Басты жаңалықтар

Бірліктің, татулық пен келісімнің 30 жылы

Кеше 1 мамыр күнгі атаулы мереке қарсаңында Нұр-Сұлтан қаласында Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХІХ сессиясы өтті. Қазақстанның Тұңғыш Президенті-Елбасы, Ассамблея Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жетекшілігімен өткізілген жиын «Бірліктің, татулық пен келісімнің 30 жылы» деп аталды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев, облыстардағы этномәдени бірлестіктердің мүшелері, белсенді жастар мен БАҚ өкілдері онлайн режимде бейнебайланысқа шыққан басқосуға барлығы 550-ден астам адам қатысты. Соның ішінде Ақтөбе қаласында облыс әкімі Оңдасын Оразалин бастаған бір топ адам сессияны үлкен экран арқылы тамашалап, кейіннен ой бөлісті.

Сессияны ашқан Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Алаш елі азаттық алған 30 жылда атқарылған істердің көп болғанын, барлығы бірінші кезекте бірліктің арқасында екенін атап өтті:

— Бұл бізге мемлекеттілігімізді құруға қолайлы жағдай жасап, Қазақстанның қазіргі келбетін қалыптастыруға қажетті мол ресурспен қамтамасыз етті. «Біз, ортақ тарихи тағдыр біріктірген Қазақстан халқы» деп басталатын еліміздің Конституциясы оған негіз болды.

Қазіргі нарықтық экономиканы жаңадан құрдық, іргелі реформалар табысты жүзеге асты. Соның арқасында Қазақстан әлемдегі дамыған 50 мемлекеттің және табыс деңгейі орташадан жоғары елдердің қатарына қосылды. Еліміз жаһандық ұлттар қоғамдастығының беделді әрі сенімді мүшесіне айналды — көк Туымыз Біріккен Ұлттар Ұйымының штаб-пәтерінде желбіреп тұр. Біз халықаралық аренада өзіміздің ұлттық мүдделеріміз бен басымдықтарымызды жүйелі түрде қорғап келеміз. Қазақстанның мемлекеттік шекарасы заң жүзінде бекітіліп, оны әлемнің барлық елдері мойындады, — деді.

Қазақстанның Тұңғыш Президенті өз сөзінде еліміздің ядролық қарусыздану және оны таратпау саласындағы көшбасшылығы әлемдік қоғамдастыққа адамгершіліктің жаңа стандартын әкелгенін айта келе, Қазақ елі бастамашы болған Еуразия экономикалық одағы, Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары кеңесі, Түркі кеңесі, Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезі сияқты интеграциялық жобаларға ерекше назар аударды.

— Көпвекторлы саясаттың арқасында біз ынтымақтастық пен татулықты қамтамасыз етуге бет бұрған бейбітсүйгіш ұлт ретінде танылдық. Тәуелсіздік Қазақстан үшін әділдік орнаған айтулы кезеңге айналды. Тағдырын өз қолына алған қазақ халқы ұлттық рухы мен төл тарихын қайта түлетті. Біз Ұлы дала мәдени мұрасының баға жетпес қазынасын жандандырып, әлем жұртшылығына ұсындық. Ол барша адамзат игілігінің ажырамас бөлігіне айналды. Мұның бәрі тарихи мәні зор оқиға екені анық. Екі жылдан астам уақыт ішінде бой көтерген Түркістан қаласы еліміздің зор мүмкіндіктерінің тағы бір айғағы болды, — деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Сондай-ақ бүгінгі таңда Қазақстан жауапты жаңа кезеңге аяқ басқанын, пандемия мен жаһандық экономикадағы дағдарыс құбылыстары күшейген, сондай-ақ әлемдік көшбасшы елдердің геосаяси бәсекеcі шиеленіскен кезеңмен тұспа-тұс келіп отырғанын тілге тиек етті.

— Осы және басқа да қолайсыз жағдайлар мемлекетіміздің дамуына теріс әсерін тигізбей қоймайды. Бұл орайда ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жан-жақты ойластырылған сындарлы саясат жүргізіп жатқанына сенімдімін. Мұны бәріміз қолдауға тиіспіз. Ол барлық қазақстандықтардың мүддесіне және ұлтымызды одан әрі дамыту мақсаттарына қызмет етеді, — деді Елбасы.

