Жаңалықтар

Димаштың «Жаңа толқындағы» жаңа әні

Ресейдің Сочи қаласында дәстүрлі «Жаңа толқын-2021» халықаралық байқауы өтіп жатыр. Қара теңіз жағалауында орналасқан курортты шаһарда осымен қатарынан 19 жыл бойы ұйымдастырылып отырған  байқауға әлемнің 9 елінен 11 жас әнші қатысып жатыр. Өнер бәйгесіне қазылық етуге Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, жерлесіміз Димаш Құдайберген шақырылды.

Dimashnews.com сайтының дерегінше, ән додасының теледидар аудиториясы 200 миллионнан астам адамды құрайды. Жас таланттардың аяқ алысын бағалайтындардың қатарында Игорь Крутой, Филипп Киркоров, Светлана Лобода, Сергей Лазарев, Artik & Asti, Леонид Агутин, Дима Билан және Димаш Құдайберген сынды музыка майталмандары бар.

Ашылу рәсімінде ресейлік композитор Игорь Крутойдың «Your Love», «Stranger» әндерін шырқаған Димаш өзгелердің арасында өз өрнегін сала білді. Ол соңғы аталған туындыны  қазақтың ұлттық музыкалық аспабы — қобыздың сүйемелдеуінде ұсынды. Жас қобызшы Олжас Құрманбекпен бірге өнер көрсеткен жерлесіміз, осылайша дәстүрлі қазақ музыкасын дәріптеді.

— Қазылар құрамында алғаш рет отырған жоқпын. Бұған дейін Қытайдағы «Super Vocal», жақында «Славян базары» жобаларында қатысушыларды бағаладым.

Ал «Жаңа толқын» байқауына алғаш рет қазылар алқасының мүшесі ретінде қатысамын, бұл — қуантарлық әрі жауапты сәт. Әрине, ең алдымен, өз елімнің өкілдері үшін жанкүйер боламын, бірақ көмектеспеймін. Себебі конкурста әділдік бар, соның арқасында көптеген жылдар бойы өмір сүріп келеді, — дейді Димаш.

Аталған байқауда Қазақстанның атынан «Mezzo» тобы бап пен бағын сынға салып жатыр. Біздің квартет екі күннің қорытындысы бойынша үздік үштіктің сапынан көрінді. Жігіттерге сәттілік тілейміз!

Айтпақшы, Димаштың орындауындағы ән жаһандық жарыста да естілді. Бірер күн бұрын әншінің әкесі Қанат Айтбаев ұлының репертуарындағы «Қайран елім» әнінің сүйемелдеуімен француз спортшысы Ян Вокленнің жасөспірімдер арасында мәнерлеп сырғанаудан өткен әлемдік Гран-при кезеңінде өнер көрсеткенін, еркін бағдарлама қорытындысында 17 жастағы Ян IV орын алғанын хабарлады. Бұл мәнерлеп сырғанаудан жыл сайын өтетін коммерциялық турнирлердің жиынтығы екенін айта кету керек.

Айбек СЕРІКҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button