Басты жаңалықтарЭкономика

Табысты ауданның тынысы

Жергілікті бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері Әйтеке би ауданына барып, жыл басынан бері жасалған жұмыстарды көздерімен көріп қайтты.

Соңғы 6 айдың қорытындысы бойынша ауданның әлеуметтік экономикалық дамуымен танысты.

Өнім мен өсім

Биыл қуаңшылық болады деп күтілген болжамды әйтекебиліктер жоққа шығарып отыр. Егісі мен шабындығының түсімі табиғатқа тәуелді болғанымен, әріден жасаған әрекеттері көрініп-ақ тұр. Ерте қамданған шаруалар шабындықтан шөп дайындап, ауылдарға тасып жатыр. Барлық округте шөп бар. Тек өткен жылғыдан сәл аздау. Биыл ауданға бір жарым жылға 239 тоннадай шөп дайындау керек. Жері тастақты дейтін Қайрақты ауылдық округі шөпті көрші округтерден алады. Қазіргі таңда «Жарық» шаруа қожалығы Қайрақты округіне шөп дайындау үстінде. Аудандық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің басшысы Мейрамбек Сәтиевтің айтуынша, егістіктің де шығымы былтырғыдан төмен болғалы тұр. Дегенмен ауданның қамбасы бос қалмайды. Бір қуанарлығы, облыстың егісті өңірлеріне түсіп, шөп біткенді мүжіп тастайтын шабындық көбелегі бұл ауданда жоқ. Бірақ ауданның барлық жері зиянкестерге қарсы бақылауда.

Жарты жыл ішінде 2948,7 миллион теңгенің  өнімін өндірген өңірдің өнеркәсібі өрлеп тұр. Ал ауыл шаруашылығының жалпы өнімі 10581,6 миллион теңгеге жетті.

Негізгі  капиталға  6 айда  3705,7 миллион теңге тартылған.  2021 жылдың 6 айында ауданда шағын және орта бизнес бойынша тіркелген субъекті саны 1282 бірлікті құрады, оның ішінде жұмыс істеп тұрғаны — 1245.

Облыс орталығынан 3 сағаттық жер болса да мұнда қоныстанушылар көп. Биыл жеке тұрғындар жалпы алаңы 4625 шаршы метр жерге тұрғын үйлер салған.

Аудан бойынша құрылыс жұмыстарының құны – 1077,9 миллион теңге.

Өрісінде 17 мыңға тарта жылқысы бар аудан 6 ай ішінде 7 мың тоннадан астам ет өндірген. Әрине, бұл межеге  ірі қара мен қойдың да өсімі жеткізіп отыр. Ауданда қолға үйретілген  106545  құс бар екен, сол құстардан 3469,6 мың дана жұмыртқа алынған.

Бұдан басқа Әйтеке би ауданының кен өндіру өнеркәсібі және карьерлерді қазу жұмыстарындағы табысы 2280,5 миллион теңгеге артқан.

Ал бөлшек сауда көлемі 1811,7  миллион теңге болса, көтерме сауда көлемі

135,0 %-ды құрапты.

Кәсіп пен жұмыс

Кәсіпкерлік саласы жақсы дамыған ауданда 6 айда  972 жаңа жұмыс орны ашылған.

«Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы 3 бағытта іске қосылды.

Бірінші бағыты бойынша техникалық және кәсіптік білімі бар кадрларды даярлау үшін 61 адамды оқыту жоспарланды. Бұл шара оқу орнына түспеген мектеп түлектерін кәсіппен қамтамасыз етуге бағытталған. Бұдан басқа биылғы жылы

3 айлық қысқа мерзімді кәсіптік оқытуға 60 адам жіберіліп, оған 7,2 миллион теңге қаражат бөлінді. Бағдарламаның негізгі нәтижесі: қысқа мерзімді кәсіптік оқытуды аяқтаған соң жұмыспен қамтылады.

Бағдарламаның келесі бағыты кәсіпкерлікті дамытуға арналған.

Биылғы жылы 25 адамды шағын несиемен қамту үшін  республикалық бюджеттен 110,0 миллион теңге қаражат бөлінген. Қазіргі таңда 24 адамға шағын несие берілді.

«Бастау-Бизнес» жобасы бойынша бизнесті жүргізуге 80 адамды оқыту жоспарланып, кәсіпкерлік оқытуға 92 адам жолданды.

Мемлекеттік грант бойынша 67 адам 36,1 миллион теңгенің грантын ұтып алды.

Бағдарламаның үшінші бағыты жастарға қолайлы. Әлеуметтік жұмыс орындарына 71 адам жұмысқа орналасты, негізгі жоспар — 121 адам. Бірақ жыл аяғына дейін әлі уақыт бар. Әлеуметтік жұмыс орындарында жұмыстарын аяқтаған 4 адам тұрақты жұмысқа орналасты.

Жастар практикасына 37 адам жолданып, соның ішінен 2 адам тұрақты жұмысқа қалды. Ал қоғамдық жұмыстарға 374 адам тартылған.

Жол мен жоба

Биыл  «Ауыл — ел бесігі» бағдарламасымен Қарабұтақ ауылындағы 5 көше орташа жөндеуден өтті. Талдысай ауылындағы 2 көшені жөндеуге қаражат бөлініп, құрылыс жұмыстары жүріп жатыр. Сонымен қатар аудан орталығы Темірбек Жүргенов атындағы ауылдың да 5 көшесіне асфальт төселеді.

Аудандық маңызы бар Светлый-Құмқұдық-Жабасақ-Байжанкөл автомобиль жолын орташа жөндеу құны — 117 128 мың теңге болса, бұған ұлттық қордан 75 593 мың теңге бөлінді.

Талдысай ауылындағы Кооперативная көшесін орташа жөндеу нысаны бойынша мемлекеттік сатып алу конкурсы өткізіліп, жеңімпазы анықталды. Мердігер

мекеме – «Ntiger» ЖШС. Жоба құны – 83 954,000 мың теңге. Жолдың жалпы ұзындығы – 1300 метр. Сондай-ақ бұл ауылдағы ұзындығы 1300 метр Комсомольская  көшесі жаңармақ. Бұған 103 830,375 мың теңге бөлініп отыр.

Әйтеке би ауданының Құмкұдық ауылына газ құбырын тартуға 1 070 960 мың теңге,  Аралтоғай ауылында жеткізуші және кентішілік газ құбырын салуға 33 243 мың теңге  бөлініп, бастапқы жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Ауданның Үшқатты, Белқопа, Сарат  ауылдарын газдандыру бойынша жұмыстар қолға алынды.

 P.S. Сапар барысында журналистер Қарабұтақ ауылындағы «Маяк» кемпингінің қызметімен танысып, ауыл ішіндегі көз тартар саябақтарды аралап, көшелерде жүргізіліп жатқан жөндеу жұмыстарын көрді. Ауданға қарасты «Еңбек» Агро» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің  егін алқабына барды. Шаруалардың қазіргі жағдайын, науқанды кезеңдегі мәселелерді шолып қайтты.  Бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен кездескен аудан әкімі Дархан Ермағанбетов олардың қойған сұрақтарына жауап беріп, ауданның жалпы ахуалын айтты.

                                                                                                      Самат НАРЕГЕЕВ.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Басқа жаңалықтар

Back to top button