Жаңалықтар

Оқырманы көп мектеп

Биылғы жылдың І жартыжылдығы бойынша Ақтөбе қаласындағы мектептер арасында №60 орта мектеп облыстық «Ақтөбе» газетіне жазылушылар арасында көш бастап тұр. Осы орайда «Ақтөбе Медиа» ЖШС қызметкерлері мектеп ұжымымен кездесіп, белсенді ұстаздарды марапаттады. 

Ақтөбе қаласындағы «Нұр Ақтөбе» шағын ауданында орналасқан №60 орта мектепте бүгінгі күні үш ауысымда 3300 оқушы білім алуда. Мұнда барлығы 300-ден астам қызметкер жұмыс істейді.

Мектеп директоры Абзал Тәжімішевтің айтуынша, білім беру ұйымы — еліміздің батыс өңіріндегі ең үлкен мектеп. Қазіргі таңда мектепте 9, 11-сынып оқушылары кезекші сыныптарда оқып жатса, қалғандары қашықтан білім алуда.

Мектебіміз өткен жылы «Ең үздік білім беру мекемесі» атағын жеңіп алып, 8 миллион 500 мың теңгелік сертификатқа ие болды. Бұл қаржыны мектептің материалдық-техникалық базасын нығайтуға жұмсап, оқушылардың сапалы, жан-жақты білім алуына жағдай жасадық. Алдағы уақытта мектеп ғимараты жанынан қосымша ғимарат салынбақ. Сондай-ақ биыл мектеп ауласында алма саябағын жасақтамақпыз. Қазір мектеп маңына абаттандыру жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Өткен аптада мектеп алдына 14 шырша ектік. Әр апта сайын сенбілік ұйымдастырып тұрамыз. Ал облыстық басылымдарға жазылуға келсек, биыл мектеп ұжымы «Ақтөбе» газетіне белсенді түрде жазылды. Біз алдағы уақытта да басылымның тұрақты, жанашыр оқырманы болып қала береміз, — деді ол.

Басқосуда «Ақтөбе Медиа» ЖШС-ның жазылу бөлімінің меңгерушісі Исламғали Бітік пен бөлім қызметкері Салтанат Қуанышқызы мектеп ұжымына ризашылығын білдіріп,

бір топ мұғалімге «Ақтөбе Медиа» ЖШС директоры Раукен Отыншиннің атынан Алғыс хаттар табыстады.

Айта кету керек, биыл бұл мектептің 100 мұғалімі облыстық «Ақтөбе» және «Актюбинский вестник» газеттеріне жазылған.

Д.ҚАЗИХАН.    

Басқа жаңалықтар

Back to top button