Жаңалықтар

Құрылысы қайнаған қала

Бұдан екі жыл бұрын Ембі қаласындағы қордаланған мәселелер тұрғындардың жиі көтеретін басты тақырыбына айналып, ақыры іске асатын уақыттың да жеткенін білдіріп еді. Осыған байланысты мұның алдында Ембі қаласына арнайы іссапармен барған облыс әкімі Оңдасын Оразалин шешімін күткен, жасалуы тиіс жобаларды қолға алатынын айтқан болатын.  Облыс әкімінің тапсырмасы бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстардың барысы туралы біліп, жалпы Ембі қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуы және жергілікті халықтың ахуалымен тағы бір  танысып қайттық.

Ембі қаласы Мұғалжар ауданының орталығы Қандыағаш қаласынан 100 шақырым жерде орналасқан.  Аудан орталығы мен екі арадағы жол тақтайдай тегіс болмағанымен, көліктің астын соғатын жайсыз емес. Бір сағаттық жер.

Бізді күтіп алған қала әкімі Әлімжан Қорғанбай алдымен халықтың денсаулығы маңызды екенін айтып, аудандық ауруханаға бастады.  Аурухана ғимараты тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында салынып, дағдарыстың салдарынан құрылысы аяқталмай қалған. Бүгінде күрделі жөндеуден өтіп,  материалдық базасы жоғары сапалы жабдықтармен қамтылған  аурухана 200 адамға арналған. Эпидемиологиялық жағдай тұрақты. Пневмония бойынша  7 адам ем алып жатыр. Бас дәрігердің айтуынша, аурухана күніне 200 адамды қабылдай алады.

— Өткен жылғымен салыстырғанда коронавируспен ауырғандар аз. Ахуал тұрақты. Екпеге келетін болсақ 1000 адамның екпе алуы жоспарланды. Қазіргі таңда  700 адам екпе алды. Екпенің екінші кезеңімен толық қамтитын боламыз. Бізге екі жалпы тәжірибелі дәрігер керек. Оларды мемлекеттік бағдарлама арқылы тұрғын үймен қамту мүмкіндігі бар, — дейді Ембі аудандық ауруханасының бас дәрігері Ерлан Бұхарбаев.

Жалпы, Ембідегі көп қабатты тұрғын үйлер туралы жағымсыз әңгімеге биыл нүкте қойылмақ. Бірнеше жылдан бері тұрғындардың да, келушілердің де көзіне оғаш көрінетін бес қабатты екі үйге күрделі жөндеу жұмыстары басталып кеткен.

Орталықта бұл үйлер көп жыл қаңырап тұрды.  Іші қоқысқа толды. Әсіресе теміржолдан өтетін жолаушылардың көзіне бірден түседі.  Өтіп бара жатқан вагондағы кез келген адам суретке түсіріп, әлеуметтік желіге жариялайды. Қаланың ажарына нұқсан келтіретін бұл үйлердің жаңарып жатқанына қуаныштымыз, —дейді тұрғындар.

Б.Момышұлы көшесіндегі 5 қабатты 90 пәтерлі үйді күрделі жөндеуге облыстық бюджеттен 338 миллион теңге бөлінген. Құрылыс жұмыстарын «Қолғанат» ЖШС жүргізеді.

Қазіргі таңда күрделі жөндеу жүргізіліп жатқан 45 пәтерлік үйді «Ерзат» өндірістік кооперативі қолға алған.

— Күрделі жөндеуден өтіп жатқан 45 пәтерлік үйде 1,2,3 бөлмелі пәтерлер бар. Қазіргі таңда ішкі жұмыстары жүріп жатыр. Электрмен  жабдықтау 90% пайыз, ауызсу 100% пайыз кіріп тұр. Тамыз айында жөндеу жұмыстары толық аяқталады. Бұған облыстық бюджеттен 250 миллион теңге ақша жұмсалды. Мұның алдында бұл үйлер сүріліп тастауға жіберілген екен. Бірақ комиссия құрылып, іргетасынан бастап тексергенде талапқа сай деп танылды. Апаттық жағдайда емес. Іргетастары берік, жоғары қабатқа дейін қабырғалары орнықты. Тұрғындарға еш алаңдамауға болады, — дейді құрылыс учаскесінің басшысы Мәжит Сатаев.

«Ерзат» өндірістік кооперативінің директоры Қаржау Әлиқұлов тағы бір көп қабатты үйдің сыртын өз қаражатына қаптап берген.

