Жаңалықтар

Облыс «сары аймаққа» өтті

Брифинг

Облыста соңғы тәулікте коронавирус инфекциясымен ауырған 130 жағдай тіркелді. Оның 97-сінде ауру белгілері байқалған, ал 33-і — симптомсыз.

Жалпы облыс бойынша індет жұқтырғандар саны  9114-ке жеткен. 

Бұл туралы кеше өңірлік коммуникациялар қызметі орталығында өткен брифингте

облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Мұхтар Сербаев пен облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Бекболат Ізбасаров баяндады.

Мұхтар Сербаевтың айтуынша, 30 сәуірдегі эпидемиологиялық ахуалды бағалау матрицасына сәйкес Ақтөбе облысы «сары аймаққа» кірген. Дегенмен қауіп сейілген жоқ, өңірде шектеу шаралары жалғасуда. Сондықтан тұрғындар бетперде тағып, қолды жиі жуып, антисептиктерді пайдалануы керек. Сондай-ақ әлеуметтік қашықтықты сақтауы тиіс.

— Ресеймен шекаралас жатқан пункттердің барлығы бақылауда. Бүгінге дейін  

«Жайсаң» және «Әлімбет» санитарлық-карантиндік пункттерінде барлығы 126 814 адам қаралып, температурасы өлшенді. Олардың ішінде 88 адамның ПТРзерттеулері оң нәтиже көрсетіп, науқастар оқшауланды. Қазір облыс аумағында блок-бекеттер жоқ. Сондай-ақ эпидемиологиялық ахуалға байланысты облыс бойынша мобильді мониторингтік топтар жұмыс жасап, координациялық орталықтардан түскен шұғыл хабарлама негізінде жоспардан тыс тексерулер жүргізуде. Тексеріс қорытындысы бойынша 39 нысанға 5 542 300 теңге көлемінде айыппұл салынды, — деді ол.

Бекболат Ізбасаровтың айтуынша, қазір облыста 600-ден астам адам ауруханаларда ем алуда. Оның 400-і — облыс орталығында.

  • 44 науқас жан сақтау бөлімінде жатыр. Оның ішінде 14-і өкпені жасанды желдету аппаратына қосылған. Үй карантинінде ем алып жатқандар да бар. Облыс «сары аймаққа» өткенімен, қауіп әлі сейілмеді. Осыны ескеріп, біз барлық тұрғындарды сақтық шараларын қатаң ұстануға шақырамыз, — деді ол.

Айта кету керек, коронавирус инфекциясымен ауырған 9114 науқастың 2,1%-ы

індетті сырттан әкелген, 17,6%-ы — ауру адаммен қарым-қатынаста болғандар, 80,2%—ы — жергілікті жағдайлар.

Қазіргі таңда үй карантиніне 5641 адам алынып, оларға медициналық бақылау жүргізілуде.

Данагүл ҚАЗИХАН.

Басқа жаңалықтар

Back to top button