Жаңалықтар

Ескерткішке QR-код орнатылды

Былтыр облыс әкімінің қолдауымен Сырым  Датұлы жетекшілік еткен «Халық кеңесі» құрылтайы өткен жерге ескерткіш белгі орнатылған болатын. Осы ескерткішке жақында QR-код орнатылды.

Облысымыздың тарихи орындарын насихаттау мақсатында  облыстық мәдениет басқармасының қолдауымен облыстық тарихи-мәдени мұраны зерттеу, қалпына келтіру және қорғау орталығы мәдени-танымдық шара өткізді. Шараны орталық директоры Фархад Досмұратов ашып, ескерткішке орнатылған QR-код арқылы ғаламтор желісі бар-жоқ болса да ескерткіш туралы нақты мәлімет оқуға болатындығын, жер иесімен қорғау міндеттемесі жасалғанын баяндады.

Сонымен қатар шараға облыстық жастар саясаты мәселелері басқарма басшысы Елеусіз Нұрғалиев, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын Талғат Тілеулесов, облыстық тарихи-өлкетану музейінің бөлім меңгерушісі Алмагүл Сарыбай және  жазушының туыстары қатысып, сөз сөйледі.

Еркін Құрманбек Қажығали Мұханбетқалиұлы туралы естелігін айтты, «Тар кезең» романының жазылуына байланысты деректер келтіріп, жазушының 80 жылдығына дайындық мәселесін көтерді, осы ескерткішті абаттандыру, ағаш егу, орындықтар жасау жанашырлардың жұмысы екендігін айтты.

Облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Елеусіз Нұрғалиев ескерткішке жасыл желек егу жұмыстары жүргізілетіндігін айтты.

Азаттықты аңсаған тұлғалардың өткеніне үңілген жазушылар көп болса, соның  бірі тәуелсіздік алған жылдардан кейінгі тұңғыш тарихи романның авторы  Қажығали Мұхамбетқалиұлы  еді. Жиырма жылға жуық осы тақырыпты зерттеген автор 2012 жылы аталған романды кітап етіп шығарды. 2014 жылы Қажығали Мұханбетқалиұлының «Тар кезең» романы  Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты атанды.

М.ӘЛИАСҚАРОВА,

Ақтөбе облысының тарихи-мәдени мұраны зерттеу,

қайта қалпына келтіру және қорғау орталығының бас инспекторы, тарих ғылымдарының магистрі.  

Басқа жаңалықтар

Back to top button