Ембі қаласында 200 адам үй кезегінде тұр. Демек, қос  үйдің құрылысы бітсе, биыл 136 отбасы үйлі болмақ.

Қала әкімі Әлімжан Қорғанбайдың айтуынша, биыл 2,400 шақырымдық Ж.Тілепбергенов көшесінің жолы жаңарады. «Ремдорстройсервис» ЖШС күрделі жөндеуден өткізетін  жолдың құны — 240 миллион теңге.

Ембіде бұрын-соңды болмаған тағы бір нысан — биотазарту құрылысы. Яғни қаладағы кәріз суларын тазалайтын кешеннің құрылысы өткен жылы басталған. Оның құны — 1 075 654 теңге.

— 2016 жылы қала орталығындағы барлық үйлер орталық кәріз жүйесіне қосылды. Кәріз сулары осы жерге жиналып, тазартылып, арнайы белгіленген жерге жіберіледі. Бұл қаланың экологиялық тазалығына айтарлықтай үлес қоспақ.  Құрылыстың қала үшін ауқымы үлкен. Бірақ алдағы уақытта қала  халқы әлі де өседі деп отырмыз.  Биотазарту құрылысының  жұмыстары биыл аяқталады, — дейді Ембі қаласының әкімі Әлімжан Қорғанбай.

Ембі қаласында 12 мыңнан астам халық бар. Бұл облыстағы бірнеше аудан орталықтарындағы тұрғын санынан әлдеқайда көп. Жылына 400-450 бала дүниеге келеді екен. Сондықтан биыл «Қазақстан» шағын ауданынан 320 орындық жаңа мектептің құрылысы басталмақ.  Қазіргі таңда №2 қалалық жалпы білім беретін орта мектепте 600-ден астам оқушы білім алып жатыр. 1977 жылы салынған мектеп содан бері жөндеу көрмеген. 2019 жылы күрделі жөндеуден өткен мектепте балалар  екі ауысыммен оқиды. Мектеп директоры Райымбек Мұсағалидың  айтуынша, «Қазақстан» шағын ауданынан салынатын мектеп сұраныстан туып отыр. Теміржолдың арғы бетінен 55 оқушы келіп оқиды екен. Қазіргі таңда пандемияға байланысты жоғары сынып оқушылары қашықтан оқытылуда.

Қаланың көркін ашатын орталықтардың бірі — аула клубы. Оны сол жердегі жаттығу алаңында жүрген балалардың көптігінен байқайсың.

Бұрын әр мекеменің бөлмесін пайдаланып, көшіп жүретін едік. Былтыр ғимарат беріп, оны күрделі жөндеуден өткізді. Есік алдына воркауттар орнатылды. Қазіргі таңда бұл жерге балаларды көптеп тартуға мүмкіндік туып отыр. Бізде 16 үйірме жұмыс жасайды. Спорттық бағытта күрес, дзюдо, шахмат, тоғызқұмалақ ойындары болса, қыздарға арналған қолөнер бөлмелері бар. Би, вокал үйірмесі жұмыс істейді. Осында келіп балалар өздерінің бос уақыттарын тиімді пайдаланады. Аула клубына келетін балалардың саны 600-ден асты,— дейді аула клубының директоры Марат Мусин.

Ал орталық стадион аумағынан жабық спорт кешені салынады. Балалар ойын алаңы мен шағын футбол алаңы кешкілік келушілерге толады.  Алаңда орнатылған бірнеше спорттық жабдықтарға жаттығу жасап жүрген үлкен әжейді де кездестірдік.

«Мұнда балаларды ойнатып, өзіміз де демалып қаламыз», — деген Жанна есімді қала тұрғыны осындай ойын әрі жаттығу алаңдарын салып берген облыс, аудан басшыларына алғысын айтты.

Ембі қаласы күннен-күнге жөндеуден өткен, жаңадан салынған жаңа ғимараттармен жаңарып келеді. Оған дәлел — салынып жатқан  жеке үйлердің көптігі. Тасжолы жақсы, теміржолы бар қаланың қозғалысы көзді, көңілді де қуантады. Жас кәсіпкерлердің ұмтылысы мықты.  Ембі қаласының іргесінде алма бағы өсетін болды. Оның да жемісін көретін кез алыс емес.

Бұл сапарымызда біз облыс әкімі Оңдасын Сейілұлының  тапсырмасымен жүзеге асып жатқан бірнеше құрылыстардың қарқынын көрсек, туған қаласын көркейтуге атсалысып жүрген жергілікті азаматтардың  істеріне сүйсініп қайттық.

 Самат НАРЕГЕЕВ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button