Басты жаңалықтар

«Ақтөбе» ауылдарды аралады

«Ақтөбе Медиа» ЖШС-на қарасты «Ақтөбе» және «Актюбинский вестник» газеттерінің тілшілері ауыл тынысымен тығыз байланыс жасап, оқырмандарымен аптасына үш рет қауышады. Ауылдың әлеуметтік жайы, ондағы түйінді мәселелер ұдайы газет тілшілерінің назарынан тыс қалған емес. Жаңалықты дер кезінде жариялап, ақпараттандырып отырған қос басылымның өкілдері жуырда Байғанин ауданына арнайы барды. Басылым беттерін ауыл тақырыбына көбірек арнайтын медиа қызметкерлері өзекті мәселелерді көңіліне түйіп қайтты.

Күйі кеткен колледж

«Ақтөбе Медиа» ЖШС директоры, ҚР Журналистер одағы Ақтөбе облыстық филиалының төрағасы Раукен Отыншин, қоғам белсендісі ардагер ұстаз Естай Жайлыбай бастаған топ Байғанин ауданында болып, Қарауылкелді, Ноғайты, Жарқамыс және Кемерши ауылдарын аралады. Бұл сапарда  ҚР Жазушылар одағының мүшесі, ақын Жақсылық Айжан мен ҚР Журналистер одағы Ақтөбе облыстық филиалының жауапты хатшысы Нұрмұханбет Дияров болды.

Мектептерде кездесу өткізіп, оған ауыл тұрғындары мен жоғары сынып оқушылары қатысты.

Алдымен Байғанин техникалық колледжінде болған кездесуде кадр, мамандар даярлау жөнінде әңгіме өрбіді. Колледжде 2 жылдан бері директор тағайындалмаған. Оның да шарттары, талаптары бар. Ұсынылған үміткер конкурстан өте алмай жүр. Колледжде басшы болмағасын көптеген жұмыстардың да тұралап тұрғаны байқалады. Бір кездері 600 оқушысы болған колледжде  оқушылар саны да жылдан-жылға азайып бара жатыр.

Қазіргі таңда 106 оқушы 10 мамандық, 15 біліктілік бойынша білім алып жатыр. Мемлекеттік тапсырыс бойынша оқытатын колледж аудандық жұмыспен қамту бөлімі арқылы ауыл шаруашылығы мамандарын даярлайды. «Нәтижелі еңбекпен қамту» бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында тегін білім алып жатқан барлық оқушыға 26 мың теңге көлемінде шәкіртақы тағайындалған.

Ұзақ жыл осы колледжде жұмыс істеп зейнеткерлікке шықтым. Бірнеше жылдан бері штат мәселесі шешілген жоқ.  Колледждің өзі ақша табуы керек. Жиһаз жасайтын шеберханасы бар.  Бұрын монша да болған. Солардан түскен ақшаға жыртығымызды жамайтын едік. Бірақ бәрін заңға қайшы деп жауып тастады. Аспазшының табысына да шектеу қойылған. Осындайлар қиындық келтіріп тұр. Балалардың бәрі жоғары оқуға түскісі келеді. Бір жылы мектептен 33 бала бітіріп, оның 32-сі университетке түскеніне куә болдым. Қалада оқыған жақсы әрине, бірақ елдің бәрі жайлы орындықты қаласа, ауылды кім көркейтеді?

Дипломын ұстап жүрген жастар жетерлік. Бірақ қажетті мамандыққа оқымағасын жұмыс жоқ. Кәсіпкер болу үшін де мамандық керек. Ал колледжден алған білім болашақ кәсіпкерлерге көмегін тигізеді, — дейді Бағыбай Сейілханов.

Оқу ғимараты мен жатақханасы 1970 жылдары салынған колледж облыстағы ең ескі оқуы орындарының бірі болып саналады. Бұдан 5 жыл бұрын ғана бір бөлігі күрделі жөндеуден өтіпті. 10 жыл бұрын 25 миллион теңге беріліп, оған техникалық қызмет көрсету орнын ашқан. Қазір сол арқылы ақылы қызмет көрсетеді. Тапқан ақшаға  басқа да қажеттіліктерін түгендегенімен, техникалары он жылдан бері жаңаланбаған.

Сонымен қатар колледжге арнайы пәндерден оқытушы керек. Орыс тілі мен ағылшын тілін оқытатын мұғалімдер жоқтың қасы.

Қазіргі таңда колледжде ағаш шеберханасы мен дәнекерлеу цехы бар. Оған да арнайы меңгеруші маман қажет.

— Жатақханамыз күрделі жөндеуді қажет етіп тұр. Жоғары жаққа ұсыныс берілді. Жатақхананы жаңадан салу мүмкіндіктері қарастырылып жатыр. Материалдық-техникалық базасын жаңартсақ, оқу ғимараты оған сәйкес келмейді. Ол үшін типтік жобада болуы керек. Әйтпесе арнайы лабораториялық бөлмелер болмағаннан кейін жабдықтарды орналастыра алмаймыз, — дейді Байғанин техникалық колледжінің өндірістік оқыту жөніндегі орынбасары Абат Хасен.

