Жаңалықтар

Шахтер

Еңбек адамы

Хромтаудағы «Молодежная» шахтасы – талай шахтердің кәсіби мектебіне айналған орта. Сол ортадан шахтердің бірі — Арыстан Қаленов. Ол «Қазхром» ТҰК» АҚ филиалы —Дөң тау-кен байыту комбинатына осыдан 26 жыл бұрын келген. Кейіпкерімізге мәуелі шақтың жемісін көретін сәтте таяп қалды.

Еңбек жолын шахтаның №2 шахтаішілік көлік учаскесінен бастаған ол биыл осы учаскеден зейнетке шыққалы отыр. Сол учаске, сол бригада. Өзгеріп жатқан уақыт қана. Кейбір замандастары бұл күнде жоқ болса да, аға бауынның орнын жоқтатпай, ұжымдағы жастарға ақыл-кеңесін айтып, тәлімгерлік етіп келеді.

Ол мұнда бастапқыда оқпаншы ретінде орналасқан. Оқпаншылық —жауапты іс. 36 адамдық қоршау арқылы шахтерлерді межелі орынға аман-сау жеткізіп, ауысымы аяқталған төмендегі жұмысшыларды жоғары шығаруда аса сақтық қажет. Бұл қызметін абыроймен атқарып, екі мыңыншы жылдары бекітуші қызметіне ауысады. Күні бүгінге дейін аталған қызметінен қол үзген жоқ.

Уақыт өте келе Арыстан Қаражанұлы шахта ішіндегі кен таситын электровоз жолдарына рельс пен басқа да материалдар түсірумен айналысады. Мысалы, қоршауға сыймайтын 11-17 тонналық жерасты комбайндары мен он екі жарым метрлік рельстерді тордың астына жалғап, сол күйінде горизонттарға жеткізіп беру —оның басты міндеті.

— Мен комбинатқа келгенге дейін туған жерім Көктау ауылы маңындағы геологиялық-барлау партиясында, кенішінде бұрғылаушының көмекшісі, бұрғылау маманы, БелАЗ машинисі секілді  түрлі жұмыста болдым. Он жылдан аса уақытым сол жақта өтті. Ол кезде әскерден келіп, жұмыссыз жүруге арланатын едік. Одан соң үйлендім, үй болдым, бала-шағаны асыраудың қамына кірістім. Кейін бұл жер жабылып, тағдырдың айдауымен Дөң тау-кен байыту комбинатына жұмысқа тұрдым. Алдыңғы он жылымды неге осында өткізбедім екен деген әттеген-ай бар. Бірақ бәріне де ризамын, — деп күлді шахтер Арыстан Қаленов.

Жұмысын әрдайым шын ықыласпен орындаған жанның сөзінде қимастық байқалады. Тоқсан сегізден бері қарай шахта ұжымымен талай өткелден өтіп, хром кенін шығаруда талай тарихқа куә болып келеді. Сөзіне берік, ісіне жауапты қызметкердің ағаларының бірі  кеніште, енді бірі осы «Молодежная» шахтасында еңбек етіпті. Арыстан сол әулеттің ізін жалғап келе жатыр.

— Уақыт, неткен жүйрік едің?!— деп ойға шомады ол. —Сөйлесіп отырып, біраз естеліктер еске түсті. Шахтаға келген жылдар комбинат директорлығына Виктор Тиль тағайындалып, Анатолий Вождаев шахта басшылығында болып, сол кездегі Мұрат Мұқашевтің №2 шахтаішілік көлік учаскесіне алынған едім. Бүгінде олар қазыналы қарттыққа жетіп отыр. Кәсіпорын тарихын қалыптастырған азаматтардың алдынан өткен екенбіз.

Ал биыл «Молодежная» шахтасына — 50 жыл. Бұл шахтада кейіпкеріміздің де өлшеусіз үлесі жатыр.

Әрдайым «қанағат қарын тойдырар» дегенді ұстанатын оның жастарға айтары да бар:

— Хромтаудағы комбинат түсіне білген адамға —жақсы орын. Әдейі өндіріс саласын таңдап келгендер өз ісін ынта-ықыласпен орындаса деген тілегім бар. Еңбек еткен адамды қара жер де құр тастамайды. Үйіңнен кіріп-шығып, ата-ана, отбасыңның жанында жүріп, жұмыс істеп, жақын жерден нәпақа табу— бақ. Бастысы қауіпсіз еңбек етуді ұмытпау қажет.

Иә, бүгінгі ұрпаққа Арыстан Қаражанұлындай ағалық ақылын айтып, үйретуден жалықпайтынтәлімгерлер барда, ізінен келе жатқан кеншілерден үздік маман шығарына риясыз сенуге болады.

Арайлым ҒАНИ,

Хромтау қаласы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button