Жаңалықтар

Кәсіпкерлерге арналған қосымша іске қосылмақ

Кеше өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте «E-Salyq Business» мобильді қосымшасы жайлы хабардар етілді. Бұл — кәсіпкерлер үшін таптырмайтын жаңашылдық.

Ақтөбе қаласы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасы заңды тұлғаларды әкімшілендіру бөлімінің басшысы Өркен Көбейсіннің айтуынша, аталған қосымша барлық бизнес иелері үшін қолжетімді әрі тиімді. Осы арқылы онлайн режимде тіркеуден өтуге, хабарлама алуға, төлемдерді басқаруға, т.б. қызметтерді алуға мүмкіндік бар.

— Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің «Арнайы салық режимдерін қолдану кезінде салық міндеттемелерін және әлеуметтік төлемдер бойынша міндеттемелерді орындау мақсаттары үшін арнайы мобильді қосымшаны пайдалану жөніндегі пилоттық жобаны іске асыру қағидаларын бекіту туралы» бұйрығына сәйкес, «E-Salyq Business» арнайы мобильді қосымшасы салық төлеушілердің салық міндеттемелерін орындауын жеңілдету мақсатында әзірленген және бұл ақысыз ұсынылады.

Пилоттық жоба биылғы 1 қазан-31 желтоқсан күндері аралығында Қазақстан Республикасының аумағында іске асырылады, — деді ол.

Жобаға патент немесе оңайлатылған декларация негізінде арнаулы салық режимдерін қолданатын, мобильдік қосымшаны пайдаланушылар ретінде тіркелген жеке кәсіпкерлер, сондай-ақ осы салаға ден қойғандар, мемлекеттік кіріс органдары қатыса алады.

Азаматтардың уақытын үнемдеуге арналған мобильдік қосымшаны кез келген смартфонға орнатуға болады.

 Айбек СЕРІКҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button