Пікір

Ел ертеңі үшін тиімді салық жүйесін құру керек

Арман Жылгелді,
“Айбар-А» ЖШС директоры, «Атамекен» КП-ның «Сауда және қызмет көрсету» салалық кеңесінің төрағасы.
Елімізде төртінші жыл қатарынан Ұлттық құрылтай өтіп жатыр. Құрылтайға қатысушылар еліміздің дамуына қатысты маңызды мәселелерді талқылап, өзекті проблемаларды шешу жолдарын ұсынды. Бұл — билік пен қоғам арасындағы ашық әрі тиімді диалогтың көрінісі.
Құрылтай барысында жас ұрпақ тәрбиесі, кино мен мультфильмдердің сапасы, интернет-алаяқтар мен коучтар, салық жүйесін құру және тағы басқа мәселерге қатысты ел Президентінің айтқан сөздері өте орынды әрі маңызды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, әділ әрі тиімді салық жүйесін құру еліміздің болашағына, кейінгі ұрпақтың тұрмысына тікелей әсер ететінін ұғынған жөн. Расында да әділ әрі тиімді салық жүйесі — еліміздің экономикасын дамытуға, азаматтардың тұрмыс сапасын арттыруға және әлеуметтік әділеттілікке қол жеткізуге бағытталған негізгі факторлардың бірі.
Қазіргі таңда бизнестің барлық саласы заңды әрі адал жұмыс істеуі қажет екені белгілі. Заңға бағынатын кәсіпкерлер ғана қоғамға пайдалы, әрі экономикаға оң әсерін тигізбек.
«Билік бизнеске қолдау көрсетіп келді, көрсете де береді. Бұған күмән болмауға тиіс. Бірақ бизнестің өзі заңды және заңсыз болады. Біз заңды сақтау, тәртіпке бағыну керек деп жатамыз. Ендеше Үкіметтің және жалпы биліктің қолдау шараларының игілігін, бірінші кезекте, адал әрі жауапты, ең бастысы, заң аясында жұмыс істейтін кәсіпкерлер көруге тиіс. Салық реформасына келсек, батыл шараларды дәл қазір қабылдау керек. Әйтпесе, бұдан да зор қиындыққа тап боламыз», — деді Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық Құрылтайда.
Президенттің бұл сөзі салық реформасының маңыздылығын және оны халыққа дұрыс түсіндіру қажеттігін көрсетеді. Үкіметтің кәсіпкерлікті қолдауы өте маңызды, бірақ бұл қолдау тек заң аясында, адал әрі жауапты түрде жұмыс істейтін кәсіпкерлерге берілуі керек. Осы ретте салық реформасының батыл әрі шұғыл қабылдануы қазіргі таңда аса қажет.
Мемлекеттің қаржылық тұрақтылығы, әлеуметтік міндеттемелерді орындауы — барлығы тиімді салық жүйесіне тікелей байланысты. Ал әрбір кәсіпкер мен азаматтың міндеті — тек өз жұмысының нәтижелі болуына емес, сонымен қатар еліміздің экономикалық жағдайына да жауапкершілікпен қарауы тиіс.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button