Басты жаңалықтар

Облыс әкімі Ералы Тоғжанов Шалқар ауданының тұрғындарымен кездесу өткізді

Ақтөбе облысының әкімі Ералы Тоғжанов Шалқар ауданына жұмыс сапары барысында түрлі ауылдық округтерде халықпен төрт кездесу өткізді. Кездесулердің негізгі тақырыбы «Ауыл аманаты» ауыл тұрғындарының әл-ауқатын арттыру жобасының мақсаттары мен міндеттерін түсіндіру болды. Негізгі жиын Шалқар қаласында өтті.

Жиын басында аудан әкімі Жанболат Жидехановтың 2023 жылдың қаңтар-мамыр айларының қорытындысы бойынша әлеуметтік-экономикалық даму туралы баяндамасы тыңдалды. Есепті кезеңде экономиканың негізгі салаларында оң динамика сақталып, әлеуметтік-экономикалық дамудың барлық негізгі көрсеткіштері бойынша өсу қамтамасыз етілген.

Сондай-ақ, осы жылдың бес айында мемлекет меншігіне 28 мыңнан астам пайдаланылмайтын жер қайтарылып, 780-нен астам жаңа жұмыс орны құрылды. Айта кетейік, жыл соңына дейін кемінде 1622 жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланып отыр.

Облыс әкімі Ералы Тоғжанов дамудың оң динамикасын сақтап, жыл соңына дейін әлеуметтік-экономикалық дамудың барлық нысаналы индикаторлары мен көрсеткіштеріне қол жеткізу керектігін атап өтті.

Кездесудің басым бөлігі тұрғындардың сұрақтарына жауап беруге арналды. Шалқарлықтар елді мекендерді газдандыру, жолдарды жөндеу мәселелерін қозғады.

Қазіргі уақытта ауданда Шалқар қаласы мен 11 ауыл газдандырылған, ол халықтың 87,1 пайызы. Айта кетейік, соңғы 3 жылда Шалқар ауданында елді мекендерді газдандыру бойынша бірде-бір жоба жүзеге асырылған жоқ. Бүгінгі таңда Есет және Қопасор ауылдарын газдандыруға жобалық-сметалық құжаттама дайындалды. Сондай-ақ Мұғалжар ауылында жеткізуші газ құбырының құрылысы аяқталғаннан кейін Біршоғыр, Сарсай және Алабас ауылдарын табиғи газбен қамтамасыз ету мүмкін болады. Тиісті жобалық құжаттама әзірденуде.

💬«Аудандардағы, облыс орталығындағы барлық кездесулерде халық автомобиль жолдарының жай-күйі мәселелерін көтереді. Бұл – біздің өңірдегі ең өзекті мәселелердің бірі. Биыл облыста 800 шақырымнан астам автожол жөнделіп, салынады. Бұл –  үлкен жұмыс. Өте жауапты міндет. Мәселені кезең-кезеңімен шешеміз. Аудандарда жолдардың сапасын жақсартуға ерекше көңіл бөлінеді», – деп атап өтті Ералы Тоғжанов.

Тұрғындар ауданның инфрақұрылымдық дамуындағы оң өзгерістерді байқағанын алға тартты.

💬«Сіздің өткен жолғы сапарыңызда біз, ең алдымен, жол мәселесін көтерген болатынбыз, міне, бүгін Қандыағашқа дейінгі жолды жөндеу жұмыстары басталды. Бұған дейін бұл жол ешқашан жөндеуді көрген емес. Шын жүректен алғысымызды білдіргіміз келеді», – деді жергілікті тұрғындардың бірі.

Аудан тұрғындары жазғы уақытта салқын су белгілі бір уақытпен берілуіне және Шалқардағы қоқыс полигонының жұмыс істемеуіне, Ақтөбеге дейін пойыздарға билеттердің тапшылығына шағымданды. Мәдени мұра ескерткіштерін сақтау, Шалқар көлінің түбін тазарту және т.б. мәселелерді көтерді.

Барлық сұрақтарға толық жауаптар берілді. Өңір басшысы қосымша зерттеуді және ұзақ мерзімді шешімді талап ететін өтініштер бақылауға алынғанын атап өтті.

Облыс әкімі аудан басшылығының алдына Шалқар ауданын одан әрі дамыту, аталған өткір әлеуметтік мәселелерді шешу бойынша бірқатар міндеттер қойды.

💬«Аққайтым және Жылтыр ауылдарындағы көптеген аумақтарды құм басып қалған. Бұл – бұрыннан келе жатқан мәселе. Біз оның шешімін табуымыз керек. Ауданға тасымалданатын газ көлемін ұлғайту мәселесі бар. Ол сондай-ақ кәсіпкерлік саласын одан әрі дамыту, әлеуметтік нысандарды іске қосу және елді мекендерді газбен қамтамасыз ету үшін шұғыл шешімді талап етеді», – деп атап өтті Ералы Тоғжанов.

Сондай-ақ, күн тәртібінде елді мекендерді сапалы ұялы байланыс және интернетпен қамтамасыз ету, жаңа мектептер мен медициналық мекемелер салу, инвесторларды тарта отырып, Шалқар минералды су өндірісін қалпына келтіру және т. б. мәселелері тұр.

Ералы Тоғжанов ауданда «Ауыл аманатын» іске асыруды жандандыруды тапсырып, ауданның барлық тұрғындарын жобаға белсенді қатысуға шақырды

А.МӘЛІКҚЫЗЫ. 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button