Жаңалықтар

Бес жылдық белес

Жұма күні «Глобал» тігін фабрикасы мен Ақтөбе сервис колледжінің арасындағы серіктестіктің бес жылдығына орай «Сенімді серіктестік» атты шара өтті.

Шарада сөз сөйлеген облыс әкімінің орынбасары Бұлбұл Елеусінова бүгінде сұранысқа ие мамандықтарды даярлауда және оларды тұрақты жұмыспен қамтамасыз етуде облыста бірқатар кәсіпорын мен оқу орындары бірлесе еңбек етіп жатқанын, мұндай жобалар өз ісіне берілген, жан-жақты мамандардың санының артуына үлкен серпін беретінін жеткізді.

Сондай-ақ ол серіктес ретінде жұмыс жасап келе жатқан кәсіпорын мен оқу орнын мерекемен құттықтап, бір топ адамға Алғыс хаттар табыс етті.

Ақтөбе сервис колледжінің директоры Гүлнара Сахатованың айтуынша, бүгінде бұл оқу орны аспаз, кондитер, тігінші, пішуші, сатушы, т.б. мамандықтар даярлайды. Қазіргі таңда колледжде 500 оқушы білім алып жатыр.

Осыдан бес жыл бұрын облыс әкімінің қатысуымен дуальды оқыту жүйесі аясында  «Глобал» тігін фабрикасымен келісімшартқа қол қойғанбыз. Содан бері оқушыларымыз осы жерде жыл сайын іс-тәжірибеден өтеді. Биыл осы фабрикада 150 оқушымыз тәжірибеден өтіп жатыр. Бұл жерде оқушыларымыз жалақы алады, тұрақты жұмыспен қамтылады, — дейді ол.

Ақтөбе сервис колледжінің 3-курс оқушысы Аружан Батырбекова «Глобал» тігін фабрикасында 1-курстан бастап іс-тәжірибеден өтіп келеді. Бүгінде ол мұнда арнайы киімдермен қатар, заманауи, этностильдегі киімдерді тігуді үйренген. Болашақта тігінші, дизайнер болып еңбек етпек.

— Ай сайын шәкіртақы аламын. Ол да бізге үлкен қолдау. Қазір дипломдық жұмыстарымды әзірлеп жатырмын. Ерекше, ұлттық нақыштағы киім үлгілерін тігіп, басшылыққа ұсындым, — дейді ол.

Бүгінде қаламыздағы оқу орындары болашақ мамандарды жұмысқа алуға ниетті 80 кәсіпорынмен келісімшартқа отырған. Оның ішінде «Глобал» тігін фабрикасы да бар. Фабриканың бас директоры Н.Шабаева жыл сайын дуальды оқыту бойынша оқу жоспарларын бекітіп, оқу процесінің кестелері мен пәндердің оқу бағдарламаларын әзірлейді. Соның аясында жыл сайын жүздеген болашақ маман осы кәсіпорынға келіп, іс-тәжірибеден өтеді. Мәселен, биыл Ақтөбе сервис колледжінің білім алушыларының жұмыспен қамтылуы 93%-ға жетіп отыр.

Аталған шара аясында колледж оқушылары таныстырылым жасап, өздері тіккен киім үлгілерін көпшілік назарына ұсынды.

Д.АЙДАР.

Басқа жаңалықтар

Back to top button