Басты жаңалықтарСпорт

Олимпиадаға қатысушыларға құрмет көрсетілді

«Облыс әкімі Оңдасын Оразалин Токиода өткен жазғы Олимпиада ойындарынан оралған ақтөбелік спортшылар  және олардың жаттықтырушыларымен кездесті», — деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Олимпиаданың қола жүлдегері Нұрислам Санаевқа облыс басшысы пәтер кілтін табыстады. Олимпиада ойындарына қатысқан палуан Мейрамбек Айнағұловқа, суда жүзуші Диана Назароваға, сонымен қатар спортшылардың жаттықтырушыларына бағалы сыйлықтар табысталды.

— «Сіздер — еліміздің мақтанышысыздар.  Жас ұрпаққа салауатты өмір салты мен спортты дәріптеуде  үлгі бола отырып, оларды тәрбиелеуге баға жетпес үлес қосасыздар. Токио төрінде барларыңызды салған адал еңбектеріңіз,  батылдық пен отансүйгіштіктеріңіз үшін  шын жүректен алғыс айтамын», — деді спортшыларға зор денсаулық пен жаңа белестерге жетуді тілеген Оңдасын Оразалин.

Олимпиадаға қатысушылар облыс басшылығына кәсіби спортты қолдағаны үшін алғыстарын айтып, келешек жоспарларын ортаға салды.

— Халық ерекше қолдады.  Сол  үшін шексіз ризамын. Ақтөбеге келгеннен кейін ғана жерлестерімнің қалай қарсы алғандарын көріп, Олимпиада жүлдегері болғанымды сезіндім. Отандастарымды Парижде өтетін Олимпиадада алтын алқамен қуанту үшін бұдан да күштірек дайындалатын боламын», — деді Нұрислам Санаев.

Айта кетейік, балуан Юсуп Батырмырзаев пен каратэші Нұрқанат Әжіқанов, сонымен қатар Токиодағы Олимпиада ойындарында Ақтөбе облысы атынан шыққан басқа да спортшылар туған жерге 11 тамызда оралады.

Сонымен бірге жүзуші Виталий Худяков Ыстықкөл жанында өтіп жатқан оқу-жаттығу жиынына кірісіп кеткен.

Басқа жаңалықтар

Back to top button