Басты жаңалықтар

Жол апаты неге көп?

Былтыр облыста жолапаты салдарынан 166 жолаушы көз жұмған. Сондай-ақ 2418 адам жарақат алған.Статистикаға сүйенсек, жол-көлік оқиғаларының дені халықаралық және республикалық жолдарда болып отыр. Осы мәселеге қатысты жауапты мамандармен және көлік жүргізушілерімен тілдескен едік…

Бір айда 5 адам көз жұмған

Полиция қызметкерлері жол-көлік оқиғаларының көбеюіне жүргізушілердің жол ережесін бұзуы және облыс аумағымен жүретін транзиттік көліктер санының артуы себеп болып отырғанын айтады. Мәселен, өткен жылы облыста 1766 жол апаты тіркелсе, биыл бір айдың ішінде 73 жол-көлік оқиғасы болған.

Облыстық полиция департаменті жергілікті полиция басқармасының жол қауіпсіздігі бойынша ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы, полиция майоры Асылхан Бекбосыновтың айтуынша, облыста болған жол апатының көбі халықаралық және республикалық маңызы бар жолдарда тіркелген.

Жыл басынан бері өңірімізде болған 73 жол-көлік оқиғасының салдарынан 5 жолаушы көз жұмып, 118 адам әртүрлі дене жарақатын алды. Ал былтыр жол апатысалдарынан 166 жолаушы көз жұмған болатын. Бұған басты себеп — көлік қарқындығының көптігі, жүргізушілердің жылдамдықты асырып, көлік құралын жүргізуі, жол ережесін сақтамауы, — дейді ол.

Полиция майорының айтуынша, бүгінде облыс аумағындағы Самара-Шымкент халықаралық тасжолымен күніне 16 мыңнан астам көлік жүреді. Қазіргі таңда транзиттік көліктер саны көбейген. Сол себепті осы жолмен жүретін шетелдік көліктердің қатысуымен жол апаттары жиі тіркеледі.

Былтыр департаменттің қызметкерлері аталған тасжолдағы жүк көлігінің кептелісін азайту және жол-көлік оқиғаларының алдын алу мақсатында «ҚазАвтожол» мекемесінің мамандарымен бірге түнгі уақытта рейдтік іс-шаралар ұйымдастырып, жүргізушілерге ыстық шай, кофе таратып, олардан демалып алуларын сұрап, түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, жол ережесін бұзбауға шақырды. Сондай-ақ жедел жәрдем көліктерімен бірлесіп, жүргізушілердің қан қысымын тексеріп, медициналық тексерулер өткіздік. Мұның бәрі шетел және ел азаматтарының жолда шаршамай, уақтылы тынығып, жол ережесін бұзбай, жол апатына жол бермеуінің алдын алу үшін ұйымдастырылды,— дейді Асылхан Бекбосынов.

Қазіргі таңда полиция департаментіқызметкерлері облыс арқылы өтетін, транзиттік көліктер көп жүретін «Жайсаң» бекетінде күнделікті алдын алу шараларын жүргізіп, жүргізушілерге жадынамалар таратып жатыр. Сондай-ақ шетел азаматтарына облыс аумағындағы демалатын орындар мен қауіпті жолдар туралы мәлімет беріп, түсіндірме жұмыстарын жүргізуде. Мұндағы басты мақсат — жол апатының алдын алу және оны болдырмау.

Былтыр жыл соңында жол апатының алдын алу және қайғылы оқиғалар салдарынан көз жұмғандарды еске алуға арналған акция өткіздік. Акция аясында жол-патрульдік полиция қызметкерлері қан тапсырып, көшелерде түсіндіру жұмыстарын жүргізді, эвакуаторлармен қала ішін аралап, жүргізушілерге көмек қолын созды. Сондай-ақ арнайы оқу орындары мен мектептерге барып, оқушылармен кездесті. Бұдан бөлекқараша айында республика аумағында «Құқықтық тәртіп» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілді. Осы іс-шара аясында полиция қызметкерлері республикалық, облыстық маңызы бар жолдарда жол ережесін бұзғандарды ұстады. Мәселен, қазіргі таңда департамент қызметкерлері ірі жолдардағы көлік қозғалысын үнемі бақылап отырады. Алдағы уақытта осы орайда патрульдік көліктер мен қызметкерлер санын көбейту жоспарда бар. Мұндағы мақсат — жолдағы тәртіпті сақтау, жолаушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және жол ережесін бұзғандарды анықтау. Бір айта кетерлігі, қазір облысымызда қызметтік көлік тапшылығы жоқ. Ал қосымша қызметкерлер санын көбейту мәселесі облыс әкімдігінде қаралып жатыр,— дейді полиция майоры.

