Басты жаңалықтар

Алтын жұлдыздың жарығы

Еңбек Ері Алтынбек ӘКІМЖАНОВТЫҢ туғанына — 100 жыл

Ғибратты ғұмыр иесі атанған, өз тағдырын заман ағымына сай өрнектеп, алға ұмтылу арқылы ел сыйлаған азамат, көрнекті мемлекеттік қайраткер, тұғырлы тұлға, білікті де парасатты басшы деңгейіне көтерілген Алтынбек Әкімжановтың туғанына биыл 100 жыл толып отыр.

ӨМІР ЖОЛЫ ӨНЕГЕ

 Кеңес БІРМАНОВ,

еңбек ардагері,

Ақтөбе облыcының, Мұғалжар ауданының құрметті азаматы

Мен Алтекеңді 1968 жылдан бастап өзім облыстық партия комитетінің ауылшаруашылық бөлімінде нұсқаушы, кейін осы бөлім меңгерушісінің орынбасары қызметтерінде жұмыс жасаған кезімнен біле бастадым. Онда да облыстық партия комитетінің ғимаратында өтетін әртүрлі жиындарда көретінмін. Арасында ол кісі бірінші хатшы болып қызмет атқаратын Қобда ауданына іссапармен арыз-шағымдарды тексеруге барғанда немесе обкомның бюросында қаралатын белгілі бір мәселені дайындау бойынша жол түскенде кездесетін едік.

Ал 1972 жылдан облыстық партия комитетінің басшылығына Василий Ливенцов келіп, ол кісіге көмекші болғаннан кейін сол кездегі аудан басшыларымен жақынырақ танысып-білісуіме мол мүмкіндік туды.

Алтынбек Әкімжанұлы 1922 жылы Ырғыз ауданының Қожакөл елді мекенінде дүниеге келген екен. Тарихтан білуімізше, ол кез бүкіл қазақ халқы үшін өте ауыр кезең болған. Сондықтан Алтекеңнің балалық шағы еліміздегі байларды тәркілеу, ауыл шаруашылығын ұжымдастыру, Голощекиннің Қазақстанда «кіші Октябрь революциясын» іске асыруы, осыларға байланысты халықтың күйзеліске, ашаршылыққа ұшырайтын жылдарына тура келді.

Оның өмір жолына үңілгенде сол кездегі қиыншылықтарға мойымай төтеп беріп, жастайынан жұмысқа араласып, білімін де шыңдап, алдына үлкен мақсат қойып, өзін-өзі қамшылап, жетілген азамат екенін көреміз. Ол 1941-1947 жылдары Кеңес армиясы қатарында болып, жауынгерлік сапта тұрады. Елге оралғаннан кейін он екі жыл бойы Шалқар және бұрынғы Жұрын аудандарында партиялық қызметтерді абыроймен атқарады. Кейін 1959-1977 жылдары, яғни он сегіз жыл бойы Байғанин, Қобда, Исатай аудандарында партия комитетінің бірінші хатшысы қызметтерін атқарған кезінде өзін тек облыс көлемінде ғана емес, бүкіл республикаға танымал қайраткер ретінде көрсете білді.

Алтекеңнің қарамағында ауданда қызмет атқарған беделді азаматтардың айтуына қарағанда, ол кісі бюро отырыстарында еш уақытта күйіп-піспейтін, ешкімге көз алартып, дауыс көтеріп, жекуден аулақ болған. Сабырлы қалыппен кемшілікті ашып, жіберілген қателіктерді түзеуге жол көрсетіп отырған.

Ол Қобда ауданында ұзақ уақыт партия комитетінің бірінші хатшысы болған кезінде өз жұмыс стилін қалыптастырып, жас кадрларды тәрбиелеп, практикалық жұмыста қанатын қатайтып, үлкен қызметтерге жол ашқан. Олардың қатарында Иван Дуля колхоздың инженерінен аудандық партия комитетінің екінші хатшысы, кейін аудандық кеңес атқару комитетінің төрағасы, Новоресей аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болды. Есімқан Есенбаев — совхоздың бас инженері, совхоз директоры, Комсомол ауданының беделді басшысы, облыс әкімінің бірінші орынбасары қызметтерін үлкен абыроймен атқарды.

Олар өздерінің Алтекеңнің қол астында қызмет жасап, мектебінен өтіп, «шапанынан» шыққандықтарын мақтанышпен айтады.

