Жаңалықтар

Сенім және адалдық

ПАРАСАТ ЖОЛЫ

Қоғам тазалығы бүгінгі күннің маңызды мәселелерінің бірі болып отырғаны ақиқат. Оның астарында адалдық, азаматтық, парасаттылық, сенімділік секілді үлкен ұғымдар тұрғаны және мәлім. 

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Ақтөбе облысы бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары Ғалымбек Досанов көпшілікпен кездескенде, журналистермен сұхбаттасу барысында осы жайларды жиі әңгіме өзегіне айналдырады. Департамент тарапынан тұрғындар арасында «Әділдік. Парасаттылық. Сенім» деп ұраны алға ұсталып, азаматтар өмірінің барлық саласын қамтитын бірқатар жобалар жүзеге аса бастағаны осы бағыттағы ілгерілеулер іспетті көрінеді.   

Тұрмыстық жемқорлықты, әкімшілік кедергілерді жоюға, жалпы мемлекеттік органдардың ашықтығы мен жариялылығын қамтамасыз етуге бағытталған «Ақтөбе — адалдық алаңы» жобасы бұл күнде өз жолын тапқандай. Ал жастар арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруды көздейтін «Адал ұрпақ», «Саналы ұрпақ», «Парасаттылық мектептері», кәсіпкерлікті сыбайлас жемқорлықтан қорғау бағытын ұстанған «Protecting business and investments», жол құрылысы сапасына мониторинг жүргізетін «Сапалы жол» жобасы осы ауқымдағы көп игілікті шаруаларды тиянақтауда.

Құқық қорғау саласының тәжірибелі қызметкері, білікті басшы Ғалымбек Нұрмыханұлы осы жобалардың қай-қайсысының да белгілі бір нәтижеге жеткізетіндігіне сенімді, сондықтан да ұйымдастырылған шаралардың ортасында жүріп, жұртшылықты ашық әңгімеге тартады, алға тартылған идеяның дұрыстығына иландырады, сендіреді.

Ол сыбайлас жемқорлыққа қарсы ақпаратпен тұрғындарды күнделікті қамтамасыз етудің қажеттігін де жоққа шығармайды. Сондай ретпен «Antikor live», тегін заң көмегін көрсетуге бағытталған «Адал көмек» атты жобаларын жандандыра түсуге күш салып келеді.

— Өмірлік тәжірибеден байқағанымыз — сыбайлас жемқорлықпен күресте бүкіл қоғамның белсене атсалысуы, жалпы жұрттың осы мәселеге сырт бақылаушы болып қана қоймай, тікелей мүдделілік көрсетуі маңызды,— дейді Ғалымбек Нұрмыханұлы. — Адамдар арасындағы сенім мен адалдық жақсы нәтижеге қол жеткізеді.

Сөзімен де, ісімен де қоғам тазалығы жолында күресіп жүрген азамат — Ғалымбек Досанов туралы әңгімемізді осы арнадан өрбіте түссек, ешбір артықтығы жоқ секілді.

Ол бұрынғы тарихи Торғай өңірінде Аманкелді батыр атын иеленген ауылда дүниеге келген.

КСРО Ішкі істер министрлігінің Қарағанды жоғары мектебін, ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті академиясы қайта даярлау жоғары курстарынан өткен. Осы салада Ақмола облысында, Астана қаласында отыз жылдай қызмет еткен. Одан кейінгі уақыттары ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметі саласында Шығыс Қазақстан облысында департамент басшысы болған. Ал 2019 жылдан бері Ақтөбе облысында қызметте. Оның атқарып жүрген қызметтері туралы сөз басында біршама айтылды.

Қазақстан Республикасының Құрмет грамотасымен, ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің ведомстволық наградаларымен, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің «Құқық тәртібін қамтамасыз етуге қосқан үлесі үшін» медалімен, ІІ дәрежелі «Үздік қызметкер» төсбелгісімен марапатталған.