Оның айтуынша, бүгінгі күні 1 «Газель» жүк көлігі мен 3 автомобиль, және 2 «Белорусь» тракторы бар. Әзірге олар пайдаға жарап тұр.

Колледж ұжымымен кездесуде көтерілген осындай мәселе барлық аудандарда бар.

— Ең бірінші кез келген оқу орнының материалдық-техникалық базасы жақсы болуға тиіс. Жастар да жақсы, жайлы жерде оқығысы келеді. Аудан колледждеріндегі оқушылардың азайып кетуі заңды құбылыс. Мектеп бітірген түлектер жоғары оқу орнына түсіп немесе қаладағы колледждерге барады. Ауылда қалғысы келмейді. Сонымен қатар оқу орындарында көптеген білім гранттары бар. Демек, ауылдан келген түлектер оқуға түспей қалмайды. Алайда жергілікті колледж сапалы білім беретін болса, келушілердің қатары кемімейді. Менің сапарға шыққандағы мақсатым — әр ауылдардағы осындай мәселелерді көтеріп, тиісті орындарға жеткізу, — деді Естай Жайлыбай.

Газеті мен шөбі кешіккен ауыл

Ноғайты ауылында өткен кездесуде ардагер ұстаз Төлеген Жұмабаев газет-журналдардың уақытында келмейтіндігін айтты. Аудан орталығынан газеттерді округтер мен елді мекендерге араға апта салып әкеледі екен.

Бұл жөнінде «Ақтөбе Медиа» ЖШС директоры Раукен Отыншин басылымдарда оқырманға жеткізу «Қазпошта» акционерлік қоғамының жұмысы екенін айтты.

— Кейбір оқырмандар газетті редакция таратады деп ойлайды. Біз газетті баспаханаға дер кезінде дайындап береміз. Баспадан шыққан өнімімізді әрі қарай оқырмандарға жеткізу — «Қазпоштаның» міндеті. Олардың көрсеткен қызметі үшін біздер қаржысын төлеп отырмыз. «Қазпошта» акционерлік қоғамымен екі жақты тасу-тасымалдау жөнінде келісімшарт бар. Алайда газет-журналдар аудан орталығына келіп, жатып қалады. Одан әрі елді мекендерге көрінген жолаушыларға беріп жібереді немесе зейнетақымен бірге жиналып барады екен. Мұндай жағдайды көп естиміз. Газет-журнал оқырманның қолына уақтылы тиюі керек. Сіздердің айтқан ұсыныстарыңыз аяқсыз қалмайды. Біз әр оқырманмен тығыз байланыс жасап отырамыз. Соның бір дәлелі газет бетінен арнайы «Редакцияға хат» деген айдар аштық. Онда ауылға қатысты көкейлеріңізде жүрген сауалдарыңызды, ортақ мәселелерді жолдасаңыздар, түйткілді мәселелерді бірге шешіп отырамыз, — деді медиа басшысы.

Ноғайты ауылында да жер мен мал азығынан қиындық бар. Көп үйдің ауласы бос тұр. Шөп түсірмеген үйлер әлі кездеседі. Ауыл тұрғындары жайылымдық жердің жылдан-жылға тарылып бара жатқандығын айтады.

Шөбіміз Атырау, Маңғыстау облыстарына сатылып жатыр. Ауыл әлі мал азығымен толық қамтылған жоқ. Жеке кәсіпкерлерге ешкім тоқтау бола алмайды. Олар ауылға әкелгеннен гөрі сыртқа екі есе бағасына сатқанды тәуір көреді. Осының бәрін ауыл әкімі ұйымдастыруы керек қой. Қыстық қор да жиналып жатқан жоқ. Қыс ұзап кетсе, жемшөпті қайдан аламыз? — дейді ауыл тұрғыны Залжан Сүйеуов.

Қуаңшылық жағдайында қор жинау басты шаруа. Шөп сатушыларды да түсінуге болады. Тұрғындар уақытында алып болмағаннан кейін шөп дайындауға кеткен шығынды жабу керек. Бірақ алдымен ауылды толық қамтамасыз етіп алмай сыртқа шөп тасуға болмайды. Сол үшін облыс әкімі Оңдасын Оразалиннің қолдауымен биыл мал азығын дайындайтын шаруалар үшін көмек ретінде қомақты қаражат бөліп, субсидия берілді. Аудан, ауыл әкімдерінің жергілікті кәсіпкерлер және тұрғындар арасындағы түсінік жұмыстары кемшін бе деп қаласың.

