Басты жаңалықтарМереке

Әлем және жаңа жыл

Әр елдің салты басқа: әлем елдері жаңа жыл мерекесін әртүрлі қарсы алады. Мереке қарсаңында әр халықтың міндетті түрде ұстанатын өзіндік салт-дәстүрлері де бар. Жаңа жылды қыста емес, басқа жыл мезгілдерінде қарсы алатын елдер де бар екен. Біз бұл мақалада ашық ақпарат көздері арқылы ең қызықты деректерді беруге тырыстық…   

Финляндия:

Финляндияда Жаңа жыл 31 желтоқсаннан 1 қаңтарға қараған түні тойланады. Еуропаның ең суық елінде ертеден бастау алатын жаңажылдық дәстүрлер мен әдет-ғұрыптарды ерекше құрметтейді. Желтоқсанның соңғы күндерінде олар дүниеден өткен туыстарын еске алады: зиратқа барып, бейіттерге шам жағады.

Жаңа жыл қарсаңында финдер өтіп бара жатқан жылдың қорытындысын шығарады: жыл бойғы ең жақсы сәттерін еске алып, келер жылға жоспарлар жасайды, қарыздарын таратады, өкпе-ренішті кешіреді.

Жаңа жыл мерекесі қарсаңында біреуден қарыз алу жаман ырым болып саналады. Ал қиыншылықтардан арылуға көмектеседі деген сеніммен бөшкелерге от жағу дәстүрі жылда тойланады екен. Финдер бұл дәстүр барысында өткен жыл отта жанып, жаңа оқиғаларға жол беріп жатыр деп есептейді.

Ертеден келе жатқан тағы бір дәстүр бар, ол — қорықтық құю арқылы алдағыны болжау. Балқыған қорғасын қандай бейнеге ұқсаса, алдағы жыл сондай болады деген наным бар.

Австралия

Австралиялықтар да жаңа жылды 31 желтоқсаннан 1 қаңтарға қараған түні тойлайды. Географиялық орналасуына байланысты Австралия жаңа жылды Жер шарында ең бірінші болып қарсы алады екен.

Жаңажылдық мерекелердің ең негізгісі Сидней қаласында өтеді. Мұнда елдің бас шыршасы орнатылып, кешкі тоғызда жарық шоулары басталады. Қайықтар, кемелер мен яхталар түрлі түсті жарық шамдармен жарқырайды. Сидней мұнарасының 250 метрлік бақылау мұнарасынан да жарық диодты шоуы көрсетіледі. Ал түн ортасында қаладағы барлық қоңыраулар бір мезгілде соғылады. Бұл — австралиялықтардың жаңа жылды шақыруы.

Ұлыбритания

Ұлыбританияда жаңа жыл қарсаңында Father Christmas-қа сыйлыққа тапсырыс беру дәстүрге айналған. Олар Аяз атаны осылай атайды. Аяз атаға жазған хат межелі жерге жетуі үшін оны каминдегі отқа жағу керек деп есептейді, балаларды хаттың түтіні Аяз атаға жетеді деп сендіреді екен. Ал отбасында кім кімге сыйлық тапсыратынын білу үшін жеребе тастайды және барлық сыйлықтың бағасы бірдей болуға тиіс деген талап қойылады.

Ұлыбританиялықтар жаңа жыл қарсаңында әлі күнге дейін бір-біріне хат жазып, оны пошта жәшіктері арқылы жөнелтеді екен. Технологиялық революция хатты ұялы байланыс арқылы жазуға мүмкіндік берсе де, қағазға хат жазу дәстүрі ұмытылмаған. Ең әдемі мереке Лондонда өтеді. Түн ортасында ағылшындар Темза өзенінің жағасында өтетін жарық шоуын тамашалайды. Әлемдегі ең ауқымды жаңажылдық шеру Лондонда өткізіледі деседі. Бұл шеру ең алғаш рет 1987 жылы қайырымдылық мереке ретінде ұйымастырылған. Содан бері жыл сайын ұйымдастырылады екен.

Швеция

Шведтер 31 желтоқсаннан 1 қаңтарға қараған түнді «Сильвестр түні» деп атайды. Ежелгі аңыз бойынша Рим Папасы I Сильвестр әлемді теңіз құбыжығы  Левиафан деген жыланнан құтқарған-мыс. Ол қайтыс болған күні (31 желтоқсан) католиктер I Сильвестрді еске алады.

Швеция тұрғындары Жаңа жылда көшеге шығып, ән айтып, керней тартады, ысқырады, отшашуды тамашалайды. Шведтердің нанымынша, қатты дыбыстар мен көңілді шулар зұлым рухтарды, сиқыршылар мен бақсыларды қорқытады екен-міс. Ең негізгі мереке Стокгольмдегі ашық аспан астындағы Скансен саябағы мен мұражайы маңында өтеді. Бұл жерде жыл сайын дәстүрлі түрде ақын Альфред Теннисонның «Жабайы қоңырауларды соғу» поэмасын оқу шарасы өтеді.

