«Ақтөбе — құтты мекен»Басты жаңалықтар

Ақтөбенің ажарын аллеялар аша түспек

Жыл соңына дейін облыс орталығы жаңа демалыс орындарымен толығады. Қазіргі таңда Ақтөбе қаласының бірнеше жерінде құрылыс жұмыстары қызу жүргізіліп жатыр.

Ақтөбе қаласының іргесінде жаңадан бой көтерген «Нұр Ақтөбе» шағын ауданындағы тұрғындар саны жыл санап артып келеді. Тиісінше аталған аумаққа саябақтар, гүлзарлар қажет-ақ. Бұны сол жақты мекен еткендер де жиі айтып жүрген-ді. Енді, міне, көпшіліктің тілегі орындалып, таяу уақытта мұнда саябақ пайдалануға берілгелі отыр.

— Саябақтың жалпы аумағы — 24 мың шаршы метр. Соның ішінде жаяу жүргіншілер жолы 1500 шаршы метрді құрайды. Сондай-ақ веложол салынады.

Саябақтың құрылысына бюджеттен 195 миллион теңге бөлінді, — дейді мердігер мекеме — «КаНур Строй Сервис» ЖШС өкілі Бақыт Тәжібаев.

Оның айтуынша, саябақтың ұзындығы — 600 метр, ал ені — 40 метр. Бұл жерге 13 заманауи әткеншек, 147 жарықшам, 47 қоқыс жәшігі, 47 орындық және күрке іспетті 4 тынығатын орын орнатылмақ. Сондай-ақ Бақыт Тәжібаев су жаңа саябақтың балаларға арналған ойын және спорт алаңымен жабдықталатынын атап өтті. Қойылатын заттардың  дені — Ақтөбеде жасалған. Құрылысшылар сол арқылы жергілікті тауар өндірушілерді қолдауды көздеген.

Ауа райының қолайсыздығы мен демалыс күндеріне қарамастан, шағын аудандағы саябақтың құрылысы қызу жүріп жатыр. Қазіргі таңда мұнда қырлы тастар төселуде. Көп жұмыс һәм уақыт осыған кетеді екен. Себебі бұл — «қол жұмысы», яғни ешқандай техника пайдаланылмайды.

— 1 желтоқсанға дейін бәрін аяқтауды жоспарлап отырмыз.  Құрылыс материалдары жөнінен қиындықтар жоқ, бәрі уақтылы жеткізілді, — дейді Бақыт Тәжібаев.

Өткен аптада құрылыс орнын аралаған облыс әкімі Оңдасын Оразалин көптеп ағаш егуді тапсырып, көгалдандыруға мықтап көңіл бөлу — басты міндеттердің бірі екенін атап өткен еді.

Ал Ә.Молдағұлова даңғылы бойындағы Шахматшылар аллеясында күрделі жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Қыркүйек айының ортасында басталған қалпына келтіру шаралары желтоқсанға дейін аяқталады деп күтілуде. Мердігер мекеме — «КМК строй» ЖШС.

— Аллеяның ұзындығы — 540 метр. Соның 9453 шаршы метріне қырлы тас салынады. Қазіргі таңда аталған жұмыстың 50 пайыздан астамы жасалды. Сондай-ақ 120 жарықшам, 60 орындық пен қоқыс жәшігі қойылмақ. Көгалды суару бойынша қосымша жұмыстар атқарылады, — дейді жоғарыда аталған компанияның өкілі Еркінбек Инжел.

Оның айтуынша, демалыс орнына үйеңкі, терек ағаштары және көпжылдық гүлдер егіледі. Балаларға арналған ойын және спорт алаңдары салынады. Бюджеттен осы жұмыстарға барлығы 150 миллион теңге бөлінген.

Айта кетейік, қазіргі кезде құрылыс орнында 30-ға тарта адам жұмыс істеп жатыр.

 Айбек СЕРІКҰЛЫ. 

Басқа жаңалықтар

Back to top button