы темір тұлпардың түрі мен саны артқан сайын жол-көлікоқиғасы да көбейіп кетті.  Ақтөбе облысында 207 мыңнан аса көлік бар. Бұл — тек ресми дерек. Ал шетелден әкеліп әлі мемлекеттік тіргеуге қойылмаған  көліктің қаншасы жүйткіп жүр. Осылардың бәрі қозғалысқа түскенде қала мен дала жолдары сапырылысып жатады. Қоғамдық көліктердегі жағдай бір бөлек, жеке  көлік мінгендердің де мазасы жоқ. Әсіресе «час пиктің» кезіндегі көлік кептелісі, жолға таласқан жүргізуші, асыққан такси тағы басқа да оқиғалар күнделікті көз үйренген көрініске айналды...

Әлиқисса…

Жол патрульдік полициялары бұрынғыдай бей-берекет тоқтата бермейді. Тоқтатты ма, бірден жол ережесін бұзғаның үшін айыппұлды іліп жібереді. Дауласу, ерегесу бекер.  Онда айыппұлды екі есе төлеуіңіз ғажап емес. Сенімді «куә»— камера кінәңді мөлдіретіп тұрып көрсетіп береді. Рас, «құдайына қараған» біреуі ескертумен жібере салуы мүмкін. Бірақ көк көйлекті погондылар жол жүру ережесін бұзсаң, кешіре бермейді. Бұрылысы мен бағдаршамы, қиылысы мен  қалтарысы көп  қала аумағында жол ережесін бұзбай жүру қиын емес. Бірақ кейде жүргізушілердің тілімен айтсақ, «байқамай қаласың». «Білмей қалдым» десеңжағдай тіпті қиындап кетуі мүмкін.  Қалай болғанда да ереже бұзғанның жазасы — айыппұл. Ал айыппұл арқалаған кімге ұнасын?

Қоғамдағы тағы бір маңызды тақырып — такси қызметі. Қазір екінің бірі такси қызметін атқара береді. Заң бойынша кәсіпкер болып, құжатың да, көлігің де тіркеліп, көлікте такси белгісі бар жапсырма  болуы шарт.  Заңды жолмен тіркеліп, ай сайын тұрақты салығын төлеп,  такси қызметін атқарып жүргендердің «бәсекелестері» де жетерлік. Ешқайда бармай-ақ ұялы телефоннан жүктелген «Индрайвер», «Яндекс» қосымшалары арқылы жолаушы тасымалдап жүре береді. Бұл да айыппұл арқалататын заңбұзушылық. Бірақ «жолаушы тасымалдамасын» деген заңды талап тағы жоқ. Көбі отбасын такси қызметі арқылы асырап жүр. Мәселенің екінші жағы, сайып келгенде, әлеуметтік жағдайға  тіреледі. Дегенмен жол бойында, аялдамаларда қол көтерген жолаушылар көп деп қызыға бермеңіз. Белгіленбеген немесе тыйым салынған жерлерге тоқтап адам алам деп айыппұл арқалап жүрмеңіз. Қоғамдық көлікке арналған аялдамаларға тұруға тыйым салынған. Сонымен қатар базарларда, сауда орындары мен адам көп жүретін қоғамдық орындарда жолаушыларды отырғызып, түсіріп кету жағдайы көп. Аялдамаларға тұруға болады. Тек апатты жарықты жағып 5 минут ішінде көлік ішіндегі адамды түсіріп үлгеруіңіз керек. Бірақ адам мінгізуге болмайды. Ал жолаушылар көп ретте аялдамаларда ғана қол көтереді. Бұл жерде мынаны да ескере кеткен жөн. Такси жүргізушісі болып тіркелмеген кез келген жүргізушінің адам тасымалдауға құқы жоқ делік. Ақтөбе қаласындағы Орталық базардың алды кешкілік адамға да, көлікке де лық толып, қарбалас болып жатады. Ақжар, Қызылжар, Заречный-1,2,3,4, Өрлеу, Жилянка, 50 мыңнан астам тұрғыны бар Есет батыр тұрғын үй алабы, Кеңес Нокин ауылы тағы басқа да елді мекендерге қайтатын тұрғындар Орталық базардың айналасына топтасады. Сол кезде көлігіңізде орын болса «по пути» 4 адам ала кетесіз. Бұл — саған да, жолаушыларға да ыңғайлы. Жаз болса ештеңе емес, қыста бүрсеңдеп тұрған тұрғындарды «заң бойынша адам тасымалдай алмаймын немесе бұл жерге тұруға тыйым салынған» деп өтіп кетсеңіз де өзіңіз білесіз. Ол жерде кішкентай бала көтерген аналар да жиі ұшырасады. Тіпті тегін алып кеткеннің өзінде ол жерге тоқтауға болмайды.

