Басты жаңалықтар

Алты алаш аңсаған — «Азаттықтың ақ таңы»

Ақтөбеде қазақ елінің тәуелсіздігі үшін күрескен азаматтарға арналған «Азаттықтың ақ таңы» атты мемориалды кешен ашылды.

Шараға облыс әкімі Оңдасын Оразалин бастаған жергілікті атқарушы билік органдарының өкілдері, қоғам белсенділері мен зиялы қауым, сондай-ақ Темірбек Жүргенов пен Ұзақбай Құлымбетовтің туыстары қатысты.

—Міне, алты алаш баласы аңсаған ел тәуелсіздігінің 30 жылдығын атап өтіп отырмыз. Халқымыздың талай жылдар армандаған азаттығы біздің еншімізге тиіп отыр. Олай болсаАзаттықтың орындалған арман екендігіне бүгінгі буын куә. Өйткені мемлекет ретінде танылдық, ел болып қалыптастық. Өткенімізді түгендеп, өшкенімізді жандырдық.Қазақ халқы бөтен елге бодан болған кезден-ақ қайтадан азат болуға ұмтылған. Талай-талай қарулы қақтығыстар болды. Көтерілістер болды. Азаттық жолында  қаншама боздақтарымыз жанын құрбан етті.

Ең қилы кезеңдерде халқымыздың жігері жасып, қайраты қайтқан жоқ. Азаттық жолында құрбан болған асыл азаматтардың ерлігі арқасында тәуелсіздікке қол жеткіздік. Сөйтіп, тарихтың көлеңкелі тұстарын қайта зерделеп, жоғалған рухани құндылықтарды қалпына келтіруді қолға алдық. Бүгінгі ұрпақ тәуелсіздік үшін күрескен азаматтарды ұлықтап, олардың тауқыметке толы тағдырынан тағылым алуға тиіс. Тарихтан тағылым алмағандар үшін қасірет әрдайым қайталанады. Бүгінгі «Азаттықтың ақ таңы» тарихи кешені тәуелсіздік жолында күрескен Алаш қайраткерлеріне, олардың мұрасына деген адалдығымызды аңғарту мақсатында ашылып отыр, — деді кешеннің ашылуында сөз алған облыс әкімі Оңдасын Оразалин.

Шара барысында сөз алған қоғам қайраткері, философия ғылымдарының докторы, профессор Амангелді Айталы тарихқа көз жүгіртіп, жаңадан ашылған кешеннің тек қаланың көркі ғана емес, кейінгі ұрпақ үшін рухани азық екенін жеткізді.

— Біз — біртұтас ұлтпыз, біртұтас мемлекетпіз. Біздің күшіміз — бірлікте. Осы бірлігімізден айырмасын, — деп қорытты сөзін.

Мемориалды кешенде Қазақстанның тәуелсіздігі үшін күрескен Алаш партиясының белгілі қайраткерлері Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Мұстафа Шоқай, Халел Досмұхамедов, Міржақып Дулатов, Жаһанша Досмұхамедов, Мағжан Жұмабаев, Телжан Шонанов, Темірбек Жүргенов, Ұзақбай Құлымбетов, Мұхамеджан Тынышбаевтың барельефті бейнелері бейнеленген.Жоба авторы — мүсінші Жеңіс Жұбанқосов. Әлия Молдағұлова мен Тәуелсіздік даңғылдарының қиылысында орналасқан рельефті композицияныңбиіктігі — 5 метр, ал ұзындығы — 7 метр.

Шара соңында қонақтар мемориалды кешенге гүл шоқтарын қойды.

  Ақерке САТЫБАЛДЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button