Нұрсұлтан Әбішұлы өз сөзінде алдағы уақытта мемлекеттік саясат пен ұлттық тұтастықтың берік арқауы болуға тиіс бес қағидатқа ерекше тоқталды: мемлекет пен халық арасындағы сенімге және өзара іс-әрекетке негізделген қазақстандық патриотизм қағидаты; азаматтардың құқықтарының теңдігі қағидаты; мемлекеттік тіл — қазақ тілінің біріктіруші рөлі қағидаты; мәдениеттер алуандығымен сабақтасатын «Алуан түрліліктің бірлігі» қағидаты; ұлттың үздіксіз жаңғыруы қағидаты.

—  Ассамблея алдағы жұмыс стратегиясын айқындағанда осы қағидаттарды негізге алуы керек. Сондай-ақ қоғамдық дамудың пәрменді институты ретінде жаңа жағдайға орай ұйым қызметінің тиімділігін арттыру шараларын қабылдау қажет. Ассамблея институттары еліміздегі этносаралық келісімге нұқсан келтіруі ықтимал кез келген сын-қатерге тойтарыс беруге әрдайым әзір болуға тиіс, — деп ескертті Елбасы.

Мұнымен бірге барлық этноәлеуметтік топтардың біртұтас Қазақстан қоғамы болып жүйелі бірігуін жалғастыру қажеттігі туралы Тұңғыш Президент:

— Осы жылдар ішінде мен әрдайым халықтың татулығын, бақуат әрі үйлесімді өмірін, еліміздің қауіпсіздігін, тұрақтылық пен тыныштықты басты орынға қойдым. Соғыс, діни және этносаралық қақтығыстар халқымыздың тыныш өміріне қауіп төндірмеуін, біздің байтақ Отанымыз бейбітшіліктің құтты мекені болғанын қаладым. Бүгінде сол арманым орындалды. Оған 1995 жылы менің бастамаммен құрылған Қазақстан халқы Ассамблеясының да қосқан үлесі қомақты, — деді.

Сөз соңында Ассамблеяның барша мүшелеріне ұйымның елді дамыту бағытына ұдайы қолдау көрсеткені үшін алғыс айтқан Елбасы өзі қабылдаған шешімді жария етті:

— «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті-Елбасы туралы» конституциялық заңға және «Қазақстан халқы Ассамблеясы туралы» Заңға сәйкес менің Қазақстан халқы Ассамблеясын өмір бойы басқаруға құқығым бар екенін білесіздер. Бұл ретте Ассамблеяны басқарудың бірқатар өкілеттіктері ел Президентінің құзырында. Қазақстан халқы Ассамблеясы Мемлекет басшысының маңына топтасып, оған тірек болуы керек. Сондықтан мен Қазақстан халқы Ассамблеясын басқару құқығын Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевқа беруді ұйғардым. Бұл шешім Ассамблеяның мүддесіне сай келіп, Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевқа барлық жұмысты, сондай-ақ халқымыздың, қоғамымыз  бен мемлекетіміздің болашағына қатысты барлық жоспарларды жүйелі құруға көмектеседі деп кәміл сенемін, — деп сөзін түйіндеді.

Өз кезегінде ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Нұрсұлтан Назарбаевқа «Қазақстан халқы Ассамблеясының Құрметті Төрағасы» мәртебесін беруді ұсынып, «Құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы, Ассамблеяның Құрметті Төрағасы болу жөніндегі біздің ортақ ұсынысымызды қабыл алуыңызды сұраймыз. Бұл мәртебе халқымыз бен мемлекетіміздің алдындағы тарихи еңбегіңіз үшін сізге лайық. Ассамблеяның барлық мүшелері бұл ұсынысты қолдайтынына сенімдімін», — деді.

Одан соң Мемлекет басшысы Ассамблеяны басқару — өте жауапты жұмыс екенін, бұны жауапкершілікпен атқаратынын айта келе, Елбасыға:

— Сіз Тәуелсіздігімізді нығайтып, Қазақстанды дамыған елдер қатарына қосу үшін, ең алдымен, ауызбіршілік, татулық аса қажет екенін үнемі айтып келесіз. Бұл — көне заманнан келе жатқан ақиқат, қазіргі ұрпаққа да қажетті құндылық.

Табысты реформаларыңыздың мызғымас тұғыры — халқымыздың бірлігі. Ал еліміздің бірегейлігі — әр алуан ұлт пен ұлыстың жарасымды татулығы.