Алтынбек Әкімжанұлы Қазақстан Компартиясының ІХ-ХV съездеріне делегат болып сайланды, бірнеше рет оның Орталық Комитетінің мүшесі болды. 1971 жылы Еңбек Ері атағын алып, кеудесіне «Алтын жұлдыз» тақты. Бұл соңғы ширек ғасырға жуық уақыт шамасында облыс көлемінде аудан басшысының қол жеткізген алғашқы абыройлы атағы еді. Екі мәрте Ленин, Октябрь революциясы, «Құрмет белгісі» ордендерімен, көптеген медальдармен марапатталды. 1977-1983 жылдары Ақтөбе облыстық кәсіподақтары кеңесінің төрағасы қызметін атқарып, облыстық партия комитетінің бюро мүшесі болды.

Республика, облыс партия ұйымдары басшылығының тапсырмасымен қай жауапты қызметтерде болмасын, Алтекең өзін жақсы жағынан көрсете білді, сол үшін аянбай тер төкті, кейінгі ұрпаққа үлгі боларлық із қалдырды.

ЖАҚСЫНЫҢ ЖАРЫҒЫ АЛЫСҚА ТҮСЕДІ

Құбайдолла БІТІКОВ,

еңбек ардагері

Алтекең Қобда ауданына бірінші хатшы болып келген тұс әлі күнге есімде. Мұндай кезде «жаңа басшы қандай адам екен?» деген қызығушылық болатыны белгілі.

Ол кезде 1 мамыр — еңбекшілердің халықаралық ынтымақ күні ретінде елде кеңінен аталып өтіледі. Жұртшылық шеруге шығады, мектеп оқушылары қолына жалау ұстап, жарқырап киініп жүреді. Сондай салтанатты сәтте жаңа басшы елдің алдында, митингіде сөз сөйледі. Сол кезде жасы қырықтың шамасында. Байыпты, сөзі жігерлі, көпшіліктің назарына өзіне аударып алатын қасиетін байқадым.

Менің әкем Нұрғали Бітіков — Ұлы Отан соғысының ардагері. Майданнан оралғаннан кейін ауыл шаруашылығы саласында еңбек етті. Әуелгіде шаруашылықта маман болып жұмыс істеді де, кейін он үш жылдай уақыт шопан болды. 1962 жылы облыстың озат шопаны атанды. 1963 жылы Еңбек Қызыл ту орденімен марапатталды. Мал шаруашылығындағы ерен еңбегі үшін республиканың Алтын кітабына есімі жазылды.

Осындай еңбекқорлығын құрметтеді де, Алтынбек аға әкеме ылғи да ілтипат білдіретін, арнайы келіп сәлем беретін. Бірде ол әңгімелесіп отырып әкеме айтты: «Нұреке, мен сіздің үлкен балаңыз болайын, Құбайдолла менің інім болсын, батаңды бер!» — деп. Осындай жарастыққа толы сыйластық өмір бойы жалғасып кетті.

Содан бері мен өзімді Алтынбектің інісімін деп есептеп кеттім. Бастапқыда колхозда бес жылдай бас маман болып еңбек етіп, сосын «Красный пахарь» колхозы басқармасының төрағалығына сайландым. Шаруамыз жаман болған жоқ. Мал шаруашылығының тиімділігін арттыруға көңіл бөлдік, қой тұқымын асылдандырып, Украинадан, Қырымнан асыл тұқымды малдар жеткізілді. Егіс технологиясын жетілдірдік. Көрсеткіштеріміз жоғарылап, колхозымыз ауданның ауыспалы Қызыл туын жеңіп алды.

Бірде колхозға аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Алтынбек Әкімжановпен бірге облыстық партия комитетінің партиялық ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі Хайролла Иманалин келді. Шаруа жайымен танысты, жұмыстарымызды көрді. Егіс алқабына барғанбыз, сол кезде Хайрекең сыртымнан мені нұсқап, Алтекеңнен «мынау не қылған бала, жұмыстың ретін білетін жігіт сияқты ғой» — деп көңілі ауғанын білдіріпті. Алтекең де өз кадрын қолдап отыратын адам ғой, жақсы пікірін айтқан сияқты. Соның нәтижесі болар, мен көп ұзамай Қарабұтақ аудандық партия комитетінің екінші хатшылығы қызметіне жіберілдім. Білімім мен білігімді, жинаған тәжірибемді пайдалана отырып, елге қызмет етуді ниет қылдым. Ең бастысы, екі ағамыздың маған деген сеніміне селкеу түсірмеуді ойладым.

