Тарих

Әкемнің атажұрты

(Рүстем Бақтыбаевтың айтқандарынан)

Өз басым Қожанепес құданың отбасы мүшелерін білген отыз бір жылдан бері олар хақында білгеннен білмегенім көптігін енді сезініп жүргендеймін. Қожекең өмірден өткелі жиырма бір жылдың жүзі болыпты. Көзі тірі болғанда, әрине, ол жөнінде қосымша біраз жайға қаныққан болар едік. Оған жазбады. Сондықтан кейбір жай-жапсарлар өз басыма жабық, түсініксіздеу көрінетін. Мәселен, бірінші, Қожанепестің байырғы атажұрты Ақтөбе жақта болғанмен, дәл қай жерінде екенін кезінде сұраған жоқпыз, ол айтқан жоқ, жүре беріппіз. Екінші, кейбір әңгімелерінен ата-анасы, өзге жақын-жуықтары түрікмен еліне отызыншы жылдардың басындағы ашаршылықта емес, одан көп бұрын барғандай көрінетін. Сонда қалай? Міне, мен үшін қараңғылау екінші түйін осы болатын. Үшінші, әйелі Риманың тау қызы, ұлты осетин екенін білуден әрі аспадық. Індете сұрап-білуге асықпаппыз. Көргенде амандасумен шектеліп жүре беріппіз. Тәуба, бұл түйін қалай шешілгені басқа жазбаларда айтылады. Тіпті  артығымен десе болғандай. Қожанепестің үлкен ұлы Рүстемнің бала жастан көкейге түйіп, санада сақтағандары кәдеге жарады. Сондай-ақ…

Қожанепестің Ақтөбе өңіріндегі арғы ата-бабалары мекендеген жер-су, атажұрттың нақты дерегі, онан соң түрікмен еліне қашан, қай уақытта ауа көшкендерінің де себеп-салдары, айқындамасы, азын-аулақ болса да, табылғандай болғаны ғанибет дейміз. Өз басым күтпеген жай. Олар да Рүстемнің сана сандығынан қылаң береді. Бұл енді Құдай қолдап, аруақ жебеудің арқасы шығар. Ата-баба, әке-шешенің шапағаты, шарапаты шығар дейсің. Сен қалай десең, олай де, дәл солай. Ал онда сөз кезегі Рүстемде. Сөйле, Рүстем! Ол айтады…

Бисмиллахи рахмани рахим! Жаратушы Алланың атымен бастайын. Иншалла, жасым 59-ға келіпті. Осы жасқа келгенім — денсаулық, ақ жаулық, ұл-қыз, немерелер берген Жаратушы иеміздің жебеуі. Тәуба! Бес уақыт намаз оқып, Құдайдан тілейтінім, барша жұрт — алты алаш, қандас қазағым, біз де — бәріміздің амандығымыз. Тыныштық болсын. Алладан қазақтың кең-байтақ жері мен еліне нұр-сәулеңді төге бер деп тілеймін.

Орта жасқа келіппіз. Алға қарасам, әке-шешем жоқ, артқа қарасам — отбасым, зайыбым, бала-шаға, немерелерім, ағайын-туыс, інілерім, апа-қарындастарым бар. Көптен басыма бір ой келіп жүретін: осы күнге қалай жеттім, біреуден ілгері, біреуден кейін дәрежеге іліккенім кімнің арқасы, кімнің қолдауы, кімнің тәрбиесі дегендей. Осыны бауырларыммен ақылдасып, алдымен бізді өмірге әкелген әке-шешемізді құрметтейік, осы күнге жеткеніміз кімнің қолдауы, кімнің тәрбиесі, біліп жүрейік дегендей. Әке-шешеміз жөнінде хатқа түскен естелік кітап шығарып, өшпес белгі орнатайық, немере-шөберелері, барша ұрпағына біліп жүретін жәдігерлік болсын деп шештік. Бұл деген тіпті де оңай-оспақ шаруа емесін білеміз. Қыруар еңбек, күш-жігер, ыждағаттықты қажет ететін соны сүрлеу.