Жаңа жыл қарсаңында шведтер қарызға ақша бермейді және алмайды. Ол жаман ырым болып саналады екен. Ежелгі әдет бойынша шведтер түн ортасында көршілерінің немесе достарының есігін ыдыс-аяқпен тарсылдатып ұрады. Егер адыс-аяқ сынып, кішкентай бөліктерге бөлінсе, жақсы ырым болып саналады: алдағы жыл сәтті болады деседі.  Ал жылдың бірінші күні үйдің табалдырығын аттаған адам алдағы уақыттың қандай болмағынан хабар береді деседі: жас жігіт келсе — жыл жақсы, кәрі әйел келсе —  жыл сәтсіз өтеді деген наным бар.

Қытай

Қытайлықтар жаңа жылды 2022 жылдың 1 ақпанынан 15 ақпанына дейін тойлайды. Қытайда бұл мереке қыстың емес, көктемнің мерекесі болып саналады екен. 4 мың жылдан бері осылайша өткізіліп келе жатқан жаңа жыл мерекесін өткізу уақыты жыл сайын өзгеріп отырады: себебі ол ай күнтізбесі бойынша анықталады. Жаңа жыл қысқы күн тоқырауынан кейінгі екінші жаңа айда тойланады. Мысалы, 2020 жылы бұл күн 24 қаңтарға сәйкес келді. Мереке 16 күнге созылады.

Қытайлықтар үшін аса қадірлі күн болып саналатын жаңа жылдың 1-ші күніне дейін үйдегі барлық артық нәрселер қоқысқа тасталады. Ал көшелер мен үйлер шамдармен және қызыл түсті әшекейлермен безендіріледі. Қытайлар қызыл түсті сәттілік әкелетін түс деп есептейді. Жыл басталарда  бүкіл елдің көшелерінен құлақ тұндыратын қатты шу, гуіл естіледі, яғни аспанға отшашулар, петардалар атылады, көліктер қатты дыбыс шығарады. Мұндай шу, ежелгі дәстүр бойынша зұлым рухтарды қорқытады екен. Қытайлықтар бір-біріне сыйлық ретінде қызыл конвертке салып, ақша береді. Бұл жаңа жыл табысты жыл болады деген сенімнен туған.

Бразилия

Жаңа жыл күні бразилиялықтар көшеге ақкиім киіп шығады. Ең қызықты мереке Рио-де-Жанейродағы Копакабана жағажайында өтеді: ақкиімді мыңдаған бразилиялық Атлант мұхитына ақ гүлдер лақтырып, толқынмен тербелген ақ гүлдердің әдемілігін әйгілей түсетін отшашуды тамашалайды.

Мереке қарсаңында қала көшелері ақ түске енеді. Кеңсе қызметкерлері ескі кеңсе тауарларын терезелерден лақтырады. Бұл рәсім арқылы кеңсе қызметкерлері ескі жылмен қоштасады. Жаңа жыл түні адамдар мұхит жағалауына барып, шырақ жағып, өз тілектерін айтады. Шам неғұрлым ұзақ жанса, тілектің орындалу мүмкіндігі соғұрлым жоғары болады деген наным бар. Сонымен бірге аруақтар мен теңіз құдайын риза қылу үшін бразилиялықтар мұхит суларына күріш, жеміс-жидек, тәттілер мен айна, иіссу, сабын секілді заттарды ағызып жіберу арқылы сыйлық жасадық деп есептейді екен. Егер аруақтар мен теңіз құдайы риза болса, жолымыз болады деп сенеді.

Италия

Италияда мерекені италиялық шараппен қарсы алады. Сағат 12-ні соққаннан кейін 12 дана жүзім жеу дәстүрі бар, бұл сәттілік шақырады екен-міс. Италияда да қытайдағы секілді қызыл түс жақсылықтың нышаны болып саналады. Сондықтан мереке қарсаңында барлығы қызыл түсті киім киюді әдетке айналдырған.

Ырымшыл италиялықтар жаңа жылда бірінші кездескен адам болашақты болжай алады деп есептейді. Барлығы, ең алдымен, кішкентай баламен немесе діни қызметкермен кездесуге тырысады екен, олар адамға бақыт әкеледі деп сенеді.

