Экономика

Мемлекеттік бағдарлама — қолайлы мүмкіндік

«Бизнестің жол картасы — 2025», «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту мемлекеттік бағдарламалары халықты еңбекке шақыруға, оларға кәсіп ашып беруге, әлеуметтік аз қамтылған отбасыларды қолдауға бағытталғаны белгілі. Бүгінде Шалқар ауданында аталған бағдарламалардың  ұсынған мүмкіндіктерін тиімді пайдаланып, өз кәсібін бастағандар саны артуда. Сондай-ақ қайтарымсыз гранттардың жемісін көріп жүргендердің қадамы соған дәлел. Биыл Шалқар ауданында республикалық бюджеттен «Еңбек» бағдарламасы бойынша 25 адамға шағын несие беру үшін 110 миллион теңге қаржы қарастырылып отыр.

Биыл 86 адамға қайтарымсыз грант бөлінді

Шалқар аудандық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Аян Қорқытұлының айтуынша, бүгінде кәсіп бастаймын деушілерге мүмкіндік мол. Қазіргі таңда «Бизнестің жол картасы — 2025» мемлекеттік бағдарламасы аясында жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға 2 миллион теңгеден 5 миллион теңге дейін қаражат көлемінде мемлекеттік гранттар берілуде.

— Биылғы жылы бөлінген мемлекеттік гранттар бойынша ауданда түсіндірме жұмыстары жүргізілуде. Бұл туралы әлеуметтік желідегі инстаграм парақшасына және «Шалқар ауданының кәсіпкерлері» чатына хабарландыру жарияланды. Облыстық кәсіпкерлік басқармасы тарапынан грантқа өтініш қабылдау мерзімі қосымша хабарланатын болады.

«Еңбек» бағдарламасының екінші бағыты — ауылдық жерлерде шағын несие беруді кеңейту, жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға мемлекеттік гранттар беру, еңбек ресурстарының ұтқырлығын арттыру сияқты бірқатар міндеттерді қамтиды. Бұл ретте аталған бағдарлама бойынша республикалық бюджеттен биылғы жылға 25 адамға шағын несие беру үшін 110 миллион теңге қаржы қарастырылды. Қазіргі таңда 38 адам өз кәсібін ашып немесе кеңейту  үшін  шағын несие алуға жолдама алып, 33 адам 127 миллион 400 мың теңге шағын несие алды, — дейді Аян Қорқытұлы.

Оның айтуынша, биыл жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға арналған 200 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде барлығы 86 адамға  қайтарымсыз грант бөлінуде. Наурыз айында 10 адам грантқа ие болған.

Жалпы аудан бойынша биылғы жылдың 1 сәуіріне дейін тіркелген шағын  және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны  — 2314.  Онда 3844 адам жұмыс жасайды. Соның  224-і  — 18-29 жас аралығындағы жас кәсіпкер.

Сондай-ақ кәсіпкерлік саласы бойынша биыл 75 миллион теңгені құрайтын 5 инвестициялық жоба жоспарланған. Жоспардан тыс, биыл қаңтар айында Шалқар қаласынан  жеке кәсіпкер Г.Нұрманова кулинария үйін ашып, 10 адамды жұмыспен қамтыған. Сондай-ақ наурызда жеке кәсіпкер Ж.Төлешова жоба құны 5 миллион теңгені құрайтын техникалық қызмет көрсету орталығын ашып, 2 адамды жұмыспен қамтамасыз етті. «Қарапайым заттар экономикасы» мемлекеттік бағдарламасы аясында 12 жоба жоспарланып отыр.

Сүйікті ісін кәсіп көзіне айналдырды

Мемлекет ұсынған мүмкіндікті тиімді пайдаланып, қайтарымсыз грантқа қол жеткізген кәсіпкерлердің бірі — шалқарлық Аманкүл Жамалова.

Ол төрт жылдан бері кондитер өнімдерін пісірумен айналысады. Әсіресе, түрлі түсті суреттермен безендірілген, эксклюзивті  торттары үлкен сұранысқа ие. «Айша-нұр» деген атаумен шығарылатын тәттілердің дәмі тіл үйіреді, әрі бағасы да қолжетімді.