Айта кету керек, бүгінде облыста 15 «Автоураган» көлігі бар. Осы көлік жүйесінің көмегімен құжатсыз көлік басқарған және ереже бұзған жүргізушілер анықталады.

Балалар қауіпсіздігі неге сақталмайды?

Өкінішке қарай, соңғы жылдары облыста жол-көлік оқиғалары салдарынан балалардың зардап шегуі көбейіп отыр. Қазір құқық қорғау органдарының өкілдері мектептер мен колледждерде жиналыстар өткізіп, түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Дегенмен одан нәтиже аз. Былтыр мектеп оқушылары жарысқа және басқа да іс-шараларға бара жатып, жол апатынан көз жұмды. Мұның барлығыжауапты мекемелердің полиция қызметкерлерінің көмегінсіз балалар тасымалын ұйымдастыруынан және ата-аналардың балалардың қауіпсіздігіне немқұрайды қарағанынан болып отыр.

— Кез келген көлік құралында бала арнайы орында отыруы керек. 12 жасқа дейінгі балалар арнайы авто орындыққа отырғызылуға тиіс. Баланы ата-анасы алдына отырғызуы дұрыс емес. Көп ата-ана көлікке артық адам алады да, баланы алдына отырғызып алып жүреді немесе авто орындық қолданбайды. Осының салдарынан балалардың өміріне қауіп төнеді. Мәселен, жол ережесін қатаң сақтамай, балалардың қауіпсіздігіне немқұрайды қарағанның салдарынан былтыр облыс аумағында 500-ден астам жол апаты тіркеліп, соның салдарынан 25 бала көз жұмды. 600-ден бала әртүрлі дене жарақатын алған. Атап айтсақ, өткен жылы тамыз айында Әйтеке би ауданынан Ақтөбе қаласына бағыталған көлік жол апатына ұшырап, 8 адам қаза тапты. Оның үшеуі— бала. Тамыз айында Ойыл ауданының тұрғындары Қобда тас жолы маңында жол апатына ұшырап, бірнеше бала көз жұмды. Жалпы, былтыр осындай деректер көп тіркелді. Мұның барлығы облыстағы бірқатар аудандард абалаларды тасымалдау туралы ереженің тиісті дәрежеде орындалмауынан болып отыр. Бұл оқиғаларда көп жағдайда жауапты мекемелер полицияға хабарламай, балаларды такси жалдап апарған. Мұндайоқиғалар 2023 жылыЫрғызауданындаболған. Сондықтан біз алдымен,ата-аналарға балаларының қауіпсіздігін ойлап, оқушылар тасымалына немқұрайды қарамауын сұраймыз. Балалардың жыл сайын жол апатының салдарынан көз жұмуы—өте қайғылы жағдай, бұл— үлкен трагедия,—дейді полиция майоры.

Оның айтуынша, соңғы кезде Ақтөбе қаласында жаяу жүргіншілер жолында көлік қағып, қаза болғандар саны көбейген. Мәселен, былтыр облыс орталығында 220-дан астам жол апаты болып, соның салдарынан 17 адам көз жұмған, 210 адам жарақат алған. Оның 4-еуі — бала.

Жол-көлік оқиғасының алдын алу бағытында қазір қала ішіне бағдаршамда рқойылып жатыр. Сондай-ақ 2024 жылы Ақтөбе қаласындағы 66 учаскеде жылдамдық режимін бекіту бейнекамералары іске қосылды. Бұл камералар іздеуде жүрген, айыппұлын төлемеген, бағдарда тұрған, жалған мемлекеттік тіркеу нөмірін таққан автокөліктерді анықтайды.Негізі, мұндай камералардың бізге көмегі көп. Өйткені қала ішінде бұрын бір тәулікте 30-40 жол апаты тіркелсе, қазір олардың саны едәуір азайды,— дейді Асылхан Бекбосынов.