Жаңа жыл қарсаңында италиялықтар үйдегі керексіз заттардың барлығын терезеден лақтырады. Сондықтан жаңа жыл кезінде Италияға қыдырып барсаңыз, сақ болуыңыз керек — себебі терезеден ыдыс-аяқ, тіпті тұрмыстық техникалар да құрауы мүмкін. Мұндай кезде тіпті көшедегі көлік қозғалысы да тоқтатылатын көрінеді. Италиялықтар барлық қажетсіз қоқыстардан құтылғанда ғана келесі жыл бақытты және табысты болады деп сенеді.

Тағы бір қызығы — италиялықтар бұл мерекеде бір-біріне кәдімгі суға толы бөтелке сыйлайды. Бұл әр үйге тазалық әкеледі деген ырымнан шыққан.

Оңтүстік Корея

Жаңа жылдың басталғанын Посингак мұнарасында 33 рет қоңырау соғылғанынан білуге болады. Жаңа жыл түні ешқандай мереке болмайды, нағыз мереке таң ата басталады екен. Көпшілігі таңды қарсы алу үшін теңіз жағалауына барады.

Әр корей отбасы жаңажылдық мереке қарсаңында мына төрт нәрсені жасауы керек, олар —  негізгі жаңажылдық ас — ттоккук сорпасын ішу, ата-анасына, туыстарына барып құттықтау, арғы төрт атасын еске алу,  батпырауық ұшыру, әткеншек тебу секілді отбасылық ойындар ойнау және теңіз жағасына, не тауға барып таңды қарсы алу. Бұл күні барлық үйлер тауық пен жолбарыстың суреттерімен безендіріледі, корейлердің нанымынша, бұл үйді зұлым рухтардан тазартады.

Мерекеде еш ұмытылмайтын бір дәстүр — жасы үлкен қарияларды құттықтау. Отбасының жасы кіші мүшелері үлкендерге басы жерге жеткенше иіліп, құттықтау сөздерін айтып, сыйлықтар үлестіреді.

Шотландия

Бұрын Шотландияда жаңа жыл 1 қарашаға қараған түні тойланатын болған. Дәстүр бойынша от жағып, сол оттың үстінен адамдар секіретін болыпты. Бүгінде шотландиялықтар жаңа жылды 1 қаңтарда тойлайды, бірақ от жағуға қатысты рәсімдер сақталған. Мысалы, ел тұрғындары жаңа жыл қарсаңында көше бойымен ішіне от жаққан бөшкелер домалатады екен. Үйде де от жағу дәстүрге айналған. Ескі жыл аяқталуға санаулы уақыттар қалғанда үй иесі үйдің барлық есіктерін сағат 12-ні соққанша ашып қояды екен. Бұл — жаңа жылды қарсы алу дәстүрі.

Шотландиялықтар жаңа жыл кешінде әлем елдерінде «Шотландия халқының әншісі» ретінде танымал  Роберт Бернстің әндерін айтады.

Жаңа жыл түні 12-ге жарты сағат уақыт қалғанда Шотландия гвардиясының ең тәжірибелі ардагері қолына орақ пен құмсағат ұстап, әскери бөлімнен шығады. Оның айналасында жүрген әскерилер Шотландияның ұлттық музыкалық аспабы —  волынка ойнап, көшені әнге толтырады. Ал сағат тілі 12-ден ауғаннан кейін қарттың орнын жас әскери қызметкер басады: енді волынка тартқандар жас сарбазды безендірілген орындыққа отырғызып алып, салтанатты дастарқанға көтеріп апарады. Бұл жерде жас сарбаз жаңа жылдың символы іспеттес болады екен.

Мьянма

Мьянмада жаңа жыл сәуірдің 12-сі мен 17-сі аралығында жылдың ең ыстық күндерінде тойланады. Мереке үш күнге созылады. Мьянмалықтар өздерінің нанымы бойынша жаңбыр құдайының көңілін көтеру мақсатында түрлі мерекелік жарыстар өткізеді. Барлық адамдар көшеге шығып, бір-біріне су шашып ойнайды. Бұл су мерекесі деп аталады.

Вьетнам

Жаңа жылды тойлау кезінде Вьетнамда шыршаның орнына мандарин, өрік, шабдалы ағаштары безендіріледі. Себебі дәл осы уақытта жеміс ағаштарының көпшілігі гүлдейді, сондықтан мерекенің өзі гүлдермен байланыстырылады.

Дәстүр бойынша жаңа жыл 20 қаңтардан бастап ақпан айының соңына дейін жалғасады. Көшелер мен үйлерге жеміс ағаштарының безендірілген бұтақтары ілінеді.

Балалар үлкендерді құттықтап барады, ал ересектер балаларға дорбаға салынған монеталар береді. Монеталар жаңа болуға тиіс. Үш күн бойы тойланатын мереке түнгі айдаһар шеруімен аяқталады.

Интернет материалдары бойынша әзірленді.

Басқа жаңалықтар

Back to top button