Оның тұтынушылары инстаграмдағы бизнес парақшасы арқылы тапсырыс беріп, аудан орталығындағы супермаркеттен де дайын өнімдерді сатып ала алады. Кәсіпкер бүгінде торт пісіретін орынды жалға алып, үш адамды жұмыспен қамтып отыр.

— Қайтарымсыз берілген жарты миллион теңгеге торт пісіруге қажетті пеш пен миксер, мұздатқыш сатып алдым. Бастапқыда қызығушылықпен  басталған сүйікті ісім қазір кәсіп көзіне айналды. Алматы, Атырау, Қызылорда, Ақтөбе қалаларынан арнайы түрлі курстарды оқып, торт пісірудің қыр-сырын меңгердім. Мәселен, бір торттың жасалу жолын үш кондитер үш түрлі үйретеді. Соның ішінен өзіме керегін алып, жан-жақты ізденіс үстінде жүремін. Осы кезге дейін 15 мастер класс, курстарға барыппын. Барған сайын жаңа торт түрін шығара бастаймын. Бүгінде торт пен пирогтың 30-ға жуық түрін, шайға ұсынылатын кекс, пахлава, тоқаш, түрлері басқа да көптеген тәттілер дайындаймыз.

Соңғы жылдары торт жасайтын кондитерлер өте көп екенін байқап жүрміз. Мен, әсіресе, дизайнерлік көлемі үлкен торттарға жиі тапсырыс қабылдаймын. Тұтынушылардың талғамы сан түрлі. Соған сәйкес әркім өз қалауы бойынша тапсырыс береді.

Алғашқы кездері қолға алған кәсібімді қалай да дамытамын деп таңға дейін торт пісіретінмін. Кондитерлік салада көптеген қызықтар болады. Тапсырыс дұрыс шықпай, қайтадан істейтін, таңға дейін 300 дана құймақ пісірген күндерім болды. Қайтсем де тұтынушының көңілінен шығуды ойладым. Осылайша алғашқы басталған қадамым жақсы нәтижелерге алып келді, — дейді кәсіпкер.

Аманкүл пісірген торттардың бағалары да халыққа қолжетімді деуге болады. Мәселен, пирогтары 1700 теңгеден басталса, торттары 2000 теңгеден басталады. Эксклюзивті торттары 10-20 мың теңгеден жоғары.

— Бұрын бухгалтер ретінде жұмыс жасасам да, алайда тәттілер пісіру жаныма жақын болғандықтан, түбегейлі осы салаға бет бұрдым. Алда кәсібімді кеңейтіп, торт пісіруден оқу орталығын ашқым келеді. Ол үшін «Даму» қорына өтініш бердім, — дейді кәсіпкер.

Өткен жылы Шалқар ауданында «Бастау-Бизнес» кәсіпкерлік негізіне оқыту курсын 197 адам бітіріп шыққан.

— Жақында халықты жұмыспен қамту орталығының жанынан құрылған аудандық қайтарымсыз грант беру комиссиясы «Еңбек» бағдарламасының екінші бағыты аясында кәсібін ашуға қайтарымсыз грант алған бағдарлама қатысушыларының жұмыстарына мониторинг жүргізіп, кәсіпкерлердің аудан тұрғындарына көрсетіп жатқан қызметтерімен танысты. Мәселен, жеке кәсіпкер Еркебұлан Қадіров Шалқар қаласының орталығынан «Анкара» дәмханасын ашып, халыққа түрлі тәтті тағамдар ұсынса, Асқар Дүзбаев қаланың орталық көшелерінің бірінен автокөлікке диагностика жасау орталығын ашып, автокөлік жөндеу қызметін көрсетуде. Әйгерім Әленова «SKIF» садақ ату клубын ашып, жастардың бос уақытын тиімді әрі қызықты өткізуіне септігін тигізуде. Бүгінгі күнге ашылған қызмет көрсету орындарының қызметіне жүгінушілер көбеюде. Жеке кәсіпкерлер санитарлық талаптарды қатаң сақтай отырып, кәсіптерімен айналысуда, — дейді Шалқар ауданы әкімдігінің халықты жұмыспен қаму орталығының маманы Қайрат Смағұлов.

Ақбота ҚАЛДЫБЕК.

Басқа жаңалықтар

Back to top button