Қысқы спорттың келешегі

Облыстық спорт басқармасының мәліметінше, бүгінде облыста 10015 адам бұқаралық спорт түрлерімен (биатлон — 27, мәнерлеп сырғанау — 720, шайбалы хоккей — 1220, шаңғы жарысы — 7257, конькимен жүгіру — 372, шорт-трек — 419) шұғылданады. Күні кеше облыс әкімі Асхат Шахаров өңірдегі спорт кешендерінің жұмысымен танысып, бұқаралық спортты дамыту мәселелерін назардан тыс қалдырмайтынын айтқан-ды. Осы орайда хоккейшілер мен шорт-трекшілерді мәнерлеп сырғанауға бала кезден даярлайтын №5 «Олимп» балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің мамандарымен сұхбаттасып, шорт-трек спортының өңірдегі даму қарқыны төңірегінде сұраған едік.
Чемпиондарды шыңдаған спорт мектебі
Қысқы спорт түрлерімен айналысатын жастар қатарын көбейту, талантты спортшылар тәрбиелеу мақсатында 2018 жылы №5 «Олимп» балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі ашылды. Спорт мектебі содан бері жас жеткіншектерді бұқаралық спорт түрлеріне баулып келеді.
— Спорт мектебі 3 бағытта жұмыс істейді. Мұнда мәнерлеп сырғанауға — 4-5, шорт-трекке — 7-12, шайбалы хоккейге — 4-8 жас аралығындағы балалар қабылданады. Бүгінде шайбалы хоккей секциясында — 124, шорт-трек секциясында — 63, мәнерлеп сырғанау секциясында — 151 бала тәлім алып жатыр. Оқуға қабылданар кезде оқушылар, ең алдымен, медициналық тексерістен өтеді. Қазір мектебімізде 338 бала жаттығып, жарыстарға дайындалып жүр. Балаларға, ең алдымен, мәнерлеп сырғанаудың қыр-сырын үйретеміз. Шорт-трек секциясында аға жаттықтырушы Владимир Чеботарев, жас маман Ақберен Маратұлы сынды жаттықтырушылар сабақ береді. Бір қуантарлығы, қазір мектепте жаттығып жүрген балалардың дені — қазақ балалары. Саян Бұхарбаев, Болат Намет, Бекзат Құрманов, Саят Намет және басқа да оқушыларымыз ел біріншіліктерінде нәтижелі ойын көрсетті. Мектебімізде Даниял Бақытов, Дамир Құрманов, Жанғали Мұхамеджан, Тимур Оразымбетов сынды спорт шеберлігіне үміткер спортшыларымыз да бар, — дейді спорт мектебінің оқу ісі жөніндегі орынбасары Ақмарал Қарымсаққызы.
Ақмарал Орынбасардың айтуынша, облыста спортшыларды қысқы спорт түрлері бойынша даярлайтын екі мектеп бар. Оның бірі — Қысқы спорт түрлерінен облыстық мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебі, екіншісі — №5 «Олимп» балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі. Бұл мектептер — өңірдегі қысқы спортты дамытуға бірден-бір үлес қосып отырған мекемелер қатарында көш бастап тұр.
— Жастарды қысқы спорт түріне жаттықтыратын кәсіби маман тапшы. Мәселен, шорт-трек секциясында екі жаттықтырушы ғана бар. №5 «Олимп» балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде секцияларға жазылу, жаттығу тегін жүргізіледі. Бірінші жыл келіп жүрген бала аптасына бір-екі рет жаттығады. Барған сайын баланың жүктемесі көбейіп, жаттығатын уақыты жиілей түседі. Мектебімізде кейде мұз қондырғылары істен шығып жатады. Мұнда дизельдік отынмен жүретін мұз құю машинасы бар. Ол кейде істен шығып, айналаны көк түтін қылып, мектептің ішін тұмандандырып жібереді. Тиісті мекемелерге хат жазып, осы мәселенің шешімін табуды ұсындық. Былтыр спорт және денешынықтыру басқармасының қолдауымен тоқ арқылы қуат алатын жаңа мұз құю қондырғысын сатып алдық. Өткен аптада жылу алмастырғыш құрылғы тағы істен шыққан-ды. Осыған байланысты мұз үстіндегі сабақтар тоқтатылды. Сәйкесінше жаңа жабдық сатып алу немесе ескі жабдықты жөндеу мәселесі күн тәртібіне шықты. Бүгінде жылу алмастырғыш құрылғы жөнделді. Қажетті жылу алмастырғыш жабдықтарды сатып алуға демеушілерді тарту жоспарланып отыр. Ескі құрылғы істен шыққан жағдайда, балалар жаттығуларын үзбеуі үшін оны жаңасына ауыстырамыз, — дейді ол.
