Басты жаңалықтар

Азық-түлік қауіпсіздігі: біздің мамандар нені ескеруі керек?

Облысқа БҰҰ-ның азық-түлік және ауылшаруашылық ұйымының (ФАО) өкілдері келіп, жергілікті ветеринарларға эпидемиологиялық бақылауды күшейтудің озық әдіс-тәсілдерін ұсынды. Мал дәрігерлеріне арналған семинарда эпидемиологиялық ахуалды қадағалаудың жаңа технологиялары да көрсетілді.

Штабы Италияның Рим қаласында орналасқан БҰҰ-ның азық-түлік және ауылшаруашылық ұйымы әлем бойынша осы саладағы ауқымды мәселелерді көтеріп, шешу жолын қарастырады. Аталған ұйымның қазақстандық өкілдері бірнеше облысты аралап, тәжірибесімен бөлісіп жүр. Аймаққа арнайы келген кеңесшілермен кездесуге әр ауданнан 20-дан аса маман қатысты.

Бұл —«Орталық Азиядағы «Біртұтас денсаулық» бағдарламасы негізінде пандемияға дайындық және оған қарсы күрес шаралары» аясында ұйымдастырылған арнайы жоба. Аталған жоба ветеринар дәрігерлердің кәсіби біліктілігін арттырып, жұқпалы ауруларды дер кезінде анықтауға бағытталған. Басқосуға қатысқан облыстық ветеринария басқармасының басшысы Айбек Сембайдың айтуынша, өңірде эпизоотиялық ахуал тұрақты.

Бүгінде облыста 619 193 мүйізді ірі қара мал, 1 250 319 ұсақ мал, 369 863 бас жылқы, 25 059 бас түйе және 2488 шошқа есепке алынды.  Биыл төрт түліктің жаңа туған төлдерін бірдейлендіру үшін облыстық бюджеттен 224 921 мың теңгеден астам теңгеден астам қаражат бөлінді, — деді ол.

Былтыр жыл соңына дейін өңірде жануарлар мен құстарды аса қауіпті 17 ауруға қарсы вакцинациялау бойынша 9 652 780 манипуляция жүргізіліп, жоспар толығымен орындалған.

Қатысушылардың кәсіби біліктігін арттыруға бағытталған семинар екі бөлімнен тұрды. Алғашқысы теориялық білімге, екінші бөлім практикалық жұмыстарға арналды. Мал дәрігерлеріне жұқпалы ауру­лардың алдын алудың әдіс-тәсілдері айтылған семинар сала мамандарына өте пайдалы болды.

Бұл ұйымның негізгі мақсаты —азық-түлік өнімінің сапалы әрі қауіпсіз болуын қамтамасыз ету. Бүгінде құрамында 190-нан астам ел тіркелген техникалық ұйым аграрлық секторды дамыту үшін барынша қызмет етіп келеді.  Қазақстан бұл ұйымға 1997 жылы кірді.

Біздің осы бастамамыз еліміздегі эпизоотиялық қадағалауды күшейтуде маңызды рөл атқарады. Бұл салғырттықты кешіретін сала емес. Бұл сала мұқияттылық пен кәсібилікті талап етеді. Ол, ең бірінші, биологиялық материалдан сынама алудан басталады. Егер сынама дұрыс алынбаған жағдайда нәтиже теріс болуы мүмкін. Соның салдарынан адамзатқа қауіп төніп, жұқпалы ауру жайылуы ықтимал. Сондықтан бүгінгі семинарда қатысушылар зерханалық диагностика үлгілерін жасау, орау, тасымалдау және өңдеу тәжірибесін жетілдіреді, — деді БҰҰ-ның азық-түлік және ауылшаруашылығы ұйымының үйлестірушісі Лейла Аңсабаева.

Көктем мезгілі жақындады. Яғни ауыл шаруашылығы үшін маңызды кезең басталмақ. Өйткені көктем басталысымен ауыл шаруашылығы жануарларына диагностикалық және емдік-профилактикалық іс-шаралар жүргізіледі. ФАО-ның ұлттық кеңесшісі Ербол Қамсиевтың айтуынша, адамға аурудың 60 пайызға жуығы малдан жұғады.