Отбасының үлкені болғандықтан, жүктің салмағы маған артылды. Білерің көп, әжеміздің жақсы көрген баласы едің, сол үшін саған тапсырдық деген үлкен әпкем Зылиха батасын берді. Қалғандар қостады. Сөйтіп, іске кірістік. Сөзімізді сөйлейтін жанашыр адамдардың алдынан өтіп, ақыл-кеңес сұрадық. Олар аянған жоқ. Бұл жөнінде арнайы әңгіме етеміз. Әзірше…

Бұл жолғы сөзді алға қойған негізгі мақсаттан бастасақ, ұзын-ырғасы былай. Атажұртымыз қазіргі Ақтөбе облысына қарасты Шалқар ауданы екен. Аталарымыз шеттерінен ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен жерді қорғаған батыр бопты. Оның ішінде  ел есінде сақталып, тарихта аттары қалған Тағыберген болыс, бізбен тікелей туыс екен. Таяуда Кеңес заманында қуғын көрген белгілі ғалым Бек Сүлейменовтің бізге туыс екенін білдік. Амал нешік, 1920-1921 жылдарда басталған алғашқы нәубетте-ақ болашақты ойлаған үлкен атамыз (әкем — Бақтыбайдың әкесі) Құдайберген он үш үйді бастап, түстік жаққа қарай ауады. Қайда барып, қайда тоқтайтыны беймәлім атамның түпкі ойы қайткенде де төрт түлік қыруар мал мен жақын-жұрағаттарын аман сақтау бопты. Шамасы, негізгі көздегені Ауғанстан болса керек. Ал оған жету үшін асу да асу бел көріп, аспаһанды жер көріп, жолшыбай кездескен жауға алдырмай, елді ұятқа қалдырмай, бұйырған мекенге еңсесін тік ұстап барып орнығу болғаны аңыз ретінде айтылатын іс-әрекеттерінен байқалады. Бұл жерде біз біле бермейтін қыр-сырлар аз емесін шамалаймыз. Бізге еміс-еміс жеткені…

Құдайберген атам елден бастап шыққан он үш үйдің үлкен-кішілерін  өрен-жарандарымен бірге түрікмен құмына жеткенде мейлінше қалжырап, одан әрі жүруге шамалары келмей дағдарады. Әйтеуір медеу ететіні — мал-жаннан шығын жоқ, сәті түсіп, осы төңірекке орныққандай болса, тіршілік отын тұтатып, жан сақтаудан үміт бар. Ол үшін қайтпек керек?

…Осы жерде сәл шегініс. 1965-1975 жылдары әкем Қожанепес Ташауыз облысы Калинин ауданындағы мақта тазалайтын зауыттың директоры боп жүргенде оны Баба Емутбаев деген кісі іздеп келеді. Ұлты түрікмен Баба дегеніңіз — анау-мынау емес, көкірегі орден, медальға толы соғыс ардагері, қызметі нефтебаз директоры. Екі мекеме арасы алыстау, бұған дейін мұндағылармен таныстығы шамалы Баба Емутбаев әкем жұмыстанатын зауыттың кіреберіс босағасына отыра кетеді де, «маған дәу қазақ керек, соны тауып беріңдер» деп талап қояды. Мұны көріп аң-таң болған өзбек, түрікмен, қазақтардың «Баба әке, бұл не отырыс, ішке кірмейсіз бе, директордың өзі жоқ болса да, кабинеті бар, инженер бар, қандай шаруамен келдіңіз?» дегендеріне қарамай, Баба әке дегенінен қайтпайды. Босағада жүрелей отырған қалпында: «Маған дәу қазақ керек!» — деуден танбайды. «Ол кім, атын айтыңыз!» деуге бата алмаған жігіттер қазақтың тұлғасы ірі, еңселі жігіттерін бірінен кейін бірін ертіп келген сайын Баба әке «бұл емес» деп бет қаратпайды. Жігіттер Баба әкеге керек дәу қазақты енді қайдан іздейміз деп тұрғанда, кезекші автобуспен аупарткомның жиналысынан келген әкем өндірісті тексеру үшін кабинет емес, зауыттың бір бұрышынан кіре бергенде, алдынан оратыла кеткен механик пен бухгалтер: «Ау, Қожеке, анда сіздің кабинетіңіздің босағасында дәу қазақты тауып беріңдер деп Баба әке отыр. Дәу қазақтың атын атамайды. Не істеуді білмей жатырмыз», — дейді. Әкем: «Ә, жарайды, оған мен керекпін», — деп тез жетіп келсе, орнынан ұшын тұрған Баба әке: «Міне, дәу қазақ келді», — деп әкемді құшақтай алады. Онан соң қоршаған жұртқа қарап: «Әй, ағайындар, тыңдаңдар, мен сендерді әдейі білсін, танысын, ойлансын деп кіреберіс босағаға отыра кеткен себебім — сол. Директордың кабинетіне кірсем, онымен ғана сөйлесіп кете барған болар едім», — дейді.