Сіз «Қазақстан жолы» тұжырымдамасын бүкіл әлемге паш еттіңіз. Қазіргі таңда мемлекетіміздің дара жолын дүниежүзі мойындайды және жоғары бағалайды. Жаһан жұртшылығы сізді аса көрнекті реформатор және әлем деңгейіндегі саясаткер ретінде құрметтейді.

Парасатты басшылығыңызбен қол жеткізген табыстарымыз мәңгілік тарихи мән-маңызға ие болды. Сондықтан елдік жолында сіңірген ерен еңбегіңіз әлемнің және Қазақстанның тарихында мәңгі жазылатыны сөзсіз.

Халқымыздың тату-тәтті тіршілігі — Сіздің салиқалы  саясатыңыздың арқасы.

Осы дәстүрді сақтап, елімізді одан әрі өркендету қашан да маңызды.

Осыған орай мемлекеттік саясаттың сабақтастығы айрықша маңызға ие. Бұл Қазақстанның болашағы үшін керек екені айдан анық, — деп лебізін білдірді.

Одан соң Ассамблея бұрын-соңды ешбір елде болмаған бірегей құрылым екенін, басқа мемлекеттер бұл іске енді кірісіп жатқанын баян етті. Артынша жаңа міндеттер туралы:

— Әсіресе, коронавирус дерті қыспаққа алған қазіргі күрделі кезеңде халқымыздың алдында тұрған міндеттерді жүзеге асыру үшін біз бәріміз бір Ел, бір Ұлт болып жұмылуымыз керек. Ассамблеяның да алдында жаңа міндеттер тұр.

Татулық пен келісім саясатын лайықты жалғастырып, дамыта түсу — баршамыздың ортақ парызымыз. Себебі бүгінгідей алмағайып заманда кез келген сынаққа төтеп беру үшін бірлігіміз әрдайым бекем болуға тиіс, — дей келе, елдегі тұрақтылықты сақтаудың маңыздылығына ерекше тоқталды.

Сонымен қатар Ассамблеяға жүктелер міндеттер жөнінде айтты.

— Қастерлі Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығында Ассамблея халықтың талап-тілектерін орындауға бағытталған нақты жобаларды жүзеге асыруға айрықша мән беруі қажет.

Баршамызға ортақ жұмыстың басты бағдары дәл осындай болуға тиіс.

Біз бәріміз бірлік пен ынтымақтың арқасында жасампаз ұлт болып, алдымызда тұрған тарихи мақсаттарға қол жеткіземіз.

Баршаңызды алда келе жатқан Қазақстан халқының Бірлігі күнімен құттықтаймын!

Зор денсаулық, бақ-береке тілеймін! Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын! Елбасымыздың есімі мәңгі жасай берсін! — деп қорытындылады сөзін Қасым-Жомарт Кемелұлы.

Одан соң Отанына оралған журналист Заңғар Санай, ұйғыр жастары атынан Рустам Кайрыев, күрд ұлтының өкілі Аладин Мустафаев, параспортшы Мария Әуезова, кәсіпкер Олжас Сүлейменов, т.б. сөз сөйлеп, ризашылығын білдірді.

— Тәуелсіздік — ұлтымызға өз жұртының тағдырын өзі шешетін күн туғызды. Оны шындыққа айналдырған өзіңіз, құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы.

Азаттықтың арқасында Алтайдан Атырауға дейінгі байтақ даланың шекарасы белгіленіп, қазығы қағылды.

Сан ғасырдың түйткілі болған Қытай мен Қазақстан, Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан, Түрікменстан сынды мемлекеттер арасындағы шекара мәселесі шешілгенде, әлемдік қауымдастық таңданысын жасыра алмады.

Расында, кейбір мемлекеттер ғасырлар бойы шекара мәселесін шеше алмай келеді. Ал сіз сайын даланың шеткі шебін санаулы уақытта шегендеп бердіңіз. Ерен еңбегіңізге келешек ұрпақ өзінің тарихи бағасын береді деп білемін.

Әңгіменің әлқиссасын бекер шекарадан бастаған жоқпын. Мен атажұртқа келгенде он жастағы ойын баласы едім. Осы іргесі нық, егемен елде еш алаңсыз еркін өсіп, ержеттім. Сол үшін өз атымнан және шеттен келген барша қандас бауырлар атынан шексіз алғысымды білдіремін.

