Басты жаңалықтар

Шырақшы

Зиярат орындарындағы санаулы қызметкерлердің күйі қалай? 

«Шын мәнінде, қазақтың мәдениеті сан түрлі саланы қамтиды. Халқымыздың ата-бабадан мирас болған мол мұрасы бар. Оны заман талабына сай жаңғыртып, жер жүзіне насихаттау керек».

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық құрылтайдың екінші отырысында сөйлеген сөзінен.

Қасиетті «Құран Кәрім»кітабында «Әулие — Алланың досы» деген сөз бар. Өмірі мен өнегесі аңызға бергісіз сол абыздардың жерленген мекені ел арасында киелі жер, зиярат орны деп аталып, кейбірі тіпті мемлекеттік қорғауға да алынған. Ақтөбеде де мұндай жерлер аз емес. Осы тұста сондағы шырақшылардың кәсіби деңгейі қандай, олар кімдер деген сұрақ туындайды. Діни жоралғыларды білуге тиіс қызметкерлер өз міндетін дұрыс атқарып отыр ма? Жалпы, өңірдегі зиярат орындарының қазіргі жай-күйі мен бұл істің басы-қасында жүргендер туралы зерттеп көрген едік.

Арнайы тізімге 14 мекен енген         

Қазақ даласы тарихқа, оны жасаған тұлғаларға бай екені белгілі. Өмірі, жүріп өткен жолы аңызға айналған асыл азаматтар аз емес. Олардың арасында батырлар, діни қайраткерлер, емші-тәуіптер, ағартушылар, т.б. бар. Біртуар перзенттер мәңгілік тыныс тапқан жерлерге барып, Құран бағыштап, рухына тәу ететіндер баршылық. Мұндай жерлердің біразы — мемлекеттік мекемелердің бақылауында.

— Еліміздегі киелі жерлерді түгендеп,тарихи және мәдени ескерткіштерді қалпына келтіру, сондай орындарды ғылыми тұрғыдан зерттеу үшін «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы қолға алынды. Соның аясында 2017 жылдан бері республикалық маңызы бар киелі жерлердің тізіміне біздің облыс бойынша 12, ал жергілікті маңызы бар киелі жерлердің тізіміне 46 ескерткіш енгізілді. Арасында көпшілік зиярат ететін Есет батыр Көкіұлы, Абат-Байтақ, Қобыланды батыр, Досжан ишан, Әбілқайыр хан жерленген Хан моласы кешендері мен Шәкен ишан мешіті, Есет-Дәрібай, Көтібар батыр Бәсенұлы, Бекқұл би кесенелері бар. Арнайы тізімге алынған мұндай зиярат ететін жерлердің жалпы саны — 14.

Соңғы жылдары жергілікті атқарушы билік жойылып кетудің алдында тұрған киелі жерлерді қалпына келтіруге қатысты тарихшылар мен этноархеологтердің бастамаларын қолдап келеді. Абат-Байтақ, Әбілқайыр хан, Шәкен ишан, Көк мешіт, Оңалбек ата, Алмат тамы, Досжан ишан, Қызылтам кешендерінде жүргізілген зерттеулер мен реставрация жұмыстары— соның айқын дәлелі. Сондай-ақ Абат-Байтақ, Әбілқайыр хан, Досжан ишан кешендеріне зиярат етуге баратындарға арнап заманауи қонақүйлер салынды.

Жалпы, Қазақстан Республикасының «Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану туралы» Заңының 26-бабында жер учаскелерінің меншік иелері мен жер пайдаланушылар өздеріне берілген жердегі тарихи-мәдени мұра объектілерінің сақталуын қамтамасыз етуге міндетті деп көрсетілген. Яғни қала, аудан болсын, жергілікті жердің әкімдігі зиярат орнының күтіміне жауапты, — дейді облыстық тарихи-мәдени мұраны зерттеу, қалпына келтіру және қорғау орталығының директоры Фархад Досмұратов.

Облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасына қарасты орталықтың басшысының айтуынша, елімізде шырақшы деген қызмет ресми түрде бекітілмеген, тиісінше оған мемлекеттен жалақы төленбейді. Көбіне-көп бұл жұмысты әулиенің ұрпақтары, болмаса ақысыз негізде ізгілікке жаны құштар азаматтар атқарады. Соған сай белгілі бір талап жоқ, жауапкершілік де анау айтқандай емес.

