Басты жаңалықтар

Ақтөбе облысында «Ауыл аманаты» жобасы аясында 9 отбасы тауарлық несие бойынша мал алды

Ақтөбе облысының әкімі Ералы Тоғжанов жұмыс сапарымен Байғанин ауданына болып, мемлекеттік бағдарламалардың, тапсырмалардың орындалу барысымен, бірқатар әлеуметтік жобалардың іске асырылуымен, өндірістік кәсіпорындардың қызметімен таныса отырып, тұрғындармен үш кездесу өткізді.

Өңірде «Ауыл аманаты» ауыл халқының әл-ауқатын арттыру және ауылды дамыту жөніндегі жобаны іске асыру белсенді түрде жалғасуда.

Бүгін облыс әкімі Ералы Тоғжановтың Байғанин ауданы, Қызылбұлақ ауылдық округіне жұмыс сапары барысында «Ауыл аманаты» жобасына қатысушылардың өнімдерінің, сондай-ақ тауарлық несиеге қатысатын шаруа қожалықтарының көрмесі өтті.

Көрме барысында 9 шаруа қожалығы ауданның 9 отбасына 30 бас ірі қара мал, 10 бас ұсақ мал, алты түйе және екі жылқы алуға сертификаттар берді. Мұндай несиені ауыл тұрғындары алынған мал төлдерінің бір бөлігімен қайтарады.

💬«Ауыл тұрғындарының бір-біріне қолдау көрсетуі қуанышты жағдай. Бүгін мал алғандар үмітті ақтап, ата кәсіптен табыс тауып, отбасын қамтамасыз ете алады деген сенімдемін. Бұл әрқайсыңызға берекелі істің бастауы болсын, шаруаларыңызды дөңгелетіп, сіздер де басқаларға қол ұшын беретін жағдайға жетіңіздер», – деді Ералы Тоғжанов тауарлық несие сертификаттарын табыстау кезінде.

«Абаттандырылған ауыл» – «Ауыл аманаты» жобасының тағы бір бағыты. Оның шеңберінде орта және ірі кәсіпті тарта отырып, ауылдарды абаттандыру шаралары жүргізілуде.

Бүгін «IC Petroleum» ЖШС мен Жарқамыс ауылдық округі әкімдігі арасында Қаражар ауылында жалпы құны 25 млн теңге болатын спорт және балалар алаңдарын орнату туралы меморандумға қол қойылды.

Қызылбұлақ ауылдық округінде облыс әкімі «Екі ағайын» ШҚ қызметімен танысты. Шаруашылықта мал бордақылау алаңы бар, сондай-ақ жылқы бағып, қымыз және саумал өндірумен айналысады. Ауыл тұрғындарына асыл тұқымды жылқыларды ұсына отырып, «Ауыл аманаты» жобасына қатысады. ШҚ басшысы Марлен Иманғазин әр түрлі сортты 400-ге жуық алма ағаштары мен қарағай көшеттері, қарбыз, қауын және қияр секілді суармалы алқаптарда өсетін жеміс бағын жұртшылыққа таныстырды.

Сонымен қатар, Ералы Тоғжанов «Ауыл аманаты» жобасына қатысушы Рая Базылдинаның жеке шаруашылығында болды. Осы жылдың мамыр айында жеңілдетілген несие алып, азаматша 50 тауық сатып алған. Жұмыртқалар ауыл тұрғындары арасында жақсы сұранысқа ие, ал құс санының табиғи өсуімен Рая Базылдина ет сатуды да жолға қоюға ниетті.

Бүгінде Байғанин ауданында жалпы сомасы 260 млн теңгеге «Ауыл аманаты» бойынша 64 өтінім мақұлданды. 20 адам өз жобаларын жүзеге асыруға кірісті. Облыс әкімі ауданда «Ауыл аманаты» жобасы бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейтуді тапсырды.

Д.АЙДАР.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button