Басты жаңалықтарМереке

Барыс жылы — ырыс жылы

«Алма апаннан аланды, таутан ұрар балаңды» деген мәтел бар. Біздің халық барысты ерекше құрметтеген, киелі санаған. Халықтық нанымға сүйенсек, Барыс жылының жақсылығы мен ауыртпалығы аралас болған. Өткен Барыс жылдары елеулі оқиғаларымен есте қалмағандықтан, халқымыз бұл жылдың жақсылығын көбірек күткен.

Жаңа жыл қарсаңында біздің елде ең көп кездесетін түрі — Орталық Азияның тауларында мекендейтін қар барысына сипаттама беруді жөн көрдік…

Жыл иесі

Қар барысы — әлі толық зерттелмеген, сыры жұмбақ аң. Кейбіреулер барысты  аты ұқсас болған соң жолбарыспен шатастырады. Мысық тұқымдастар қатарына жататын жолбарыс тіпті бөлек аң. Екеуінің де түсі ала болғанымен, барыстың үстінде ірі дақтар, ал жолбарыста жолақтар бар. Өзіне тән ерекшеліктері әр халықтың аңыз-әңгімелеріне арқау болып жүр.

Ал қар барысы — дөңгелек басты, дөңес маңдай, тік құлақ, үлкен әрі сары көзді, қара мұрынды, ақ-қара мұртты, жалпақ ерінді. Ұзын әрі қалың жүні суықтан қорғайды. Ал жұмсақ табандары сілеусінді еске түсіреді, табандарының ерекше орналасқандығының арқасында омбы қарда батып кетпей, қар бетімен жүре алады. Барыстың дене тұрқы — 112,5-125 см, құйрығының ұзындығы — 91,8-95 см, ал шоқтығының биіктігі — 50-65 см, құлағының ұзыны — 7-7,2 см, салмағы — 40 кг.

Қар барысы немесе ирбис — өте сақ, топтанып жүргенді жақтырмайды. Алайда қорқақ емес, керісінше, батыл, тәкаппарлығы да бар. Өзі тұйық, дыбыс шығармайды. Ашуланғанда ғана жыртқышқа тән ырылын естуге болады. Сондай-ақ барыстың көру және есту қабілеттері ерекше дамыған. Барлық мысық тұқымдастар секілді ол, әсіресе, қараңғыда жақсы көреді.

Көбіне түнде жортуылдайды. Ымырт түсе бастағанда қорегін іздеуге шығады. Барыстардың күнделікті қайтып келетін тұрағы жоқ. Тек аналықтары — таутандар кішкентай аландарын аяққа тұрғызғанша 1,5-2 айға дейін уақытша үңгірлерді мекендейді. Барыстар ақпан-сәуір айларында көбеюге жұп іздейді, ал таутандардың жүктілік мерзімі 98-103 күнге созылады, көп жағдайда таутандар мамыр айында күшіктейді.

Қар барысы, негізінен, қарлы шыңда жүретін ешкі, арқар, қабан, марал, елік, қоян, кекілік пен ұлар секілді аң-құстарды аулап қоректенеді екен. Шапшаң қимылдайтын қар барысы биіктеу тастың үстінде тұрып, төмендегі өзі көздеген тұяқтыға жоғарыдан білдіртпей секіріп, үстіне дәл түседі. Ұзындығы шамамен метрден асатын үлпілдек ерекше құйрығы — секіріс жасағанда бағыт беретін «рөлі» іспеттес. Оның қатты иілген әрі өте өткір тырнақтарына ілінген ұсақ жануар бірден өліп кетеді.

Барыстардың еркіндікте қанша өмір сүретіні белгісіз. Ал зообақтарда олар 18 жылдай өмір сүреді екен. Олардың бақталасы әрі жауы — қасқыр. Барыстар қояншық ауруымен ауырады, басқа аурулары зерттелмеген.

Тау барысы

Қар барысы, негізінен, Гималай, Памир, Тянь-Шань, Алтай, Үлкен Кавказ тауларында, яғни адам аяғы баспаған таудың ең биігінде мекендейді. Елімізде Іле Алатауы, Жоңғар Алатауы жоталарында, Үлкен Алматы шатқалында, Алтайда, Тарбағатайда, Күршім жотасында кездеседі. Алайда Орталық Азия тауларында қанша қар барысы мекендейтінін ешкім анық білмейді.

Қазір әлем бойынша қар барысының азайып кету қаупі бар. Олар Халықаралық табиғатты қорғау одағының Қызыл кітабына және Қазақстанның Қызыл кітабына енді. Барыстарды аулауға немесе атуға тыйым салынған.

Кеңес Одағында 1936 жылдан 1970 жылдарға дейін ел зообақтарына түр жинау мен экспортқа шығару үшін 400-ге жуық барыс ауланған. Қар барысы қолға үйретуге келмейді. Әлемнің 70-80 зообағында ғана қар барысы бар, біздің елдің зообақтарында жоқ.

XIX ғасырдың орта тұсында барыс сирек кездесетін аңдар қатарына қосылмады, керісінше, зиянды жыртқыш ретінде оны жыл бойына аулауға рұқсат етілді, тіпті атуға қызықтырды. Бұл аңның терісінен тігілген тон мен ішік, бас киімді тек дәулетті адамдар ғана киетін. Ал барыс терісінен тігілген малақай аңшының шеберлігін әрі ержүректілігін көрсететін болған.

