Басты жаңалықтарӘлеумет

Шалғайдағы аудан: кешенді жоспар және жүйелі жұмыс

Шалғайдағы ауданның жағдайы қалай? Өркениет игілігінің бірі — орталықтандырылған ауызсу мәселесі қалай шешілуде? Жергілікті маңызы бар жолдар мен ауылішілік жол сапасы қандай? 

Байғанин халқының тыныс-тірлігі туралы білмек ниетпен коммуналдық шаруашылық саласына жауапты қызметкермен сөйлескен едік. 

Ауызсумен қамту

Үкімет басшысы Асқар Маминнің тапсырмасына сәйкес 2023 жылы еліміздегі қала мен ауыл халқы толықтай таза ауызсумен қамтылуы тиіс. Бұл міндетті жүзеге асыру мақсатында ауданда көп жұмыс қолға алыныпты.

Жалпы Байғанинде 23елді мекен бар. Жұртшылықты ауызсумен қамтамасыз ету көрсеткіші — 79,2 пайыз (18 071 адам). Ал елді мекендер саны бойынша көрсеткіш — 39,1пайыз, яғни 9 елді мекенде орталықтандырылған ауызсу жүйесі жүргізілген.

Қазір Қаражар елді мекеніне су құбыры желісін тарту құрылысының жұмыстары «Жұмыспен қамту 2020-2021 жол картасы» мемлекеттік бағдарламасы аясында жүргізіліп жатыр. Жоба облыстық бюджеттен қаржыландырылды. Облыстық мемлекеттік сатып алу басқармасы өткізген «Арнаулы тәртіп» конкурсының қорытындысында «Техник» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жеңімпаз атанып, мердігер болды. Қазір құрылыс жұмысы қарқынды жүргізілуде. Су тарту жұмысын жыл соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр, — дейді Байғанин аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің бас маманы Мекемтас Сейітқазин.

Оның айтуынша, Қосарал елді мекенін орталықтандырылған су құбыры желісімен қамту мақсатында да құжат әзірленіпті. Қазірде салалық басқармаға өтінім тапсырылып, құрылыс жұмысын 2021 жылы бастау жоспарланған.

Аудан халқын ауызсумен қамту мақсатында көптеген жұмыстар жасалынып жатыр. Алтай батыр ауылы, Көкбұлақ және Қораши ауылдарын орталықтандырылған су құбыры желісімен қамту бойынша да жобалау-сметалық құжаттама әзірленіп, сараптаманың оң қорытындысы алынды. Алдағы уақытта салалық басқармаға (облыстық энергетика және тұрғынүй-коммуналдық шаруашылығы басқармасына) бюджеттік өтінім тапсырылатын болады.

Сонымен бірге басқарманың келісімімен 4 елді мекенге — Жаңатаң, Баршақұм, Дияр және Қопа ауылдарына — су құбырын тарту бойынша  жобалау-сметалық құжаттама әзірленіп жатыр. Құжат әзірлеуге 3 ай мерзім берілген болатын. Бұл жобалардың сараптамалық қорытындысыжыл соңына дейін алынады.

Осы аталған жобалардың барлығы да облыстық энергетика және тұрғынүй-коммуналдық шаруашылығы басқармасына 2021-2022 жылдарға республикалық бюджеттен құрылыс жұмыстарына қаражат бөлуге ұсынылатын болады, —дейдіМекемтас Сейітқазин.

Оның айтуынша, жоғарыда аталған елді мекендердің барлығына орталықтандырылған ауызсу тартылған жағдайда аудан халқының 93,8 пайызы (!) орталықтандырылған ауызсумен қамтылады екен. Ал елді мекендер бойынша көрсеткіш — 78,3 пайыз. Яғни аудандағы 23 ауылдың 18-інде су жүйесі тартылатын болады.

Үкімет басшысы Асқар Маминнің тапсырмасына байланысты халық саны 200 адамнан кем елді мекендерде жергілікті бюджет есебінен сумен жабдықтау жүйесінің жергілікті түрлерін орнату (жеке ұңғымалар) ұсынылатын болады.  Бұл жобаға қалған 5 елді мекен — Ақтам, Айрық, Көптоғай, Жыңғылдытоғай және Шұқырши ауылдары кіреді, — дейді Мекемтас Сейітқазин.

