Басты жаңалықтар

Орман — облыстың байлығы

Орман десе көз алдымызға биік қарағайлар, арасынан ит тұмсығы өтпейтін қалың тоғайлар елестейді. Алайда жартылай шөлейтті аймаққа жататын Ақтөбе өңірінде ағаштардың дені қолдан отырғызылған. Өзен-сулардың айналасындағы құба талдар мен  жиде ағаштары болмаса, қалғанының бәрі қолдың күшімен жасалған.  Облысты орманға айналдыру сонау патша өкіметінің кезінен басталды. Алдымен құм көшкінін тоқтату үшін ішкі Ресейден қарағайлар әкелініп егілді. ХІХ ғасырдың екінші жартысынан басталған тал егу жұмысы күні бүгінге дейін тоқтаған емес. Ақтөбе қаласы мен облыс аудандарындағы орман алқаптары адамдардың табиғатқа қосқан сыйы. Ендеше сол  екпе талдардың қазіргі жайы, күтімі туралы айтпақпыз.

Сенбілік сая бола ма?

Заман да,  адам да өзгерген сайын тіршіліктің  ағынымен табиғат та түрленіп барады. Су тартылса да, ағаш өсуін тоқтатқан жоқ. Сол бір ғасыр бұрын бабаларымыз шелектеп суғарған талдардың саясы бүгінгі ұрпақтың демалыс орындарына айналған. «Атадан тал қалсын!» дегенде дана қазақ осыны біліп айтса керек. Бастапқыда бап талғамайтын қарағаштардың тамыры көп таралды. Өскіш, тамыр алып кетсе тырмысып өсе беретін бұл ағашты кез келген ауылдан көруге болады. Бірақ…

Кейін қарағаш сәннен қалды. Қалаларда оның орнына ұзын теректер бой көтере бастады. Аудан орталықтары да қалысып жатқан жоқ. Ауылдардағы мектеп, клуб, тағы басқа әлеуметтік нысандардың  ауласы терекпен толды. Ал саябақтарға шыққан түлектердің де қосқан үлесін айтпай кетуге болмайды.

Етек жеңі жинақы, биік боп өсетін теректер ауылдың ажарын ашып, әдемі көрініс береді. Бұған қоса жұрт жеміс ағаштарын да өсіре бастады. Жалпы, тал, теректің көбеюі әлеуметтік жағдайға да байланысты. Қазір бұрынғыдай ешкім құдықтан қауғалап су тартып суармайды. Орталықтандырылған су құбыры немесе электр тогымен жұмыс істейтін су сорғыш қондырғылар әрбір құдықта бар. Тек ниет пен ынта болса болғаны. Бас аяғы 2-3 жылда аулаңыз жасыл желекке айналып шыға келеді.

Жә, бұл жеке тұрғындардың тірлігі. Ал ортақ іске көзқарасымыз қалай? Күн сайын құм басып жатқан ауылдарды қалай қорғаймыз?

Оның бір амалы — тал егу. Әрине, ауданға басшы боп келген әкімдер ең бірінші осы жұмысты қолға алады. Тазалық айлықтарында апта сайын сенбілік ұйымдастырып, көшелерге, ауыл сыртына көшеттер отырғызылады. Дегенмен қарқын шамалы. Тәуелсіздік алғалы ағаш егудің кемі жоқ. Сол 30 жылда әрбір ауыл жасыл желектің астында қалатын уақыт болды. Он тал ексе, біреуі шықса, оған да көндік.

Сырты қоршалып, тұрақты суарылмағасын жас шыбықтар бағусыз малдың аузында кетеді. Сөйтіп келесі жылы тағы әбігерге түседі. Оны да өрістен қайтқан сиыр жеп құртады.

Өнбес тірлік осылай жалғасып келе жатыр. Ауылдарды көгалдандыру ісін бір мекемеге немесе кәсіпкерге беру керек сияқты. Сол талдардың әр данасына субсидия төлеп, шығымына қарай қаражаты берілсе, кәнеки… Алайда қаржының жоқтығынан немесе аздығынан мемлекеттік мекемелердің қызметкерлеріне тегін еккізудің нәтижесін көз көріп отыр. Мұндайда қазақ арзанның сорпасы татымайды дей ме? Ал алдарындағы малды баға алмай отырған жұрт талдарды қори ма?

Сайып келгенде, ортақ орман талдарының тамыр алып кетуі «тұрғындардың түсінігіне тәуелді болып отыр» деп айтқалы қашан?