— Жұртшылыққа, әсіресе туристер үшін зиярат орындарындағы жағдай аса маңызды. Инфрақұрылым игіліктерінен бөлек, ұлттық тағамдар ұсынылып, салт-дәстүрлер дәріптелсе, келушілер де көп болады деп есептеймін. Сол мақсатта этноауылдар ұйымдастырылса, бұның экономикамызға да оң әсері тиер еді. Бәрінен бұрын, киелі жерлердегі шырақшылар діни сауатты, аңыз-әңгімені жақсы білетін, зиярат әдебінен хабары мол болуға тиіс. Бірақ, әлгінде айтқанымдай, талап қоймастан бұрын жағдай жасау керек. Бұл — қазіргі таңда күрделі мәселелердің бірі, — дейді Ф.Досмұратов.

Заң қабылданбайынша, бірізділік болмайды

Осы мәселе төңірегінде облыстық дін істері басқармасының басшысы Әлімбек Тұралиевті сөзге тартқанымызда, зиярат орындары мен сондағы шырақшыларға қатысты сұрақтың көптігін, бұл бойынша құзырлы министрліктерге хат дайындап жатқанын атап өтті. Басты себеп — аталған қызметкерлердің әлеуметтік статусыныңжоқтығы.

— «Шырақшы» термині қазақ халқында бұрыннан бар болғанымен, заң тұрғысында әлі күнге бекітілмеген. Ол дін өкілі ме, әлде мәдениет қызметкері ме, нақты жауабын ешкім білмейді. Бірақ киелі орындар мәдениет басқармасына қарайды. Анық-қанығын біліп, шырақшылардың мақсат-міндетін айқындау үшін, сондай-ақ қасиетті орындарда ортақ ереже қалыптастыру мақсатымен біздің басқарма Ақпарат және қоғамдық даму, Мәдениет және спорт министрліктеріне хат дайындап жатыр. Бұған қатысты арнайы заң қабылдануы керек.

Өз тарапымыздан жақында «Шырақшылар мен тарихшылар» атты дөңгелек үстел өткізіп, киелі орындарда көрсетілетін діни рәсімдер мен шырақшылартуралы ой бөлістік. Алдағы уақытта облыстық орталық мешітте шырақшыларға арналған семинар өткізу жоспарда бар. Өйткені олардың жұмысын бірізділікке келтіру керек. Зиярат орындарына барып, дінімізге қайшы әрекет жасайтындар — бейітті айналатындар, сол жерде аунайтындар, тіпті түнейтіндер толастамай тұр. Бұның барлығы тайға таңба басқандай құжаттың қабылданбауынан болып отыр, — дейді басқарма басшысы.

Ал облыстың бас имамы Серікжан қажы Еншібайұлыұлы тұлғалардың мазарына барып, зиярат жасау дінімізде ежелден барын, бірақ оның талап-тәртібін сақтауда әлі күнге кемшін тұстардың кездесетінін жасырмады. Сол сияқты шырақшылардың қызметінде де шикіліктер барын алға тартқан ол:

— Қазір бабаларымыздың жатқан жеріне экскурсия жасап, тарихымызды өскелең ұрпаққа таныстыру кеңінен қолданысқа енді. Бұл, бір жағынан, тағылымды іс. Дей тұрғанмен,зиярат етудің де өзіндік заңдылығы барын ұмытпауымыз тиіс. Айталық, ҰБТ тапсыратын түлектердің Есет атаның басына барып, әулиеден жоғары балл «сұрауы»белең алды. Тілекті Құдайдан сұрауы қажет. Бұдан бөлек, Қағба, мешітке барып жасайтын құлшылықтарды қазір бейіт басында қайталайтындар ұшырасады. Бұл да қате. Осы орайда бірер жылда еліміздің басқа өңіріндегі әйгілі зиярат ету орнына жол түскенде, сондағы шырақшының Құранды қате оқығанына куә болғаным бар. Мұндай жағдай қайталанбас үшін шырақшыларды тағайындағанда діни сауатына баса мән беру керек.

Зиярат мәдениетін қалыптастыру үшін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы 2020 жылы арнайы құжат қабылдап, «Зират және зиярат мәдениеті» кітапшасын шығарды. Сол еңбекте зиярат етушінің қандай сүрелерді оқып, не істеу керектігі егжей-тегжейлі жазылған, — дейді.

Бас имам зиярат ету мен жеке басқа табынудың аражігін білу, әдеп сақтау, өзге де мәселелерді түсіндіруге келгенде шырақшылардың рөлі ерекше екенін айтты.