Жалпы, ірі қара малына диагностикалық зерттеу жүргізу үшін қан сынамасын алу — маңызды қадам. Бұл процедура жануарларға ауырлық туғызады, кейде мал жарақат алып жатады. Бүгінде мал шаруашылығына жаңа, жарақатсыз қан алудың жолдары енгізілді. Ұлттық ұйымның бекіткен шешіміне сәйкес вакуумдық шприц-контейнерлерді қолдану  сынама алудың жолын жеңілдетті. Бұл жерде тек  сынама алудың жеңілдігі ғана емес, аталған құралдар арқылы талдау алдындағы қауіпсіздікті арттыруға, әртүрлі инфекциялық аурулардың қаупін азайтуға болады, — деді Е.Қамсиев. Сонымен қатар кеңесшілер мал дәрігерлері ескере бермейтін сынама алу кезіндегі дайындыққа толық тоқталды. Ол — арнайы киімді киіп-шешкендегі қателіктер. Күрделі жұмыс болмаса да, бұл сынама алудағы ең басты ереже дейді сарапшылар. Қолды залалсыздандырып, көзге тағатын көзілдіріктен бастап, бір рет қолданатын аяққапқа (бахила) дейін киюдің тәртібі бар. Сынама алынған соң шешілген киімдерді тәртіп бойынша Б-классты қоқыс жәшігіне салады. Бұл, әсіресе ауылдық жерлерде бір реттік шприцтермен сынама алатын мал дәрігерлеріне қатысты. Өйткені процесс кезінде қан шашырап, адам мен жануар арасында инфекциялық аурудың қаупі артады екен.

Жануарлардан сынама алу таңертеңгі уақытта, яғни суарып, жемдемес бұрын жүргізіледі. Үш реакциямен сынама алынатындықтан, ірі қара малдан 7-10 миллилитр қан алынады. Алынған қанды құятын құтылар да залалсыздандырылған болуы қажет. Егер құты салқын жерде тұрған болса, оны жылытып барып пайдалану маңызды. Әйтпесе құты ішіндегі арнайы сұйықтық дұрыс ерімей, қанды құйған кезде бетіне тек суы шығып, теріс нәтиже көрсетуі мүмкін. Сондай-ақ сынама үшін алынған қанды тоңазытқышқа сақтап, бір реттік тексеріске қолдануға болады. Оны қайта-қайта шығарып, жібітетін болса, жарамсыз күйге түседі. Сондықтан біздің әрбір қимыл-қозғалысымыз ептілік пен жауапкершілікті талап етеді, — деді ФАО-ның ұлттық кеңесшісі.

Сарапшылардың кеңесіне жиналған жергілікті мал дәрігерлері өздері біле бермейтін тәсілдермен де танысты. Мәселен, мамандар сақтану іс-шараларын толық біле бермейтіндіктерін байқағандығын айтады.

Алдымызда сынама алып, жұқпалы ауруларға қарсы екпе салу маусымы келе жатыр. Ауданда 20 мыңға жуық ірі қара, 22 мың қой-ешкі тіркелген. Ауданда ахуал тұрақты. Семинардан теориялық білім ғана емес, сонымен қатар ақпаратты тәжірибемен бекітуді үйрендік. Сондай-ақ эпиде­мио­логиялық сын-қатерлерде жыл­дам әрекет етіп, жұқпалы ауруды тежеу жолдарын меңгердік.

Ол үшін не істеу керектігі семинарда толықтай айтылды. Біз мән бермейтін тұстар да бар екен. Мәселен, сібір жарасы болуы мүмкін деген жануардың өлексесін сойып, сынамасын алып, зертханаға апаруға асығамыз. Бірақ ауруы болуы мүмкін деп, өлексесін сою бекершілік екен. Тек құлағын кесіп, арнайы ерітіндісі бар стерильді қалташаға салып, зертханаға жөнелткен дұрыс. Құлақ кесілген жерден инфекция тарамас үшін міндетті түрде күйдіру керек екен. Кәсіби маман болу тәжірибе арқылы келетін процесс. Сондықтан осындай кездесулер жиі болса екен деймін. Қағазға түртіп алған дерегім көп. Енді аудан халқының азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуде үйренген тәсілдерімді қолданып, жас мамандармен де бөлісемін, — деді Мәртөк ауданының ветеринарлық фельдшері Нұрқабыл Танауов.