Жергілікті маңызы бар жолдар

Аудан бойынша жергілікті маңызы бар автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы — 397,945 шақырым. Оның 23,1 пайызы жақсы және қанағаттанарлық жағдайда екен.

Облыстық салалық басқарманың 2019-2025 жылдарға арналған жол инфрақұрылымын дамытудың кешенді жоспары бар. Соған сәйкес аудан жолдарының сапасын арттыру мақсатында көптеген жұмыстар жоспарланып отыр. Автокөлік жолдарының жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы үлесін 2025 жылы 95 пайызға жеткізу міндеті тұр. Осы мақсатта бірқатар жұмыстар қолға алынды. Мысалы, Қарауылкелді-Жарқамыс (20-35 шақырым және 35-50 шақырым, Қарауылкелді-Алтай батыр-Миялы-Оймауыт (0-31 шақырым) жол учаскелерінің жобалау-сметалық құжаттамасы әзірленіп, сараптаманың оң қорытындысы алынды, — дейді Мекемтас Сейітқазин.

Биыл қаңтар айында облыстық салалық басқармаға республикалық немесе облыстық бюджеттен қаражат қарастыру мақсатында бюджеттік өтінім тапсырылыпты. Бұл бағыттағы жолдардың құрылыс жұмыстары келесі жылы басталады деп жоспарланып отыр. Осы әзірленген жобалар жүзеге асырылған жағдайда жергілікті маңызы бар автомобиль жолдарының жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы үлесі 46,9 пайызға жетеді.

Кешенді жоспарға сәйкес алдағы уақытта автомобиль жолдарының қалған шақырымдарына жобалау-сметалық құжаттама жасалады. Сөйтіп, міндетті межеге қол жеткіземіз, — дейді Мекемтас Сейітқазин.

Ауылішілік жолдар

Былтыраудан орталығы Қарауылкелдіде ауылішілік 4 көшенің құрылыс жұмыстары басталыпты. Олар: С.Ешпаев көшесінен Асау батыр көшесіне дейінгі, М.Мәметова көшесі, Барақ батыр көшесінен Ақтөбе-Атырау тасжолына дейінгі және Ақтөбе-Атырау тасжолынан Барақ батыр көшесіне дейінгі жолдар. Бұл бағыттағы жұмыстар биыл жыл соңына дейін пайдалануға беріледі.

Өткен жылы Қ.Жазықов, Переезд-2, Ж.Айжарықов және Ә.Молдағұлова жолдарының жобалау-сметалық құжаттамасы әзірленіп, сараптаманың оң қорытындысын алған.

Қазір Қожабай Жазықов және Переезд-2 көшелері «Жұмыспен қамту 2020-2021 жол картасы» мемлекеттік бағдарламасы аясында жүзеге асырылып жатыр. Қалған екі көше бойынша облыстық салалық басқармаға бюджеттік өтінім тапсырылды. Жоспарға сәйкес келесі жылы іске асырылатын болады, — дейді Мекемтас Сейітқазин.

Оның айтуынша, биыл Қарауылкелді ауылындағы 5 көшеге — Қ.Жазықов көшесінің екінші бөлігі, С.Бәйішев, Д.Қонаев, Барақ батыр көшесінен Солтүстік-3 көшесіне дейін және Барақ батыр көшесін қайта жаңарту үшін жобалау-сметалық құжаттама әзірленіп жатыр. Сондай-ақ Жарлы ауылындағы Қ.Боқанов көшесіне, Ноғайты ауылындағыБейбітшілік көшесіне де жергілікті бюджеттен қаражат бөлініп, жобалау-сметалық құжаттама дайындалуда.

Жаяу жүргіншілер жолын салу да назардан тыс қалмапты. Қарауылкелді ауылындағы Т.Жармағамбетов және Солтүстік-3 көшесіне жаяу жүргіншілер жолын салу мақсатында жобалау-сметалық құжаттама жасалып жатыр екен.

Барлық жобалардың жобалау-сметалық құжаттамалары көпке созылмай дайын болады. Жыл соңына дейін осы аталған жобалар бойынша сараптаманың қорытындысын алуды жоспарлап отырмыз, — дейді бас маман.

P.S.

Облыс орталығынан шалғайда орналасқан аудан тірлігі осындай. Аудан халқы таза су мен жол мәселесінің шешілетініне сенеді.  

 Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button