Жаңалықтар

Тығылып той жасаған

Демалыс күндері Ақтөбе қаласындағы 23 мейрамханада жасырын той өткені анықталды. Сенбі-жексенбі күндері рейдке шыққан арнайы мониторингтік топ санитарлық талаптарды сақтамаған 31 нысанды анықтап отыр.

Облыста індет жұқтырғандардың қатары көбейіп тұрса да, тығылып той жасайтындар тыйылар емес. Мейрамханалардың алдынан бірде-бір көлік көрмейсің, кіріп-шығып жатқан адамдар да байқалмайды. Бірақ ішінен музыканың даусы шығып тұрады. Қонақтар көліктерін әудем жерге қойып келеді екен. Той иелері де қонақтарын мейрамхананың артқы есігінен қабылдайды. Ақтөбе қаласы бойынша 11 топқа бөлінген мобильдік топ түсте және кешкісін рейдке шығады. Мейрамханалардың той немесе басқа да басқосулар өткізіп, адам шоғырына жол берілгені байқалса, дереу орталыққа хабарлайды.

Мұндай жағдайда той жасаған адам ғана емес, тойға барғандар да айыппұл арқалауы мүмкін. Әкімшілік құқықбұзушылық туралы Заңының 425-бабы 1- тармағына сәйкес санитарлық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы заңнама талаптарын, сондай-ақ гигиеналық нормативтерді бұзу мынадай айыппұлдар төлеуге алып келеді. Жеке тұлғаларға — 30, лауазымды адамдарға, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне немесе коммерциялық емес ұйымдарға — 230, орта кәсіпкерлік субъектілеріне — 310 және ірі кәсіпкерлік субъектілеріне  1600 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынады.

Жалпы, талапқа пысқырмайтындар 87 мың теңгеден жоғары айыппұл төлейді.

Мобильдік топтардың анықтауынша,  «Анвар»,  «Дина» супермаркеттеріндегі сауда жасаушылар арасында арақашықтық сақталмаған. Екі күндік күшейтілген рейд кезінде жұмыс режимін бұзған дүкендер де табылды.

С.ЖҰБАНҒАЗИН.

Басқа жаңалықтар

Back to top button