Басты жаңалықтар

Ізгі қала тұрғындары

Адам жаны қашан да мейірімге зәру. Әсіресе, әр қадамы техникаға тәуелді біздің қоғамда жүрегінен мейірім, білегінен қайырым туатын жаны жайсаң жандардың бары көңіл қуантады. Ал еріктілік — ізгі іс жасаудағы риясыз қызмет. Осындай қызметті ұйымдастырып жүрген Қандыағаш қаласының белсенді тұрғыны Зайырбек Есенжоловпен сөйлескен едік.

Бұрын Зайырбек «Демеу» еріктілер тобының жетекшісі болды. Кейін Ақтөбедегі Кірпіш зауытына жұмысқа ауысқан соң, бұл топ тарап кетіпті. Алайда ерікті боп жүрген кезіндегі жасаған тірлігі жанына жақын ол енді әлеуметтік желі арқылы жұртқа көмектесуді ойлайды. Фото-видео түсіру қолынан келетін Зайырбек киілген киімдерді мұқтаж жандарға тегін тарату мақсатында «Қандыағаш көмек» атауымен инстапарақша ашады. Осы парақшаны көрген Асқар, Шыңғыс, Азамат, Қаналы және басқа достары түрлі идеялар айтады. Тіпті парақша атауы @izgi_qala боп өзгереді. Ашылғанына аз уақыт болған парақшаны ақтарып отырып, тұрғындардың қолдауымен біршама игі істерді қолға алғанын көрдік.

— Ең әуелі біз парақшамызды тек киім-кешектер мен түрлі тұрмыстық бұйымдарды мұқтаж адамдарға үлестіріп отыру мақсатында ашқан болатынбыз. Уақыт өте келе ізгі ниетті, кең жүректі жандардың белсенді атсалысуымен ілгері жылжу болды. Мақсатымыз — Қандыағашты қайырымды қала ретінде көру. Қолдау білдіріп жатқан, жәрдемдесушілер де күн сайын артып келеді. Әрине, көмек сұраушылар да жетерлік. Әр таңнан үміттеніп, сіз бен бізден көмек сұрап отырған жерлесіміздің бірі — қала тұрғыны Айгүл Сәбитқызының жағдайы бізді бейжай қалдырмады. Барып сұхбаттасқанымызда, көзімізге жас келді. Жалғызбасты ана алты жылдан бері жүре алмайды. Ал он үштегі ұлының арманы —  анасымен бірге саябақта серуендеу. Төртінші қабатқа еңбектеп көтерілмей, әр сатыны өз аяғымен басуы үшін қолғабыс етіп, еміне керек қаражатты жинап берсек енді. Қаражат жинай бастағалы жекемізге «кімсіңдер, жалған ақпарат емес пе?» деген сарында түрлі сұрақтар келіп түсті. Ел арасында мұндай нәрселерге сенбейтіндер де бар, ол да дұрыс. Себебі қазір интернет арқылы алаяқтық жасап жүргендер де бар. Ақпаратымыз сенімді болу үшін бейнероликтер жариялап отырамыз. Тіпті есепшотқа түсіп жатқан қаражаттардан да бейнежазбаларды көрсетіп отырамын, — дейді «Ізгі қала» парақшасының админі.

Арбада отыратын ана төртінші қабатта тұрады

Біз де Айгүл Сәбитқызына хабарластық. 1973 жылғы жалғызбасты ана 13 жастағы ұлымен және 70-тегі анасымен бірге тұрады.

— Қандыағаш қаласындағы спирт зауытында жұмысшы боп 15 жыл еңбек еттім. Зауытта резеңке етікпен жүретінбіз, көп жылғы суықтың ызғары қойсын ба? Дәрігерлер ревматроидты артрит деді. Алты жылдан бері жүруден қалдым, арбада отырамын, үй ішінде тізерлеп жүремін. Үй тірлігіне балам қолғабыс етеді. Ал бір жерге баратын болсам, қасымда анам жүреді. Қиыны сол — төртінші қабатта тұрамыз, мені төменге түсіру үшін анам көшедегі азаматтарға жүгіріп, көмектесуін өтінеді. Барар жерімізге таксимен барып келген соң, жоғарыға көтерілуіміз тағы да солай. Осы маңда тұратын адамдардың біразы біліп болды. Көмектесе қояды. Мүгедек ретінде тұрғын үй кезегіне де тіркеліп едім. Кезектің қашан келерін кім білген? Былтыр бірінші топ мүгедегі ретінде тіркелдім, анам қамқорлық жасап отырғандықтан, тіпті әлеуметтік қызметкердің қызметі барын да білмеппіз. Кешегіде аудандық газеттің тілшісі келген соң, аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінен екі келіншек келді. Әлеуметтік қызметкердің қызметі туралы түсіндіріп, аптасына екі рет келіп, шаруашылыққа көмектесетінін айтты. Қуанып қалдым. Анам да жетпістен асқан үлкейген кісі, оның үстіне құлағы ауыр естиді. Құжаттарды реттеуге шықса, қасына ұлым еріп жүреді. Қандыағаш қаласында ыстық су жоқ қой, «Аристон» қазандығын сатып алып, орнатып едік. Өздігімнен жүріп-тұра алмағасын, суға түсуім — мұң. Кішкентай болғанымен ұлым әлі келгенше көмектеседі. Әлеуметтік қызметкердің көмегі барын бұрынырақ білмеппіз, — деп, бар мұң-мұқтажын айтып берді І топ мүгедегі Айгүл Сәбитқызы.