Бұл да бір сабақ

Қашаннан қалыптасқан дағды бойынша ол жұмыстан кейінгі уақытта бірер сағат көшеде жүріп, тұрғындардың өмірімен, тыныс-тіршілігімен тереңірек, былайша айтқанда, жақыннан танысқанды дұрыс көреді. Шынын айтқанда, мұнысынан зиян көріп жатқан жері жоқ. Кейде үлкені-кішісі бар кейбір азаматтар танып қалып, сәлемдеседі, әңгімелескісі келеді. Өздерін мазалаған сауалдарын қойып, ашық жауап алғысы келеді. «Қандай жаңалықтар болып жатыр бұл салада, қандай жаза түрлері бар?» деп сұрайтындар да кездеседі. Сыбайлас жемқорлық мәселесі солардың қай-қайсысын да ойландыратынына көзі жеткен сайын осы бір қоғамдағы зардабы мол дерттің бетін қайтару туралы халықтық қозғалыстың күш алып келе жатқанына қуанады.

Мына бір жай көз алдында сақталып қалыпты. Бірде көшеде келе жатқанында бір қарт кісі танып қалып, өз өтінішін білдіргені бар. Ақсақалды Әбілқайыр хан мен Әлия Молдағұлова даңғылдарының қиылысындағы темір-терсектен жасалған мүсіндердің қараусыз қалғаны, кейбірін тот басып, көріксізденіп кеткені мазасыздандырады екен. Осы әңгімеден кейін өзі де жақындап барып қарап еді, шынында да, мүсіндердің мәні кетіп қалған екен. Сенім білдіргені болар, қарт адам қоштастарда «Айналайын, сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің басшылығындасыз, осының бір шарасын алуға ықпал етіңіз!» деп аманатын тапсырады.

Қызмет бабын айтпағанда, үлкеннің айтқанын қалт етпей орындау — ол үшін әкеден алған тәрбие сабағы. Сондықтан да әлгі мүсіндерді фотоға түсіртіп алып, Ақтөбе қаласының әкімі Асхат Шахаровқа жағдайды айтып, «осы мәселеге қалай қарайсыз?» деп хабарласады. Көп ұзамай ескірген ескерткіштер алынып тасталып, айналасы жаңартылып, абаттандырылды.

Бір әңгіме ретінде Ғалымбек Нұрмыханұлының «Бәлкім, құқық қорғау саласында қызмет етпегенімде, хирург болар ма едім?!» деп қалғаны бар. Өйткені жастайынан адам өміріне араша түссем деген де арманы болған екен.

Негізінде, адамды арман адастырмайды. Ол өзінің қырық жылға жуық қызметінде бәрібір адамдарды жамандықтан сақтандырып, жақсы жолда жүруге қарай жол сілтеп келеді.

Азаматтың алпыс атты белесі оны осындай абыройлы қалпында қарсы алып отырғаны қуантады. 

Әке үлгісі, ұстаздар тәлімі

Ол — майдангердің баласы. Әкесі Нұрмыхан Аманкелді ауданындағы Бестау ауылдық кеңесіне қарасты Амантоғай ауылында дүниеге келген. Торғай өңіріндегі әскери комиссариат арқылы майданға, ел қорғауға аттанады. Артиллерия полкінде жауға қарсы шайқаста ерліктер көрсетеді. 1944 жылы Харьков қаласы үшін болған ұрыста жараланып, госпитальға түседі. Емделіп шыққаннан кейін әскер қатарынан босанып, елге оралады. Майданда талай мәрте от пен оқ ортасында болып, ажалдың аузынан аман қайтқан жауынгер ұзаққа созылған соғыстан еңсесі түскен ауылдастарын жігерлендіріп, жақсы күндердің жақын қалғанына сендіреді. Сөйтіп, өзі де ауыл шаруашылығы саласында еңбек етуге белсене араласып кетеді. Жерлестері ол кісіні шаруашылықтағы білгір де тәжірибелі есеп қызметкері ретінде біледі. Өкініштісі, алпыс атты асуына бір қадамдай қалған тұста өмірден өткен.

Бүгінгі күні немерелері аталарының ерекше ерлік иесі болғандығын мақтан тұтады. Екі мәрте «Қызыл жұлдыз», бірінші дәрежелі Отан соғысы ордендерімен, жауынгерлік «Ерлігі үшін» медалімен марапатталған офицер Нұрмыхан Досанов туралы сол өңірдің естелік кітаптарында толық жазылған.