Жем бойын құм басып жатыр

Одан кейін Жарқамыс пен Қызылбұлақ ауылдық округінің орталығы Кемерши ауылдарында болған баспасөз өкілдері қос ауылдың жайымен танысты. Жем бойын жағалай отырған екі ауылдың да ортақ проблемасы — жол мен құм. Аудан орталығынан 112 шақырым жердегі Жарқамысқа жету үшін екі сағаттан астам уақыт кетеді. Ал қыс айларында бұдан да ұзақ жүреді. Округ әкімі  Асылхан Жұбаналиннің айтуынша, бүгінгі күні көтерме жолдың 50 шақырымы қырылып, тегістелген.

Жарқамыстағылар облыс орталығына бару үшін көбіне Кеңқияқ арқылы қатынайды. Бұл жол қашықтықты 80 шақырымға қысқартады. Жем өзенінің жағасында орналасқан ауылдарды құм басу қаупі тұр. Тұрғындардың айтуынша, ауыл  ішіне біртіндеп кіріп келе жатыр. Оны тоқтату үшін тал егу керек. Бұл жөнінде Байғанин ауданы әкімінің орынбасары Әсет Жеткізгенов ауыл сыртын қоршап, тал отырғызу жұмыстары күн тәртібінде тұрғанын айтты.

Жем өзенінің арғы бетінде мұнай бұрғылап жатқан компаниялар көп. Ауыл жастарының дені сол жерлерде вахталық әдіспен жұмыс істейді. Арғы беттен Жарқамысқа тіке келу үшін көліктер Жем өзенін кешіп өтеді. Көптеген техникалар батып қалады. Бұл да төте қатынасқа қиындық тудырып отырған мәселенің бірі. Мұз қата ауыл тұрғындары өзгеше әдіске көшеді екен. Өзеннің саяз жерінен су шашып, мұзды қалыңдатып, қыстай жүретін көпір жасап алады.

Жарқамыстың тұсына бір көпір керек. Арғы беттің жері кең. Жайылым да, шабындық та жетеді.  Малымызды солай қарай шығарып, өрісімізді кеңейткіміз келеді. Егер көпір болсағ, мал азығы да сол жақтан тасылар еді. Әрі мұнай компанияларымен байланысымыз жақсарады. Кейде олардың ауыр техникаларын пайдаланамыз, — дейді ауыл тұрғындары.

Алайда көпір салу оңай емес. Оған қыруар қаражат керек. Бұл тек жоғары деңгейде ғана шешілетін шаруа. Тұрғындардың тағы бір алаңдайтыны — мұнай компанияларының жерді тарылтып тұрғаны. Олардың айтуынша, әр мұнай компаниясы өз аумағын қоршап алса, малдың өрісі едәуір азайып кетпек. Қазіргі таңда қоршаусыз бос жерлерге жайылып жүр.

Кемерши ауылына бұдан 2 жыл бұрын көгілдір отын келгенімен Қ.Жазықов атындағы орта мектеп биылда көмірмен жылынады. Жазда мектепке газ тарту үшін 12 миллион теңгеге жобалық-сметалық құжаты дайындалған. Бұл жұмыспен облыс құрылыс басқармасы айналысады. Биылға қаражат бөлінбегендіктен мектепке газ тарту келесі жылға қалды. Ал кемершиліктер болса мектепке тездетіп газ кіргенін қалайды. Кездесуде ауыл тұрғындары осы мәселені қозғады.

— Мұның бәрі зерттеліп, зерделеніп шешілетін нәрсе. Пікірлеріңіз орынды. Алайда ауылдарға үкімет қолдау көрсетіп келе жатыр. Қандай сауал болмасын оның орындалуын дәйекті дәлелдермен келтіру керек. Құр аттандап, айқайламау керек. Жел сөз шаруа шешпейді. Өзім 40 жылдай ұстаздық еттім. Бірақ қоғамдық  жұмыстардан қалғам жоқ. Қазір әлеуметтік желіні ашып қалсаң, ұсталып, қамалып жатқандарды көресің. Кейбіреулер әдейі арандатудың құрбаны боп жатады. Билік пен бұқара бір ымыраға келіп жұмыс істегені дұрыс. Мәселені қойғанда да сауатты қоюды білген кезде билік те сенімен санасады. Бұл айтып отырғандарыңызды облыс әкіміне жеткіземін. Дұрыс шешім қабылдайды деген ойдамын, — деді қоғам белсендісі Естай Жайлыбай.

Одан кейін қонақтар ауылда өтіп жатқан  көгалдандыру акциясына қатысып,  мектеп ауласына тал екті.

Ауылдардағы кездесулерде «Ақтөбе Медиа» ЖШС директоры Раукен Отыншин еңбек ардагерлерін марапаттап, тұрақты оқырмандарға облыстық газетке 2022 жылға жазылу сертификаттарын тапсырды.

Самат НАРЕГЕЕВ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button