Жаңалықтар

Әбілқайыр ханның шөбересінің құлпытасы табылды

Қобда ауданының Жиренқопа ауылы маңынан Әбілқайыр ханның шөбересі — Арыстан сұлтанның құлпытасы табылды.

Жиренқопадан солтүстік-батысқа қарай 5-6 шақырым қашықтықта, Ресеймен шекараға жақын маңнан табылған құлпытастағы араб қарпімен жазылған мәтінді маңғыстаулық маман, белгілі ескерткіштанушы, ҚР мәдениет саласының үздігі Нұрлан Құлбай оқыды. Мәтінде Жантөре хан ұлы Арыстан сұлтанның 46 жасында, 1855 жылдың әсет айында бақилық болғаны, құлпытасты балалары Ханғали мен Ханкерей сұлтандардың қойдырғаны туралы мәлімет бар, сондай-ақ Құраннан алынған сөздер жазылған.

Жантөре хан — Әбілқайырдың Бопай ханымнан туған баласы Айшуақ ханның ұлы. Тарихшылардың айтуынша, Айшуақ хан 1797 жылы Кіші жүз ханы болып сайланып, 1805 жылға дейін осы жоғары мәртебелі лауазымда болған. 1805 жылы І Александр патша Айшуақ ханды демалысқа жіберген. Одан әрі, 1805-1809 жылдар аралығында, құлпытасы табылып отырған Арыстан сұлтанның әкесі Жантөре Кіші жүзге хан болды. Айшуақ пен Жантөре хандардың құлпытастары жақын жылдардағы зерттеулер кезінде көршілес Батыс Қазақстан облысының аумағынан табылған болатын. Ал Әбілқайыр ханның біздің облыстың Әйтеке би ауданындағы «Хан моласы» қорымында жерленгені белгілі. Сонымен, баба-ата-әке-бала болып келетін тізбек: Әбілқайыр хан-Айшуақ хан-Жантөре хан-Арыстан сұлтанның жерленген жерлері бүгінгі ұрпаққа нақты белгілі болып отыр. Біз өз тарихымызды жаттың идеологиялық ықпалынсыз зерттеуді, жазуды тек тәуелсіздік алғаннан кейін ғана қолға алдық, бұл тарапта әлі де нәтиже аз, сондықтан жоғарыдағыдай деректердің табылуы зерттеушілер үшін — үлкен олжа.

Сондай-ақ тарихшы ғалым Нұржан Жетпісбайдың дерегі бойынша, жоғарыда оқылған құлпытаста есімдері аталған Ханғали (Қаналы) және Ханкерей сұлтандар қазіргі Ресейдің көршілес Орынбор облысының аумағында жерленген.

А.САРЫБАЙ.

Сурет Нұрлан Құлбайдың фейсбук желісіндегі парақшасынан алынды.

Басқа жаңалықтар

Back to top button