Отбасын такси жүргізушісі болып табыс тауып асырап жүгендер көп қой. Тұрақты жұмыс істегеннің өзінде жалақымыз келесі айға жетпейді. Амал жоқ осылай қосымша табыс табамыз. Кешкілік жұмыстан қайтып келе жатып Орталық базардың алдымен өтемін. Ол жерде адам толып тұрады. Бірақ ол жерге көлік тоқтауға тыйым салынған. Арнайы белгіленген орынға тұрайық десек, бос емес. Сондықтан бұл мәселені реттемейінше, ол жерден жолаушы алу да, айыппұл төлеу де тоқтамайды. Бұл бір қақпан сияқты. Таңертең көлігіммен қалаға адам әкеліп, кешке ала кетіп бензин-газымызды айырамыз. Барлығы осылай жасайды, — дейді жүргізушілердің бірі.

Бұл — мәселенің бір жағы.Енді полицияның қызметіне келейік.

Тәртіпке бас иген құл болмайды…

Тәртіп тен тыныштықты күндіз-түні қадағалайтын тәртіп сақшыларының міндеті — жол-көлік оқиғаларының алдын алу,себеп-салдарымен күресу.

Өйтпегенде ше? Облыстық полиция департаментінің бастығы Абай Жүсіповтің айтуынша, жыл басынан бері жол-көлік оқиғасынан 32 адам қаза тапқан. Соңғы 5 ай ішінде 163 жол-көлік оқиғасы болып, 217 адам зардап шекті. Жағымсыз оқиғалардың басты себебі — сол баяғы жылдамдықты арттыру, қарсы қозғалыс жолағына шығып кету және жаяу жүргіншіге жол бермеу. Жылдамдықты шамадан тыс асыру 98 жол-көлік оқиғасына әкеп соқты. Соның салдарынан 20 адам қаза тауып, 132 адам түрлі дене жарақатымен ауруханаға түскен. Ал алдындағы көлікті басып озамын деп қарсы жолаққа шығып кеткен көлік апатынан 6 адам қайтысболып, 16 адамның өміріне қауіп төнді. Жаяу жүргіншілерге арналған жерлерде 49 адамды көлік қаққан. Жол-көлік оқиғасының көбі облыс орталығында орын алып отыр.

Дені такси жүргізушілері және интернет қосымшалары арқылы тіркеліп жолаушылар тасымалдайтындардың ереже бұзуынан тіркеліп отыр. Бұл — алаңдарлық жағдай. Қызмет алдында жүргізушілер медициналық және техникалық тексеруден өтпей, көбірек ақша табамын деп уақытты үнемдеп, асығыстықтан жол ережесін сақтай алмайды. Жыл басталғалы такси жүргізушілерінің қатысуымен 20 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 5 адамның өмірі қиылған.

Сол себепті облыстық полиция департаментінде қаладағы такси қызметін көрсетіп отырған таксопарк басшыларымен кездесу өтті.

Жарты жылда осынша адамның қаза тауып, зардап шегуі тым көп. Жол ережесін бұзғандарды жазалап та жатырмыз. Бірақ айыппұл мәселені түгел шешпейді. Әр адам өз жауапкершілігін сезінуге тиіс. Адам тасымалдауды ақша табу деп түсінбеу керек. Көлігіңе бір адам мінсе, соның өмірі  саған аманат. Жол-көлік оқиғасының алдын алуға полиция ғана жауапты деген түсініктен арылатын кез келді. Біз өз кезегімізде барлық шараларды іске асырып жатқанымызбен, бірнеше тараптан көмек керек. Өйткені бәріміздің мүддеміз бір. Ол — адамдардың қауіпсіздігі. Әрбір ата-ана да атсалысуға тиіс. Қазір жастардың мектеп бітіріп, оқуға түсіп, қыдыратын, жиі бас қосатын уақыты. Жастықтың буымен олар қорқынышты, сақтықты ойламайды. Үйдің үлкендері баласының көлікті дұрыс жүргізуін мұқият бақылау керек. Жүргізуші куәлігі болғанның өзінде тәжірибесі аз. Қалай болғанда да жол-көлік оқиғасын болдырмаудың жолдарын бірігіп кіріссек қауіп те азаяды. Жол көлік оқиғасына жолдың сапасыздығы да себепкер болады. Қала көшелерінің кейбір бұрылыстары, басты жолға қосылатын тұстары қауіпті. Мен барлық жерді аралап, сараптама жасадым. Жолақтарды сызу, бағдаршамдар орнату, жол бойын жарықтандыру секілді көптеген мәселелер бар. Бұл жайында облыс әкіміне кіріп, хабардар еттім. Жоспар жасалды. Облыс әкімі біз берген ұсыныстың бәрін ескеретінін айтты. Қазіргі таңда жолдар жөнделіп, жұмыстар жасалып жатыр, — дейді полиция департаментінің бастығы.

