Жаңалықтар

Жер мәселесі: мораторий және маңызды шешімдер

Өткен аптада ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжановтың төрағалығымен Жер реформасы жөніндегі комиссияның 5-отырысы өтіп, онда жыл соңына дейін белгіленген мораторий мерзімін 5 жылға ұзарту туралы ұсыныс қабылданған болатын. Аталған мәселеге байланысты біз Жер реформасы жөніндегі комиссияның мүшесі, облыс әкімінің орынбасары Ермек Кенжеханұлымен тілдескен едік.

Оның айтуынша, Жер реформасы жөніндегі комиссияның құрамына біздің өңірден ауыл шаруашылығы саласына жауапты облыс әкімінің орынбасары және «Арман М» шаруа қожалығының басшысы, облыстық мәслихаттың депутаты Қазыбек Әлішев кірген.

Бұған дейін өткен комиссияның 5-отырысында олар ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді сату және жалға беру мәселесіне қатысты өз ұсыныс-пікірлерін білдірген.

— Өздеріңіз білесіздер, 2016 жылы Елбасының «Жер заңнамасының кейбір нормаларын қолдануға мораторий енгізу туралы» Жарлығы шыққан болатын. Арада бес жыл өтті, биыл үкімет бұл мәселені қайта қолға алды. Нәтижесінде комиссияның шешімімен

жыл соңына дейін белгіленген мораторий мерзімін тағы 5 жылға ұзарту туралы ұсыныс қабылданды. Сондай-ақ комиссия отырыстарында еліміздің агроөнеркәсіптік кешенінің дамуына оң әсер ететін бірқатар маңызды мәселелер айтылып, оларды Парламентке енгізу туралы ұсыныс қолдау тапты. Атап айтсақ, біріншіден, елімізде қазақстандықтарға ауыл шаруашылығы жерлерін 49 жылға дейінгі мерзімге жалға беру мүмкіндігі қайтадан қарастырылатын болды. Екіншіден, жер кадастры мәлімет­терінің ашықтығын қамтамасыз ету үшін Қазақстан азаматтарына жалға берілген жер учаскелері бойынша кадастрлық ақпаратты, оның ішінде заңды тұлғалар немесе жер пайдаланушы азаматтардың тегін көруге мүмкіндік беріледі. Үшіншіден, жер қатынастарын цифрландыру мәселелері жөніндегі заң жобасы қабылданғаннан кейін, яғни 2023 жылдан бастап әкімдіктер жанындағы жер комиссиялары таратылады. Бұл осы саладағы  жемқорлық деректерін азайтуға ықпал етпек. Төртіншіден, алдағы уақытта ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді қосалқы жалдауға тыйым салынады және жалға берілетін ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерінің шекті мөлшері бекітілетін болады. Бесіншіден, жергілікті тұрғындар үшін қоғамдық жайылымдарға ауылдың айналасына радиус енгізу туралы ұсыныс берілді, — дейді Е.Кенжеханұлы.

Облыс әкімі орынбасарының айтуынша, бүгінгі күні облыс бойынша 28 ауылда жеке тұрғындардың малын жаятын жайылымдық жер жоқ. Алдағы уақытта қоғамдық жайылымдар үшін ауылдардың айналасына 5 шақырымға дейінгі радиус енгізу туралы ұсыныс бекітілсе, бұл мәселе оң шешімін таппақ.

Сондай-ақ Ермек Кенжеханұлы биыл Мемлекет басшысының шетелдіктерге жəне шетелдік заңды тұлғаларға ауыл шаруашылығы жерлерін сатуға, жалға беруге заң жүзінде біржола тыйым салғанын атап өтті.

Облыс әкімінің орынбасары бүгінге дейін өңірде Жер реформасы жөнінде жұмыс тобы құрылып, топ мүшелерімен жалпы саны 69 сұрақ көтерілгенін, оның 9-ы республикалық жер комиссиясына ұсынылғанын жеткізді.

— Өңірдегі өзекті мәселелердің бірі — ауыл шаруашылығы мақсатында берілген жер учаскелерінде малды суаруға қажетті судың тапшылығы. Облыстық комиссия осы мәселені, сондай-ақ ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді конкурс арқылы табыстауды ашық түрде өткізу және оның нәтижелерін жариялауды ұсынды, — дейді Е.Кенжеханұлы.

Айта кету керек, бүгінгі күні облыста жалпы көлемі 30 млн гектар жер бар. Оның 26,5 млн гектары, яғни 88,4%-ы — ауыл шаруашылығы алқаптары. Оның ішінде 24,9 млн гектары — жайылымдық жер.

Сондай-ақ соңғы үш жылда облыста тұрғындарға ауыл шаруашылығы мақсатында 2,6 млн гектар жер учаскесі беріліп, пайдаланылмай жатқан 1,4 млн гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылған.

 Данагүл ҚАЗИХАН.

Басқа жаңалықтар

Back to top button