Кейінірек Ырғыз аудандық атқару комитетінің төрағасы, облыстық сүт өнеркәсібі бірлестігінің басшысы болған жылдарымда да Алтынбек ағамен кездесіп жүрдім, байланысымыз үзілген жоқ. Ол өзі туып-өскен Ырғыз өңірін ешқашан ұмытқан емес, кездескенімізде адамдары, үлкен кісілері туралы ылғи сұрастырып отыратын.

Атамекен, туған жер кім-кімге де ыстық қой. Сонау тоқсаныншы жылдары еліміздің экономикасында қиыншылықтар болғаны белгілі. Сондай тұста мен өзіме кезінде қанат бітірген, болашағыма жол сілтеген Қобда ауданына қайта оралдым. Осында «Ақсай» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне басшылық жасап, ауыл шаруашылығын дамытуға, жерлестерімді жұмыспен қамтамасыз етуге үлес қостым.

Сол мезгілде Алтынбек Әкімжанұлының Қобдадан Ақтөбеге қызмет ауыстырғанына біраз уақыт өтсе де, елдегілер ол кісінің есімін құрметпен айтатынына, жақсы істерін ұмытпай айтып отыратындығына куә болдым.

Мен өзімнің еңбектегі жетістіктерімді көп ретте ұстазым болған Алтынбек Әкімжановтың есімімен байланыстырамын. Ол кісінің өмірлік ұстанымы, кадрларға қамқорлығы, біліктілігі бізге сабақ болды. Оның еңбек адамдарын қадірлеп, ылғи солардың ортасынан табылуы, маңызды мәселелерін шешуге күш салатыны өзгеше бір мектеп еді. Ең бастысы, адалдыққа, еңбекқорлыққа тәрбиеледі.

Мен еңбегі еленген жанмын. Екі мәрте Еңбек Қызыл ту, Құрмет белгісі ордендерімен марапатталдым. «Астана» медалін кеудеме тақтым. Ұл-қыз өсіріп, немере сүйіп отырған адаммын.

Бір кездері Алтынбек аға мен Жұмагүл жеңгейді өзімізге үлгі тұтсақ, бүгінде өз өнегемізді кейінгі буынға таратқымыз келеді. Өзіміз көрген жақсының жарығын жас буынға дарытсақ дейміз.

АЛЫП ЕДІ АЛТЕКЕҢ 

Зәкіраддин БАЙДОСОВ,

профессор, облыстың құрметті азаматы

Алтекең — көп құрметтісі атанған Алтынбек Әкімжанов —  сегіз қырлы, бір сырлы, алды жайқалған кең жайлау, арты толқындаған көк майса, тұла бойғы болмысы адамгершілік пен азаматтыққа тұнып тұрған дархан жан еді. Ол би еді. Оның билігін ешкім де кесіп өтпеген. Ел өмірінде болатын небір саяси да, дүнияуи да шытырманы мол қалтарыстарда Алтекең салқынқандылықпен өзінің өте орнықты шешімін айтып, тығырықтан талай шығарған. Өзі де шыққан. Оның терең ұғымға толы тегеурінді дәлелдемелерін келтіріп байыптауы кім-кімді де тоқтатқан.

Бірде облыстық партия комитетінің бюросында «Қобда ауданындағы колхоздар мен совхоздардағы экономикалық тиімділік пен еңбек өнімділігін арттырудың жайы туралы» мәселе қаралады. Ол кезде бюроға келген басшылардың өзі абыржып, қымсынып келетін кез ғой. Міне, сонда Алтекең баяндама жасады.

