Басты жаңалықтар

Ақтөбеде халықтың 85,8 пайызы санақтан өтті

ИНТЕРВЬЮЕР ҮЙІҢІЗГЕ КЕЛІП ТҰР!

Ұлттық халық санағын жүргізу барысында облыс бойынша 1100-ден астам интервьюер мен инструктор-бақылаушы жұмысқа қабылданған. Олар санақ аяқталғанша өздеріне бекітілген аумақ бойынша тұрғындармен кездесіп, санақ жүргізеді.

Интервьюер қызметіне бастамашыл, жауапты, коммуникабельді, компьютерде жұмыс жасай алатын 18 жастан асқан Қазақстан азаматтары тартылды. Интервьюердің міндеті —  еліміздің қалалары мен ауылдарындағы үй шаруашылықтарын жаппай аралау. Үйлерді аралау кезеңінде интервьюерге арнайы куәліктер мен Ұлттық санақтың логотипі бейнеленген көк түсті шарф пен сөмке берілді. Куәлікте аумақтық статистика департаменті басшысының қолымен және мөрімен расталған интервьюердің фотосуреті, толық аты-жөні бар. Куәліктің жоғарғы бөлігінде тіркеу нөмірі көрсетілген. Бұл нөмірді sanaq.gov.kz сайтында «Интервьюерді іздеу» жолағына енгізуге болады, содан кейін сайтта интервьюердің деректері көрсетіледі. Сондай-ақ интервьюердің жеке басын 1446 нөміріне қоңырау шалу арқылы да тексеруге болады.

Облыста интервьюерлер барлық ауданда, ауылдарда жұмыс істеп жатыр. Олардың бірқатарымен сөйлесіп, жұмыс барысы туралы сұраған едік…

Алтынай СӘУЛЕБАЙ,

интервьюер: 

— Байғанин ауданының Алтай батыр ауылының тұрғынымын. Ауылым аудан орталығынан 60 шақырым жерде болса да, күн сайын Қарауылкелдіге қатынап, өзіме жүктелген міндетті абыроймен атқаруға тырыстым.

Негізгі мамандығым — бастауыш сынып мұғалімі, бірақ қазіргі таңда уақытша жұмыс істемеймін. Ұлттық халық санағына интервьюер ретінде бірінші рет қатыстым. Бұл туралы Алтай батыр ауылының жастар ресурстық орталығының маманынан естідім. Сол кісі маған осы санақ науқаны кезінде интервьюер жұмысын ұсынған кезде бірден келістім, себебі ұлт үшін маңызды науқанға өз үлесімді қосқым келді.

Жұмысымды таңғы 9-дан кешкі 7-8-ге дейін үзіліссіз атқардым. Күніге 60-70 шақты адамды қамтыдым. Санақ кезінде қызықты сәттер де, қиыншылықтар да болды. Таңнан кешке дейін жүргендіктен, ауа райының қалай өзгеретінін білмейсің — бірде бұршақ, бірде жауын жауады, суық тиіп, сырқаттанып қалған кездерім де болды. Бірақ соған қарамастан, жұмысты соңына дейін жеткіздім. Тағы бір қиындығы — өздері туралы жеке мәліметтерді бергісі келмеген адамдардың кездескендігі. Мұндай адамдармен түсіндіру жұмыстарын жүргізу үшін де біраз уақытымыз кетіп қалды.

Маған екі учаске берілді, бұл учаскелерде, негізінен, жаңадан салынып жатқан үйлер болғандықтан мекенжайлары жазылмаған, сондықтан бір үйге 3-4 рет кіріп кеткен кездерім де болды. Үйлерге барған кезде көбіне тұрғындар ықылас білдіріп, нан ауыз тигізіп жатады. Сондай бір үйден нанды қолыма ұстап шыққаным қандай жақсы болған: Келесі бір үйге барғанымда бос жүрген қабаған итке тап болдым, қолымдағы нанды сол итке беріп, үйге кіріп кеттім. Сондай қызықты оқиғалар кездесті.

Ауданда барлығы 20 интервьюер жұмыс істедік. Мен екі учаске бойынша өзіме бекітілген 900-ден астам адамның аты-жөнін халық санағы парағына енгіздім. Ел үшін осындай маңызды науқанға өз үлесімді қосуға мүмкіндік берген әкімдік қызметкерлеріне, қолдау көрсеткен ата-енеме, күйеуіме алғысымды білдіремін.

Нысанбай СЕРІКҰЛЫ, интервьюер:

— Алға қаласындағы бюджеттік мекемелердің бірінде жұмыс істеймін. Ауданға іссапармен келген Қазақстан Республикасының Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросының Ақтөбе облысы бойынша департаменті қызметкерлері келіп жиын өткізген кезде халық санағы барысында интервьюер ретінде жұмыс істеуге өзім ниет білдірдім. Бұл науқанға қызметкер ретінде бірінші рет қатысып отырмын.

