Басты жаңалықтарДенсаулық

Жоғары ағынды мұрын оттегі терапиясы тиімді ме?

Медицина

Қазіргі таңда елімізде індет өршіп тұр. Күніне жүздеген адам ауруханаға түсіп, өмір мен өлім арасында жатыр. Өкінішке қарай, пандемияның басталғанына бір жылдан астам уақыт өтсе де, коронавирустың таралуының алдын алуда медицинаның мүмкіндіктері туралы шағым айтушылар толастар емес. Осы мәселеге қатысты жуырда облысымыздан шыққан тәжірибелі дәрігер, бүгінгі күні ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Ғалымжан Елеуов науқастар жатқан ауруханаларды оттегі жабдықтарымен қамтамасыз ету мәселесін көтерген болатын. Бүгінгі газетіміздің санында жоғары ағынды мұрын оттегі терапиясы  туралы айтуды жөн көрдік.

Айта кету керек, жуырда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев коронавирус инфекциясының таралуына байланысты елімізде жағдайы ауыр науқастар санының, өлім-жітім көрсеткішінің артып жатқандығын, сондай-ақ дәрі-дәрмек пен медициналық бұйымдардың, жабдықтардың жетіспеушілігі бар екендігін айтқан болатын. Мәселен, орташа алғанда, еліміздегі медицина мекемелеріндегі жансақтау бөлімдерінің 64 пайызы ғана қажетті стандартты жабдықтармен қамтылған.

Ақтөбе облысынан сайланған ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Ғалымжан Елеуовтің айтуынша, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының COVID-19-ды емдеу хаттамаларына енгізу үшін ұсынылған және бүгінде АҚШ, Қытай, Австралия, Жаңа Зеландия және Түркия елдерінде тыныс алу жеткіліксіздігі бар науқастар үшін сәтті қолданылып жатқан жоғары ағынды мұрын оттегі терапиясы біздің елімізде әлі кеңінен таралмаған. Мәселен, бүгінгі күні коронавирус инфекциясының таралуының алдын алу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның Денсаулық сақтау министрлігі мен  облыс әкімдеріне COVID-19-ды емдейтін 10 төсекке есептегенде 1 аппарат есебінен жоғары ағынды мұрын оттегі терапиясы әдісін енгізу жөніндегі тапсырмасына қарамастан,  еліміздегі медициналық ұйымдардың мұндай аппараттармен қамтамасыз етілуі, орташа есеппен алғанда, 22 пайыз шамасында ғана. Ал Атырау, Қызылорда, Маңғыстау облыстарында бұл аппарат мүлдем жоқ.

Мәжіліс депутаты көтерген бұл мәселеге еліміздегі тәуелсіз сарапшы Павел Ли мынадай пікір білдірді:

Қазіргі таңда оттегі терапиясы қондырғылары мен жасанды өкпе желдеткіштері  туралы бір жақты пікір айту мүлдем дұрыс емес. Өйткені оларды пайдалануда әртүрлі сценарийлер бар болуы мүмкін. Біріншіден, жасанды өкпе желдеткіштері тек қарқынды терапия мен қарқынды терапия бөлімшелеріне орналастырылады. Оларды тек жоғары білікті реаниматологтар қоса алады, ал жоғары ағынды аппараттарды COVID-19-ды емдеудің алғашқы кезеңдерінде жедел жәрдем бөлмелерінде, терапевтік емдеуде қолдану ұсынылады.

Халықаралық клиникалық тәжірибелерге сәйкес, жоғары ағынды мұрын оттегі терапиясын қолдану науқастардың механикалық желдетуге ауыстыру қаупін азайтуға, тыныс алу жеткіліксіздігінің белгілерін жоюға, өкпенің жедел жұмылдырылуын қамтамасыз етуге, ауруханаға жатқызу уақытын қысқартуға мүмкіндік береді және ауырған адамдардың психологиялық күйін жақсартуға әсер етеді. Сонымен қатар жоғары ағынды функциясы бар желдеткіштерді қарапайым терапевтік бөлімдерге орналастыруға болмайды, өйткені терапевтік профильдегі дәрігерлер бұл құрылғыларды қалай басқаруды білмейді. Қазіргі уақытта аурушаңдықтың жоғарылауы белең алған кезеңде көптеген науқастар ауруханаларда емделуде. Олардың жағдайы тыныс алуды қолдауды қажет етеді, бірақ олар реанимация бөлімшелеріне жіберілмейді, сол жерде олар жоғары ағынды терапия ала алады. Ал терапевтік, пульмонологиялық және жұқпалы аурулар бөлімшелерінде өкпені жасанды желдетуге арналған қондырғылар орнату мүмкін емес, жоғарыда айтылғандай, оларды тек реаниматологтар қоса алады.