Мен ол кезде облыстық партия комитетінің нұсқаушысы ретінде бюроға қатысатынмын-ды. Ағамыз өзінің назар аудартар маңғаздығымен бюро трибунасынан елдегі тіршіліктің бәрін кесек-кесек қылып баяндай бастады. Аудан шаруашылықтары, шынында да, жақсы жағдайда еді. Баяндама біткеннен кейін бюро мүшелерінің бірі Алтекеңе қайта-қайта сұрақ беріп, «ана дерек анандай», «мына дерек мынандай» деп қаптаған көрсеткіштер арасынан ілгіш тапқысы келіп, ширықтыра берді. Әлгі сұрақ қоюшы: «Соңғы он жылдағы көрсеткіштер секірмелі, бірқалыпты емес. Бұны немен түсіндіруге болады?» — деп баяндамашының пәтін қайырғысы келді. Сонда Алтекең: «Ойыңыз дұрыс болар. Бірақ сұрақтарыңызға келісе алмаймын. Бұнда соңғы он жылдықта Қобда өңірінде ауа райының алты жыл құрғақшылық, төрт жыл ғана қолайлы болғанын ескеруіміз керек. Талдауды деректер заңдылығын табиғат заңдылығымен ұштастыра жүргізген жөн болар еді», — дегенде, залдағы отырғандар да, бюро мүшелері де аңтарылып қалғаны әлі есімде.

Алтекеңнің аудандық партия комитетінің пленумдарын, бюро мәжілістерін жүргізудегі шеберлігі қандай десеңізші. Онда жалпақшешейлік жоқ. «Сол жиындар барынша тиянақты, адам жанына көлеңке салмайтын, бірақ зор жауапкершілік жағдайында өтетін», — деп еске алады Алтекеңмен бірге қызметтес болғандар.

Алтекең төре еді. Басшы адамның өмірінде жиі кездесетін ұсақ та, кейде қиқуы көп кикілжіңде ол маңғаздығын жоймай, аспай-саспай, сол болмысының өзімен-ақ жұртты сабасына салатын заңғар еді ғой.

Алтекеңнің мінезі Сарыарқадай сайын, сырбаз, жан бітімі сұлу, тұла бойы болмысы көрікті, ерекше жаратылған жан еді. Оның дүниеге осылай болып келуіне, Алла тағала, табиғат әке-шешесінің, ата-бабасының генетикалық қоры, Алтекеңе дегенде мырзалығын төгіп, ешнәрсені аямай берген секілді.

Өмір жолында Алтекеңмен қауышқан адамдардың барлығы дерлік сол кездердің өзінде-ақ, кейінде де «шіркін, Алтекең асыл ғой, алтын ғой» деп тамсанған, оған деген зор құрметті жүрекжарды шынайылығымен айтады. Бұның барлығы да оның кең парасатты ішкі танымын үнемі шыңдап, жетіліп отырғандығының жемісі болса керек деп ойлаймын. Бұл — кемеңгерлік.

Алтекеңнің тартқан сымдай сұлу тұлғасы, жай ғана миығынан күлген күлкісінен күміс төгілген, алып жүрегін ашқан кезде сәбидің мөлдірлігімен баурап алатын. Ол соңынан ілесіп келе жатқан біздер үшін көз алдымызда шұғыла шашып, ұясынан шыққан күндей жарқырап алаулайтын да тұратын. Оның қырық жылдан аса партия, кәсіподақ орындарының басшылық қызметінде жасап жүргенде қаншама рет аудандық және облыстық жиындар мінбесіне шығып, сөз сөйлегенін дәл айту қиын. Бірақ Алтекең сол мінбелерге орнынан тұрып, кербездене басып, асықпай-саспай баяу көтеріліп, трибунада асықпай папкасын ашып, қағазын алып, көзілдірігін сырбаздана киіп, кең залдағы қаптаған көздерді бір шолып өтіп, өзіне ғана тән аса салмақтылықпен әрі нық дауыспен сөзін бастауы адамды таңғалдыратын сырбаздық жолы еді. Облыста дәл осы көрініске ұқсайтын көрініс ешкімде болған емес.

Сырттан қарағанда ұшар басын жел шайқаған шынардай тіп-тік, алып тұлғалы Алтекеңнің жан дүниесінің соншама бай, соншама нәзік болғанына әлде сеніп, әлде секемдене қарайтынсың. Ол бір сөзінде: «Біз бір атым насыбайдан көңіл қалатын жасқа жеттік», — деп бастап, өзінің ішкі психикалық тебіренісінен, тереңде, жүрек түкпірінде тулап жатқан сезім бұлқынысын айғайламай-ақ, адыраймай-ақ, моншақтың тізбесіндей тіркестендіріп өз ойын жеткізетін.