Шырақшылар не дейді?

Облыстық тарихи-мәдени мұраны зерттеу, қалпына келтіру және қорғау орталығы ұсынған мәліметке жүгінсек, Ақтөбедегі 14 зиярат орнының 7-еуінде ғана шырақшы бар. Оның тек 3-еуі сол зиярат орнында тұрақты отырады екен. Солардың бірі — Шалқар ауданындағы Есет-Дәрібай кесенесінің шырақшысы Қонысбай Тағыбергеновпен сөйлескенімізде, мұндабес жылдан бері қызмет жасап жүргенін білдік.

— Жасым — 56-да. Маған дейін осында 18 жыл шырақшы болған Жылқаман Ахметов бір күні хабарласып: «Бала, атаның кесенесінде отырсаң қайтеді? Мен қалаға көшкелі жатырмын», — деді. Мен ұсынысын қабылдадым. Сөйтіп, зиярат орнының жанынан салынған үйде 2018 жылдан бері тұрып жатырмын. Келушілерге шырақшы ретінде Есет батырдың өмірбаянын, ерлігін, жалпы соған қатысты тарихтағы оқиғаларды баяндаймын. Артынша Құран оқимын. Арнайы діни білімім болмаса да, дұға-сүрелерді білемін. Әкем молда болған адам.

Ауыл ақсақалдары мәселе етіп көтергесін ғана жергілікті билік осы жылы штаттағы қызметкер ретінде еңбекақы төлей бастады. Аудандық жұмыспен қамту орталығы арқылы 90 мың теңге жалақы аламын. Бұл болашақта зейнет демалысына шыққанда да керек әрі медициналық сақтандыру қорына аударылады. Оған дейін зиярат етушілердің, жомарт жандардың қолдауымен жұмыс істедім.

Басқасын былай қойғанда, кесене маңында жарық жоқ, байланыс та нашар, келушілер соншалықты көп емес. Демалыс күндері келушілер көбейеді. Осы бес жылда бірталай белгілі азаматтар да атаның басында Құран оқып кетті. Иманғали Тасмағамбетов, Серік Ақшолақов, басқа да тұлғалар  арнайы келіп, ата рухына тәу етті, — дейді шырақшы.

Жігіт ағасы тағзым етушілердің арасында еліміздің оңтүстік облыстарынан келушілер де барын тілге тиек етті.

Ал Хромтау қаласынан 35 шақырым жерде орналасқан Ойсылқара қорымының шырақшысы Гүлнар Сағынтаеваның бұл қызметке келуінің өзі үлкен хикая. Бәрін асықпай әңгімелеген ол көптеген тылсым оқиғаларға тап болғаны, шырақшылыққа белгісіз бір күштердің әкелгені туралы:

— 1997 жылдары түсімде қайта-қайта аян беріп, бір ер кісі «Ойсылқара» деп дауыстап шақыратын болды. Ол кезде ондай қорымның бар екенін де білмеймін. Біртіндеп денсаулығым нашарлап, аяғымның ұшымен жүруге көштім — жерді табаныммен толық баса алмаймын. Басқа да адам айтса сенгісіз жайттарды бастан өткердім. Кейін қорымға барып, мал сойып, Құран оқытқан соң бәрі жақсы жағына қарай өзгерді. Әйткенмен, сол жаққа қарай бәрібір тартты да тұрды. Содан 2007 жылдан бері көктемнен қара күзге дейін осындағы шағын үйде тұруға дағдыландым. Сенбеуіңіз де мүмкін, осыдан кейін жүректе тыныштық орнап, ерекше күй кештім. Бір қызығы, егер күн жылынғанда осы қорымға келмесем, отбасы мүшелері ауырып, әбден мазасы кетеді. Балаларым да соны біліп болды, қызметіме қарсылық білдірмейді. Мұнда мен еш жерден ақша алмаймын, өз қалауыммен шырақшы болып отырмын. Қасымда тағы бір шырақшы бар, сол кісінің отбасымен осында күн суытқанша отырамыз. Шалғайда орналасқандықтан, келушілер аз. Бірақ мұнда біз материалдық игілік үшін емес, жүрек қалауымызбен келдік.

Қолдан келгенше айналаны таза ұстап, келушілерге жөн сілтейміз, — дейді Гүлнар апай.

Айбек ТАСҚАЛИЕВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button