Жаңалықтар

Қайырымдылар анықталады

«Қайырымдылық керуені» ІV республикалық байқауының басталғаны туралы баспасөз мәслихаты өтті.

Төртінші рет өткізілгелі отырған «Қайырымдылық керуені» байқауы игі іс жасайтын, қол ұшын созатын жандарды анықтауға, халықтың азаматтық бастамасын жандандыруға және мейірімділік, гуманизм сияқты адамгершілік құндылықтарды нығайтуға бағытталған.

Байқауды Нұрсұлтан Назарбаев Қоры, Қазақстанның іскер әйелдер қауымдастығы, «Оқжетпес» емдеу-сауықтыру кешені, «Хабар» агенттігі және «КТК» телеарнасы бірлесе отырып өткізбек.

Бұл шара еліміздің дамуына қомақты үлес қосқан батыл, қамқор жандарды, меценаттар мен нағыз патриоттарды анықтайды. Бұған өзгелерді өздерінің игі ісімен ынталандыратын жеке және заңды тұлғалар қатыса алады.

Қазіргі таңда аудан, ауыл әкімдері өздерінің үміткерлері туралы ақпараттар жинап жатыр. Байқауды алдымен облыстық деңгейде өткізіп, іріктеп, республикалық байқауға ұсынамыз. Өткен жылы Ойыл ауданынан қатысқан кәсіпкер Гүлсім Елекбаева республикалық байқаудан 2-орын алды. Бұл — үлкен жетістік, — дейді облыстық ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Жақсат Төлеген.

Байқау 7 номинациядан тұрады.

«Асар» номинациясы халықтық салт-дәстүрді сақтауға бағытталған қайырымдылық қызметті атқаратын жандарға берілсе, «Туған жер» номинациясы білім беру, экология және абаттандыру, мәдени нысандарды қалпына келтіру және басқа да салалар бойынша туған өлкесіне қайырымдылық көрсеткен лауреатқа табысталады.

«Батыл жүрек» номинациясына ерлік пен қайсарлық танытқан адамдар ие болады. Бұл номинация шеңберінде шұғыл қызмет, яғни төтенше жағдайлар, полиция, жедел жәрдем, тағы басқа сала қызметкерлерінің ең үздіктеріне арналған.

«Мейірім жолында» номинациясы белгілі бір уақыт аралығында тұрақты түрде өтеусіз көмек көрсеткен жандарды анықтаса, «Қайырымдылық тарихы» номинациясы қайырымдылық, әлеуметтік мәселелерді үздік жариялағаны үшін журналиске немесе шығармашылық ұжымға беріледі.

Байқаудың биылғы ерекшелігі — бұған балалар да қатыса алады. «Бала жүрегі» номинациясы төтенше жағдайда көрсеткен ерлігі мен батырлығы үшін 6 жастан 18 жасқа дейінгі балалар мен жасөспірімдерді насихаттайды.

«Жануарға мейірім» номинациясы жануарларды қорғайтын, оларды асырауға көмектесетін, сонымен бірге жануарлар әлеміне қатысты мейірімділік пен қайырымдылықты насихаттайтын лауреатқа беріледі.

Байқауға жауапты «Фин-Юр-Сервис ЖШС директоры, «Қазақстанның іскер әйелдер қауымдастығы» Ақтөбе облысы бойынша қоғамдық бірлестігінің мүшесі Ақгүл Тағанованың айтуынша, соңғы екі номинация биыл қосылған. Байқауға қатысуға өтінімдер 30 қарашаға дейін қабылданады.

Самат НАРЕГЕЕВ.

 

Басқа жаңалықтар

Back to top button