Есірткіге елітіп…

Облыстың бас полицейінің айтуынша, мас күйінде көлік басқару жиі тіркеледі екен. Тіпті есірткі қабылдап көлік жүргізетін жастар да ұсталған. Сұмдығы сол — такси жүргізушілерінің арасында есірткіге мас күйінде жолаушы тасымалдап жүрген 2 адам анықталған.

Ақтөбе қаласындағы 312-атқыштар дивизиясының бойында «Додо пицца» логотипі бар «Яндекс» такси қызметнің 40 жастағы жүргізушісі есірткіге мас күйінде көлік жүргізген. Сол сияқты «ИП Айжан» такси қызметінің жүргізушісі «Лада Ларгус» автокөлігімен есірткіге мас күйінде адам тасымалдаған. Такси жүргізушілерінің рейс алдында тексеруден өтуін қатаң түрде талап етеміз.Жол-көлік оқиғасын ең көп тудыратын жайт — жүргізушілердің асығыстығы, ережеге немқұрайды қарауы. Келесі жолаққа ауысу тәртібін сақтау керек. Маневр жасау кезінде көліктер жиі соқтығысып жатады. Кейбірі бұрылыс бағытының шамын ертерек жақпайды. Соның салдарынан артындағы көлік тоқтап үлгере алмайды. Жаяу жүргіншілерге арналған жолда адам толық өтіп кеткенше күтпейді. Жол-көлік оқиғасының басты себептері — осылар, — дейді облыстық жергілікті полиция қызметі бастығының міндетін атқарушы Айдос Құлжанов.

Оның айтуынша, лед шамын қолдануға рұқсат жоқ. Себебі ол көз қарықтыратын болғандықтан қарсы көлік жүргізушісіне кедергі жасайды.

«Сергектен» сақ болыңыз!

Әрине, өмір болғасын асығатын кез де болады. Такси жүргізушілерінің айтуынша, көлікке мінген кейбір аяғы ауыр әйелдердің аяқасты толғағы ұстап, үлкен кісілердің қан қысымы көтеріліп, тағы басқа да жағдайлар болған. Мұндайда ауруханаға тез жеткізу үшін жылдамдықты арттыруға тура келеді.

Егер көліктегі адам өміріне қауіп туатын жағдай бола қалса, дереу 102-ге телефон шалыңыз. Мекенжайыңызды, көлігіңіздің мемлекеттік нөмірін және келе жатқан көшеңізді айтсаңыз, жақын жердегі кезекші патруль қызметін жібереміз. Олар арнайы дабылын қосып сізді ертіп жүреді. Ережеге сәйкес олар оқиға орнына 3-7 минут арасында барып болуға тиіс, — дейді департамент бастығы Абай Жүсіпов.

БАҚ-та айтып та, жазып та жатырмыз. Бірақ жол-көлік оқиғасын айыппұлдар да азайта алмай отыр. Адамдардың өмірін сақтау үшін енді «Сергекке» жүгінуден басқа амал қалмаған секілді. Облыстың бас полицейінің айтуынша, қыркүйек айына дейін 3 мыңдай камера әкелініп, қала көшелеріне, республикалық, қалалық маңызы бар жолдарға орнатылмақ. Заманауи құрылғылар жол жүру ережесін бұзатын барлық кемшілікті жазып алады.

Айтпақшы, жыл басынан бері 15577 адам жүргізуші куәлігін алған. Демек, көлікті жаңадан жүргізетіндер саны да көбейеді. Барынша сақ болған дұрыс.

P.S. Жуырда рейд ұйымдастырылып, департамент басшысының өзі журналистермен бірге көшеге шықты. Жол патрульдік қызметі 1 сағатқа жетпей 2  жеңіл автокөлікті айып тұрағына қамады. Оның бірінің құжаты толық емес. Ал екіншісінде  көлікті жүргізіп келе жатқан 18 жастағы жігіттің жүргізуші куәлігі жоқ.Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жол-көлік оқиғасына қатысты: «Жүргізуші куәлігі жоқ, тәжірбиесіз бола тұра көлік басқарған адам қылмыскермен тең» деген болатын.

Бұл көлік құралдарын басқару тәртібі, жол-көлік оқиғаларына қатысты  бір күннің ішінде  өз көзімізбен көрген  мәселенің бір парасы ғана….

 Самат НАРЕГЕЕВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button