Жұмыс күндері кешкі 5.30-дан бастап 10-ға дейін, демалыс күндері таңғы 9-дан кешкі 10-ға дейін үй-үйді аралап, санақ жүргіздім. Күніге шамамен 60-70, тіпті одан да көп адамды қамтуға тырыстым.

Санақ науқанына интервьюер ретінде қатысу арқылы ең алдымен аудан тұрғындарымен тығыз қарым-қатынас жасауға үйрендім. Алға қаласында тұратын бірнеше ұлт өкілдерінің, көптеген отбасылардың тұрмыс жағдайы, күнделікті тыныс-тіршілігін көруге мүмкіндігім болды. Бюджеттік мекемеде жұмыс істейтін мен үшін бұл өте маңызды.

Санақ кезінде адамдардан сұрақ-жауап алу барысында айтарлықтай қиындықтар болған жоқ. Дегенмен өздері туралы жеке  мәліметтер беруге қарсы болғандар болды. Ондай адамдармен өзімізге арнайы бекітілген инструкторлар, тиісті орган өкілдерімен бірлесе отырып түсіндірме жұмыстарын жүргіздік.

Ауданда барлығы 47 интервьюер (соның 25-і  Алға қаласы бойынша) жұмыс істедік. Өзіме бекітілген 5-учаскеде тұратын 800-ден астам адамның жеке мәліметтерін санақ парағына енгізіп, жұмысымды абыроймен атқардым.

Ұлттық халық санағы — 10 жылда бір рет өткізілетін маңызды науқан. Ол елдің демографиялық өсімін саралап, болашаққа жоспар құруға, халықтың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған жоба деп білемін.

Жазира НӘЖІМЕДДИНҚЫЗЫ, интервьюер:

— Хромтау ауданының Дөң селосында тұрамын. Жасым 24-те. Мұндай ұлттық маңызы бар шараға бірінші рет қатысып отырмын. Жалпы, ұлттық халық санағы жүретіні туралы бұқаралық ақпарат құралдарынан, интернет желілерінен көріп, біліп жүрдім, алайда осы салада жұмыс істеймін деп ойламаған едім.

Жергілікті ауылдық әкімдік мамандары маған интервьюер жұмысын ұсынған кезде бірден келістім, себебі өзім уақытша жұмыссыз едім, әрі халыққа пайдам тиеді, әрі табыс табамын деп ойладым.

Қолым бос болғандықтан жұмыс уақытына еш шектеу қойғаным жоқ, күн сайын шамамен 50-60 адамның аты-жөнін, жеке мәліметтерін санақ парақтарына енгіздім. Сұхбаттасу барысында еш қиындық болған жоқ, себебі ауылдық жер болғандықтан тұрғындар бір-бірін таниды, мәлімет бермеу деген болған жоқ.

Дөң ауылында үш интервьюер болып жұмыс істедік. Бізге қажетті планшет, сөмке, шарф, куәлік — барлығы берілді. Өзім 4 және 5-учаскелерде жұмыс істедім. Төртінші учаске бойынша 844 адам тіркелді. Оның ішінде 505 адам онлайн, 339 адам офлайн режимінде қатысты. Ал бесінші учаске бойынша 771 адамды тіркедім.

Ұлттық халық санағы — елдің болашағы үшін маңызды шаралардың бірі. Мұндай үлкен іске үлес қосу үшін облыс орталығында, астанада тұру маңызды емес. Шағын ғана ауылымның тұрғындарын тіркеу арқылы ортақ іске өз үлесімді қостым деп ойлаймын.

АҚТӨБЕДЕ ХАЛЫҚТЫҢ 85,8 ПАЙЫЗЫ САНАҚТАН ӨТТІ

Соның ішінде онлайн режим арқылы облыс халқының 45,6 пайызы сұрақтарға жауап берген, қалғаны офлайн режимі арқылы санаққа қатысты.

— Биылғы 1 тамыздағы дерек бойынша облыста 902 142 адам тұрады. Соның 85.8% пайызы бүгінге дейін санақтан өтті. Қала бойынша (1 тамыздағы дерек) 519 779 адам бар. Аудандар арасында 16 837 тұрғыны бар қарғалылықтар санақтан облыс бойынша бірінші болып 100 пайызға шығу ықтималдығы бар, — дейді ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросының Ақтөбе облысы бойынша департаментінің баспасөз хатшысы Динара Ізбасқанова.