Алтекең сонау сұрапыл соғыстан кейін-ақ қара нардың жүгін арқалаған екен. Бүкіл саналы өмірі Шалқар, Жұрын, Байғанин, Қобда, Исатай аудандарында, жалпы Ақтөбе облысының игілігіне қызмет етуге арналған екен. Сөйте тұра ол баз біреулердей «мен бүйттім», «мен өйттім» деп бәлсінуді білмеген таза жанды, таза жүректі, істеген ісі халық мұратына жаратылса болар деген тәубешілдігі мол өмір кешкен екен. Алтекеңді Алтекең еткен осы тәубешілікке толы қарапайымдылығы болар.

Алтекең — елін еңіреп сүйген асыл ер, беренді батыр. Оның бейнесі — сайыпқыран жас ұрпақ, бұла буын жеткіншектерімізді адамшылыққа, бауырмалдыққа баулитын үлгі-өнеге, тағылым-тәрбие.

Алтынбек Әкімжанов — өз заманының перзенті. Ал ол заманның өзінің тарихи ортасы, тарихи заңдылығы, идеологиясы, толастауы, қиындығы, ұмтылысы мен шыңға шырқауы бар еді. Алтекеңді сол заман тәрбиеледі, қанатын қатайтты, алақанына салып әлдиледі. Сол заманда ол балалар үйінің тәрбиешілігінен бастап аудандық партия комитетінің бірінші хатшылығына, облыстық кәсіподақтары кеңесінің төрағасына дейінгі дәрежеге жетті. Социалистік Еңбек Ері атағына ие болды, Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің мүшелігіне сайланды.

Ол өзінің ауыр да бақытты жолдарында Мәскеуге үш рет салтанатты сапар шекті.

Біріншісі — СОКП ХХІV съезіне делегат ретінде, екіншісі — Бүкілодақтық кәсіподақтарының конгресіне өкіл ретінде, үшіншісі — Ұлы Жеңістің 55 жылдығына арналған шеруге қатысу үшін барулары болатын. Бұлар Алтекеңнің қуаныш биіктері еді.

Алтекең білімділігімен қоса, асқан білікті адам еді. Ол жоғары білімді Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің жанындағы партия мектебінен, ал білікті ата-баба рухын сақтаған халық университетінен алған. Өз елінің, халқының тарихын жақсы білетін, оны салалап айтып отыруды жақсы көретін. Өзінің басынан өткен қиындыққа да, ұмтылысқа да толы өмір жолдарын нәрін келтіре нақыштап айтып отырғанын талай естігенім бар.

1992 жылы сол кездегі  Комсомол ауданының басшылығы біздерді «Ұлы жұт» — ашаршылықтың 60 жылдығын еске алу күніне арнайы шақырған еді. Мәдениет үйінде өткен үлкен конференцияға қатыстық. Онда мен осы мәселе бойынша баяндама жасадым да, Алтекең үлкен тебіреністі сөз сөйледі. Ол өзінің сондай ұйқасымды, сондай терең, сол кездегі халық қасіретін көз алдымызға елестете, өз өмірінде кезіккен деректермен байыта баяндап, кең залға жиналған 400-500 адамды сілтідей тындырғаны бар. Баз біреулер көзіне жас алып, елтіп те отырды. Сол конференцияда Алтекең өзінің балалық кезінен де бір сыр шерткен-ді.

Алтекең шыққан биік бақас жандардың көздеріне күйік те болған шығар. Себебі, өмір дәлелдегендей, шынайы азаматтықтың шегі жоқ. Сол кеңістік, орта, аудитория талғамай, кез келген үйіріммен, топпен, тіпті жеке тұлғалармен ауызба-ауыз, жүзбе-жүз, көзбе-көз, бетпе-бет байланысқа түсіп, тонның ішкі бауындай іштесіп, жақындасып тіл табысып кете беретіні, сол бір мамыражайлықты жасаушы Алтекеңнің қуатының күштілігінен, шапағатының молдығынан, адамгершілігінің биіктігінен болса керек.

Алтекеңнің асыл болмысы адамдардың жан-сезімімен үйлесіп жатты, олардың жүрегіне орнығып жатты. Бұл біз айтып жүрген үгіт-насихаттың күллі түрінен басым еді. Осы бір күшті құралдың иесі болған Алтекеңнің қоғамдағы орны тарихи тұрғыдан алғанда ерекше. Ол тереңнен тамыр тартқан көрегенді, тарихи-қоғамдық қозғалыстың заңдылықтарын, соған сай адамдардың да жүрек соғыстары мен ой толғаныстарын өз арнасының елегінен өткізген биік парасат иесі болатын.

