АуылБасты жаңалықтар

Сарытоғайға екі отбасы көшіп келіп, мектепті жабылудан сақтап қалды

Оқу жылының басталуына санаулы-ақ күндер қалды. Індетке байланысты көктемде қашықтан оқытуға көшкенімен, ауыл мектептері Білім күнінде оқушыларына есігін ашпақ. Яғни балалар мектепке барып оқиды. Осы кез —кейбір ауылдар үшін нағыз қарбалас шақ. Облысымыздың шалғай ауылдарындағы мектептерде бала саны жетпей, әсіресе, негізгі мектептер тым қиын жағдайға қалып тұр. Жаңа оқу жылында 42 оқушыға толмаса, негізгі мектеп бастауышқа айналады. Бұл ауылдың жабылуына әкеліп соғуы мүмкін.

Сол себепті оқушысы азайған ауылдар ерте көктемде жан-жаққа хабар салып, ауылға көшіп келетін отбасылар іздеді. Ауылда бос тұрған үйлердің бар екенін, келген адам соған орналасатынын әлеуметтік желілерге жариялады.

Сөйткен, болашақтары үшін шырылдаған ауылдардың бірі — Сарытоғай. Темір ауданының Алтықарасу селолық округіне қарайтын бұл мекен аудан орталығынан 35 шақырым жерге орналасқан. Шұбарқұдық-Ойыл тасжолының бойындағы бұл ауылда қазір 40-қа тарта түтін бар. 200-дей адам тұрады. Ойыл өзені іргесін жанамалай ағып жатыр. Шаруашылыққа қолайлы өлкенің тұрғындары төрт түліктің төлін күнкөріске айналдырады. Ауылдың адамдары түгелдей бақуатты болмаса да, ішіп-жемі мол, көштен қалып жатқан жоқ. 1551 сиыры өрісінің сәні болса, төрт мыңға тарта қой-ешкісі кезекпен бағылады. Ал ресми санақ бойынша 300-дей жылқысы болғанымен, ауыл тұрғындарының шамалауынша Қамбар атаның тұқымы 500-ге жетеғабыл.

Міне, осындай ауылдан бір жазда 3 отбасы көшіп кетіпті. Онсыз да бала санын толтыра алмай, тақ-тұқ етіп отырған Сарытоғай негізгі мектебі бірден 10 балаға кеміген. 30 оқушымен негізгі мектепті ұстап тұру мүмкін емес. Ауыл адамдары күдер үзіп, төртінші сынып бітірген балаларын басқа оқу орындарына ыңғайлай бастайды. Әрине, бұл кімге ұнай қойсын. Әйткенмен, «үмітсіз шайтан» деп тал қармағандай ең соңғы әрекеттерін жасайды. Ауылға адам шақырады. Сарытоғайлықтардың күткендері келді. Алыс-жақыннан адамдар хабарласа бастайды. Ақырында екі бірдей көпбалалы отбасы көшіп келеді. Мектептегі оқушы саны қайтадан 11 балаға толығады. Ал ауылға келген кімдер? Олар не себепті келді? Анықтап сұрағанымызда бір отбасы Ақтөбе қаласынан көшіп келіпті. Бір қуанарлығы, келген отбасылар кілең жастар екен. Аңсаған Таңбайқызы 5 баланың анасы. Төрт баласы мектепке барады. Қалада пәтер жалдап жүрген олар ауылда тегін үй берілетін болғасын ештеңеге қарамапты. Бір-ақ күнде көшіп келген.

Қалада мектеп алыс. Қоғамдық көліктерді күтуің керек. Баланы мектепке апарып, әкелуден шаршадық. Осы ауыл туралы әлеуметтік желіден көріп, баруға бел будық. Басында біраз толқығанымызбен ауылдың ыстық ықыласы қорқынышымызды бірден сейілтіп жіберді. Барлығы бауырына тартып, жоғымызды түгендеп беріп жатыр. Ауыл балаларыма да ұнап қалыпты. Аудан орталығына 15-20 минутта барасың. Жол тақтайдай тегіс. Бір жағымызда өзені ағып, малы жусап жатқан ауыл бізге де бірден жылыұшырады. Ең бастысы — өзіміздің баспанамыз бар. Оны ауыл жастары алып берді, — дейді ол.  Аңсағанның ендігі арманы — сиыр ұстап, сүтін ұқсату. Ол үшін қайтарымсыз несиеге ілігу керек. Жақында арнайы курсты оқып, сертификатын алды. Жобаға қатысып,  грантты ұтса, екі сиыр сатып алуға құлшынып отыр. Бірақ жобаны қорғау да оңайға соқпайды. Аудандық кәсіпкерлік бөлімінің қолдауы қажет. Қалай болғанда да, Аңсаған ауылда қол қусырып, қарап отырғысы келмейді.