Қазір де билік пен байлықтың нышаны саналатын барыстың бағалы терісі шамамен 4 мың долларға бағаланады. Сирек кездесетін жыртқышты өлтіргендер әр елде түрліше жазаланады, айыппұлдан бастап, 10 жылға дейінгі бас бостандығынан айырады. Қазір бұл аң Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан және Қазақстан қорықтарында қорғалады. Қазақстанда қар барысы Алматы және Ақсу-Жабағылы қорығында бар. Өкінішке қарай, мемлекетіміздің символына айналған ортаазиялық барыстың тұқымы жыл сайын кеміп барады.

«Ирбис» атауы қайдан шықты?

ХVІІ ғасырда орыстың тері сататын саудагерлері «Ирбис» сөзін Азия аңшыларынан естіген. Тувада бұл аңды «ирбиш», Жетісуда «ильберс», Қытаймен шектесетін алматылықтар «ирвиз» деп атайды. Түрік тілінен «ирбиз» сөзі «қар мысығы» деп аударылады. Осы сөз кейін орыс тіліне еніп, соңғы «з» әрпі, қатаң дыбысты «с» әрпіне айналды. Ал қазақтар олардың өмір сүру жағдайына қарап, «қар барысы немесе тау барысы» деп атайды.

Ел символы

Орталық Азияның сәні саналатын қар барысы — Қазақстан символы. Бұл туралы Елбасымыз «Қазақстан-2030» ұзақ мерзімді даму стратегиялық бағдарламасында «…2030 жылға қарай Қазақстан Орталық Азия барысына айналады және өзге дамушы елдер үшін үлгі болады деп сенемін. Бізде Жолбарыстар жоқ, ал тауларымызда тіршілік ететін қар барысы дүниежүзілік қоғамдастыққа онша таныс емес. Жануарлар әлемінде жолбарыс туыстас болғанымен, барыстың өзіндік ерекшеліктері де бар. Бұл — өзіне тән тектілігімен, бұлалығымен, алғырлығымен, жасқануды білмейтін тәкаппарлығымен, батылдығымен, айлалығымен дараланатын Барыс болмақ. Ол ешкімге бірінші болып шабуыл жасамайды әрі тікелей соқтығыстардан бойын тартатын болады. Бірақ егер өзінің еркіндігі мен тұрағына, ұрпағына қатер төнген жағдайда, ол бұларды басын тігіп, бойындағы барын салып қорғайтын болады…»деген болатын.

Стратегиялық бағдарламада еліміздің символы ретінде барыстың не үшін таңдалғанын Әбіш Кекілбаев былайша түсіндіреді: «Президент Барыстың бейнесін кездейсоқ алып отырған жоқ. Жұлындай жұтынған ортаазиялық Барыс… Оның гносеологиялық тұрғыдағы арғы тегі біздің бабаларымыздың дүниетанымына, адамгершілік мұраттарына барып ұласады. Барыс — сыры жұмбақ жануар. Ол өзіне өзгелердің назарын еріксіз аудартады. Барынша жіті көз тігуге мәжбүр етеді. Өзінше дербес, тәкаппар, топтанып жүруді ұнатпайтын, мейлінше сақ, бірақ қорқақ емес, барынша батыл, бірақ өзгелерге қиянат жасап, біреудің мекені мен жеміне көзін алартпайтын, басқаларға жоқтан өзгеге бола азу көрсетіп, тырнақ батыруды білмейтін, бірақ өзінің есесін ешкімге де жібермейтін, айнала төңірегіндегілерді ақырып-бақырмай-ақ, айрықша шалымдылығымен өзін сыйлата алатын текті жануар. Ешқашан қапия қалмайтын аса сезімтал, айбынды қасиетке ие…».

Айтпақшы, аңыз әңгімелерге сүйенсек, Барыс он екі жылда бір төлдейді екен және сол жылы қыс жылы болатын көрінеді. Бізге жеткен аңыздың мазмұны былай:

Алла тағала күллі аңдарды жинап, әр аңның өмір сүрер ортасын, қорегі мен төл санын, жүктілік уақытын тағайындапты. Сөйтіп, Жаратқан иеміз барысқа кезек келгенде «Мекенің — қарлы құз бен биік таулар, азығың таза қанды тау аңдары мен құстары болсын. Он екі жылда бір рет қыс айында төлдейтін боласың», — депті. Сонда таутан: «Ей, Жаратқан, мекенім тау биігі болса, 12 жылда бір-ақ рет, оның өзінде қақаған қыста  төлдесем, бара-бара менің тұқымым құрып кетеді ғой, рақым етіңіз?» деп мұңын шаққан екен. Сол кезде Алла тағала: «Сен төлдеген жылы қыс жылы болады!» деп уәде беріп, таутанды жұбатыпты. Содан бері барыс төлдейтін жыл аязсыз, борансыз  болады екен. Ал табиғат сырларын жетік меңгерген ата-бабаларымыз барыс төлдейтін, 12 жылда бір келетін осы жылды  «Барыс жылы» деп атапты.

Интернет материалдары бойынша әзірлеген А.БАЛЖАНАЙ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button