Ақтөбе облысында тек Хромтау ауданында ғана конькимен жүгіру спорты жақсы дамыған. Дөң тау-кен байыту комбинатына қарасты стадионда конькимен жүгіру спортымен шұғылданатындарға арналған арнайы секция ашылған. Вячеслав Донцов сол секцияда 1990 жылдан бері жаттықтырушы қызметін атқарып келеді. Оның айтуынша, мұз қондырғыларының жоқтығынан мұз айдыны уақытында құйылмайды. Соған қарамастан, хромтаулық спортшылар көптеген чемпионаттарда ел мерейін асқақтатып жүр. Олардың арасында 2017 жылы Алматыда өткен қысқы Универсиаданың қола жүлдегерлері де бар. Конькимен жүгіретін спортшылар Қазақстан чемпионаттарында топ жарып, Азия чемпионаты мен Қысқы Олимпиада ойындарының қатысушысы атанған. Бүгінде споршылар Астанада өтіп жатқан Қазақстан кубогының 5-ші кезеңінде сынға түсіп жатыр.
Жылдамдыққа тәрбиелейтін спорт
Ақтөбе облысының шорт-трек федерациясы 2018 жылы құрылды. Федерация президенті Владимир Чеботаревтің айтуынша, облыста шорт-трек спортын дамытуға бағытталған жұмыстар қолға алынып жатыр. Жас өрендердің жеткен жетістіктері де аз емес.
— Шорт-трек спорты — негiзiнен конькимен жүгiру жарысының бiр түрi. Алайда шорт-трек спортында конькишiлер ұзақтыққа емес, қысқа қашықтықта әрi жылдамдыққа жарысады. Қазақстандағы шорт-трек құрамасының дамуына Мәдіғали Қарсыбеков сынды тәжірибелі бапкерлердің үлесі зор. Өңірде бұл спорт түрі 1985 жылдары қарқын алды. Алғашында балаларды мәнерлеп сырғанауға үйрететін арнайы мектеп болған жоқ. Бұрын «Қоныс» спорт сарайында ашылған мұз айдынында жаттығатын едік. Ақылы мекемеде жаттығу тиімсіз болды. Мәнерлеп сырғанаудың шебері болу үшін онымен үзіліссіз, яғни жыл он екі ай бойы айналысу керек. Ол үшін үздіксіз жұмыс істейтін мұз айдыны қажет еді. Уақыт өте келе облыста мемлекеттік спорт мектептері ашылып, балалардың мұз айдынында жаттығуына мүмкіндік жасалды. Өзім №5 «Олимп» балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде ашылғалы бері еңбек етемін. Содан бері спортшыларға шорт-трек спортының қыр-сырын үйретіп жүрмін. Биыл жас шорт-трекшілеріміз Көкшетауда өткен чемпионатта нәтижелі ойынымен көзге түсті. Финалдық жарыста 500 метрге конькимен жүгірген қыздар командасы үздік төрттікке енді, — дейді аға жаттықтырушы.
Оның айтуынша, шорт-трек секциясына балалар 7 жастан бастап қабылданады. Бүгінде балалардың мәнерлеп сырғанау, шорт-трек спортына деген қызығушылығы жоғары.