Көп ауыл қазір осылай отбасыларды шақырады. Сарытоғайлықтар секілді үйіп-төгіп тастамаса да, жылы қабақ танытуы керек. Ауылға келген екі отбасыны құшақ жая қарсы алған ауыл тұрғындары алдарына ұсақ мал салып берді. Қос отбасының қорасы қазір бос емес. Біреуінің 14 қой-ешкісі болса, екіншісінің ауласында 17 бас бар. Ауылға алты баласымен көшіп келген Ізімбет Ангереев қазір үйін жөндеп, мал қыстайтын қора салып жатыр. Оған ауылдың тұрғыны бір көлік шөпті тегін түсіріп берген. Жаңадан көшіп келген отбасыларға ауыл адамдары қажетті мүліктерін де ұсынған. Көрпе-төсеніш, киіз-кілемдерін, басқа да тұтынатын бұйымдарын берген.

Жақында Құлсары қаласынан тағы бір отбасы көшіп келмек. Асқар есімді жігіт осы ауылда тұратын  апа-жездесіне келіпті. Ақырында ауыл ұнап, қазір үй салатын орын іздеп жүр. Оның айтуынша өзен жағасына бау-бақша салып, өнімін сатып кәсіп қылмақ. Өйткені Алтықарасу округінде бір де бір адам өзен жағасына бақша дақылдарын екпейді екен.

Сонымен үш отбасын қарсы алған Сарытоғайдың мектебі жаңа оқу жылына дайын. Мектеп директоры Индира Тоқмырзинаның айтуынша, 42 оқушы бар. 1-сыныпқа алты оқушы барады. Мектепте — 13 мұғалім, 7 кіші қызметкер жұмыс істейді.

Бұған дейін бұйығы жатқан ауылға жан кірді. Ауыл ортасындағы тау боп үйіліп жатқан бірнеше тонна қоқыс сыртқа тасылып, қазір оның орнына саябақ салу жұмыстары жүре бастады. Биылғы жылы Наурыз тойын дүркіретіп өткізу үшін ауылдың жастары бір қазанға қаржы жинапты. Індетке байланысты Наурыз тойы өткізілмеді. Ал ақша жинаулы күйінде қалды. Сол ақшаға ауылға келген екі отбасыға үй сатып әперген. Құжатқа кететін шығынды да ортақ қазан көтерген. Барлығын рәсімдеп, құжаттарын жаңа үй иелерінің қолына ұстатқан. Осы істің басы-қасында жүрген белсенді жас Есбол Мәуениязов қалған қаражатты ауылды абаттандыруға жұмсайтынын айтты.

Сарытоғай — киелі жер. Көпшілікке белгілі Нұрлепес әулиенің басына келіп, тәу етушілер қысы-жазы үзілген емес. Емшінің басына келушілерге арналып түнек үйі салынып жатыр. Демек, қонақтарды көбірек қарсы алатын ауылдың бақшасы пісіп, ағарғаны дайын тұрса, оны тұтынушылар да табылады. Ұзын жолдан ауылға дейін 3 шақырым көтерме жолды  асфалъттауға сметалық құжаттары жасалуда.

Алтықарасу алыс емес…

Аудан орталығынан 45 шақырым жердегі Алтықарасу селосына барсаңыз, жолдан еш қиындық көрмейсіз. Жап-жаңа асфальт ауыл шетіне дейін келіп тұр. Актив пен билайн ұялы байланыс желісі бар. Ендігі кезекте, соның толқыны айналадағы ауылдарға толық таралуы үшін қуаты күшейтілмек.

Ауыл әкімі Мақсат Әлішев ұзақ жыл мектеп директоры қызметін атқарған, сол ауылды бүге-шігесіне дейін білетін адам. Оның айтуынша, мектеп — ауылдың айнасы. Мұнда өзге ауылдарда кездесе бермейтін жақсы үрдіс бар. Сонау тоқырау кезеңінен бастап әр баланың жағдайына қатты мән беріледі.

Қиын кездері ұстаздар арасында жақсы үлгі қалыптасты. Жағдайы жақсы отбасылар балаларынан артылған киімді далаға лақтырмай, жуып, үтіктеп мектепке тапсырады. Оны аз қамтылған отбасының балаларына таратамыз. Қазір де ұстаздар бірігіп, өз қалталарынан ақша жинап оқу құралдарын алып беру, жаңа мектеп киімдерімен қамтуды жалғастырып келеді. Мектеп жыл сайын бақша салады. Соның өнімін сатып, балаларға тамақ қылып береміз. Әр ата-ана ай сайын 500 теңгеден береді. Сол ақша мен жаңағы бақшадан түскен пайданы жаратып, балалардың тамағын тоқтатқан емеспіз. Енді жылыжай салуды ойластырып отырмыз,  — дейді ауыл әкімі.

Алтықарасудың ажары кіріп келеді. Ауылдан шыққан азаматтар туған жерді көркейтуге үлес қосып жүр. Солардың бірі мектептің 2006 жылғы түлегі Мирас Сағынбаев ескі мешітті өз қаражатына жөндеп жатыр. Өзінің құрылыс бригадасымен келіп, еуропалық үлгіде іші-сыртын жаңартып, ауыл тұрғындарына ұсынбақ. Оған 1 миллион теңгеден астам қаражатын жұмсаған. Ұлы Отан соғысынан кейін, ұзақ жыл ауылда жауапты қызметтер атқарған еңбек ардагері Қаблен Бақаев атындағы көше бар. Қ.Бақаевтың немересі Базарбек Асанғалиұлы сол атасының атындағы көше шамдар орнатты. Тұрғындардың күткені көгілдір отын болса, оның да ауылы алыс емес. Округке келетін газ құбырының жобалық-сметалық құжаттары дайындалуда.