Баба әкені сыйлайтын, әкем мәз-мейрам болады. Ал енді…

Баба әке қожанасырлық жасаған бұл оқиға әріден бастау алады. Түрікмендер мен қазақтар арасында тараған аңыз іспетті әңгіменің төркіні мынадан шығыпты. Жоғарыда ұлы атамыз Құдайберген туған жерін тастап, Ауғанстанды бетке алып келе жатқанда түрікмен құмында аялдайды дедік қой. Арып-ашып, шаршап-шалдыққан. Әрі қарай жүруге шама жоқ. Жол торитын қарақшылар тағы бар дегендей. Бірақ, көш керуені алға жылжып, біраз жерге барғанда Құдайберген атам қой бағып  жүрген жас баланы кезіктіріп, жөн сұрайды: «Бұл кімнің ауылы, ақсақалы кім, алыс па, жақын ба? Егер бізге жол бастап, ауылға апарсаң, бір үйлік енші беремін», — депті. Қойшы бала: «Мен жол көрсетсем өлтіреді», — дейді. «Айналайын, одан қорықпа, өзім сөйлесемін», — деген соң, қойшы бала келіседі. Атам оны түйенің қапталындағы кебежеге отырғызып, бүйірінен көзі көретіндей саңылау жасайды. Сөйтіп, ауылға келсе, тұс-тұстан шыға келген түрікмендер: «Мыналар неғып жүрген қазақтар, қайдан келген», — деп, у-шу болады. Атама: «Әй, қазақ, аттан түс», — деседі. Атам: «Маған осы ауылдың ақсақалы Аннабай қара керек», — деп, аттан түспейді. «Аннабай — мен», — деп біреу келеді. Қойшы бала: «Ол емес, Аннабай — мұртты кісі», — деп сыбырлайды. Тағы біреу келеді. Ол да Аннабай болмай шығады. Атам: «Өзі шықсын, айтатын уәжім бар», — дейді. Сонан соң Аннабайдың өзі шығыпты. (Ол шынында да қара мұртты, сұсты адам екен). Анығына көзі жеткен атамыз: «Ә, бәрекелді! Осы ауылдың ақсақалы сіз деп естіп келдім. Аттан түспей тұрып айтатын екі уәжім бар, соны тыңдап мақұлдасаңыз, түсемін», — дейді. Аннабай «айт» дейді. Атам: «Мен жер ауып, көшіп келе жатырмын. Маған әулетім жайғасатын жер  бер. Жоқ десең, шекара асып, Ауғанға кетемін. Жете алмай, өлігіміз жолда қалып, ит-құсқа жем болсақ та, маңдайға жазғанды көреміз», — дейді.