Оның айтуынша, ғылыми жарияланымдарға сенсек, жасанды желдетудің жиі істен шығуына дәл осы құрылғылардың көпфункционалдығы себеп болады. Олардың орташа ақаусыздық кезеңі 366 күнді құрайды, ал жоғары ағынды мұрын оттегі терапиясы аппараттары үшін мұндай кезең мың күннен асады.

Жоғары ағынды мұрын оттегі терапиясы аппараттарының сипаттамалары және оларды пайдаланудың қарапайымдылығын ескерсек, олардың механикалық желдетуден айырмашылығы, қолдану көрсеткіштері әлдеқайда жоғары. COVID-19-дан басқа оларды демікпе, ателектаз, бронхоэктаз, бронхит, бронхиолит, пневмония, эмфизема, өкпе эмболиясы, вирустық пневмония (H1N1), тыныс алу жеткіліксіздігі, соның ішінде шала туылған нәрестелерде көміртегі тотығымен улану, кеуде жарақаты және басқа да аурулар кезінде пайдалануға болады, — дейді сарапшы.

Дәрігер-хирург ретінде тәжірибесі мол Ғалымжан Елеуовтің айтуынша, пандемияның бірінші толқынында еліміздегі «Ұлттық ғылыми кардиохирургиялық орталығы» АҚ аталған қондырғыларды коронавирус инфекциясымен ауырған науқастарды емдеуде  тиімді қолданған. Жоғары ағынды мұрын оттегі терапия әдісі бірден жоғары тиімділікті көрсеткенін осы орталықтың басшысы Махаббат Бекбосынова да айтып берген. Бүгінде бұл әдіс орталықтың клиникалық тәжірибесіне енгізілген.

Айта кету керек, жоғары ағынды мұрын оттегі терапиясы аппараттары минутына 60 литрге дейін денеге оттегін жеткізіп қана қоймай, сонымен қатар өкпені ашуға көмектеседі, альвеолалардың жабысып қалуына жол бермейді және тыныс алуды жеңілдетеді. Жоғары ағынды терапия бірнеше минут ішінде науқастарды оттегімен қанықтыруды жоғарылатуы мүмкін, ентігуді азайтып, ауырған адамның тынышталуына көмектеседі.

Сондай-ақ жоғары ағынды портативті құрылғылар механикалық желдету құрылғыларына қарағанда 4-5 есе арзан, қосымша жабдықты (компрессорлар, дымқылдатқыштар, күрделі схемалар) сатып алуды қажет етпейді, қолдануға ыңғайлы және пайдалану көрсеткіштері анағұрлым жоғары. Оны қолдану үшін жоғары білікті реаниматологтар қажет емес. Сондықтан қазіргі таңда бүкіл әлемдегі жетекші клиникалар барлық жерде портативті жоғары ағынды құрылғыларды қолдануда. Мысалы, Анкара қалалық ауруханасында мұндай бірнеше жүздеген құрылғы бар.

Р.S. Ақтөбе облысынан сайланған Мәжіліс депутаты Ғалымжан Елеуовтің жоғарыда аталған тиімді құрылғылар туралы айтқан ұсынысы алдағы уақытта мемлекет тарапынан қолдау тауып, барлық өңірде жоғары ағынды мұрын оттегі терапиясы әдісі қолданылады деп сенеміз. Ең маңыздысы, қазіргідей індет өршіп тұрған кезеңде осы шаралардың тездетіп жүзеге асуы.

Д.АЙДАР. 

Басқа жаңалықтар

Back to top button