«Алихан» алма бағын салады

Округте 48 шаруа қожалығы бар. Олар әр кез ауылішілік шараларда демеушілік жасаудан тартынған емес.

Солардың бірі — «Алихан» шаруа қожалығы. 1998 жылдан бастап мал өсірумен айналысып келеді. Ағайынды егіз жігіттер Ерболат пен Бекболат Нұрмұхановтар ауылдан 12 шақырым жердегі Ұлы Қарағандының өрісін асылтұқымды ірі қарамен толтырып отыр.  Ірі шаруа қожалығы ең алдымен тазалыққа мән берген. Айдаладағы мал қоралар мен аулалары тап-таза, артық жатқан бір зат көрмейсің. Сырттан қарағанда шаруа қожалығы қызу тірлігімен далаға жан бітіріп отыр. Малшыларына арнап екі үй салып берді. Жұмысшылар тұратын үйдің іші кірсе шыққысыз. Жаңа үлгімен жасалған. Күн сәулесінен қуат алатын қондырғы электр жарығымен толық қамтып тұр. Малшылар айдалада отырып «Отау» телеарнасынан барлық каналдарды көре алады. Тазалықты бірінші орынға қоятын қожалық иелерінің ұстанымы — жұмысшыларының жағдайын жасау. Бұрыннан келе жатқан малшысының айлығы — 150 мың теңге. 1 жылқышы, 4 сиыршы, 2 аспазшыға төленетін жалақы ешқашан кешіккен емес. Уәделі күнде қолдарына тиеді. Ал маусымдық жұмысқа 4 адам алады. Олардың еңбекақысы — 80 мың теңге. Жұмысшылардың үш мезгіл тамағы тегін. Оған қоса ұялы телефондарындағы бірліктерін де шаруа қожалығы өз мойнына алған.

«Алихан» шаруа қожалығы жаңашылдықты жолға қойған. Техникаларының барлығын бірдей жаңартты. Қазір 6 тракторы бар. Мемлекеттік бағдарламаларға қатысып асылтұқымды малдарын көбейтіп келеді. Етті бағыттағы «Әулиекөл» тұқымды сиырлары — табыстың көзі. Алты айлық төлінің өзі 250 келіге дейін тартады. Ал 3 жасар аталық малдар 500 келіге дейін құрайтын көрінеді.

Ал сүтті бағыттағы сементал тұқымының сиырлары бір сауғанда 10 литр сүт береді.

Келесі жылдан бастап ауылдан сүт өндіру цехын ашқым келеді. Оған қазірден бастап дайындалып жүрмін. Сүт өнімдерін халыққа ұсынып, өзіміздің өнімді сөреге шығарсам деймін. Шаруашылықты сыңарым Ерболат екеуміз алма-кезек қараймыз. Осы қос тұқымды сиырдың ерекшелігі — көп бап талғамайды. Қыста тоңбайды. Тек ықтасын болса, асты құрғақ болса, анау-мынау аязыңа мыңқ етпейді. 27 градус суықта төлдеп, бұзауын ертіп жүре береді. Сол себепті қораны қаңылтырдан саламыз. Ыссыны жаратпайды. Қотыр болып кетеді. Қыста сұлы береміз. Ал жазда өзіміздің өрісімізде жайыла береді. Осы малдарды қарайтын жұмысшыларымды ренжітпеуге тырысамын. Әртүрлі адам болады. Қазір менде малшыдан ешқандай мәселе жоқ, — дейді Бекболат Нұрмұханов.

Бекболат үнемі ізденісте жүретін жігіт. Сондықтан шаруашылығы алыстан көз тартады. Жақсы бастамаларға ақшасын аяп қалмайды. Шетелдік фермерлердің тәжірибесін көп қолданады.

Шаруа қожалығының басын алма баққа айналдырмақ. Оған тиесілі 1 гектар жерді қоршап қойды. Енді жеміс ағаштарын егу ғана қалды. Көктемде сай табанынан ағатын суды бөгеп, тоған салу ойында бар. Әйтпесе қырдан, жоғарыдан келетін су босқа ағып кетеді екен.

«Бірдің кәсібі — мыңның нәсібі» дегендей оннан астам адамды жұмыспен қамтып отырған «Алихан» шаруа қожалығы қайырымды істерден қашқан емес. Малшыларына соғым да береді. Өткен жылы ауылдың малы жоқ бір адамына бұзаулы сауын сиырында әкеп берген. Алтықарасудың ортасында орналасқан ауылдың аты жазылған 800 мың теңге тұратын стеланың шығынын да өзі көтеріпті. Бұдан басқа ауылдың мәдени көпшілік шараларына демеушілік танытады.

Самат НАРЕГЕЕВ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button