Алтекең — жүрегінде ізгіліктің нұры мол нар Азамат. Алтекеңнің нағыз саяси-қоғамдық биік тұғырға көтерілуі талантына — талабы, бағына бабы сай келгендігінде болса керек. Партиялық жолға түсуінен-ақ Алтынбекке Қыдыр ата бата бергендей жолы сарнап сала берген екен.

Алтекең «Қобда: ерлік пен елдіктің мекені» деген кітаптағы «Жетпіс жыл — жеті белес» деген мақаласында: «… біз таңның атысы, күннің батысы демей тапсырылған аманатты абыроймен орындауға тырыстық. Абыройымыз айрандай төгілмеуі үшін арымыз бен намысымызды қинаушы едік. Еңбек Ері деген атақ оңай беріле салмайды. Екі Ленин, Октябрь революциясы ордендеріне қоса, партияның қатарынан өткен төрт съезінде Орталық Комитеттің мүшелігіне сайлану кез келген адамның маңдайына жазылмайды. Сенім де, абырой да, атақ та — бәрі де басымызда болды. Осы айтылып отырған — сырым!

Мен еңбек еткен берекелі, бай жерді мекендеген еңбекқор халықтың арқасында мүмкін болды деп есептеймін. Жеке адам қандай дана болса да, соншама іс бітіре алмас еді. Бұған қосарым: Егер сын сөзбен өзіме баға беретін болсам — барлық өмір жолым, қызметім мінсіз болды деп айта алмаймын. Шамамның келгенінше халық үшін қалтқысыз қызмет етуге тырысу ғана қолымнан келгенін жасыра алмаймын», — деп қорытынды жасауы жетпістен асқан шағындағы ағамыздың ой толғанысынан шыққан өмір түйіні болар. Алтекең соған жалғастыра «Ұрпағыма, қазіргі ел билігін қолына алған жас кадрларға, еңбек жасындағы барлық отандастарыма халық үшін аянбай еңбек етуге тырысыңдар, әділеттің ақ жолынан таймаңдар, ала жіпті аттамаңдар!» — деген аталық өсиетімді айтамын», — деп тиянақтаған екен.

Алтекеңнің кадрларды іріктеп, орналастыру және тәрбиелеудегі шеберлігі өз алдына жатқан дүние ғой. Оның болмысындағы ерекше бір қасиет — әр адамның бойындағы басқа жарандар сезе бермеген, тіпті сол адамның өзі де қадір-қасиетін байқамаған қабілет-мүмкіндігін көре білуі және оларды жарыққа шығармаққа баулып, тәрбиелеуге ұмтылатындығы болатын. Ең бір кереметтігі, осының бәрін кейбіреулерше күшенбей, «мен саған өйтіп жатырмын», «бүйтіп жатырмын», — деп екіұшты жанашырлыққа салынбай, тек өзіне ғана тән сабырлы, қарапайым ақыл-кеңесімен атқаратындығы еді.

Алтекеңнің Қобда аудандық партия комитетінің бірінші хатшылық еткен кезіндегі іріктеліп, орналастырылған колхоздар мен совхоздардың төрағалары мен директорлар корпусы, аудан мекемелерінің басшыларының гвардиясы нағыз іскер, халық ісіне берілген таза жандар еді. Солардың қатарында Е.Есенбаевты, И.Дуляны, Н.Дуляны, Ф.Чемодановты, А.Қошқарбаевты, Қ.Жүсібәлиевті, Е.Жұбаевты, Ғ.Буринді, Д.Сұлтановты, М.Жекеевті, С.Құрманалинді, тағы басқаларын жатқызуға болады. Бұлар қатардағы мамандардан, қызметкерлерден совхоз директорлығына, аудан басшылығының деңгейіне көтерілген жастар еді.