Атамның жай қазақ емесіне көзі жеткен қара мұрт бастаған ақсақалдар: «Әй, қазақ, бала-шаға, әулетің қатты шаршапты. Әрі қарай жүрсеңдер, қырғын табасыңдар. Жер береміз, Ханжаптың жағасына жайғас», — дейді. Онан соң екінші шартыңды айт дейді. Атам: «Қасық қанын қисаң айтайын. Мен  сенің қойшыңды жол көрсетуге алып шыққан едім. Оған бір үйдің еншісін атадым. Соны беруге рұқсат ет», — дейді. Қара мұртты ауыл ақсақалы: «Әй, қазақ, мәрттігіңді байқап тұрмын. Айтқаның болсын. Жібер баланы», — дейді. Сол кезде атамның інілері сандықта отырған шопан баланың астына ат мінгізіп, бір түйе жетектетіп, жөніне жібереді. Сөйтіп, біздің әулет «Ханжаптың» (Әмудариядан бөлінетін канал) жағасына орналасады. Ол кезде елдің тұрмысы нашар. Аш-жалаңаштар көп. Біреулер атамның малын ұрлап жүреді. Інілері атама келіп, мал ұрланып жатыр десе, атам: «Біз тоқ жүріп, олар аш отырса болмас, Құдайдан қайтады, тимеңдер», — деп кеңшілік жасайды. Айтқандай-ақ, Құдайдан қорыққан ұрылар жымқырған малдарын қайтарып беріп, кешірім сұрайды.

Ал енді Құдайберген атам қалайша дәу қазақ аталғанына келейік.

Атамыз түрікмен ақсақалдармен кездесіп, әңгіме-дүкен құрып жүреді екен. Бірде ауыл иесі сол баяғы қара мұртты ақсақал екеуі арық жағалап, атпен келе жатады. Әлгі ақсақал: «Әй, қазақ, анау суға батып бара жатқан есекті алып шықсаң, дастарқан жайып, отырыс жасаймын, шығара алмасаң, сен жасайсың», — дейді. Аттан атып түскен атамыз шапанын шешіп тастайды да, ақ көйлек, ақ дамбалмен суға күмп беріп, есекті құлағы мен құйрығынан ұстап, жағаға бір-ақ лақтырады. Бұған разы болған түрікмен ақсақал атынан түсіп, атамның иығына өз шапанын жабады. Сенің атың бүгіннен бастап Құдайберген емес, «дәу қазақ» болады деп, үйіне алып барып, аста-төк отырыс жасайды.

«Маған дәу қазақты шақырыңдар», — деп, менің әкемді зауытқа іздеп барған Баба әке сол отырыста ақсақалдардың қолына су құйып қызмет жасаған жас бала екен. «Дәу қазақ» деген сөзді есінде сақтап, кейін әкемді солай атап жүріпті. Мұның тарихы осылай.

Кеңес өкіметі орнаған жылдарда түрікмен халқы да көп қиындықты бастан өткерген, сан мыңдаған адам қырғын тапқан. Көпке дейін жаңа билікті тәрк етіп, жер-жерде басмашылар бас көтерумен болған тәжік пен түрікмен халықтары кеңестік жүйені кештеу мойындаған. Құдайберген атамның түрікмен еліне барып орныққан он бес-он алты жыл ішіндегі тағдыр-талайы белгісіздеу. Белгілісі — баласы Бақтыбайдың ержетіп үйленгені, соғыста із-түзсіз кеткені, жарқосағы әжемнің жалғыз ұлы — менің әкемді әупірімдеп жеткізіп, қатарға қосқаны, арттарында біздей ұрпақ қалғаны.

Әжемнің мейірімді, қайырымды, кім-кімге де жақсылық жасауға құмбылдығымен бірге, мінезі қаталдау болыпты (жақсы мағынада деп біліңіз). Сондықтан былайғы жұрт оны «Сталин кемпір» дейді екен.

Сөйтіп, біздің ата-жұртымыз қазіргі Ақтөбе облысындағы Шалқар ауданы көрінеді. Әкем көзі тірісінде іздеп бара алмады. Мұршасы болмады. Ендігі үміт — Тағыберген атамыздың көзі тірі ұрпақтары бар деп естиміз. Солардың бірі болмаса, бірімен ұшырасатындай күн туса, бәлкім, біраз жайдың беті ашылып, көңіліміз көтерілер. Біз болмасақ та, түрікмендер «дәу қазақ» атаған Құдайберген атамыздың тегін адам болмағанын білетіндер де табылып жатса, кәнеки, шіркін. Е, Алла! Өзің жар бол!

Рүстем осылай деп бір күрсініп қойды. Айтпақшы, ол жақында «Іле ауданының құрметті азаматы» атағына ие болды.

Зәкір АСАБАЕВ,

Алматы қаласы.

Басқа жаңалықтар

Back to top button