«Жасыл ел» — орман жанашыры

Облыста 1 миллион 400 мың гектар орман алқабы бар екен. Ақтөбе қаласын қосқанда 7 ауданда орман шаруашылығы бар. Зерттеулерге сенсек, облыстың жерінде 80 түрлі ағаш өсіруге болады. Өткен ғасырдың 80-жылдары қайта құру кезінде 15 орман шаруашылығы жұмыс істеп тұрғанымен, тоқырау кезінде жартысы қысқартудың құрбаны болып, жабылып қалған.

Облыстың орманын қорғайтын осы 7 орман шаруашылығы мекемелерінің басты жұмысы — тәлімбақтардың тамырын көбейту.  Барлығын қосқанда тәлімбақтарға арналған 215 гектар жер болса, пайдаланылып отырғаны — 42 гектар. Бүгінгі күні олар ағаштың 16 түрін өсіріп отыр. Орман шаруашылығындағы көшеттер мемлекеттік мекемелерге, әкімдіктерге беріледі.

Облысты жасыл аймаққа айналдыру — Президенттің тапсырмасы. Бұл жоба бойынша әр аудан жылына кем дегенде 20 гектар жерге тал егуге тиіс. Жыл сайын 20 гектардан егілген талдарды күтуге «Жасыл ел» еңбек жасағы тартылады. Сонымен қатар адамдар орман шаруашылықтарындағы тәлімбақтарда жұмыс істейді.

Биыл орман шаруашылығы мекемелеріне маусым, шілде айларында 458 адам жұмысқа жіберілген.  «Ақтөбе» орман шаруашылығы 218 адаммен толықса, қалған 6 аудан маусымдық жұмыстарға 40 адамнан алған. Тамыз айында қосымша «Жасыл ел» еңбек жасағы арқылы 100 адам жұмысқа алынады.

Олардың  ең басты жұмыстары — орман тәлімбақтарына күтім жасау.

Жаз бойы  «Жасыл ел» жасақтары 514 гектар орман қоры аумағын қоқыстардан тазартып, 244,2 гектар аумақтан  ағаш сынықтарын жинаған. Сонымен қатар  49,5 гектар жердің топырағын қопсытып, 9253 дана қураған ағаштарды кесу жұмыстарын жүргізді.

Қазір көп ауылдарға көгілдір отын кіргелі орман, тоғайға балта ұстап кіретіндердің қатары күрт тыйылды. Бұрынғыдай орманға кіріп алып,  аралап кесіп, балталап шабатын ешкім жоқ.

Облыста орман алқаптарын көбейту жөнінде облыс әкімінің тапсырмасы бар. Сондай-ақ Мұғалжар, Қарғалы аудандарынан да орман шаруашылығын ашу керектігін айтты. Жалпы, орман шаруашылығын құру үшін алдымен материалдық базасы жасақталуы керек. Жерлері болғанымен қаражатты қажет етеді. Бірақ биыл Байғанин ауданынан да 20 гектар жерге ағаш егу қолға алынды. Ағаш егу үшін алдымен арнайы зерттеу жұмыстарын жүргіземіз. Топырағының құнарлылығы, климат жағдайына қарап  қандай ағаш өсіруге қолайлы екенін анықтаймыз. Қазір жеміс ағаштарын көбейтуді қолға алып жатырмыз. Алма, өрік, шие өсіру жоспарланды. Бізде барлық орман шаруашылығы жақсы жұмыстар істеп жатыр. Соның бірі «Ойыл» орман шаруашылығын айтуға болады, — дейді облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалану мен реттеу басқармасының орман шаруашылығы бөлімінің басшысы Ғабит Қылышбаев.

Облыста «Шағын Щвейцария» атанып кеткен Ойыл ауданындағы қарағайлы Барқын құмына келушілер кеміген жоқ.  «Ойыл» орман шаруашылығы мекемесіне қарайтын бұл жердің табиғаты да ерекше. Қазір ол жақтағы орман шаруашылығы мекемесі 16 гектар жерге көшеттердің он түрін өсіреді. Олардың арасында терек, өрік, жиде, шаған, үйеңкі, шырғанақ, арша, қарағай, және қарағаштар бар. Егілген тұқымды орман көлемін үлкейту мақсатында елді мекендерге отырғызу жоспарланған. Қазіргі таңда бұл мақсат іс жүзінде іске асып келеді. Орман шаруашылығындағы қызметкерлердің барлығы уақытпен санаспайды.