Дертіне дауа іздеп, дәрігерлерді де, емшілерді де жағалапты. Әлеуметтік желі арқылы Ақтөбе қаласындағы Inject клиникасының дәрігерлерімен сөйлесіп, жәрдемақысынан жырып жинаған қаражатына 12 күн Ақтөбеде туысқандарының үйінде жатып, укол алып келеді. Енді бұл ем әрі қарай жалғасуы тиіс. Дәрігерлер де жүйелі емнің нәтижелі болатынын, аяққа тұрып кетуіне мүмкіндік барын айтыпты. Сол үміті жетелеген Айгүл Сәбитқызы облыс орталығына барғанда, өз атына Kaspi Gold картасын рәсімдеп келеді. Еміне қаражат іздеу үшін!

Бір күні ізденіп отырып, әлеуметтік желідегі «Ізгі қала» парақшасына өтеді. Олардың киілген, таза киімдер мен тұрмысқа қажетті бұйымдарды тегін үлестіргеніне қарап, көмектесуін өтініпті. Бүгінгі таңда Қандыағаш қаласының тұрғындары, қала берді инстаграм оқырмандары Айгүл Сәбитқызының атына ашылған банк картасына бекітілген телефон нөміріне +7 708 516 04 26 шамаларына қарай, қанша теңге болса да аударып жатыр. Біз де кейіпкеріміздің аяққа тұрып кетуіне тілекшіміз.

Пәтер жөндеуге қолғабыс етті

Қайырымды жандардың көмегімен тағы бір отбасының қуанып қалғанын білдік. Олар — біздің газеттің оқырмандарына жақсы таныс отбасы. Осыдан екі жыл бұрын Бағдат (Орынбасаров) есімді жігітке тұрмысқа шығып, Шымкент қаласының келіні атанған зілтемірші Гүлім Құрманбаева қазір Қандыағаш қаласында тұрып жатыр. Бір-біріне демеу, адал дос, өмірлік серік бола білген жұпқа «Харекет» қайырымдылық қоры ұжымы екі бөлмелі үйдің кілтін табыстаған болатын.

— Әрине, кім болса да, жаңа кірген үйінің ішін жөндеп, реттегісі келеді. Ал біздің оған шамамыз келмейді. Тіпті қарапайым жарықтың шамы істен шыққанда, соны ауыстыра алмаймыз ғой. Мен ІІІ топ, күйеуім І топ мүгедегі. Сөйтіп, біз кірген үйіміздің қабырғаларына қағаз жапсыру үшін еріктілерден көмек сұрадық. Осы кезде Зайырбек, Саят және оның достары екі бөлмеге қабырға қағаздарын жапсырып, басқа да жөндеу жұмыстарын жасап берді. Біздің жағдайымызды түсініп, қолғабыс еткен жігіттерге алғысымыз шексіз. Жақсылықтары Алладан қайтсын! — дейді ІІІ топ мүгедегі Гүлім.

Жөнделген үйді біз әлеуметтік желідегі бейнежазбалардан көрдік. Себебі пауэрлифтингтен өтетін республикалық, халықаралық жарыстарға қатысып, жүлдегер атанып жүрген Гүлім бұл жолы да Нұр-Сұлтан қаласындағы жарыс алдындағы жаттығуды пысықтайтын жиынға кетіпті. Ал Бағдат келіншегі үйіне келгенше туған жері Шымкентте болуды ұйғарған.

Пәтерақысын төлеуге көмектесті

Ізгі қала тұрғындарының жақсылығын көрген жандардың тағы бірі — көпбалалы ана Динара Молдағазина. Бүгінде Қандыағаш қаласында төрт баласымен бірге пәтер жалдап тұратын оның тұрмыс жағдайын білетіндер «ізгі қалалықтарға» жеткізеді. Балалардың жәрдемақысына күнелтіп отырған ананың жағдайына алаңдаушылық білдірген Зайырбек және оның командасы қаржылай көмектесу мақсатында таныс кәсіпкерлеріне мән-жайды айтады. Сөйтіп, қазір небары 23 жастағы кәсіпкер Әділет Жақай жаңағы келіншектің пәтерақысын екі ай бойы төлеп беріпті.

— Қолдан келсе, біреуге көмектескен жақсы ғой. Алғыс алудың өзі бір ғанибет. Ал дінде «садақа — береке кілті» дейді, мысалы, мен садақаны шүкіршілік ету үшін беріп жүрмін. Әзірге жаңағы көпбалалы ана тұрып жатқан пәтердің иесіне тек екі айдың ғана пәтерақысын аудардым. Жағдайы түзелгенше көмектесемін дегенмін, — дейді шаруашылық бұйымдарын сатумен айналысатын жас кәсіпкер.

Зайырбек парақшаны ұйымдастырып отырғаны болмаса, жақсылықты ізгі қала тұрғындары жасап жатқанын айтады. Жақсылық жасауға құмар адамдардың көбейіп келе жатқанына күн сайын куә боп жүргеніне қуанады.

Бір жазбасында ол «Қаламыздың қақ төрінен «Ізгі қала» дүкені бой көтергелі отыр» деп сүйінші сұрапты да, «осылай бір армандап қоюға да болатын шығар, иә?» депті.  Кез келген адам өзіне қажет затын ала алатын дүкені, тегін қызмет түрлері көрсетілетін, сырттан келген қонақтар орналаса алатын орындары бар, ізгілік жасауға асығып тұратын жандардың басын қосатын үлкен бір ғимаратты құру — @izgi_qala парақшасына қатысы бар жандардың көп арманының бірі.


P.S. «Адам баласынан мейірімділік қашса, жер бетінен жақсылық қашады» дейтін бе еді осы. Ал біз бір күлкісі кем боп тұрған жандардың қолтығынан демегісі келіп тұратын жандардың барына шүкір дейміз.

Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button