Нұрсұлтан Әбішұлы, өзіңіз негізін қалаған «Нұрлы көшпен» елдіктің елеулі 30 жылында бір миллионнан астам адам атамекеніне оралды. Әлбетте, әр қандас «Елім маған не береді деп емес, мен еліме не берем деген» кемел оймен келді.

Оның дәлелі — Тобыл өңіріне тұрақтаған біздің әулет. Ата-анам мен бауырларым атакәсіппен айналысып, жағдайын жақсартып, тіршілігін түзеп отыр.

Қазақта «Нағыз бақ еңбектіге бітеді, қызыр оның талпынысын күтеді» деген нақыл сөз бар. Яки біздің қолымыздан келген істі, өзге де қандастар ілгерлете алады. Сондықтан сырттағы қазақтарды солтүстік өңірлерге қоныстануға шақырамын, — деп ой-тілегін ортаға салды Заңғар Санай.

Сонымен қатар шетелдік мемлекет және қоғам қайраткерлерінің Қазақстанның 30 жылдығымен құттықтаған бірсыпыра лебізхаты оқылды.

Сессия соңында Үндеу қабылданды. Онда Ассамблея Президенттің дамудың жалпыұлттық басымдықтары бойынша барлық азаматтардың өмір сүру сапасын арттыру және ұлттың адами әлеуетін нығайту, әділетті қоғам мен тиімді мемлекет құру бағытындағы жұмысын қолдайтынын, сондай-ақ өзге ұлт өкілдері дәйім қоғамдық келісім мен ұлттық бірлікті одан әрі нығайтуға шақыратыны айтылды.

***

Әлгінде айтқанымыздай, еліміздің барлық облыстарындағы атқарушы билік пен өзге ұлт өкілдері Ассамблеяның сессиясына онлайн режимде қатысты. Бұл қатарда Ақтөбе де бар.

Облыс әкімдігі ғимаратында өткен аталған басқосуға өңір басшылығынан бөлек, ҚХА-ның осындағы филиалының өкілдері мен журналистер жиналды.

Үлкен экраннан көрсетілген сессия аяқталған соң сөз алған облыс әкімі Оңдасын Оразалин:

— Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында Елбасының Ассамблеяның Төрағасы лауазымын Мемлекет басшысына тапсырғанына бәріміз куә болдық. Өз тарапынан Қасым-Жомарт Кемелұлы бұны үлкен жауапкершілікпен қабылдады.

Әрине, осы 30 жылда еліміз сан түрлі қиындықтардан өтті. Оңай болған жоқ. Тұрақтылықты сақтап, бүгінгідей деңгейге жетуімізде Ассамблеяның да үлесі барын айта кету керек. Өйткені, Елбасы атап өткендей, біз көпұлтты Қазақстанда бәріне береке мен бірліктің арқасында қол жеткіздік.

Салыстырмалы түрде алсақ, кезіндегі мен қазіргі Қазақстанның өмір сүру деңгейі айтарлықтай өзгерді. Осы орайда жаңғыру жөнінде де жақсы айтылды. Яғни жұмыстың жаңа сапа деңгейіне ауысуымыз керек. Ол үшін, қай істі болсын, өзімізден бастау керек. Ең бастысы, атқарушы билік кез келген ұсыныс-тілекті қабылдауға дайын.

Бұл тарихи жиын болды деп есептеймін.

Барлықтарыңызды келе жатқан Қазақстан халқының бірлігі күнімен шын жүректен құттықтаймын. Отбасыларыңызға амандық, дендеріңізге саулық тілеймін, — деп тілегін айтты.

Ал Қазақстан халқы Ассамблеясының облыстық филиалы хатшылығының меңгерушісі Маржан Қорғанбаева Елбасының Ассамблеядағы билігін Мемлекет басшысына тапсыруын үлкен жаңалық ретінде қабылдағанын, Президент атап өткендей, құрылым жұмысын жаңғыруға енді айрықша мән берілетінін айтты.

Ассамблеяның өңірдегі мүшелері бір-бірін келе жатқан атаулы күнмен құттықтап, 1 мамырда ағаш егуге уағдаласып тарқасты.

Айбек ТАСҚАЛИЕВ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button