Анасы Биғанша — өмірінің мәні азаматының жағдайын жасап, үй ішінің берекесін келтіріп, балаларын аялап өсірген асыл адам. Ол тоғыз құрсақ көтерген. Осылайша жеңісті жақындатуға үлес қосқан жауынгердің жапырағын жайып, айналасын бір қауым ел еткен.

Қазақта «Ұяда не көрсең — ұшқанда соны ілерсің» деген қанатты сөз бар.

Жас шағында қатаң жауынгерлік шыңдалудан өткен, қай істе де тәртіп пен тазалықты бірінші орынға қоятын Нұрмыхан әке талабын балаларының бойларына кішкентай кездерінен сіңіре білді.

Ғалымбек те осындай жолдан өтті. Бір жағынан әкесі осы ұлының өз жолын қуып, қарулы күштерде, құқық қорғау саласында, тұжырымдап айтқанда, әскери тәртіп бар жерде қызмет еткенін қалапты. Тәртіпті перзент әке бағдарынан бұрылып кетпейді.

Бүгінде де ол әке үлгісімен жүріп келе жатқанын мақтаныш тұтады.

Ғалымбек Нұрмыханұлы үшін ұстаздар есімі де қадірлі. Бастауыш сыныптарда сабақ берген Сәпия апайының жарқын бейнесі жүрегінің түкпірінде сақтаулы. Ал қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімдері Қабдіреш Ермағамбетов, Тыныс Бекбергенов, географ Шәмшия Баспақбаева және басқалары болашаққа бағдар берген аяулы жандар ретінде жадында жаылып қалды.

Қызмет жолындағы тәлімгерлерін қалай ұмыта алады?! Кәсіби біліктілігін шыңдап, маман ретінде қалыптастырумен бірге, адамгершілік биігіне ұмтылдырған да солардың тәлім-тәрбиесі еді ғой.

Ұлттық қауіпсіздік комитеті органында Ержан Исақұлов, қарсы барлау қызметінде Адамғали Нақысбеков секілді генералдар, сондай-ақ полковник Хамит Исмағұлов та ұстаз  бола білді, қатаң талап та қойды. Ал сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет органының басшысы болған Алик Шпекбаевты ерекше құрмет тұтады. Өйткені ол жауапты лауазымдарда қызмет етуді тапсырып, ерекше сенім артты.

Әдебиетке құштарлық

Әр кезеңдегі балалардың өз құштарлық-қызықтары болады. Біздің кейіпкеріміздің мектепте оқыған жылдарында оқушылардың әдеби кітап оқуы, балаларға арналған газет-журналдарға жазылуы қалыпты жағдай болатын. Мәселен, төменгі сынып оқушыларының барлығы бірдей «Балдырған» журналына жазылады. Есейе келе бірі қалмастан «Қазақстан пионері» газетін алдырады. Бір қызығы, осы тұста солардың арасынан газетке мақала-өлең жазуға құштарлар табылып жатады. Газет арқылы басқа облыстың, өзге өңірлердің өздері тұстас балаларымен хат алысу, танысу да сол кезеңге тән көрініс еді.

Әр ауылда мектепте және селолық клубта кітапханалар жұмыс істейді. Балалардың кітап оқуға құштарлығы соншалықты, көпшілігі мектеп кітапханасын қанағат тұтпайды. Сөйтіп, үлкендермен таласа-тармаса жүріп қазақ ақын-жазушылары өз алдына, орыс, шетел классиктерінің туындыларына да бет қояды.

Осындай жайды бала Ғалымбек те бастан кешіпті. Ең алдымен, есейе келе қолға алған дүниесі — ұлы жазушы Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» романы болыпты. Әсіресе, роман-эпопеяның «Қайтқанда» деп аталатын алғашқы тарауындағы оқиғалар бүгінге дейін жадында сақталып қалыпты.