Мамандар білуге тиіс осындай шарттар семинар барысында көп айтылды. Тренингтің практикалық бөлімі Жарық ауылындағы «Айбек» ауылшаруашылығы өндірістік кооперативінің мал сою бекетінде жалғасты. Мамандар мал сою алаңында тірі және сойылған мал мен құстан сынама алу әдістерін көрсетті.

Мал сою бекетінің іші кең әрі таза. Күніне 15-тен аса, кейде тіпті екі есе көп мал сойылатын цехта 10-нан астам қызметкер жұмыс істейді. Олардың жұмысын бақылауға және БҰҰ-ның азық-түлік және ауылшаруашылық ұйымының өкілдерімен кездесуге облыстық мәслихаттың бюджет, өңірлік және салалық даму жөніндегі тұрақты коммисиясының төрағасы Нұрлан Махамбетов бастаған бір топ депутат келді.

Облыста мал ұрлығының алдын алу және эпизоотиялық ахуалды тұрақтандыру мақсатында 141 ауласы бар мал қамайтын орын (раскол) пайдаланануға берілді. Сонымен қатар  облыс бойынша 15 мал сою пункті және 15 мал сою алаңдары тіркелген. Барлығы талапқа сай қызмет көрсетіп келеді, — деді Нұрлан Махамбетов.

Аталған цех алдымен малды санитарлық талаптарға сай сойып, ішек-қарнын, өкпе- бауырын тексереді. Аурудың бар-жоғын тексергеннен кейін анықтама қағаз тағайындап, малдың иесіне береді. Талапқа сай болса ғана әрі қарай сатылымға жөнелтіледі. Егер ауру белгілері болса, сатылымға шығаруға тыйым салынып, арнайы пунктке етті өткізеді екен.

Осы уақытқа дейін келеңсіз жағдайға тап болып көрмедік. Малдың барлық ішкі құрылысын тексерістен өткізіп, сынама алу менің мойнымда. Бүгін осы тәжірибемді ұлттық ұйымнан келген мамандарға, семинарға қатысушыларға көрсеттім. Алдымен таза жерге малдың етін, ішкі мүшелерін шығарып, жайып, мұқият сипап, қолға ілінген бездерді қарап, сынама аламыз. Мәселен, өкпені қарап болған соң, қолымызды арнайы суға салып тазалаймыз. Келесі ағзаны тексеру кезінде қол таза болуы керек. Сол тәрізді тірі құстан сынама алу кезіндегі мәселелер де қарастырылды, — деді «Айбек» АӨК-нің  ветеренарлық дәрігері, лаборант Нұрбол Әбдісапар.

Семинарға қатысушы мал дәрігерлері практикалық сабақта көрсетілгендей киініп алған соң, сынама алу тәжірибелерін тексерді. Сойылған малдан сараптама нәтижесін шығарып, тірі мал және құстан сынама алып көрді.

Жалпы, облыс бойынша 56 типтік мал қорымы, 122 сібір жарасының көміндісі тіркелген. Көрсетілген сібір жарасының  көміндісі «Мемлекеттік жер кадастрының автоматтандырылған ақпараттық жүйесі» деректер базасына енгізілген.

Біліктілігін арттыруға келген 23 қатысушыға арнайы сертификаттар табысталды.

Айта кетейік, Ақтөбе облысы бойынша 2022-2024 жылдарға арналған типтік мал қорымдарын салуға «Жол картасына» сәйкес бюджеттен 141, 879 млн теңге қаражат бөлініп, құрылыс жұмыстары сәтті аяқталған. Былтыр  Ырғыз, Мәртөк, Ойыл аудандарында бес бірдей ветеринарлық пункт ғимараты пайдалануға берілді. Бүнгінде облыстың бірқатар ауданында 9 модульдік ветеринариялық пункт сатып алу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар  өткен жылы  ветеринариялық стансалардың материалдық-техникалық базасын жаңарту үшін облыстық бюджеттен 367,8 млн теңге қаражат бөлініп, 40 автокөлік, 18 компьютер сатып алынған.

Айдана АЛТЫБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button