Жаңалықтар

«Ақжелең» талапкерлерді танытты

Байқау

Шалқар қаласында Қазанғап күйлерін насихаттаушы, «Халық күйшісі-2021» атағының иегері, тоқсан жасқа таяған ел ақсақалы күйші Жұмабай Жансүгіровтің құрметіне арналған атты облыстық күйшілер байқауы өтті.

Онлайн түрде ұйымдастырылған шараның мақсаты — Қазанғап Тілепбергенұлы күйлерінің тереңіне бойлап, оны насихаттаушылардың бірегейі, жасы ұлғайса да киелі домбырасынан бір сәт алыстамаған шынайы өнер иесі Жұмабай ақсақалдың есімін жастарға таныту.

Қарт күйші шежірелі өлкенің Ордақонған болысы, №13 ауылында дүниеге келген. Қазанғап күйлерін бүгінге саф алтындай таза қалпында жеткізуші бірегей талант иесі Кәдірәлі Ержановтың баталы шәкірті атанып, Қазанғап күйлерін қалпында жеткізуші, бүгінде Шалқардың Жылтыр деген аядай ауылында тұрып жатқан абызымыз осы — Жұмабай ақсақал.

Оның атына өткізілген бұл күйшілер додасына облыс бойынша 8 үміткер қатысып, Қазанғап шығармаларын орындаудан сайысты.

Қорытындысында қазылар алқасының шешімімен бас жүлде — байғаниндік Матжан Нұрасылға тиесілі болды. Бірінші орынды Шалқар ауданынан бағын сынаған Аян Дәменов жеңіп алды. Қарғалы ауданынан Тарғын Мақсат екінші орынды иеленсе, мұғалжарлық Қолғанат Меруерт пен ырғыздық Гүлжанат Ұзақ үшінші орынды бөлісті.

Шара соңында Жұмабай Жансүгіровтің арнайы жүлдесімен шалқарлық күйші Орынбасар Әуезханов марапатталды. Жалпы, осы байқауға қатысушыларға ұйымдастырушылар тарапынан дипломдар мен ақшалай сыйлық сертификаттары табысталды.

Мұхтар МЫРЗАЛИН,

Шалқар қаласы.

Басқа жаңалықтар

Back to top button