Алтекең ешкімді ұнтамай-ақ, сай-сүйегін сырқыратпай-ақ өзіне ғана адами методологиясымен аудандағы бүкіл саяси-қоғамдық, мәдени-шаруашылық тетіктеріне басшылық жасап, бағыт береді екен. Міне, нағыз жібек жанды адам деген осы. Бұл қасиет екеудің біреуінде емес, жүз, мыңдардың бірінде, онда да ілуде ғана кездесетін сыр мен сипат. Ол — пендешілік намыс құрсауындағы адам емес, елі мен халқының намысын алау еткен асыл жан. Оның азаматтық мейірімінің мөлдірлігі кәусар суындай, Алатаудың ең басынан аққан бұлақтай таза еді. Оның мықтылығы да сонда болар, соған негізделсе керек. Сондықтан да Қобда өңірінің Алтекеңмен тіпті бір-ақ рет сұхбаттасқан адамдардың барлығының да ол жайлы пікірінің бірегейлігі: «Алтекең жақсы еді», «Алтекең алтын еді», «Алтекең асыл еді»… деген сынды бағадан басқа пікірдің болмауы да соған негізделсе керек. Алтекең өз ортасында әңгімелесіп отырғанда тыңдаушының тынысын ашып, арасында әзіл-қалжыңдар араластырып, көңіл күй ауқымын жасап отыратын да қасиеті бар еді.

Алтекең адамдардың адамгершілігі, мақтанышы мен абыройы туралы жиі ойланып, іштей толғанып жүретін адам болса керек. Ол айтқан әңгімелерінде опасыздық пен масқара болу сезімінен өз бойын аулақ ұстағандығы көрінеді. Жарамсақтану сезімін жеңуге ықпал ететін әдемі, қысқа, қарапайым, ұғымды, мазмұндық қуаты мол, өмір, бақыт, ар-оджан, абырой, айбындылық пен қайырымдылық, адалдық пен еңбек, қорлық туралы әңгімесін, ақыл-кеңесін өз ортасына айта отыратын. Бұны кез келген қарапайым қара шаруа, кез келген шаруашылық басшылары мен аудандық, облыстық мекеме басшылары да қалтқысыз түсінетін. Сондықтан ел ішінде «ол Алтынбек десе, ішкен асын жерге қояды» деген сөздер пайда болған екен.

«Достарың мың болса — аз, дұшпаның біреу болса — көп» деген ертеден келе жатқан қанатты сөздер бар. Алтекең Шалқар, Жұрын, Байғанин, Қобда, Исатай аудандарында, облыстық деңгейде жұмыстар жасағанда өзіне ешкімді жауықтырмағанға ұқсайды. Алтекең бүкіл саналы өмірін туған өлкесін өркендету жолына жұмсаған екен. Қызмет барысында басшылық жасаған тетіктері арқылы өз қауымының рухани әлемінің баюына, өскелең өмірмен есейіп, ержетуіне, сол кездегі шаруашылық, мәдениет салаларының жетіле түсуіне, сол арқылы өз ұлтының, халқының іргелі халық болуына аянбай еңбек сіңірген азамат. Әбіш Кекілбаев айтқандай, «Азамат үшін өз өмірін… өрелі мақсат жолында сарп етуден артық мұрат жоқ». Қарапайым өмірдің өзінде де адалдықты, ізгілікті тек Алтекең сықылды талантты, пәк пенделер ғана ұстай алады. Алтекең — сондай талантты адам.

Алтекең мен Жұмагүл апай сонау бір соғыстың отты жылдарынан кейін қол ұстаса, ерлі-зайыптылық жолында талай бақыт шыңдарына бірге шықты, қуанышқа бөленді, шаңырақтың абыройын арттырды. Алтекең мен Жұмагүл ерлі-зайыптылар арасындағы терең түсіністік пен сыпайы сүйіспеншіліктің символы десек, артық айтқандық бола қоймас. Апамыз — Алтекеңнің өмір бойғы сыр шертіскен жан жолдасы. Қуанышын да, ауырлығын да бірге көтеріскен асыл жары. Бұлардың қол ұстаса өткен жолы сән-салтанаты мен қуанышы, бақыты мен сәті мол жол.

…Көзі тірісінде асқар таудай болып, талайлардан айбыны асып жүретін алып аға бүгінде бізден алыстап кеткенімен де, көңіліміздің қақ төрінен орын алып қалғандай. Оның жарқын бейнесі онымен қатар жүрген, ізін қуған, тіпті таныс-бейтаныс жандардың өзіне ағалықтың ақ жолын көрсетіп тұр-ау.

Тірлікте із қалдыру деген осы болса керек, сірә…

Басқа жаңалықтар

Back to top button