Басты жаңалықтарСпорт

Ақтөбенің көкпары

Көкпар — Орта Азия халықтарының арасында кең тараған спорт түрі. Жігіттердің күш-жігерін, төзімділігін байқататын, батылдығы мен ептілігін қалыптастыратын көкпар спорты туралы ат құлағында ойнап өскен көкпаршылардан сұраған едік…

Жаттығу алаңы жоқ

Ақтөбеде 2016 жылы Көкпар федерациясының негізі қаланды. Облыс аудандарында әзірге сегіз көкпар құрамасы бар. Ақтөбе облыстық «Көкпар» федерациясының президенті Фархат Сансызбайдың айтуынша, Қазақстанда көкпаршыларға арналған спорттық кешен жоқтың қасы.

Облысымызда ұлттық спорттың дамуы жақсы деңгейде. Әсіресе ауылдық жерлерде өтетін жиын-тойларда көкпар өткізуді әдетке айналдырып жүрміз. Мен кішкентайымнан жылқыға әуес болып өстім. Оңтүстіктің көкпаршы жігіттеріне қызығатынмын. Сол қызығушылығым мені ұлттық спортқа жетеледі. Осы спорт түрін дамытуға үлес қосу үшін қажырлы еңбектеніп келемін. Қазақстанда «Көкпар арена» болғанын қалаймын. Шетелдердегідей зәулім кешен болмаса да, елімізде кішігірім аренаның салынғаны дұрыс болар еді, — дейді Фархат Сансызбай.

Ауыл-аймақта да ұлттық спорт түрлерін дамытуға ерекше көңіл бөлініп келеді. Ұлттық спорт жанашырлары көкпар турнирлерінің өтуіне мұрындық болып жүр.
— Ұлттық спорт турнирлері жиірек өткізілсе, жастардың да қызығушылығы жақсы болар еді. Ұйымдастырылатын жарыстар барысында көрермен халқымыздың әдет-ғұрып, салт-дәстүрімен де танысуға мүмкіндік алады. Ата-бабамыз ежелден «Аударыспақ», «Теңге ілу», «Көкпар», «Бәйге» секілді ат спорты ойындарын ерекше құрметтеген. Солардың ішінде, әрине, жігітті батылдық пен өжеттілікке, ептілікке баулитын көкпардың орны бір бөлек. Бізге көкпар атын табу да күрделі мәселе. Осы тұрғыда демеушілер қажет. Қазір командадағы әр ойыншының жеке аты бар. Ел чемпионатына шығу үшін арнайы жаттығатын алаң, жылқыларды баптайтын арнайы орын болуы шарт, — дейді Фархат Сансызбай.

Көкпарға, негізінен, осы спортқа машықтанған аттың болғаны жақсы. Ат баптаудың өзі үлкен өнер. Тұлпар шауып, бәйге алған спортшыларымыздың бірі — Шалқар ауданы Жылтыр ауылының тумасы Алтай Мұздыбайұлы. Ол — балалар мен жасөспірімдерді ұлттық спортқа баулып, көкпарды дәріптеуге шақырып жүрген жанашыр азаматтардың бірі.

—  Жылтыр ауылындағы Төлтай Шанов атындағы орта мектепті аяқтағаннан кейін облысымыздағы жоғары оқу орындарының біріне түсіп, денешынықтыру пәні мұғалімі мамандығын игеріп шықтым. Қазіргі таңда Ақтөбе ұлттық спорт мектебінің Шалқар аудандық филиалында көкпардан жаттықтырушымын. Ең алдымен аударыспақ спортымен айналыстым. Кейін Ақтөбедегі көкпаршы жігіттермен танысып, көптеген республикалық додаларда бағымызды сынадық. Көкпар спортының дамуына ауылымыздың сол кездегі әкімі Қойшыбек Әминов, мектебіміздің директоры Қайырғали Назаров және №1 Қарғалы спорт мектебінің директоры Бақдияр Төлеуов, жеке кәсіпкер Данияр Қобыландин сынды азаматтар қолдау көрсеткен еді. 2008 жылы ауыл-аймақ бас қосқан көкпарда қанжығамыз майланып, жеңіске жеттік.Осылайша 2018 жылы көкпар командамызға «Әлім ата» деп атау қойдық. Құрамында әр рудың балалары бар. Бір үйдің балаларындай болсын деген ниетпен «Әлім ата» деп атадық, — дейді Алтай Мұздыбайұлы.

Оның айтуынша, жарысқа әкелініп жатқан аттар көбінесе таза қазақы жылқылардың тұқымы емес.

Біз сәйгүліктерді еліміздің оңтүстік өңірлерінен, Қырғыз, Ресей мемлекеттерінен сатып аламыз. Қазір олардың біреуінің құны кемінде екі миллион теңге тұрады. Менің «Сұлу» есімді қазақы тұқымды тұлпарым бар. Ол Қазақстан чемпионаттарында бір дегенде 10 салым салуыма мүмкіндік береді. Ат үстінде өскендіктен жануардың тілін түсіну маған қиын емес. Кез келген сәйгүлік көкпаршының мінезіне қарай шабады. Жерден серке алатын кезде баяулайды, қарама-қарсы ат келсе, тоқтайды. Көкпар — қарулы жігіттердің ойыны: 30 келілік салым тастаған сәттеріміз де болған, — дейді ол.

