Жаңалықтар

Еңбек адамдары марапатталды

10 қазан — Қазақстан кәсіподақтары күні мерекесі қарсаңында облыстық аумақтық кәсіподақтар орталығының ұйымдастыруымен салтанатты шара өтті.

Жиынға Ақтөбеден өзге, Атырау, Батыс Қазақстан облыстары филиалдарының жетекшілері мен бастауыш кәсіподақ ұйымдарының өкілдері қатысып, үздік еңбек адамдары марапатталды.

Шараның ашылуында ҚР Кәсіподақтар федерациясы атқару комитетінің мүшесі, «Қызмет» салалық кәсіподағының төрағасы Мирболат Жақыпов құттықтау сөз сөйлеп, кәсіподақ жұмысын одан әрі жандандыруға бағытталған бастамалар туралы кеңінен хабардар етті.

— Кәсіподақтар федерациясы азаматтардың еңбек мәселелерін шешуге бағытталған шараларды одан әрі жалғастырады. Биыл Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында ең төменгі жалақыны өсіру тапсырмасын берді. Келер жылдан бастап бюджеттік сала қызметкерлерінің жалақысын кезең-кезеңмен ұлғайту бағытында 600 мыңға жуық мемлекеттік қызметкердің әл-ауқаты жақсармақ. Кәсіподақтың әлеуметтік еңбек қатынастарын реттеудегі  негізгі механизмі әлеуметтік әріптестік келісім. Бұл бағытта Кәсіподақтар федерациясы 25 салалық және 17 аймақтық келісім жасады. Бүгінде сол келісімдер нақты жұмыс жасауда, — деді Мирболат Жақыпов.

Сонымен қатар ол өңірдің кәсіподақ қозғалысының дамуы жолында еңбек етіп, зор үлес қосқан ардагерлерімізге құрмет көрсетіп, белсенді азаматтарды  Кәсіподақтар федерациясы атынан Алғыс хатпен марапаттады. Бірқатар азаматтарға «Еңбек озаты», «Кәсіподақтағы белсенді жұмысы үшін» және «Кәсіподақ ардагері» медальдарын да табыс етті. Олардың қатарында «Ақтөбе облыстық кәсіподақтар орталығы» аумақтық бірлестігі төрағасының орынбасары Жеңісбек Ақбергенов, Ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің салалық кәсіподағы облыстық филиалының төрағасы Тұрақбай Алдабергенов, салалық мәдениет, спорт, туризм және ақпарат қызметкерлерінің кәсіподағы облыстық филиалының төрайымы Назира Табылдиновалар бар.

Марапат иелерінің бірі Өзипа Махмұтова педагогика саласында 42 жыл қызмет атқарған. Шара барысында ол «Еңбек озаты» төсбелгісімен марапатталды.

— Ең алғаш Алға ауданында еңбек жолым басталды. Кейіннен №58 Құрашасай орта мектебінде математика пәнінен сабақ беріп, зейнеткерлік демалысқа шықтым. Бүгін бізге осындай құрмет көрсетіп жатқан ұйымдастырушыларға ризашылығымды білдіремін, — деді ол.

Салтанатты шара Батыс аймақтық форумына жалғасты. Бұл жиынға облыс әкімінің орынбасары Бұлбұл Елеусінова қатысып, өңірдің дамуына  белсенді үлес қосқан бірқатар азаматтарды марапаттады.

Бүгінде облыстық кәсіподақтар орталығы аумақтық бірлестігінің 132 мыңнан астам мүшесі бар. Биылдың өзінде  олардың саны 3 мыңға артып, 12 жаңа бастауыш ұйым құрылған.

Ақбота ҚАЛДЫБЕК.

Басқа жаңалықтар

Back to top button