ӘЛІ ДЕ ОНЛАЙН ӨТУГЕ БОЛАДЫ

Санақтан онлайн өту мүмкіндігі тоқтатылған соң, тұрғындардан оны ұзарту туралы көптеген өтініштер түскен. Осыған байланысты sanaq.gov.kz сайтында онлайн сауалнама функциясын қайта қосу туралы шешім қабылданған.

Санақ сауалдарына арнайы sanaq.gov.kz сайты, E-Gov порталы арқылы тіркеліп немесе Aitu мобильді қосымшасы арқылы жауап беруге болады. Онлайн өту мүмкіндігі халық санағы аяқталғанға дейін қолжетімді болмақ.
Айта кетейік, 1 қыркүйек пен 15 қазан аралығында онлайн-санақ функциясын облыс тұрғындарының 45 пайызға жуығы пайдаланған. 1 қазаннан бастап интервьюерлер үй-үйді аралауды бастады. Онлайн өткен респонденттер келген хабарламаны интервьюерлерге көрсетуге тиіс. Олармен сауалнама қайта жүргізілмейді. Онлайн санақ халық санағының соңына дейін қолжетімді болады.

  • СҰРАҚ-ЖАУАП:

Қазақстан Республикасының Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросының Ақтөбе облысы бойынша департаментінің баспасөз хатшысы Динара Ізбасқанова жауап береді:


— Егер интервьюер сауалдарына жауап беріп, кейін басқа өңірге кетіп қалсам, менімен сауалнама қайта жүргізе ме?

— Офлайн, яғни интервьюер жүргізген сауалнамадан соң респондентке санақтан өткені жайлы анықтама беріледі. Оны 10 қарашаға дейін сақтап, басқа елді мекенге кететін жағдайда өзімен бірге алып жүрген абзал. Интервьюер берген анықтама азаматтың санақтан өткенін ресми түрде растайды және онымен қайта сауалнама жүргізілмейді.

Естеріңізге сала кетейік, санақ сауалдарына онлайн режимде жауап бергендер электронды анықтама алған болатын. Оны да 10 қарашаға дейін сақтаған жөн. Ол үйлерді аралап жүрген интервьюерге көрсетілуге тиіс. Бұл респондентпен қайта сауалнама жүргізілмейді.

 

—  Санақ парақтарын толтыру кезінде түрлі себептермен отбасы мүшелерін (балаларды, ата-аналарды, туыстарды және т.б.) қосуды ұмытып кеттім. Оларды қайтадан параққа қосуға бола ма?

—  Егер тіркелген әрі санақтан өткен респондент санақ парағына өзгеріс енгізуді қаласа, байланыс орталығына немесе аймақтардағы жауапты тұлғалардың телефондарына хабарласуы қажет (тізім sanaq.gov.kz сайтында көрсетілген).

Байланыс орталығына хабарласқаннан кейін респонденттерде отбасы мүшелерін қосу, уақытша тұрғанын көрсеткен азаматтар үшін тұрақты тұратынын белгілеп, 3-И санақ парағын өзі және қосылған отбасы мүшелері үшін толықтыру мүмкіндігі болады. Бұдан бөлек анкетаны қазанның 30-ына дейін үйлерді аралайтын интервьюерлердің көмегімен де толтыруға болады.

 

— Санақ кезінде жеке басымызға қатысты мәліметтерді береміз. Олардың таралып кетпеуіне қандай кепілдік бар?

—  Халық санағын жүргізу кезінде жеке деректердің қауіпсіздігіне кепілдік беріледі.

Санақ жүргізу кезінде азаматтардан алынатын барлық ақпарат қорғалған байланыс арналары арқылы бюроның орталық серверіне беріліп, ондағы барлық деректерді қорғау үшін Қазақстан Республикасы стандартына сәйкес ақпаратты криптографиялық қорғау құралдары қолданылады. Криптографиялық басқару құралдары ақпаратты шифрлау және сақталатын, сондай-ақ берілетін маңызды ақпаратты қорғау үшін пайдаланылады. Бұл туралы ілкіде жүргізілген брифингте Ұлттық статистика бюросының басшысы Нұрболат Айдапкелов те толық айтқан болатын. Оның айтуынша, Sanag.gov.kz cайтын қорғау үшін Sectigo SSL сертификаты сатып алынды, онда пайдаланушы мен сервер арасында деректер алмасу қорғалған https хаттамасы бойынша жүреді. «Ұлттық статистика бюросының барлық ақпараттық жүйесі ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымның аса маңызды объектілері тізіміне енгізілген», — деді ол. Сонымен бірге «Мемлекеттік техникалық қызмет» АҚ санақ бойынша sanaq.gov.kz ақпараттық ресурстың қолжетімділігіне тәулік бойы мониторинг жүргізуді және хакерлік шабуылдардың алдын алуды қамтамасыз етеді.

 Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button