— Біздің тәлімбақтың ерекшелігі, онда ағаш өсіруде «Жасыл ел» жасақшылары, яғни балалар белсенді рөл атқарады. Жұмысшыларымызбен бірге өсірілген көшеттерді зиянды шөптерден тазалап, күтіп-баптау жұмыстарын жасауда.

Бұл жұмысымыз қыс түсіп, жер қатқанша тоқтамайды. Ағаштарды өсіріп, баптау оңай жұмыс емес,  — дейді тәлімбақ шебері Денис Шестаков.

Ал «Жасыл ел» бағдарламасы аясында аталған тәлімбақта еңбек етіп жүрген жастардың бірі Меруерт Күнсарина бұл жердегі жұмыс өзіне қатты ұнайтындығын айтады.

Мен «Жасыл ел» бағдарламасына биыл екінші рет қатысып тұрмын. Онда бізге туған жердің тазалығы мен тал егу, егілген көшеттерді суару, күтіп-баптау жұмыстары жүктелген. Былтыр село ішіндегі саябақтардың тазалығы мен жасыл желектердің жайқалып, бой көтеруіне атсалыстық. Туған жерімді көгалдандырып, абаттандыру жұмыстарына атсалысып, елімнің көркейіп, гүлдене беруіне өз септігімді тигізсем, ол мен үшін үлкен абыройлы міндет, — деді ол.

«Ойыл» орман шаруашылығы мекемесінің басшысы Серік Мусин тәлімбақтың көлемін кеңейтіп, ағаштың 21 түрін егуді жоспарлап отыр.

Жалақы аз, маман тапшы

Ақтөбе облысын жасыл аймаққа айналдыру үшін шешімін таппай жүрген біраз мәселелер бар екен.

Республика бойынша орман шаруашылығы қызметкерлерінің жалақысы аз. Сонымен қатар мамандар жеткіліксіз. Оның басты себебі — мардымсыз еңбекақы. Орман шаруашылығы мамандарының айтуынша, жалақы көтерілсе, маман тапшылығы да шешілер еді. «Жасыл ел» еңбек жасағынан басқа жастар бұл жұмысқа бара бермейді және мамандық алуға құлқы жоқ.

Сонымен қатар ескірген техникалармен жасыл белдеу құру аяққа тұсау салуымен бірдей. Техника соңғы екі жылда біршама жаңарған.

Бұған облыс әкімі Оңдасын Оразалиннің былтыр орман шаруашылығына техника алу үшін 700 миллион теңге бөлгізуі игі ықпал етті. Оған 21 жаңа трактор мен тіркемелер, арнайы құралдар алынған. Сол тракторшылардың жалақысы небары 50 мың теңге. Бұл жұмысқа жасы үлкен кісілер келеді. Жастар жоламайды. Әрине, механизаторларға шаруа қожалықтары 100-150 мың теңге төлейді. Сондықтан орман шаруашылығы төлейтін аз ғана жалақыға  тракторшылар табыла бермейді. Ал көшеттерді сатып, одан түскен пайдадан берілетін сыйақының да мөлшері мандымайды екен.

Тағы бір мәселе, орман ішінің қоқыстарға толуы тыйылмай тұр. Табиғат аясына демалуға шыққандар былай тұрсын, түнделетіп көлікпен тұрмыстық қалдық заттарын тастап кетеді. Орман шаруашылығының жерінде шаруа қожалықтары шөп шабады. Кейбірі техникалық қауіпсіздікті сақтай бермейді. Солардан шыққан өрт орманға қауіп төндіреді.

Мұндай жағдайда орман шаруашылығы мекемелерінің өрт сөндіру бекеттерінде 9 адамнан құралған бригада бар.

Облыста 350 орманшы жұмыс істейді. Орман ішіндегі кез келген заңбұзушылықтардың алдын алады. Олардың жалақысы  — 70 мың теңге.

P.S.Міне, орманға барсаңыз да, орманшы болсаңыз да, әрбір ағаштың қандай еңбекпен өсетінін түсінгеніңіз абзал.

Бірақ бір «әттеген-айы» бар. Ағашты өсірумен қатар, оған күтім де жасау керек.  Ақтөбе қаласының көшелеріне көрік беріп тұрған тіке өсетін теректер болса, жайылып өсетін қараағаштары сиқын кетіріп тұр. Жаяу жүргіншілерге арналған жолдар иілген ағаштардың жапырақтарымен жабылған. Оны қысқартып, күзейтін жауапты мекемелердің биыл да қимылдайтын түрі көрінбейді. Ал ағаштың бұтақтары мол жерде адамға да, көлікке де кедергі көп.

 Самат НАРЕГЕЕВ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button