Жаңалықтар

Егін егу басталады

Облыс әкімдігінде Келдібай Еспағамбетовтің төрағалығымен облыстық қоғамдық кеңес жанындағы экология, жер қойнауын пайдалану, жер қатынастары және ауыл шаруашылығы мәселелері жөніндегі комиссияның отырысы өтті.

Отырыста облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Құсайын Сәрсенбай биылғы жылғы көктемгі науқандық егіс егуге дайындық жұмыстары жайлы баяндады.

Оның айтуынша, биыл облыс бойынша 791,0 мың гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдарын егу жоспарлануда. Оның ішінде 435,6 мың гектары дәнді дақыл болса, 59,2 мың гектары — майлы дақыл, 283,9 мың гектары — мал азығы, 6,4 мың гектары — картоп, сондай-ақ 5,9 мың гектары — көкөніс өнімдері.

Биыл да жылдағыдай егістіктің көп бөлігі, атап айтсақ, 78,2 пайызы облыстың 4 ауданында. Олар — Әйтеке би, Қарғалы, Мәртөк және Хромтау аудандары.

— Қазір аудандарда жауын-шашынға байланысты далалық жұмыстар тоқтап тұр. Алдағы мамыр айының алғашқы онкүндігінде егін егуді бастаймыз. Бүгінгі күні өңірімізде 49,3 мың тонна тұқым дайын, бұл қажеттіліктің 100,7 пайызын құрайды. Егіс науқанын жүргізуге Ауыл шаруашылығы министрлігі тарапынан 7,4 мың тонна арзандатылған дизель отыны бөлінді. Тауар өндірушілерге дизель отынын жеткізуші оператор — «Батыс Жер» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Шаруашылықтар үшін көктемгі далалық жұмыстарға бөлінетін дизель отынының бағасы қазір литріне 154 теңге, бұл нарықтағы бағадан 15 пайызға арзан, — деді басқарма басшысы.

Өз сөзінде ол биыл облыста егіс егу жұмыстарына 8 мыңға жуық техника жұмылдырылатынын, алдағы уақытта жарамсыз техникаларды жаңаға ауыстыру үшін мемлекеттік бағдарламалар аясында шаруашылықтарға сертификаттар берілетінін жеткізді.

Басқосуда басқарма басшысы өңірде тұқым шаруашылығын дамыту, өсімдік шаруашылығына субсидия бөлу, тауар өндірушілерге су беру бойынша көрсетілетін қызметтердің құнын субсидиялау, фитосанитарлық жағдайды жақсарту, ауыл шаруашылығы саласында мамандарды даярлау мәселелеріне де тоқталып өтті.

Отырыс барысында комиссия мүшелері басқарма басшысына өз сауалдарын қойып, ұсыныстарын білдірді. Мәселен, «Ақтөбе Медиа» ЖШС директоры Раукен Отыншин Құсайын Сәрсенбайдан мемлекет тарапынан аталған салаға бөлінетін субсидиялардың қайтарымы, сондай-ақ өндірілген өнімдердің импорты мен экспортының үлесі жайлы  сұраса, кәсіпкер Фархат Сансызбай облыста өндірілетін дақылдардың сапасы мен егіс науқанына берілетін жанар-жағармайдың құнына қатысты сауалдар қойды.

Жыл сайын ауыл шаруашылығы саласында шаруашылықтар мен кәсіпорындарға көп мөлшерде субсидия бөлінеді. Мәселен, өткен жылы бұл салаға 19 миллиард 375 миллион теңге субсидия берілді. Биыл бұл мақсатта жергілікті бюджеттен 20 миллиард теңге қаржы қарастырылды. Жалпы субсидияның көп бөлігі мал шаруашылығына бөлінеді. Ал өнім өндіру, оның сапасына келсек, негізінен, облыстағы ірі 6 кәсіпорын өндіретін өнім өзімізде қалады. Көп жағдайда бидай Иран, Түркия, Түрікменстан, Еуропа елдеріне экспортталады. Жалпы бізде бидайдың сапасы өте жоғары, сол себепті сұраныс та көп. Облыста жыл сайын шамамен 100 мың тоннадай өнім сатылады. Ал өндірілетін өнімнің жалпы мөлшері 500 мың тоннадан асады.

Бүгінгі күні облыста шаруашылықтарды көктемгі егіс науқаны кезінде дизель отынымен қамтамасыз етуде сенімді жеткізуші компаниялар аз. Қазіргі жеткізуші оператор «Батыс Жер» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі арнайы комиссияның қолдауымен таңдалды. Әзірге бұл бағытта ешқандай мәселе болған жоқ, — деді Қ.Сәрсенбай.

Д.ҚАЗИХАН.

Басқа жаңалықтар

Back to top button