Басты жаңалықтарСпорт

Ақтөбеде шаңғыдан ел чемпионаты өтіп жатыр

Облыс тарихында алғаш рет Ақтөбеде жасөспірімдер арасында шаңғыдан Қазақстан Республикасының чемпионаты басталды. Ұлдар мен қыздар арасындағы чемпионатқа еліміздің 10 өңірінен жиналған 300-ден астам шаңғышы қатысуда.

Чемпионаттың ашылуына облыс әкімі Оңдасын Оразалинқатысып, шаңғышыларға сәттілік тіледі.

— Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес бүгінде көптеген елді мекендерде тұрғындардың  бұқаралық спортпен айналысуы үшін жағдай жасалып жатыр. Материалдық-техникалық базаны нығайтуға да көп көңіл бөлінуде. Біздің облыста да соңғы уақытта қысқы спорт түрлеріне ерекше назар аударылып, көптеген стадиондар мен мұз айдындары іске қосылды. Нәтижесінде балаларымыздыңхоккей ойнап, мәнерлеп сырғанауына мүмкіндік туды. Мына біз тұрған шаңғы-роллер трассасы да соның бір дәлелі. Өткен жылы пайдалануға берілген болатын. Бүгін республикалық деңгейде алғаш рет шаңғышы жасөсіпірімдер арасында чемпионат өткізіп жатырмыз. Барша спортсүйер қауымды бүгінгі қуанышымен құттықтаймын! Шаңғышыларымызға сәттілік тілеймін! — деді облыс әкімі.

ШАҢҒЫ ТУРАЛЫ НЕ БІЛЕСІЗ?

Осыдан 10 мың жыл бұрын Алтай тауын мекендеген қазақтың арғы тайпасының аяғында шаңғының екі түрі болған деседі.  Бірі жылқының қабырғасынан жасалған, тері таспалы сүйек шаңғы болса, екіншісі — самырсыннан жасалып, жылқы, бұғы терісімен қапталған тері шаңғы.

Қазақ шаңғысының бірінші түрі – жылқы қабырғасынан жасалған. Жылқы қабырғасы – жылтыр, басы қайқы, ұзындығы бір метрдей жалпақ сүйек. Дайын шаңғы. Қар бетінде кедергісіз сырғанайды. Алтайды мекендеген арғы ата-бабаларымыз қабырға шаңғыға малдың терісінен жасалған таспа тағып, аяққа байлап сырғанайтын болыпты.

Шаңғының екінші түрі тері шаңғы. Шаңғының осы бұл түрі археологиялық қазбаларда жақсы сақталған. Өйткені жылқы терісінен жасалған шаңғыны Алтай тауын мекендеген халық жаппай қолданыпты. Тері шаңғының бүгінгі шаңғыдан айырмашылығы — енді, ағашы қалың. Енді болатыны – қарға батпайды, ал ағашының қалыңдығы тау жолына шыдамды. Төрт түліктің ішінде жылқы терісі жүні тықыр, сидам және төзімді келеді.

Бұдан соң жарыс қатысушыларына ресми түрде «старт» беріліп, жарыс басталды. Шаңғышылар жас ерекшеліктеріне байланысты сынға түседі. 2004-2005 жылы туған жасөспірімдер 5 шақырымды жүріп өтуге тиіс болса, одан кейінгі жылғылар 3 шақырымды бағындырулары керек. Спортшылар жеке, спринт және топтық эстафета түрлері бойынша сынға түседі.

Аталмыш чемпионатқа шаңғысын сайлап Алматы облысынан 17 спортшы келіпті. Қыз-жігіттердің барлығы өздеріне сенімді. Шаңғы-роллер трассасының бойында шаңғышы Аянат Жұмашпен тілдескен едік. Жас спортшының басты мақсаты — Олимп шыңын бағындыру екен.

— Жасым 13-те. Шаңғы спортымен 3 жылдан бері айналысамын. Осы спорттың арқасында еліміздің барлық қаласын аралап шықтым. Бұл жолы жолымыз арайлы Ақтөбеге түсті. Атына сай, Ақтөбенің қысы да әдемі екен. Аппақ. Ал біз сынға түсетін шаңғы жолы тіпті керемет. Бұйырса, бағымызды сынап көреміз. Өз деңгейімді жақсы білемін. Бұған дейінгі жарыстарда 3 шақырым жолды 8-9 минуттың ішінде жүріп өттім. Бұл жолы да солай болатынына сенімдімін, — дейді спортшы қыз.

Әңгіме барысында Аянат күнде таңертең және түс мезгілінде екі сағатын жаттығуға арнайтынын айтты.

— Сол екі сағат жетіп жатыр. Сергіп, демалып қаламын. Жалпы, спорттың бұл түрі көптеген мүмкіндіктерге жол ашады. Адамды шапшаңдыққа, ептілікке, қырағылыққа үйретеді. Бұл жерде спортшының құралдары да сапалы болуға тиіс. Осы уақыт аралығында көптеген жетістіктерге жеттім. Бүгінгі чемпионатқа қатысып жатқанымның өзі де соның бір дәлелі. Алда ең үлкен мақсатым бар: Олимп шыңын бағындыру. Ол спорт саласында жүрген әрбір спортшының арманы деп ойлаймын, — деді Аянат Жұмаш.