Оның айтуынша, былтырданбастап елімізде жол апатына қатысты статистика жүргізу тәртібі өзгерген. Мәселен, бұрын жол апатына түскен жолаушы бір тәуліктен артық ауруханаға жатпаса, ол зардап шегуші ретінде есепке алынбайтын. Қазір ауруханаға барып, медициналық көмекке жүгінген кез келген адам есепке алынады. Содан болар, облыста жол апатынан зардап шеккендер саны көбейіп отыр.

Жүргізушілер не дейді?

Ақтөбе қаласы мен Ырғыз ауданының арасына қатынайтын такси жүргізушісі Жеңіс

Сырлыбаев жол апатына ең әуелі жүргізуші кінәлі екенін айтады. Себебі жылдамдықты асырып, қарсы бетке шықпасаң, ұзын жолда қауіп жоқ.

Көп жағдайда жас жігіттер қызуқандылықпен, асығыстықпен жылдамдықты асырып, қарама-қарсы бетке шығып, ережені бұзады. Соның салдарынан жүк көлігіне немесе өзге көлікке барып соғады. Ал оған кім кінәлі? Әрине, өзі. Себебі жауапкершілік алдымен жүргізушіде. Сондықтан жастар көлік тізгінін ұстағанда барынша сабырлы, тиянақты, сақ болғаны дұрыс. Менің такси жүргізушісі болып қызмет етіп жүргеніме он шақты жыл болды. Осы уақыт аралығында ешқашан заң бұзып, жол-көлік оқиғасына тап болған емеспін. Оған басты себеп — көлікті асықпай, ұқыпты жүргізуім, — дейді ол.

Күн сайын 400-450 шақырым жол жүріп, жолаушыларға қызмет ететін такси жүргізушісі қазір республикалық, облыстық жолдарда көліктердің көбейгенін айтады. Сондай-ақ түнгі мезгілде жол жүру қыс айларында өте қауіпті екенін жеткізді.

Оның айтуынша, қаншалықты асықсаң да, шаруаң болса да, алыс жолға күн жарықта шыққан тиімді. «Қауіп аяқ астында» демекші, жүргізушінің өз жұмысына тиянақты әрі сақтықпен қарауы жолаушының қауіпсіздігіне барынша ықпал етеді.

Ал Ақтөбе қаласының тұрғыны Айқын Сермағанбеттің айтуынша, өңірде жол апатының көбеюіне көлік ағынының артуы себеп болып отыр.

Қазір әрбір үйде кемі бір-екі көліктен бар. Барлық тұрғын үйдің ауласы толған көлік. Кәрі де, жасы да темір тұлпар тізгіндеуге құмар. Алайда балалар мен қариялардың қауіпсіздігін ойлап жатқандар аз. Полиция қызметкерлері ереже бұзғандарды ұстап, оларға айыппұл салғанымен, нәтиже аз. Себебі жүгенсіз жүргізушілер көбейіп барады. Соның салдарынан жол-көлік оқиғасынан зардап шегіп жатқандар көп. Қазір қала ішінде жол апаты көбейген. Себебі алды-артына қарамастан, асығып жүретіндер, жылдамдықты асырып, жаяу жүргіншілерді өткізбейтіндер жетерлік. Осы тұрғыда алдағы уақытта жүргізушілерге қатаң талап қойып, олардың кәсібилігі мен білімін тексеру керек деп ойлаймын. Жүргізуші куәлігін кез келген адам ала алмауы керек. Емтихан тапсырып, білімін дәлелдегендер ғана көлік жүргізуі керек, — дейді қала тұрғыны.

Айта кету керек, Айқын Сермағанбеттің көлік жүргізгеніне отыз жылға жуық уақыт болған. Тәжірибелі жүргізуші бірде-бір рет заң бұзбапты.

P.S. Қалай десек те, соңғы жылдары өңірімізде жол апаты көбейді. Соның салдарынан көз жұмғандар саны азаймай отыр. Олардың ішінде балалар да бар. Алдағы уақытта бұл мәселенің алдын алмасақ, ұзын жолда қаза болатындар азаймайды. Бұл тұрғыда ішкі істер органдары мен құзырлы мекемелер бірлесіп, мәселенің себебімен күреспесе болмайды.

Данагүл ҚАЗИХАН.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button