Нағыз жігіттердің ойыны

Көкпар — білекті де жүректі жігіттердің ойыны. Ойыл ауданында ұлттық спортты дамытуға үлес қосып жүрген көкпаршылардың бірі — Ойыл аудандық көкпар федерациясы қоғамдық бірлестігінің басшысы Айбат Үсенғалиев.

Жеке кәсіпкермін. Бала кезімнен ат құлағында ойнап өскендіктен көкпар тарту маған қиын емес. Ең алғаш 2018 жылы Мұқыр ауылында өнер көрсеттім. Сол сайыста 8 команданың ішінен жүлделі 3-орынды жеңіп алдық. Одан бөлек көптеген республикалық турнирлерде жеңіс тұғырынан көріндік. Қазір Ойылда ұлттық спорт түрлерін дамытуға үлесімді қосып жатырмын. Мектептерде оқушыларға ат әбзелдерін пайдалануды үйретемін, жастарды көкпар спортына баулып келемін. Ауылымыздағы «Қамакемер-Көкжар», «Жаңа қадам», «Шығанақ Берсиев» командалары дүбірлі додаларда сынға түсіп жүр.

Көкпар — қауіпті спорттық ойындардың бірі. Дода кезінде аттан құлап немесе атпен бірге жығылатын жағдайлар да кездеседі. Тіпті жарақат алатын кезің болады. Осының барлығына шыдауың қажет. Аттың үстінде өзіңді еркін сезінуің керек. Жеке аттарымыз болса да, жарысқа шыққанда командалық ойын болғандықтан, аттарымызды алмастырып тұрамыз. Жарыс кезінде көкпаршының астындағы аты үлкен рөл ойнайды. Көкпарға міну үшін  еті мығым, сүйегі мықты, екпіні қатты, жылдам, серкені жерден іліп алуға икемделгіш жылқы таңдалып алынады. Жылқыны көкпар үшін арнайы баптап, үйретеді, — дейді Айбат Үсенғалиев.

Ақтөбе қаласында ұлттық спортты насихаттап жүрген спорт шеберлігіне үміткер жастарымыз да бар екен. Көкпаршы Бердіғали Жәкешов ат спортына бала кезден бастап қызығатынын айтады.

—  Атқа мінуді бала күнімде үйрендім. Бүгінге дейін жеткен жетістіктеріміз де баршылық. Аударыспақтан Қазақстан чемпионы, көкпар спортынан спорт шеберіне үміткермін. Сондай-ақ «Сүлеймен CUP» турнирінде батысаралық үздік шабандоз атанып, ел намысын абыройлы қорғап жүрмін. Ең алғаш мені балалар мен жасөспірімдерге арналған №10 ат спорты мектебінде ұлттық спортқа баулыған Мейрамбек Әлиевке алғысым шексіз. Сол кісінің шеберлігінің арқасында көкпардың қыр-сырын меңгердім. Көкпар тарту, басқа да ат спортын меңгеруде өзіміз де ізденіп шыңдалдық. Көрші ауылдарға көкпар тартуға жиі бардық. Облыстық жарыстарда, батыс аймақтық додаларда сынға түсіп жүріп те көп нәрсені үйрендік.

Менің «Аргон» есімді тұлпарым бар. Оны сатып алғысы келетіндер көп. Алайда мен өз сәйгүлігімді не берсе де айырбастамас едім. Ол — көңіл күйіңді бірден сезетін сезімтал жануар.

Жүйрік атты баптаудың өзі өнер. Атбегі әуелі жүйріктің бабын жазбай тануға тиіс. Бабы келген тұлпар көбір жүні тіріліп, құндыздай құлпырып тұрады. Көлденең айғай-шуға елеңдеп тұрады. Мен Аргонымды уақтылы мал дәрігеріне қаратып, дәрумендерін беріп еркелетіп қоямын. Жануар да иесінің махаббатын ішкі түйсігімен түсінетінін ескерсек, тұлпарларыммен әлі талай белесті бағындыратыныма сенімдімін, — дейді көкпаршы Бердіғали Жәкешов.

 P.S. Көкпар алғашында әскери жаттығудың бір түрі болған деседі, бертін келе, бейбіт заманда елдің ас-жиын тойларында өткізілетін ұлттық ойынға, ұлттық дәстүрге айналған. Көкпар ұлттық ат спорты ойындары ішіндегі ең күштісі саналады. Көкпаршылардың ендігі мақсаты — ұлттық спортымызды насихаттап, халықаралық дәрежеде ел намысын қорғау. Ол үшін көкпаршылар айтқандай,  сыйымдылығы үлкен «Көкпар-арена» ашылса, құба-құп.

 Ақмарал МҰҚАШЕВА. 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button