Жаңалықтар

Облыстық филиал конференциясына делегаттар сайланды

Бейсенбі күні Nur Otan партиясының қалалық филиалы төрағасы, Ақтөбе қаласының әкімі Асхат Шахаровтың төрағалығымен кезекті ХХХІІІ есеп беру-сайлау конференциясы өтті. Іс-шарада партия филиалының 2019-2020 жылдары атқарған жұмыстары қорытындыланып, партияның қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары  Нұрлыбек Жүсіпов есеп берді.

Ақтөбе қаласында 13 764  партия мүшесі бар. Оның 22,6 пайызы — жастар, ал 54,8 пайызын әйелдер құрайды. Бастауыш партия ұйымдарының белсенділігін арттыру мақсатында қаладағы 79 бастауыш партия ұйымы біріктірілген. Қазір олардың саны —31.

2019 жылы партиялық жобалар оңтайландырылып, қазіргі уақытта

партияның нақты әлеуметтік 6 жобасы  іске асырылуда. «Ардагерлерді

ардақтайық», «Кедергісіз келешек», «Бақытты отбасы», «Құтты мекен»,

«Халыққа көмек», «Жастар — Отанға» партиялық жобалары бойынша 2019

жылы 20 320 адамның қатысуымен 1566 іс-шара өтсе, 2020 жылы

еліміздегі пандемияға байланысты шаралардың көбі онлайн режимге

көшіріліп,  11232 адамды қамтитын 735 шара ұйымдастырылыпты.

Нұрлыбек Жүсіпов партияның қоғамдық қабылдау бөлімінің жұмысы туралы да айтып берді. 2019-2020 жылдары филиалдың  қоғамдық қабылдауына барлығы 2090 өтініш келіп түскен. 2019 жылы қоғамдық қабылдауға түскен өтініштердің 162-сі, ал 2020 жылы 579-ы  оң шешімін тапты. Осылайша  шешілген мәселелер саны екі есе артқан. Қала тұрғындарын көбіне әлеуметтік қамсыздандыру, үй және жер телімін беру, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығына қатысты сұрақтар толғандырады.

2020 жылдың  16 наурызынан бастап жыл аяғына дейін қоғамдық қабылдау онлайн форматқа көшіріліп, жедел желі байланыс  телефондары жұмыс істеді. Жедел желі байланысы арқылы 200-ге жуық, әлеуметтік желілер және egov арқылы 300 –ден астам өтініш қабылданыпты.

Пандемияға байланысты былтыр Елбасы бастамасымен құрылған «Birgemiz» қоры арқылы Ақтөбе қаласы бойынша 24121 отбасына (96 мыңнан астам адам) барлығы 1 миллиард 206 миллион 50 мың  теңгеге көмек берілді. Сондай-ақ көмекке мұқтаж отбасыларға 5,5 миллион теңгеге азық-түлік себеті, 1500-ден астам бетперде мен антисептикалық құрал таратылды.

Партияның қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары былтыр ұйымдастырылған партия праймеризіне (партияішілік сайлау) де тоқталып өтті. Сондай-ақ ағымдағы жылдың 10 қаңтарында өткен сайлау қорытындысы туралы да айтты. Оның мәліметінше, 25 депутат қалалық мәслихат депутаты ретінде тіркелді. 18 адам партиялық резервте тұр. Қазіргі таңда қалалық мәслихаттағы Nur Otan фракциясы мүшелері партияның сайлауалды бағдарламасы мен нақты индикаторлардан тұратын Жол картасын жүзеге асыруға атсалысуда.

Конференцияда партияның қалалық филиалының Саяси кеңесі құрамына өзгерістер енгізіліп, партияның облыстық филиалы конференциясына 69 делегат ұсынылды.

Айта кету керек, конференцияға бастауыш партия ұйымдарынан сайланған 80 делегат онлайн режимінде және партия филиалының Саяси кеңесі мүшелері, Саяси кеңесінің Бюро мүшелері, фракция жетекшісі  офлайн режимінде қатысты.

Ақерке САТЫБАЛДЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button