Оқудан ауылына қайтқан бала Абайдың жол үстінде қасындағы жасы үлкен серіктестерімен қалжыңдасып, ұры кейпіне еніп қорқытқаны, артынан кешірім сұрап, кішірейгені есте тұрып қалған ерекше бір көрініс. Ал қабағы қатал Құнанбай әкенің «Балам, молда болдың ба? Бойыңа қоса білімің де өсті ме?» деп сынай сұрақ салуын өзі де өмір бойы есінде ұстайды. Себебі осы сөзді кейде майдангер әкесі нақ өзіне арнап айтып тұрғандай болып кетеді. Сондықтан да қайда жүрсе де білімін өсіруге, өзін жетілдіруге күш салды.

Ғабит Мүсірепов, Ғабиден Мұстафин, Сәбит Мұқанов сынды жазушылардың шығармаларын да талай рет тыныс аудармастан оқығаны бар. Жоғары сыныптарға барған уақытта патриоттық, отансүйгіштік рухтағы кітаптарға ерекше құмарта түседі. Бұл ретте Бауыржан Момышұлының жазбаларына ерекше ден қояды. Одан кейін Александр Бектің «Волоколамское шоссе» атты атақты туындысын қайталап сан мәрте оқиды.

Ал беріректе, мамандық таңдау жолы айқындалған тұста бүйрегі детективке қарай бұрыла түскен. Бұл жанрдағы көрнекті қаламгер Кемел Тоқаевтың «Түнде атылған оқ», «Арнаулы тапсырма», «Сарғабанда болған оқиға» атты кітаптары өзіне рухани қуат бергенін, чекист болуға ұмтылысын нығайтқанын бүгінгі күні де сүйсіне айтады.

Ал өзінің ағасы, қазақтың белгілі қаламгері, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, халықаралық «Алаш» сыйлығының, Шолохов атындағы халықаралық сыйлықтың иегері, көптеген туындылардың авторы Сәбит Досановтың берген тәлімі туралы өзінше бөлек әңгіме айтуға болады. Ең бастысы, ол кісі бауырларына әдебиетті сүюді, әсемдікті бағалауды үйретті.

Әрине, ауыл баласының бүкіл уақыты әдеби кітаптар оқумен өтті десек, артық айтқандық болар еді. Ол да қатарластары секілді асық ойнады, доп қуды. Жасөспірім шағынан футболға қоса волейболды серік етті. Онымен қоса бокспен шұғылданды. Осы дағдыларын кейін қызмет атқарған жылдарында да жалғастыра түседі. Мұның барлығы ойын да, бойын да сергек ұстауына көмектеседі.

Дәстүрлі өнерді, музыканы, жыр-термелерді ұнатады. Өнер туындыларына талғаммен қарайды. Кәсіби композиторлар мен танымал ақындардың шығармаларына көбірек ден қояды.

Өмір жалғасы   

Ол үшін отбасы ұғымы ерекше жоғары тұрады. Шаңырағының шуағын келтіріп отырған сүйікті жары, ұзақ жыл Қазақстан теміржолы жүйесінде қызмет етіп, бүгінде зейнет демалысына шыққан Гүлима Көшекбаева екеуі ұл-қыз өсіріп, тәрбиелеуде.

Үлкені Венера — заңгер-саясаттанушы, жеке кәсіпкер. Оның жолдасы Бауыржан қауіпсіздік қызметі саласында еңбек етеді.

Екінші қызы Эльвира — ұлттық қауіпсіздік қызметкері, жолдасы Айбек — жеке кәсіпкер.

Одан кейінгі баласы Ернұр кәсіпкерлікпен шұғылданады, келіні Меруерт бұларға Әбілмансұр атты сүйкімді немере сыйлады.

Кенже ұлы Ерасыл — Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің үшінші курс студенті, болашақ заңгер. Ол кішкентайынан өнерге жақын болып өсіпті. Нұр-Сұлтан қаласының Оқушылар сарайы өнерпаздарының құрамында өнер көрсетіп, Еуропаның бірқатар елдерін аралап қайтқан екен мектепте оқып жүргенінде. Сөйтіп, қазақтың қара домбырасының үнін үлкен сахналарда күмбірлетіп, талай тыңдаушысын тамсантқан.

      

Нұрмұханбет ДИЯРОВ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button