БІЗДІҢ АНЫҚТАМА:

Алғашқы рет шаңғы жарысы 1767 жылы Норвегияда өтіпті. Осыдан кейін Швеция мен Финляндияда өте бастаған, артынша Орталық Еуропада кеңінен тарапты. Әлемнің көптеген елдерінде шаңғы клубтары ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басында пайда бола бастаған. Ал 1924 жылы Халықаралық шаңғы спорты федерациясы (FIS) құрылды. 2000 жылы FIS құрамында 98 ұлттық федерация болды.

Еліміздегі үшінші трасса

Облыста басталған алғашқы чемпионатКірпішті тұрғын үй алабындағы шаңғы-роллер трассасында өтіп жатыр. Оның ұзындығы 11,5 шақырым. Қасында ғимараты бар.Бұл — еліміздегі дәл осындай бағыттағы үшінші трасса. Бұған дейін Алматыда, Шортандыда ғана салынған екен. Мұнда балалар 9 жастан бастап келе алады. Қысқы спорт түрлері бойынша №4 қалалық балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Тұрғанбай Аймағанбеттің айтуынша, чемпиондар да бар.

— Өңірде қысқы спорт түрлерінің кеш дамығаны рас. Біздің мектептің ашылғанына 10 жылдай ғана уақыт болды. Ал мына тұрған жаңа ғимаратқа өткен жылы кірдік. Заман талабына сай салынған заманауи ғимарат біздің спортшыларымыз үшін жайлы мекенге айналды. Бүгінде үлкен додаларды бағындырып жүрген спортшыларымыз бар. Мәселен, Демеужан Батыржан, Бексұлтан Ернұр деген балаларымыз бірнеше мәрте ел чемпионы атанды. Бексұлтан Ернұр қазір ел намысын қорғап Норвегияда жүр. Бүгінгі чемпионатқа да 40-қа жуық шаңғышымыз қатысып жатыр. Араларында үміт күтіп отырған үздіктеріміз бар, — деген Тұрғанбай Аймағанбет жарыстың әділ өтетініне сенімді екенін айтты.

— Жарыс қатысушыларының аяқтарында чип болады. Спортшы стартқа шыққан уақытта ол автоматты түрде қосылып, мәре сызығына жеткен кезде уақыты тоқтайды. Бұл жерде адами фактор жоқ. Барлығы компьютермен бақыланып отырады. Материалды-техникалық базамыз өзге облыстардан келген қонақтарымызға да ұнап жатыр. Барлығы шаңғыларын жылы жерде отырып байлайды. Кейін жерасты жолы арқылы жарысқа шығады. Спортшыларға өте ыңғайлы, — дейді спорт мектебінің директоры.

Төрешілер де бұл жарыста жаңа есімдер анықталып, үздіктер қатары толығатынына сенімді.

— Елімізде тағы бір тамаша шаңғы-роллер жолының іске қосылғанына қуаныштымыз. Бұл — жарыс қатысушылары үшін үлкен жетістіктер алаңы болмақ. Өйткені жаңа шаңғы жолы әрбір шаңғышының шеберлігін шыңдауға мүмкіндік береді. Әдемі база, әртүрлі жолдар мен рельефтер — мұнда спортшыға керектің бәрі бар, — деді бас төреші Олег Коломеец.

Республикалық деңгейдегі жарыстың Ақтөбе жерінде өтіп жатқанына спорт саласының ардагерлері де өте қуанышты. Олар өз кезегінде облыс басшылығына алғысын жеткізді.

— Біз тұрған шаңғы-роллер трассасы кез келген спортшы үшін таптырмас алаң. Бұрын мұндай жер болған жоқ. Ал қазір шаңғы спортымен айналысамын дейтін жастарға барлық жағдай жасалған. Артымыздан ерген іні-қарындастарымыздың спортпен шұғылдануына жағдай жасап отырған облыс басшылығына үлкен алғыс білдіреміз, — деді шаңғы спортынан Ақтөбе облысының ардагері Нұрлан Бірманов.

Р.S.2022 жылдың 22 ақпаны Ақтөбе спортының тарихында жасөспірімдер арасындағы шаңғы жарысынан республикалық чемпионат басталған атаулы күн ретінде қалатын болды. Жарыс 28 ақпанға дейін жалғасады. Ақ қар үстінде құстай ұшқан шаңғышылардың өнерін тамашалағыңыз келсе, Кірпішті тұрғын үй алабындағы шаңғы-роллер трассасына барсаңыз болады. Жас таланттардың жеңіс тұғырын бағындырған сәтіне сіз де куә болыңыз!

Ақерке САТЫБАЛДЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button