— «Ақтөбе облысының шорт-трек федерациясы» қоғамдық бірлестігінің негізгі мақсаты — жастарды шорт-трек спортына баулып, балалар мен жасөспірімдер командаларын жасақтау. Олардың арасынан ең үздіктері ел біріншіліктеріне іріктеліп алынады. Бүгінде мектебімізде 63 бала шорт-трек секциясында оқып жатыр. Спортшылар аптасына 5 рет жаттығады. Алдымен балалар дене қыздыру жаттығуларын орындайды. Содан кейін мұз айдынындағы жаттығулары басталады. Ең алдымен, коньки тебе алмайтын балаларға мұз үстінде сырғанау техникаларын, қауіпсіздік ережелерін үйретеміз. Шорт-трек конькиі басқа конькилермен салыстырғанда сәл биіктеу болып келеді. Мектепте спортшыларды киіммен толықтай қамтамасыз ету мүмкін емес. Қорғаныш киім мен конькидің өлшемі сәйкес келмеген жағдайда ата-аналар спорттық киімді өздері сатып алуға мәжбүр. Осы ретте ата-аналарға ерекше алғыс білдіргім келеді. Олар балаларының ескі спорттық киімдерін мектепке табыстап кетеді. Ескі киімдерді химиялық тазалаудан өткен соң басқа балаларға беруге болады. Конькиді сатып алмас бұрын маңызды аспектілерге назар аудару керек. Таңдаған конькиіңіз тым кішкентай немесе тым үлкен болмауы керек. Дұрыс таңдалған коньки жарақат алудың алдын алады, — дейді Владимир Чеботарев.
Аға жаттықтырушы мұз айдынға коньки тебуге келгенде жылы киініп, төмендегідей сақтық шараларын сақтау керектігін ескертеді:
— Жабық алаңда сырғанасаңыздар, күрте киюдің қажеті жоқ, жүннен жасалған свитер жеткілікті. Бос уақытын мұз айдынында өткізетін споршылардың әрқайсысында қорғаныш киімдері мен шлемдері, ұзын жеңді берік материалдан жасалған комбинезон, жіліншік пен тізе қорғаныштары, шорт-трек конькилері болуы шарт. Жарыс кезінде басқа спортшыларға кедергі жасауға, жолын кесіп өтуге, мәре сызығына дейін командалас ойыншыларды итеруге қатаң тыйым салынады, — дейді ол.
Оқушылар не дейді?
Жігер ҚҰРМАНТАЙ, оқушы:
— Шорт-трек — жылдамдықты, ептілікті қажет ететін спорт түрі. Бұл спортқа ағамның жетелеуімен келдім. Ол маған мәнерлеп сырғанауды үйретті. Кейін досым екеуміз №5 «Олимп» балалар мен жасөспірімдер спорт мектебіне арнайы келіп, шорт-трек секциясына жазылдық. Жатттықтырушымыз Владимир Чеботаревтың әр сабағы қызықты өтеді. Бір жыл ішінде көптеген жарыстарға қатысып, жүлделі орындарға ие болдым. Қыс айында коньки теуіп, қала сыртындағы мұз айдындарында демалғанды жақсы көремін. Футбол ойнап, спортпен шұғылдану арқылы бойымды сергітемін. Сондықтан жастарды бұқаралық спорт түрімен шұғылдануға шақырамын.
Томирис МҰРАТ, оқушы:
— Мен суда жүзгенді, коньки тепкенді жақсы көремін. Бос уақытымда сурет үйірмесіне де барамын. Шорт-трекке деген қызығушылығымды мектепке келген бапкерлер оятты. Олар жастарға қысқы спорт туралы ақпарат беріп, спортпен шұғылдануға шақырды. Ертеңіне мені ата-анам шорт-трек секциясына жазып, тағы бір арманымды орындады. Бұрын көгілдір экраннан ұршықша иірілген мәнерлеп сырғанаушыларды көргенде «мен де мықты спортшы боламын» дейтін едім.
Саян Бұхарбаев, оқушы:
— Шорт-трек спорты үлкен қабілеттілікті талап етеді. Уақытының біраз бөлігін мұз айдынында өткізетін оқушылардың қатары күн сайын артып келеді. Мұз бетінде жүгіру адам бойындағы жағымсыз энергияларды шығарып, күні бойы сергек жүруіне сеп болады. Бұл спортпен шұғылданғаныма 8 жылдан асты. Көптеген ел біріншіліктерінде жеңіс тұғырынан көріндім. Мені спортқа баулып, мектепке жетелеп әкелген атама алғысым шексіз.
Ақмарал МҰҚАШЕВА.